Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мұрат Сабыр: Әбіш Кекілбаев және мемлекеттік тіл м...

04.12.2015 6846

Мұрат Сабыр: Әбіш Кекілбаев және мемлекеттік тіл мүддесі

Мұрат Сабыр: Әбіш Кекілбаев және мемлекеттік тіл мүддесі - adebiportal.kz

ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында еліміздің тәуелсіздік алуы оп-оңай келген олжа сияқты көрінгенімен, күрделі саяси тартыс, тіл безескен саяси дау-дамай, кескілескен пікірталас арқылы келгені аян. Осы бір саяси күрестің басы-қасында жүріп, елдік пен егемендік үшін күрескен қайраткердің бірегейі – Әбіш Кекілбаев. Тәуелсіздік, егемендік, мемлекетшілдік, елдік ұғымдары Әбіш атымен қатар өріледі, біртұтас ұғынылады. Елім деп еңіреген ер Әбіштің күрес тәсілінің бірі -көсем сөз. ХХІ ғасыр білектің емес, біліктің, терең білімнің ғасыры екенін жазушының жазғандарынан анық көреміз. Әсіресе мемлекетттік тіл үшін бір адамдай күрескен, әлі де күресіп келе жатқан кемеңгер, ұлтымыздың рухани көсемі Әбекеңнің әлеміне бойлап, жазғанын оқып, айтқанын тыңдасақ қазіргіден жағдайымыз әлдеқайда жақсырақ болар ма, ұлтсызданудан арылар ма едік.

Жазушының 2006 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Тіл және тәуелсіздік» атты эссесі адамзат тарихының даму үрдісін зерделей отырып, қазақ ұлтының тәуелсіздікке ұмтылған жолдардағы қилы белестерін тұтас әлемдік тарихпен сабақтастыра қарастырып, тіл үшін күрес – аспан астында өмір сүру үшін күреспен бір екенін көрсетті. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген қағиданы әлемдік тәжірибе тұрғысынан дәлелдеуге ұмтылады. «Тілін құрту арқылы елін де құртуға болады» деген қара ниеттің елімізде қалай жүзеге асқанын, қандай жетістіктерге жеткенін сараптай келе: « Тіл туралы ойлану – бәрі туралы ойлану. Тіл келешегін ескеру – артымызда қалған мен алдымызда тұрғанның бәрін де еске алу деген сөз» деп түйіндейді. Орыс отаршылдығының қитұрқы саясатын нақты деректермен дәлелдейді. Әсіресе бұратана жұртты өз маңайыңа тұсаудың жолы оқу ісі екенін көреміз. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында миссионерлік жұмыстар қарқынды жүргізіліп, орыс-түземдік мектептер ашуға көп күш жұмсалды. Ә.Кекілбаев: «... орыс-түземдік мектебі Ресей ұлт саясатындағы тұрақты ұғым болып қалды. Кеңес кезіндегі аралас мектептердің дәурендеуі – соның айқын дәлелі. Ол халықтардың табиғи тілдерінің дамуын қолдан тежеп, ағарту ісін ұлттық дамудан гөрі ұлтсыздандыруға қызмет еткізудің бірден-бір тәсілі еді »,-дейді. Отаршылдық әлеуметтік лингвистиканың тағы бір ұстанымы өз тілін оқу-білім берудің негізгі көзіне айналдыра отырып, бұратана халықтың, анығырақ айтсақ, қазақ тілін мектеп көлемінен асырмау болды. Осы мәселелерді тереңнен қозғай келе жазушы: « Байырғы тіл сауат ашудан бастап, қай мамандық бойынша да жоғары білім алуға толықтай пайдаланылған күнде ғана шын мәніндегі білім алу тіліне айнала алады. Тек сондай жағдайда ғана ол мемлекет тіліне, бүкіл мемлекеттік құрылыстың толықтай қызмет атқару құралына айнала алады »,-деп атап көрсетеді. Бұл дегеніміз жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық мамандықтар ғана емес, қазіргі заманауи инженерлік-биотехникалық мамандықтар қазақ тілінде оқытылу деген сөз. Ана тілде игерілген білім ғана жас маманға құт болып дариды. Ол үшін Батыстың ғылымы мен технологиясын өзі тілінде, өз дәстүрінде сөйлетіп отырған қытай, жапон жұртының игі дәстүрін үлгі етуге тура келеді. Дейтұрғанмен, кейбір қазақтар «оқу-білім тек орыс тілінде, Мәскеуден шыққан кітапты ғана оқимыз» деген пиғылдан арылар емес. Әбекеңді тыңдасақ: «Бұл, әсіресе, үстем тілдерге бауыр басып қалған жағымпаз элита мен жаңа іскер қауым тарапынан ұшырасады. Бұл жергілікті тілдердің білім беру тіліне айналуына кедергі келтіруде». Осындай әрекет көп жыл отарлық езгіде болған әлем елдерінің көпшілігінде болған. Тәуелсіздік жолында ұлы мақсат қойған Африка елдері де жағымпаз қылықтардан арылып, үлкен жетістіктерге жетуде. Сондықтан қазіргі қазақ қауымы үшін рухани тәуелсіздікке жету, мемлекет құраушы ұлт ретінде сананы жалтақтықтан арылту басты мақсат.

Лингвистикалық отарлаудың екінші бір қыры жергілікті тілдің сөздік қорын шұбарлау, үстем тілмен будандастырып, өзіндік сипатынан айыру. ХХ ғасырдың басында осы саясат қарқынды жүрді. Қазақ ұлты үш рет әліпби ауыстырды, сауатсыздық жағдайына келтірілді. Панисламизмнен үріккен кеңес үкіметі араб әліпбиінен бас тартып, 1929 жылы латын әліпбиін қабылдадық. Одан кейін пантүркизм идеясынан бой тасалап, 1940 жылы кирилл әліпбиіне көшірді. Осы өзгерістер халықтың қатысуынсыз, қатаң бұйрықпен жүзеге асқан, тұтас қазақ халқына жасалған қиянат еді. Қазіргі таңда тіліміздің шұбарлануына басы артық 42 әріптің әсер еткені соншалық, орфоэпиялық тұрғыдан қате сөйлеп, қате жазсақ та байқамайтын болдық. Ұлттық дыбыстау жүйеміз бұзылып, қазақтың сөзін орысша дыбыстайтын халге келдік. Болашақта латын әліпбиін қабылдайтын болсақ, емле ережелеріміздегі қателіктерді жөндеп, әсіресе, орыс тілінен енген кірме сөздерді қазақ тілінің заңына бағындырып барып, қабылдау қажет.

Тәуелсіз Қазақстанның алдында тұрған жаһандану құбылысы да күрделі мәселе. Қоғамтанушылардың бір тобы жаһандану ұлттық мемлекеттердің мәнін жойып, олардың орнын ұлттан жоғары халықаралық ұйымдар басады деп тұжырымдайды. Дегенмен, шындап келгенде ұлт пен ұлттық мемлекеттердің тарих сахнасынан ығысуы мүмкін емес екенін өмірдің өзі көрсетті. Жаһандану құбылысының өзі ұлттық мәселені өткір қойғызып отыр. Кеңес үкіметі ыдырап, Орта Азиядағы көптеген ұлттық мемлекеттердің тәуелсіздік жариялауы, тіпті Европаның өзінде Хорватия, Словения, Македония сияқты мемлекеттердің пайда болуы – соның айғағы. Ендіге кезекті Әбекеңді тыңдасақ: «... халықты да, оның тәуелсіздігінде бар мұратына жеткізетін – отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалысына тән болып есептелетін осы заманға орайлас ұлттық дамуға баса көңіл бөлу. Ол жоқ жерде балаң тәуелсіздік кешегі кенделіктің құрсауынан шамалы уақытта шыға алмайды ». Ал ұлттық даму қазақ тілінің толық қанды қажеттілікке жарап, мемлекеттік тілге айналуына тікелей қатысты. Бүгінгі кезде «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заңның қабылдануын қоғам күтіп отыр. Билік басында азғантай орысшыл қауымның көңіліне қарамай, нақты әрекет істейтін күн туды. Бұдан әрі жалпақшешейлікке салынуды уақыт көтермейді. Қазақ елі шын мәнінде ұлт-мемлекет болса басқа этностарды мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңына топтастырып, қазақ тілін елді біріктіруші құралға айналдыруы қажет. Мемлекеттік тілді дамытуға жыл сайын үкімет тарапынан мол қаржы бөлінуде. Елбасының «Тілге қамқорлықты алдымен тыныштыққа қамқорлықтан бастау керек. Менің ел басшысы ретіндегі де, қазақ ретіндегі де парызым қазақ тілін өсіріп, өркендету» деген ойларына сүйене отырып, қазақ тілін насихаттаудан гөрі, талапты күшейту керек-ақ. Тіл теңдігінсіз – ұлт теңдігі жоқ. Ұлт теңдігі қазақ тілі білім-ғылым тілі, билік тілі, заң тілі, мемлекет тілі болғанда ғана көрінеді. Бүгінгі Алты Алаштың абызы Әбіш Кекілбаев « Тіл мерейі – ел мерейі. Бабаларымыз баяғыда ескерткендей, адамзат тарихына қарасақ, тілі мақұрым қауымдардың өздері де мақұрым болыпты. Ал тілдерін дамытып, кемелдеріне келтірген халықтардың өздері де дамып, кемелдеріне келіпті »,-дейді.

Өз ұлтын қайтсем кемеліне келтірем деп, не айтсада Әйтеке бише жарып, Қазыбек бише қазып, Төле бише тауып айтатын cаңлақ жазушының қаламынан туған дүние жастарға - өнеге, ұлтқа – сабақ. Жетпіс деген жайсаң жасқа жеткен Әбекеңе елбасы «Қазақстанның Еңбек ері» атағын берді. Бұл жазушыға ғана емес – күллі қазақ әдебиетіне берілген баға.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар