Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Мұратхан Шоқанның поэзиясы туралы...

14.11.2017 11070

Мұратхан Шоқанның поэзиясы туралы

Мұратхан Шоқанның поэзиясы туралы - adebiportal.kz

Бақыттымын, жанып тұр ішімде күн...

Қазіргі қазақ поэзиясының жақсы сипатта дамып, көтеріліп келе жатқыны қуантады. Жақсы ақыны бар, жақсы оқырманы бар поэзия қашанда жақсы белестерге көтеріле алады. Соңғы уақытта қазақ поэзиясында жарық жұлдыздай жарқ ете қалған ақынның бірі – Мұратхан Шоқан.

Өлең өрісіндегі басқаға ұқсамайтын, мағыналық, құрылымдық жағынан өзінше өрістеп келе жатқан ақын Мұратхан Шоқанның біралуан өлеңдеріне шолу жасауды жөн көрдім.

Жел еседі әрқашан айдарымда, - деп ақынның өзі жырлағандай, айдарлы ақынның өлеңдерін оқыған кезде көктемгі самала күннің шуағына тап келгендей боласың. Өлеңдеріндегі ақынның өзіндік қолтаңбасын, сөзбен салынған айшықты суреттеулерін оқыған сайын құмарта түсесің.

Театрда жыр кешімді өткізіп,
Аяқ асты жұртты елең еткізіп...

Пендешілік, әуреден құтылып,
Оңашада тұрмын түнге жұтылып...
Бала кезден батыратын тереңге,
Боз аспаннан күзгі айды көрем бе?..

Ақынның осы өлеңінде өтпелі пендешілік масаттану сезімінің дақпырына ілеспей ,өзінің мөлдір қалпын сақтай білгені жазылған. Осы тармақтардан кейінгі жолдарда тамаша суретке кездесеміз:

Жас тамады бұталардың көзінен... Осы жолда не бар? Қане зер сала қарайықшы.

Бұталардың көзінен жас тамады ,-деп ақын көз алдымызға жылап тұрған бұталардың жанды бейнесін әкеліп береді. Күзгі күнгі табиғат құбылысын осылай бір-ақ ауыз сөзбен жеткізеді..Негізі өлеңде күздің бір күнінде шығармашылық кешін өткізіп, арқасын кеңге сала, көкірек кере дем алған ақынның жайы айтылады. Бірақ негізігі идея мүлдем басқа. Өлеңді тереңірек түсінуге тырысу керек.

Ертең тағы қарбаластық тұр күтіп.
Жұмыс керек қолайыма жағатын,
Кірлетпейтін қанатымды қағатын, - деген өлең жолдарынан көп нәрсені аңғаруға болады.Ақын болдым, толдым деуден аулақ. Келер күнге құлшына ұмтылады.Ертеңгі күнді қарбалас десе де, қанатын кіршіксіз қағатын деуі арқылы тіршіліктегі ақынның мұратын , асқақтығын көреміз. Сондай-ақ өзінің көңіл –күйін « боз аспандағы айды көрем бе..» -деу арқылы тамаша жеткізген. Толығырақ айтсақ, бала күннен бері ақынға серік болған «күзгі боз аспандағы ай ». Ақын мына өмірдегі күйбең тіршілікті күзгі боз аспан деп алуында үлкен сыр жатыр. Ашық аспандағы жап-жарық ай десе, әсерсіз шындыққа жанаспайтын жалаң арман болар еді.Яғни ақын суреттеуінде тіршілік тек жақсыдан ғана емес, оның қат-қабат, қарбаласы, жақсы-жаманы, қуаныш-қайғысы, ащы-тәттісі араласа жүреді дегенді ұға аламыз.Шындықты осылай бір ауыз сөзбен тамаша өрнектеген ақынның шеберлігі .

Ақынның мінезінен сыр шертетін « Бақыт жайлы» өлеңі де талдауға сұранып тұрған көркемдігі келіскен шығарма деуге болады.

Бақыт жайлы бөлектеу түсінгенім,

Бақыттымын жанып тұр ішімде күн.

Ұзармайды ешкімге тілім менің,

Қышымайды ешкімге тісім менің!.. -

дейді ақын ағынан жарыла. Осы жолдардан ақынның өзіндік келбеті мен мінезін танитынымыз рас.Ешкімге соқтықпай, өзімен –өзі томаға тұйық жүретін ақынның мінезі бұл.

Жылдарында, өмірдің айларында,

Бақыттымын көгімде ай барында.

Көңілсіз ете алмайды тірлік мені,

Жел еседі әрқашан айдарымда.

Ақынның өзі айтқандай, бақыт туралы да түсінігім бөлектеу дегені кейінгі жолдарда анықтала түскендей болады. Көгімде ай барында ... Ай - ертеңгі күннің жарқындығының символы десек, осы арқылы ақын өмірдегі мақсатты жолын да білдіріп кеткен.Қаншалықты тіршіліктің күйбеңдігі ақынды жабырқата алмайды. «Айдарынан жел ескен» ақын өзіндік құлшынысы мен жігеріне сенеді. Бірақ ақын бұндай сенімділікке бірден келе қоймаған.Оған өлеңдегі мына шумақтар дәлел бола алады:

Бір кездерде көңілсіз болдым, білем,

Білмей тегіс болмасын жолдың кілең.

Бақытсыз сезінуші ем кейде өзімді,

Қиырларға тастадым ол күнді мен.

Кейде арман етеміз тау алысын,

Қарапайым көп істің жауабы шын.

Кейін білдім, бақытсыз емес екем,

Осы жолдардағы «..тегіс болмасын жолдың кілең..» -

деген сөзі өмір заңдылықтарының шынайы бейнесін береді. Сол аңғал сезім мен албырттықты қиырларға тастаған ақынның:

Бақыттымын жанып тұр ішімде күн, - деуі келісті.

Суреткер шеберлiгiн, шығарманың көркемдiк табиғатын таныту оп-оңай iс емес екенi белгiлi.Мұратханның өлеңдері зер сала, сырлы астарына тереңірек үңілуге жетелейді. Жеңіл ойлап, сыдыртып оқи салуды қажет етпейді десек те болады.Әр өлеңінің тақырыбы өміршең, идеясы асқақ болып келеді.Сондай өлеңдердің бірі деп «Бір түрлі болып жүрмін» деген өлеңін айтуға болады.

Желкілдеп тұрмаса да қияқ күнім, Күмбірлеп көңілмнен күй ақты мың. Біртүрлі болып жүрмін, бір түрлімін, -деп басталады өлең.Осы жолдардағы қияқ күн -әдемі эпитет. Бұл жерде қияқ шидің, қамыстың балғын кезіндегі атауы. Желкілдеп тұрмаса да қияқ күнім, деген жолдан ақынның қияқтай желмен желкілдеген жастық дәурені басында тұрмағанын білеміз. Ақын осы тіркес арқылы аз сөзге көп мағына сыйғызғандай.

Десек те ақынның күмбірлеп күйдей төгілген көңілін танимыз.Өлеңді ары қарай қызыға оқисың. Неге ақын бір түрлі боп жүр екен? Осы сұрақ жетелей түседі.

Үні кеп, ғашық құстың бақ түбінен,

Тұрғандай... Сезім қанат қақты білем.

Е, бәсе, дейсің тағы да. Ғашық құс-метафора болса, сезімнің қанат қағуы әдебиеттегі шарттылық болып табылады. Ғашықтық сезімнің әсерін қарапайым тілмен былайша жеткізген ақынның қарапайымдылығына риза боласың тағы да:

Бір өмір күтіп тұр-ау қайтер екем?

Сағыныш, қайғысымен, шаттығымен...

Иә, бұл ғашық жандарда болатын құбылыс.Сол сезімді тағы да мына жолдарда дамыта түскендей:

Өзімді түсіне алмай отырмын мен,

Жер құлап,секілденіп аспан көшкен...

Тағы да:

Шын сезім судан, оттан жасқанама, - деп ғашық жүректің мінезінен хабардар етеді.

Лирикалық қаһарман сезімін осылай аспандатқаннан кейін, оның соншалық асыл махаббат жетегіне ермей: «Бір түрлі болып жүрмін!» - деуінде үлкен салмақ жатыр.

Жоғарыда сөз еткен өлеңдері Мұратханның қатардағы көп ақынның бiрi емес, тамаша суреткер екенін,басқаға ұқсамайтын ерекшелiгiн, стилiн дәлелдейдi.

Біз қазір өлең талдау дегенде шығармада орын алған ойларды жалаң мазмұндау санайтын өріссіз түсініктен арылуымыз керек.

«Шарасыздық» өлеңі осы сөзімізге нақты жауап болады.

Ай шығып, Алатауға қалды ілініп,

Отырмын үмітіме сәл жылынып.

Бақтарды аяп қоям, қайың жылап,

Қазанда жасын төккен тал бүлініп...

Осы шумақтағы айдың Алатауға ілінуі шартты құбылыс және тамаша суретті көз алдымызға әкеледі.таудың асқақтығын символ ретінде алға тартса, үмітіне сәл жылынып отырған ақынның көңіл күйі нені аңғартады?

Одан кейінгі жолдарға назар салайық.

Бақтарды аяп қоям, қайың жылап,

Қазанда жасын төккен тал бүлініп...

Төгіліп жапырағы тал-қайыңының,

Барлығы ғайып болған балдай үннің.

Жапырақтары төгілген қайыңның жылауы, талдың бүлінуі , балдай үндерінің ғайып болуы –барлығы әдемі суреттерді жанды бейнедей алдыңа тартады. Қайың – сұлулықтың символы десек, сол сұлу арудың жылауы нені білдіреді. Әдемі өрнекті сөздерді өріп алдымызға әкеліп береді.


Төгіліп жапырағы тал-қайыңының,
Барлығы ғайып болған балдай үннің.
Бірдеңе болып жатыр айналамда,
Секілді көшірмесі хал-жайымның...


Тағы да сол тал-қайың. Бұл жолдарда ақын алдыңғы ойды дамыта түседі.Е бәсе, қайың мен талдың жылауының мәні осында екен ғой. Күз келіпті.Жапырақтары төгіліп жатыр екен ғой дейсіз еріксіз. Осы тармақтағы төгіліп сөзі , нақты айтсақ төгіліп түсуі нақтылық және жапырақтардың көп түсуін білдіреді.Ақын табиғат көрінісін осылай жанды сутеттеуді қатар қою арқылы өз көңіл – күйін бере білген. Сондықтан да ол:

Бірдеңе болып жатыр айналамда,

Секілді көшірмесі хал-жайымның... – дейді.Жанының жабырқау тартуының сыры неде деп тағы да ынтыға түсесің. Содан кейін барып мына жолға тап боласың:

Келеді сол жанменен бір адасқым. Ақын ғашық екен ғой! Ғашықтық адам баласын алып-ұшқан арманға ғана емес, осындай шарасыздыққа да әкеледі екен.

Үйіме түк бітірмей қайтып келем,

Бір көше, бір көшеден бұрыламда...-деген өлең жолдары дәлел.

Ақын осы өлең арқылы бейнелеудiң алуан амал-тәсiлдерiн: тұспалдау, шарттылық, әсiрелеу, тура айтып әйгiлеудi т.б. жарыстырып пайдаланып, лириканың жанрлық мүмкiндiктерiн кеңейту үрдiсiн көрсеттi. Әйтсе де қазіргі кезде прозадағыдай емес, поэзияда орын алатын шарттылық, әсерлілік, ұлғайту, шөмейту т.с.с. түрлерінің мәнін, салмағын саралау жағы әлі де солғын тартып жүрген тәрізді.Сондықтан да Мұратханның өлеңдерін осылай саралауға қадам басып отырмын. Ақынның өлеңдеріндегі аяулы сезімінен де, ең асыл махаббатынан да жоғары тұрған ерекше бір сезім бой көрсетуі- бәрі оқырман тебіренісін ширықтыра түседі.

Ақын поэзиясының тілі ерекше . Ал мына өлеңі Секен күйшіге арналған екен.


Бір тылсым әуен тербейді жерді шығыстан,
Бетховен сынды тәңірмен тіке ұғысқан..


Шынымен де Секен ағаның күй тартып отырған келбеті, портреті көз алдыңа келгендей болады. Кербез күйшінің шынайы бейнесін тағы да былай береді ақын:


Қанаты кірсіз, көңілінде оның бар ақ таң,
Бетке алып оны ұшады жырлар парақтан.


Мұратханның поэзиясы сиқырлы әлем тәрізді. Өзіне еріксіз тартады. Қалықтап ұша бересің қанаттанып.


Кеудемде құс жүрегім талпынады, - деп ақын айтқандай, құс жүректі Мұратханның әлемінде құс болып самғай бергің келеді
Оқырман жүрегінен ыстық ықыласты еріксіз ытқытатын Мұратхан ақынның өлеңдерін толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес.Бұл өз оқырмандарын тапқан, қалып­тасқан, бояу өрнектері ерекшеленген тамаша ақынымыз Мұратханның жаңа белестері екендігі анық.

Айгүл Омарова

Маңғыстау облысы

Түпқараған ауданы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар