Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Нағашыбай Қабылбек: Тыныштықбек – өлеңде әулие ме?...

21.07.2017 6487

Нағашыбай Қабылбек: Тыныштықбек – өлеңде әулие ме?

Нағашыбай Қабылбек: Тыныштықбек – өлеңде әулие ме? - adebiportal.kz

"Әдебиет порталының" поштасына қостанайлық оқырман, белгілі журналист, ақын Нағашыбай Қабылбектен "Тыныштықбек – өлеңде әулие ме?" деген тақырыппен сын мақала келіп түсіпті. Мақала жуырда портал бетінде «Әулиемін - Өлеңде...» деген тақырыппен жарық көрген Тыныштықбек Әбдікәкімұлының топтама өлеңдерін талдауға арналған. Соны өздеріңіз оқып шығып, автордың ойларына баға берерсіздер деген ниетпен жариялап отырмыз.

***

«Әдебиет порталынан» белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Әулиемін - Өлеңде...» деген топтамасын оқып шықтым. Небір жақсы мен жайсаңның ақ батысын алып, көсегесі көгерген ақынның кемелденіп, кеңге құлаш сермеген кезеңі туған секілді. Осы жолы да жаңашылдыққа құмар, ойлы сөз айтуға құштар ақын, шабыт – арғымақтың жалына жабысып біраз құйғытыпты. Келісті көркем тіркестер, өрісті өркеш теңеулер арғымақ-шабыттың денесінен тер болып төгілгендей әсерге бөледі. Азулы ақын жүрек көзімен қиял-әлемін шарлап, қазақтың қара сөзінің қадірін арттырып, көңіліндегі көрікті ойларды түйдек-түйдегімен қотара тастапты. Лықсып төгілген сезім-тасқыны ғаламат! Өрелі таным, өрекпіген өр мінез де жарасым тауыпты.

...Бұлбұлдар зим-зия, құйқылжыта сайрайтын кей күндері.

Көздерін тарс жұмып алған шие гүлдері.

Шөптер де - дір-дір,

Бес тал сақалдай, діндар қазақ иегіндегі...

Бұл жасыратыны жоқ бүгінгі дін атын жамылып, ислам жолы осы деп жүргендердің кескін-келбеті. Ақын заманның ағымын, қоғамның құбылысын жіті бақылап отырады. Қалғымайды, талмайды. Ізденіс үстінде...

БІЗДІҢ ҚОҒАМ

Бізде, бас бар, ауыз бар, көтен бар...

Тіпті, қан да бар.

Бірақ, Жан жоқ.

Бізде сот бар, прокурор бар, полиция бар...

Тіпті, Заң да бар.

Бірақ, Ар жоқ.

Бізде қаулы бар, қарар бар, жарлық бар...

Тіпті, мөр де бар.

Бірақ, мән жоқ.

Бізде Күн бар, жел бар, су бар...

Тіпті, у да бар.

Бірақ, Жер жоқ.

Бізде маса бар, қандала бар, егеуқұйрық бар...

Тіпті, жұрт та бар.

Бірақ, ұлт жоқ.

Бізде Ту бар, Елтаңба бар, Әнұран бар...

Тіпті, шекара да бар.

Бірақ, Отан жоқ.

Бізде бәрі бар,

Бірақ, ештеңе жоқ.

Ашынған ақынның жан айқайы осылай шықса керек-ті. Дүбірлі дүниенің көшіне ілескен қазақ қоғамы – кемшіліктен ада деп кім айта алады?

Сөз басында айттым, Ақын, жаңашылдыққа талпынады. Болдым-толдым деп тоқмейілсу жоқ. Поэзияның сан қырлы тұстарына үңіліп, оқырманға қатпаралы ойдың қыртыс-қыртысын ашып көрсету үшін жаңаша стилге жүгінеді. Сөзді ойнату арқылы көкіректі кернеген бұла шумақтарды сәтімен қалыпқа құя салады.

Түске дейін - арман, түстен кейін - жалған.

Бір күн.

Сөздің құрты - Елге, көздің құрты - Жерге...

Құлқын.

Жоғалмайтын құлдық, жамалмайтын жыртық...

Теңге.

Сыртындағы - жәй тән,

ішіндегі - шәйтән.

Пенде.

Бұқарасыз тілім - буындырылған ілім...

Кекті у...

Көсемсиді шерге, көлгірсиді желге...

Көк Ту.

Қанжылаған безден, тамшылаған көзден...

Өмір.

Білінбеді Көктен, көрінбеді көптен...

Тәңір.

Еһһ... Түске дейін - арман, түстен кейін - жалған.

Бір күн.

Жаным қалса Елде, тәнім қалса Жерде.

Шіркін!..

Осы топтамадағы тың теңеулерді, сәтті толғаныстарды сүйсінбей оқу, тебіренбей оқу мүмкін емес. Талай ақын таптауырын қылған, езіп-жаншыған тақырыптарға басқа қырынан келіп, мүлде бөлек ой айта білу нағыз ақынға ғана тән мінез болса керек.

...Өзімдегі болмаса ой-сана мас,

Күдік қалай дәтімді найзаламас?

Көкке қарап ойланған көл көзіне

Ақ құйрығын тосады Ай жалаңаш!

Қара су да дірілдеп... семіз тіптен!..

Дию ойнап тұрғандай кеңістікпен.

Құйрық-жалы сұрапыл жарқылдаса,

Бұлт арқырап қояды терістіктен.

Дуы да жоқ шалғынның ұнатымды.

Таулар жақтан бөрі үні шұбатылды.

Бірінші рет байқадым, сарғыш қана

Құла Түзге күйлеген Бұқа-Түнді!

Көктем жайлы жазбаған ақын бар ма, сірә да? Алайда Тыныштықбек ақынның көктемі өзгеше көктем.

Көктем Тілі - көгжілтім мазданар Тіл,

Жапырақтардан жаратар Жаз қанатын!

Бұл Маусымның тас екеш тасының да

Жүрегі бар әдемі қозғалатын!..

Көктем шіркін - жасампаз Өлөң көші!..

Жанымнан да кетердей денем көшіп!..

Бұл Маусымда ең сорлы азғынның да

Күн туралы сөйлейді көлеңкесі!

Күркіреген нөсерлі, сәлемді Аспан!...

Жалаңаяқ жүгірем!.. Жалаңбас та!..

Бұл Көктемді, Мыйынан жусан аңқып,

Сүйе алатын жан бар ма менен басқа!

Нұрлана алмай қиналсам ізгі іліммен,

Сырт кіріммен - жоламан - іш кіріммен.

Бұл Көктемдей әлемде кірпияз жоқ,

Сәл күрсінсем, бүршігі түшкірінген!..

Ән салған маң, әлпеншек-нұрға асылып –

- жасылойлы еркектік-ұрғашылық!

Бұл Көктемді армансыз құшу үшін,

Кетемін мен жасырын, қырға шығып!

Қырға шығып, қызынып той-тобында!..

Бұлтын алып келермін қайтарымда!..

Аңғалды да сүйемін Көктемде бұл!

Ақымақты да! Көшенің сайқалын да!.

Оқырманын елітіп, баурап отыру ірі ақындарға ғана берілген бақ. Тыныштықбек бұл жағынан бағы жанған ақын.

....Әй, батып бара жатқан ана Күнді-ай, ә!...

Болмаушы еді ғой түр ондай?!..

Бұлттарға дейін қаны шашырап бауыздалған бұландай!...

....О әділ Нөсерім менің!..

Сөйлеп-сөйлеп алады да күркіреп,

Жалған Дүние етегін қара дауылмен түре сап,

Өкіртеді-ай сойқан найзағайларымен шатыр да шұтыр дүре сап!..

Сонда, Жаңбырмен бірге ағып кетердей бар күнәм,

Жан-дүнием Көкке қарай дір-дір тартылып, мен тұрам...

Сөзбен сурет салу арқылы ақын табиғат пен адам болмысын көз алдыңда жарқ еткізеді. Сол кезде ақынның тапқырлығына тамсанасың, қызығасың....

Алайда топтамадағы керемет өлеңдердің ішінен іргелі ақынның қаламынан шықты деуге келмейтін шумақтар да кездесіп қалады. «Бір биеден ала да, құла да туады ғой» деп, жылы жауып қоюға да болушы еді, бірақ оған оқырманы ретінде, немқұрайлы қарауға дәтім шыдамады.

Мысалы:


Отқа күйген, нұрға күйген, жарыққа...

Пәруана... бойындағы шалық па?

От пен Оттың, Нұр мен Нұрдың сүйісі - ол!

"Жынды көбелек" - түк ұқпайтын халыққа.

Жанымды жеп қоймас үшін күйе-мұң,

Күн Нұрының етегінен сүйемін...

Жерлеймін мен пәруананың да сүйегін,

Саумалына шомылдырып биенің.

Ынтығысып пәруана-Ойлар Басыма,

Қош үстеуде Ақылымның қошына...

Сүйегімді жерлеп ертең халайық,

"Жындыкөбелек" деп, жазып қояр тасыма.

Осы жырдан не түсінуге болады? Айтар ой да, алдыға қойған мақсат –мұратта көмескі. Тағылымдық ешнәрсе көрінбейді.

Сондай-ақ:

Бұл - Құдайдың жоғы ма, бары ма:

Елім деген, Жерім деген Жаныма

(тұтас болмысы жарадан көрінбейтін)

Шыбын екеш шыбын да тышып кетуден ерінбейді!

Әй, ызылдақ ұғынық-Ой!..

Тышса, тышып-ақ кетсінші,

Ол да - Елім мен Жерімнің шыбыны ғой!

Тағы да:

Жалған Дүние – ұрғашы? Ол – ашына?..

Жұмбақ па ғұмыр мәні?

Сенбеймін мен адамның баласына.

Бәрі де – құбылмалы.

Берер деп те тоспаймын Жұмақ аян.

Бар менің бөлек дінім.

Сайтанымның пиғылынан біле қоям,

Не істемеу керектігін.

Ақын кейде жамырай төгілген ойлармен арпалысып отырып, түсініксіз, күңгірт дүниелерге қалам сілтеп қоятынын аңғармай қалатындай. Әсіресе, дінге келгенде қатқылдау байлам жасауға бейім. Алланың жолында жүрген адамдардың ішінде де түрлі пиғылдағы адамдар барын ешкім жоққа шығармас. Бірақ көпке топырақ шашуға бола ма? Көпке топырақ шашқан адамның көмусіз қалатынын Тыныштықбек ақын білмейді дегенге кім сенер?!

"НАМАЗХАН"

Жерін сатайын деп жатыр біреулер.

Ол үзбейді намазын.

Елін сатайын деп жатыр біреулер.

Ол үзбейді намазын.

Ертең дұшпандар келеді де...

Ол жайнамазда жайрап қалады!...

Сабазың!..

Ұрып қойыппын ондай намазын!

Сіз ақынның бұл жазғанын оқып, мынау ақын құдайсыз екен деп шошып кетпеңіз.

Ақын бір өлеңінде:

...Яғни, барша жаратылыс пен құбылысты,

Құдайдың жұпар Демі араласқан

һәм Құдайды –

жақсы көрем!

Мендегі сондай ғашықтық –

- қиял да ұшып өте алмайтын қашықтық – деп өз ұстанымын нығырлап қояды.

Кейде ақын өлеңді жаңылтпашқа айналдырып жіберетіні бар. Оны мына шумақтардан анық аңғару қиын емес.


БАҚЫЙ АЙНАЛАЙЫНЫ

Жатырдағы өмір,

Жалған Дүниедегі өмір,

О Дүниедегі өмір,

Тәңір,

Жатырдағы өмір...

ӨМІР ТУРАЛЫ ДИАЛОГ

- Дүниеде кім өлмейді, не өлмейді?

- Ажал өлмейді, жемір.

- Неге өлмейді?

- Өйткені, ол – Өмір.


САЙТАН

Періштемін! - деп, сыңқ етті.

Ажал иісі мүңк етті.

.....................................................................

«Хаққа да аян - ақындықтың мәңгі бітпесі.

Ажал оғы - Поэзияның жәй бір нүктесі».

Әрлі ойларымен, татымды жырларымен қалың қазақ жұртын қуантып жүрген Тыныштықбек секілді мықты ақынды сүріндіру ойымда жоқ. Бәрібір - мықтының аты мықты. Мен ақынның жақсылығын асырып, поэзиядағы кейбір көзге көрініп тұрған кемшін тұстарын бауырлық ниетпен ашып көрсетуге тырыстым. Бұл – әдеби порталдағы топтама өлеңдеріне жасалған шолу ғана. Ірі ақындардан тек жақсы жыр күту – барша оқырманның талап-тілегі. Мен осы тұрғыдан келдім. Қателік-кемшілік - Ханның қызында да болатын нәрсе. Оны көріп тұрып айтпау, жанашырдың ісі емес. Ал одан нәтиже шығару ақынның парасат –пайымына сын!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар