Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Нәсіп Мұстахқызы. Жұмекен шаршаған шақта «қысқа өм...

08.04.2022 2913

Нәсіп Мұстахқызы. Жұмекен шаршаған шақта «қысқа өмірім» деп көп айта беретін... 12+

Нәсіп Мұстахқызы. Жұмекен шаршаған шақта «қысқа өмірім» деп көп айта беретін... - adebiportal.kz

Нәсіп Мұстахқызы Нәжімеденкеліні – алаштың ардақты ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің асыл жары, балаларының анасы. Төрт мүшел ғұмыр кешкен ақынмен бірге, өмірдің ыстық-суығын қатар көрген адал досы, жан серігі. Ақын өмірден өткеннен кейін де оның рухани мұрасының шырақшысы, жоқшысы болған тұлға. Жылдар өте келе, Нәсіп апа ақын туралы өз ойларын, естелік-эсселерін біртіндеп қағазға түсіре бастайды. Басылымдарға ақын өмірінен сыр шертетін сұхбаттар береді. Осының бәрі жинақтала келіп Жұмекен Нәжімеденовтің өмір-дастаны тиіптес кітапқа айналады. Ол кітап – «Жұмекен-Құдірет». Біз осы кітаптың негізінде ұлы ақынның жары Нәсіп апамен ретро-сұхбат стилінде сыр бөлісіп, ескілі-жаңалы әңгіменің шетін қайырған едік. Сол сұхбатты қалпын бұзбай назарларыңызға ұсынамыз.

- Жұмекен аға екеуіңіздің ауылдарыңыз аралас, қонысы іргелес ел екенін білеміз, ағаны бала кезінен білуші ме едіңіз?

- Жұмекеннің ата-тегіне қатысты білетінімді айтар болсам, Жұмекеннің атасы Қошалаққа, Нарын құмына аты шыққан көсем қария Алаша Нәжімеден деген кісі. Оның жалғыз ұлы Сабыреденнен қалған жалғыз немересі Жұмекен еді. Олай дейтінім біздің елде ол кісі аттас 2-3 адам болды. Атамыз еш жерде жұмыс істемеген, жеке шаруамен отырған адам. Ол кісіні облыс, аудан әкімдері түгел біледі екен. Басқа аудандардан, облыстардан іздеп келіп сәлем беріп, әңгімесін тыңдайтын болған. Аудан басшылары әңгімесін тыңдап қона жатып аттанады екен. Мені тәрбиелеген Балсекер мамам алаша руынан. Сол шешеміз: «Нәжақама сәлем берем, көрісіп келем» деп көрісу кезінде баратын еді. «Ақ шағыл» романындағы Әжігерей ақсақал – өз атасы болатын. Мамам ағасына көрісе барып келген сайын айтатын сөзі: «Нәжақамның жалғыз немересі адам болайын деп тұрған бала екен, жалғыздан қалған тұяқ қой, жасы ұзақ болғай. Қашан барсам да қолында кітап, бала болып ойнағанын көрген емеспін» деп мақтап келеді. «Менің мамама ешкім ұнамаушы еді, ол қандай бала екен» деп ішімнен ойлап қоямын. Сол мамамның көңіліне қонған Жұмекен деген ат бір бүйірімде жатты.

- Жұмекен ағамыз текті әулеттің тұяғынан болып тұр ғой?

- Тектілік дегенді үлкендердің аузынан көп еститінмін. «Тектіліктің киесі ұрады» дегенді анамыз жиі айтатын. Ата салтын ұстаған қазақ ұрпақ тазалығын сақтауға мұқият қараған. Ұрпағына қолдан келгенінше текті жерден қыз әперуге тырысқан. Ұлы балиғатқа толғанда текті жермен құдаласуға, қызын текті жерге ұзатуға ден қойған. Өйткені, шаңырақтың киесін, босағаның қадірін текті жерден алған келін ғана бағалайтыны осы күні де дәлелденіп отыр. Осы жерде Жұмекеннің аруақты аталары туралы ел аузында аңыз боп жүрген әңгімелерді айта кетейін. Берлібай атамыз ақбоз атпен ақ киіммен жүретін адам болған. Әруағының күштілігі сондай, дарияның арғы бетінде киіз үйде шәй ішіп отырған адамды киіз үйімен қоса дарияның екінші жағына көшіріп қондырған адам болыпты. Екінші бір қасиеті босана алмай қиналып жатқан әйелді босандырғаны туралы ақиқат әңгіме. Ақбоз атпен келіп киіз үйдің есігінен қарап, қамшымен бір тартқанда, бала дүниеге келген екен. Бұл туралы Жұмекен туып өскен ауылда ұрпақтан, ұрпаққа аңыз болып тараған.

- Жұмекенге өлең аруақты аталарынан қонып отыр ғой сонда?

- Атақты Қартпамбет жырау туралы ел аузын да мынандай айтылатын бір әңгіме бар. Ол заманда 40-50 түйеге жүк артып көшетін ұқсайды. Сонда таңғалғандар «мынау өзі не деген ұзақ көш, Қартпамбеттің жырындай» дейтін көрінеді. Жалпы, жұмекенге ақындық дарын сүйектен дарыған, ұрпақтан-ұрпаққа берілген тума талант екенін дәлелдеу үшін аз ғана дәлелдер келтіре кеткім келеді.

Ел аузында аңыз болған Қалматай ата туралы айтпай кетуге болмайды. Өте дана адам болған деп отыратын үлкендер. Қалматайдың әйелінің аты – Бадамбике ұзақ өмір сүрген. Ол кісілердің көзін көргендер «Қалматайдың басын берсін, Бадамбикенің жасын берсін» деп бата береді екен. Жұмекеннің арғы аталары: Қалматай – Тоқпан – Берлібай – Қартпамбет жырау – Таңқай – Стамғазы – Нәжімеден – Сабыреден – Жұмеден (Жұмекен). Қартпамбет жырау – Жұмекеннің бесінші атасы. Осы кісілердің Таңқайға дейінгі аталары Бекетай құмында өмір сүріпті. Сонда Жұмекеннің өз әкесі соғысқа кетіп оралмаған. Қан майданға кеткен баласын сағынған әке – Нәжімеден ақсақал соғыстан оралмаған баласын арнап қырық шумақ арнау өлең шығарады. Ел аузында өлең демейді, жыр дейді. Осы өлең ел арасына, бүкіл Қошалақ, Дыңғызыл өңіріне, Нарын құмына, ішкі теңіз бойына жетіп, ауыздан-ауызға тарап кетеді. Менің қолымда бұл өлең толық сақталған.

- Жұмекеннің өз әкесі туралы айтып берсеңіз?

- Жұмекеннің өз әкесі Сабыреден де жас кезінен бастап өлең жазатын, аңшы, сері адам болыпты. Ол кісі Уфадағы Ғалия медресесін төрт жыл оқып бітірген екен. Құранды жатқа меңгерген. Қарагер аты, екі тазысы болған. Тазысының біреуінің аты Құмай, екіншісін ұмытып қалдым деп айтып отыратын апам – Жұмекеннің анасы Мүслима. Соғысқа кеткенде үйде қалың екі дәптерге араб тілінде жазған өлеңдері қалыпты. Дәптердің сырты қоңыр түсті былғарымен қапталған екен, кейін жоғалып кетіпті. Осыны есіне алғанда енем марқұм қатты өкініп отыратын. Жұмекен өз көкесін «ақ көке» дейтін. Әкесінің төрт қарындасы, Жұмекеннің өзінің екі қарындасы да «ақ көке» дейді екен. Әкесі майданға аттанғаннан кейін майданнан жазған хаттағы өлеңін Күлмаш апайдың аузынан жазып алдым. Сабыреден атамыздың қарындасы Күлмаш апай Гуреьв облысы, Теңіз ауданы, Құрманғазы совхозында тұрған. Апайдың есінде 4-5 шумақ өлеңі қалған. Оны да хатқа түсіріп қойдым. Күлмаш апай: «Өзі көп еді, соңғы хаттарын, осы өлеңін сақтап жүр едім, көшіп-қонып жүргенде жоғалтып алдым» деді. Әкесінің артымда қалған тоғыз жаным деп отырғаны: әкесі, шешесі, жары, өзінің үш баласы: Жұмекен, Сәбила, Күлмаш апай, Шырақай апай болуы керек.

- Ағамыздың нағашы жұрты туралы білгіміз келіп отыр?

- Жұмекеннің әжесі – Бақытжамал Қайыпқызы руы Шумақ шеркеш, Теңіз ауданының Жамбыл колхозында Иван елді мекенінде туған. Бақытжамал әжемір «Ақ шағыл» романындағы Қызыл кемпір тоқсанға келіп қайтыс болды. Тоқсан жасында да екі бетінің ұшы қып-қызыл болатын. Әкесі қайып күйшілік өнерімен ел аузына іліккен шебер домбырашы адам болған. Домбыраны өзінің арқа тұсына ұстап отырып тартатын шеберлігін таң қала еске түсіріп отыратын білетіндер. Күй тартып беріп, қалыңмалсыз қыз алған деген дерек бар. Қайып ата дін оқуынан көзі ашық, намаз сабағын меңгерген адам. Әжесі өте қайратты, үй шаруасына келгенде де, ер адамға қатысты қара жұмыста да алдына жан салмайтын пысық, алғыр адам болған. Кесте тігу, алаша тоқу, киіз басуды ісмерлік дәрежеде меңгерген. Ал ол кісінің қара жұмыста көрсететін қайраттылығы жөнінде: «Бақытжамалдың бір өзінде үш еркектің күші бар» дейді екен. Қайратын сынауға келген үш қайнысын алып ұрып «түйебас» жасапты деген аңыз-әңгіме айтылатын ол кісі туралы. Өзім ол кісінің батасын алдым. Екі беті нарттай Бақытжамал әжеміз 1976 жылғы қарашаның 5-і күні 90 жасында қайтты.

- Жұмекен аға екеуіңіз де бір-бір үйдің еркесі боп, ел көзіне ерте түстіңіздер ғой сонда?

- Жұмекен бала кезінен кітапты көп оқитын орнықты мінезімен, шебер домбыра орындаушылығымен аты шықты. Мен болсам, жасөспірім қызға тән өнерді меңгеріп өстім. Кесте тігу, терме алаша, басқұр тоқу, киіз басу сияқты тоқыма, қол өнердің барлығын жақсы меңгеріп өстім. Сөйтіп, біз Жұмекен екеуміз де бала кезден ел көзіне ерте түсе бастадық.

Біз бір селолық Советтің көрші екі колхозында қатар өстік. Ес білгелі екеуміз де бір-бірімізді сырттай естіп-білдік. Оған себеп менің әжем мен Жұмекеннің атасы бір топырақта туып өскен (Батыс Қазақстан облысында) рулас екен. Сөйтіп, үлкендердің қарым-қатынасы, олардың әңгімелеуі арқылы бала кезімізден бір-бірімізді көруді армандап өстік.

Ес білгелі өзім Жұмекен деген атты естумен ержеттім. Біз Жұмекен екеуміз де ата-әжеміздің бауырында өстік. Айырмашылығы – ол өз атасының, мен – нағашы атамның бауырында өстім. Екеуміз де сол өңірге – Қошалақ құмына аты шыққан қос қарияның тұңғыш немерелері едік. Сондықтан да екеуміз де аттың жақсысын мініп, киімнің жақсысын киіп өстік. Жұмекеннің әкесі соғыстан оралмай қалып, ата тәрбиесінде өсті.

- Әңгіме арасында өз ата тегіңіз туралы айта отырсаңыз?

Менің туған әкем Шәкуалиев Хамиттің әкесі Шәкуәлі мешіт ұстаған имам, аса білімді адам, өте бай болыпты. 1924-1926 жылдары кеңес үкіметі билігінің әмірімен мешітін өртеп, өзін жер аударып алып кеткен. Әйелі Манарша туыстары Ақтөбе жақта көрінеді, өзі байдың қызы екен, руы – табын. Ұзатылып келгенде дүние-мүлкі, қалыңдықтың бас киіміне дейін тұтас киім-кешек, әшекейлері сәнді де, ауқатты адамдардың дәрежесіне сай күміспен безендірілген екен. Күйеуін айдауға алып кеткен кезде ағайын туыс уыс-уыс күміс әшекейлерін бөліп алған құсайды. Екі баласымен жесір қалған Манарша әжеміз қайнысы Исағұлға тұрмысқа шығады, одан екі қыз дүниеге келеді. Әнәпия мен Мәдина деген қыздар, кейін шешелері Манарша түйеден құлап, қырық жасында мертігіп қайтыс болады. Әкесі Исағұл екінші рет үйленгенде екі қызды ағалары Хами өгей шешесінің қолына қаратпай өзіне алып асырап бағады. Содан өмір бойына туыстық қарым-қатынасында ешқандай сызат түспегендігінен олардың әкелерінң бөлек екенін туыстардан бірде бір адам білмеген көрінеді. Өз балалары да, төңірегіндегілер де Ақамның үш қарындасының бірге тумағандығынан хабарсыз болып шықты. Кейін, тіпті бертін келе, сөзден сөз шығып, ата-тектен сөз қозғалғанда ғана әңгіме айқындала түсті.

Менің өзім нағашымда тәрбиеленіп әкемді мойындамай өттім, көп мәліметті білмеген екем. 2013 жылы әкемнің жүз жылдығын балалары атап өтер кезде маған мәлімет жинауға тура келді. Содан әкемнің Мәдина деген қарындасынан барлық мәліметті сұрап алып баспаға бердім. Қазір Мәдина апамыз көзі тірі, Ақтау қаласында тұрады, үбірлі-шүбірлі ана. Ал Ақаммен бірге туған Сәйлекеш апамның жалғыз ұлы Нәбидолланың әйелі Надежда енесінің тақуалығын, тазалығын, қасиетін үнемі айтып отырады. Сәйлекеш апам сегіз немересін түгел өзі бағып-өсірген. Өзінің басына байлап жүрген, иісі сіңген ақ орамалымен апам бала-шағасын, немерелері ауырып қалса, оларды да емдеп, терлетіп жазып алады екен. Сол орамалын келіні Надежда әлі күнге дейін қасиеттеп сақтап отыр...

- Әке-шешеңіз қандай адамдар еді?

- Менің әкем Хамит Шәкуәлиев – әкесі ұсталғанда он бес жаста еді. Отыз екінші жылы менің шешеме үйленгенде кіші қарындасы Мәдина екі жаста екен. Содан «тәңір асыраған тоқтыны бөрі жемейді» деген, төртеуі де еті тірілігімен қатарға қосылып, қартайғанша өмір сүрді. Әкемді Ақа дейтін едім. Ақам отыз екінші жылдың күзінде он тоғыз жасында үйленген. Төрт жылдан кейін тұңғыштары – мен дүниеге келіппін. Менің шешем Қапия – Мұстақтың қызы қой көзді, ақсары кісі еді. Өзі бойшаң, талдырмаш, кербез адам болатын. Шашы бұйра, мінезі аса салмақты, сабырлы еді. Бойжеткен шағында құда түсушілер көп болыпты. Бірақ әкесі Мұстақ қызы – Қапияны батырдың тұқымы деп кедей болса да әкемізге – Хамитке беріпті. Қайран, шешем-ай! Жұмекен екеуміз елге барғанда алдымен Жұмекенді құшақтап, бетінен сүйетін де, мені сүюге бата алмай «ақ марқам-ау» деп, жақындауға, иіскеп-сүюге де бата алмай, екі аттам жерден мырс-мырс жыламсырап тұрушы еді. Қайран, ақ сүт берген анам!

- Ауыл демекші, Жұмекен аға елге жиі барып тұрушы ма еді?

- Екеуміз бас қосқан 1957 жылдан бастап елге жылда барып тұрдық. Жылда баратын себебіміз Жұмекеннің үлкен әжесі мен анасы 1975 жылға дейін елде тұрды. Менің де ауылдағы әке-шешелерім сағынып отырады. 1978 жылы елге бес баламен үй-ішімізбен түгел бардық. Бұдан бұрынғы елге келген сапарларында көбіне бір бөлмені босаттырып алып өлең жазатын. Өлеңнен шаршаған кездерінде ат алдыртып, қасына бір-екі адамды ертіп, серуендеп келетін.

Кей күндері түс қайта үлкен шағылдың басына шығып, алысқа ұзақ тесіле қарап тұратын. Тағы бір әдеті бәрімізді ертіп жүріп, балаларға бала кезінде қалай ойнағанын көрсетіп, шағылдың тап-таза құмына аунайтын. Содан кейін тізерлеп отырып, шағылға із түсіріп «шиқым-тоқым» деген ойынды үйрететін. Ыстық күндері ерінбей шығып, шағылдың сары батпасын қуалайды, құмға көмілген жерінен қазып шығарып, екінші жерге қашып барып көмілгенін қызықтайтын. Мұндай жәндікті бұрын көрмеген балалар мәз болатын.

- Елге барған соңғы сапары туралы айтып берсеңіз?

- Ақын елге барған соңғы сапарында бұрынғыдай өлең жазып отырған жоқ., шағылға шығып, батпа қуалау да қызықтырмады. Бұл жолы қонаққа шақырған адамдардың көңілін қалдырмай, бізді қасынан тастамай, ағайын-тумаларға түгел аралап, қыдырдық. Сөйтсек, бұл бізді ең соңғы қыдыртуы екен ғой. Сонда бір сөзінде: «Біреулер демалысында шетелге баруға құмартады, солар не бітіріп тастады екен? Өзіңнің туған топырағыңның ауасын еркін сіміргенге не жетсін! Бас аман болса, шетел қайда қашады дейсің?- деді.

Жұмекен елге барғанда Алматыда тұратын басқа ақын-жазушы немесе өнер адамы, не ғалымдар сияқты обком, райком, редакцияларға соғу, немесе мен келе жатырмын деп хабарлауды жек көретін. Біздің елге барғанымызды ағайындар мен достардан басқа ешкім білмей қалатын. Тағы бір айтпай өтуге болмайтын жайт Жұмекеннің әкесін – Сабырды соғысқа досы Ерқуатов Дүйсенбай аттандырып салған, Қанышкенге жеткізіп, шығарып салады. Екеуінің де әйелі екіқабат екен. «Егер біреуіміздің әйеліміз ұл, екіншіміздікі қыз тапса, құда боламыз» деп қол алысады. Әйелдер аман-есен жеңілденіп, Дүйсенбайдың әйелі ұл, біздің апам қыз табады. Баяғы уәдені соғыстан аман-есен оралған Дүйсенбай құда ғана біледі. Дүйсенбайдың әйелі сол жалғыз ұлдан кейін бала көтермейді. Екі құданың отбасы сиректеу болса да қатынасып тұрады.

- Сонымен екі достың уәдесі орындалды ма?

- 1959 жылы Дүйсекең жалғыз ұлды үйлендірмекші болып, әжем мен апама барып, ескі уәдені еске салады. Бір жыл өткенде Жұмекеннің кенже қарындасы Жаңылсынға Дүйсенбай қарт келіп құда түседі. 1960 жылдың мамыр айында Жаңылсын мен Саясаттың тойы болды. Жұмекеннің кенже қарындасын өз қолыммен ұзаттым. Сонда Дүйсекең құданың айтқан сөзі мынандай еді: «Арманыма жеттім, Сабыр екеуміздің арманымыз орындалды, балаларым қосылды. Бір баламнан он бала өрсе екен, өзім баламнан бұрын өлсем екен» деп еді. Өмір бойы жалғыз баламен өзегі үзілген Дүйсенбай құданың барлық тілеген тілегі орындалғанына куәмін. Қазір Дүйсекеңнің жалғыз ұлынан бес ұл, бес қыз бар. Өзі бес немереден кейін дүние салды. Біз ауылға барған кезімізде Дүйсенбай құданың үйіне кіре бергенімізде: «Көкем-ай, хош келдің, беш келдің, күнім туды ғой, төрім толды ғой, жалғыздан қалған жалғыз тұяқ, көзісің ғой, көзісің ғой» деп Жұмекенді айқара құшақтап, көп уақыт жібермей тұратын. Сондай кездері Жұмекен өз әкесінің құшағында тұрғандай сезінетін еді.

- Жұмекен ағаның ерекше, қызық, тосын мінездері есіңізде ме?

- Ақынның сәби мінезділігі белгілі ғой, Жұмекен: «Қолымның тырнағын алып берші» деп жалынатын. Шашын да қидыратын. Ондайда: «шаштаразға барсам шұнтитып, өте қысқартып жібереді, қысқа шаш маған жараспайды» дейтін. Менің немере сіңлім Нәжімеденқызы, Рашаткеліні Тұрсын оқуын бітіріп кеткенше Жұмекеннің шашын қиятын. Тұрсынның қолы икемді, шашты шебер қиятыны сондай оған ешқандай сын айтпайтын. Тұрсын жаратылысынан сұлу жан. Оның жүзіне бір қараған адам жанарын айыра алмайтын. Ерекше нұр шашып тұратын көздері мен қолаң шашы, аппақ жүзі Алматының атақты суретшілері мен кино түсірушілерінің назарынан тыс қалмады. 1967 жылы «Қыз Жібек» фильмінің түсіріліп жатқан кезі болатын. Қыз Жібектің нөкерлігіне қырық қыз таңдап жүрген режиссердің шақыртуын естігенде, «Өнер жолы қиындау, өнер адамдарының мінезі жеңілтектеу болады, оқуыңды бітір» деп рұқсат бермей қойғанбыз. «Қыздың жолы – жіңішке» деген бар, болашағын ойлағанымыз ғой.

Жұмекеннің шашын қию мен үшін бір үлкен сынақтан өткенмен тең еді, өйткені қалай қисам да ұнатпайтын: «Немене, шаш қию кілем тоқудан қиын болып па, қолың қайшы ұстағанда дірілдеп тұрады», деп ұрсатын маған. Ақырында шашының ал деген артық жерлерін алып, ретке келтіргенде түк болмағандай жадырап, қою әрі толқынды қара шашын салалы саусақтарымен қағып-қағып тастап, рахметін айтатын. Үй ішіне қажетті ұсақ-түйек нәрселерді тауып әкелсем, не өзіне әдемі бір кастюм алсам, балаша қуанатын. Тұрмыстағы ұсақ-түйек шаруалардың ретін өзім келтіре беретінмін. Өзіне киім іздеп жүруге уақыты да болмайтын. Дүниедегі жек көретіні дүкен аралау. Менің алған галстугім ғана ұнамайтын, галстук алу үшін өзі шығатын.

- Аға өлеңдерін сізге оқып беруші ме еді?

- Алғаш екеуміз қосылған жылдары жазылған өлеңдеріне өзі түзетуді көп енгізетін. Әр күнгі өлеңі өзінің көңіл-күйіне сай туып отыратын. Күнделікті өлеңдерін өзіне білдірмей оқып жүрдім. Менің оқып жүргенімді білгеннен кейін өзі көрсетіп, маған оқытып өзі тыңдайтын. Мен оған: Өзің оқығаның дұрыс қой, тіпті жаттап алсаң қандай жақсы болар еді» дегенде «Мен өлең жаттап сахнаға шығатын артист емеспін. Менің өлең жаттауым мүмкін емес, менің миым ешуақытта бос тұрған емес» дейтін. Жақсы өлең жазып тастап, көңілді отырған кезінде екеуміз пікір таластырамыз. Мұндйда Жұмекен: «Түйсігі бар оқырман менің өлеңімді іздеп жүріп оқыр, ал түйсіксіз оқырмандарға өз өлеңімді өзім жарнамалап жүрмеймін. Түсінбейтіндер түсінбей-ақ қойсын» дейтін. Ақынның заманның болашағын болжау үшін жаратылғанын түсіну қиын емес. Жұмекеннің бұдан 40-50 жыл бұрын айтып кеткен парасатты да асыл ойлары оның шығармашылығына ден қойған, тіпті табынушы оқырмандарына ой салуда. Егемендік алған еліміз Жұмекеннің әрбір жолын ұран етіп жазып та, айтып та жүр. Екеуміздің әдебиеттанудағы ұғымымыз жер мен көктей болса да менімен әдебиет жайында сөйлескенінде төбем көкке жетіп қалады. Ол көбіне мен оқымаған шетел, орыс классиктерінің өлеңдерін мысалға келтіреді. Мен ондай тереңге баралмаймын. Бір кезде: «Әрине, сен оны қайдан түсінесің» деп жазу бөлмесінен шығарып жібереді. Әсіресе, өмірінің соңғы жылдарында «Менің өлеңіме сен түгілі, сенен мықтылардың да басы жетпей жүр» дегендей менімен пікірлесуді сиретіп кетті.

- Кейде шаршаған, қажыған сәттерін де жанын немен жұбатар еді?

- Жұмекен кей адамдардан түңілген, шаршаған шақта «қысқа өмірім» деп көп айтатын. «Мен дарындылардан қорықпаймын, олардан көп сатқындар шықпайды, ең қауыпты адамдар қолынан түк келмейтін дарынсыздар, олар барлық уақтытта даөте қауіпті» дейтін. Оның бойындағы бір қасиеті ол шала таланттарға, кеудемсоқ атаққұмарларға, күлді балам өлең сымақтарымен көзге түсетін пысықайларға қаны қас еді. Ешкімді сыртынан сөз қылуға зауықты емес, өз ойын ашық әрі бетіне айтатын. Сол мінезінің арқасында жау жинап алған кездері де болды. Өйткені, өмірде де, өнерде де шынайылықты жақтайтын. Өтірік пен көлгірлік адамның адами тазалығына дақ түсіретін жағымсыз қасиет деген көзқарасын өзгертпей кетті. Мұны біздің қоғамдағы «игі жақсымын» дейтіндер қайдан көтере алсын...

- Жұмекен Нәжімеденовтің 70 жылдық мерей жасы Арқа өңірінде айрықша аталып өткені есімізде?

- Жұмекеннің алғашқы өмір жолын бастаған өлке – арқа жеріндегі азаматтар үлкен көрегендіктің үлгісін көрсетіп, ұйымшылдық танытты. 2005 жылы Жұмекеннің 70 жылдығын Қарағанды қаласында Атырау, Алматыдан бұрын өткізді. Өткізгенде қандай, Алматыдан Жұмекеннің ұлы ұстазы Шамғон Қажығалиев барып, Тәттімбет атындағы академиялық оркестрмен үлкен кеш өткізді. Қалалық мәдениет бөлімінің бастығы Рымбала Омарбековна ақын Серік Ақсұңқарұлы, заңгер Марат Азбанбаев, Жұмекеннің рухани әкесі Әукебай Кенжиннің ұрпақтары Болат, Тілеш, Роза, Сәуле қатысты. Күйеу балам Самал екеуміз барып, Қарағандының өнерге қамқоршы болып отырған азаматтарына өте риза болып қайттық.

Жұмекеннің еңбегін зерттеген азаматтардың бірі – қарағандылық заң қызыметкері Марат Азбанбаев. Марат өзі заң қызыметкері бола тұрса да, әдебиеттен терең хабары бар, өлеңді түсінетін өзі де өлең жазатын адам екен. Жұмекеннің өмір жолын, әдебиетке сіңірген еңбегін әріден қозғап, ерінбей ізденіп, 2005 жылы он алты баспа табақ үш мың данамен «Менің Қазақстаным – Жұмекен» кітабы шықты. Автор Жұмекеннің туған жері қошалақ құмына барып, сол жердің тұрғындарына жолығып, сөйлесіп, кіндік қаны тамған ашақ қыстағына барып тағызым етіп қайтты. Атыраудың, Алматының, Қарағандының мұрағаттарында болып, Жұмекен оқыған консерваторияның мұғалімдерімен сөйлесіп, Жұмекен жұмыс жасаған Майқұдық шахтасына түсіп, құжаттармен дәлелденген заңды мәліметі бар құнды кітап жазды. Мұндай үлкен еңбекті әдебиет сыншыларының өзі Жұмекен өлеңіне түсінбей басын қатырғысы келмей жүргенде, басқа мамандық иесі Марат Азбанбаев әрбір өлеңін түсініп, талдап, үзінді келтіріп отырған. Жұмекеннің аудармаларын, оның ішінде шетел классиктерін аударған тұстарын өте нақты дәлелдеп жазған. Ал осы «Менің Қазақстаным – Жұмекен» кітабы әдебиетшілердің қолына түсіп оқыса да, бір де біреуі пікір айтқанын көрмедім. Ұят болды!

- Ағамыз кімдермен жақын араласып тұрушы еді?

- Кезінде өзіне тиісті бағасын ала алмағанына, баспадан да алалық көргеніне, жалпы әдебиетке сіңірген еңбегі бағаланбай жатқанына үнсіз жүріп қынжылып еді. Осындай бір түңілген кездерінде Абайдың «Қайран сөзім қор болды, тобықтының езіне» деген жолдарын қайта-қайта қайталап, «Әй, Абай әулие ғой» деп, басын шайқайтын. Сол сөздер өз тағдырына байланысты айтылған сөздер екен ғой. Содан кейін қолына домбырасын алып, халық әндерін айтатын. Жанға жайлы қоңыр дауыспен, баяу орындайтын. Халық әндерінен «Ардақты», Балуан Шолақтың «Ғалиясын», Мәдидің «Қарқаралысын» домбырамен қостап отырып өте жақсы айтушы еді. Әсіресе «Әудемжерді» жақсы көріп айтатын. Мұндай әнге аңсары ауған сәттері демалыс күнге тұтас келсе «Жүр, Гүлсараға барып ән салдырайық. Ән тыңдап келейік» дейтін. Ондайда мен де қуана қолдап, балаларды ертіп, Бансатдин ағаның үйіне барып Гүлсараның орындауында Ақан серінің «Мақпал» әнін қайта-қайта айтқызып, рахаттана тыңдайтынбыз.

Бұл айтып отырған адамдар Жұмекеннің «Менің топырағым» кітабының алғысөзіндегі Әбіш Кекілбаев жазған қапсағай қара торы жігіт, геолог – Күздебаев Бансатдин, ал жіңішке қара торы келіншек – әнші, шаңқобызшы Піржанова Гүлсара еді. Гүлсара кейін «Отырар сазында» шаңқобызда ойнады. Бансатдин ағаны біз Бәнсәт аға дейтінбіз. Бұл кісі Ташкентте САГУ-дің геология факультетін бітірген. Жалғыз шешесі бар, өзі бірге туғаны жоқ жалғыз жігіт болатын. Ол кісілер Ташкент көшесінің бойында шешеннің үйін сатып алды. Аға өзі бес-алты ай геологиялық барлауға кеткен кезінде үйдегілеріне ес болады деп келіншегінің қасына тұратын адам іздеп жүр екен, бізді қалады.

Кейін осы сыйластық, татулығымыз өмірлік берік достыққа айналды. Өте жақсы адамдар. Сол Ташкент көшесінде тұрғанымызда үйге жақын жерде қорым бар. Қорымға кіргенде есікке жақын жерде оң жақта қара сырмен сырланған темір шарбақпен қоршалған Қасым Аманжоловтың зираты жатыр. Құран оқуды білмейміз ол кезде, заман басқа, талап басқа болатын. Әр демалыс күні ақын зиратына барып, топырақ салғаннан кейін аруағына бас иіп біраз уақыт тұратынбыз. Қала тұрғындары бес күн жұмыстан шаршап, бала-шағасымен орталық саябаққа барып демалса, біз Қасым ағаның басына бір барып қайтқанымызға риза болушы едік. Өйткені, Жұмекенді дауылды өлең-жырдың пірі болған Қасым ағаның аруағы қолдайтын болуы керек. Сол ескі зираттағы Қасым қабірінің басына жиі барып, өлең шумақтарын күбірлей, ой құшағында томсарып ұзақ тұратыны есімде. «Пушкинді де қайтейін-ау, маған өзімнің Қасым ағам жетіп жатыр» дегенді де айтқан Жұмекен емес пе еді.

«Дариға-ай, қайда кетті Қасым ағам,

Дүние қасіретіне жасымаған».

Жоқ енді, амал қанша!

От еді ол

Мен ұшқын сол бір оттан шашыраған.- деген жыр жолдарын жазған жаны жырға ғашық Жұмекеннің жүрегі нені қаласа, менің де қалауым сол еді. Бала кезімнен, өзім оқуға түсе алмаған екі жыл ауылда болған кезімде кітапхана меңгерушісі болып жұмыс істедім. Әсіресе сол жылдары Қасым Аманжоловтың қара тысты үш томдығын қолымнан тастамай оқитынмын. Қасым жырларын біздің тұстастарымыз қолдан қолға тигізбей оқитын едік-ау.

Қасым Аманжоловтың жары Сәпен апамызды алғашқыда Әбу Сәрсенбаев ағамыздың үйінде көрдім, ерекше жаратылған жан еді. Көрген жерде қарап отырып қалушы едім. Басына байлаған орамалының өзі елдікіндей емес, маңдайын ашып, өзіне ғана жарасатын үлгімен тағатын. Аққұба жүзі мен қап-қара көздері кісіні өзіне баурап тұратын. Ішкі сұлулығы тіпті бөлек болатын. Қазақтың келіні деген атқа лайық жан еді. Ондай адамдар біздің шешелеріміздің қатарында көп болатын.

- Ол кездегі шығармашылық орта қазандай қайнап жатушы еді ғой?

- Сол кездегі біздің замандастарымыздың бір-біріне қамқорлығы керемет еді. Бір жағынан өнерге жақындығымыз бар, әсіресе олардың адамгершілігі өте жоғары болатын. Бәнсат ағалар сол ескі үйлері құлап қалғаннан кейін бірінші Алматы жақта Белинский көшесінде пәтер жалдап тұрды. Пәтер жалдап жүріп, бізді бөлек жібермеді, мұнда да бірге тұрдық. Бансатдин аға мен Гүлсара Піржанованың үйі сол кездегі өнер мен әдебиетке құштар жастардың алтын ордасындай еді. Белинский көшесіндегі Бансатдин ағамыздың үйінде жерде отырып тамақ ішетін үлкен дөңгелек стол болатын. Сол столда айнала отырып әңгіме-дүкен құратын Жұмекен домбырасын, Шәмші нотасын, Уәли Бекенов скрипкасын арқалап әр апта сайын кіріп келетін. Уәли Бекенов көп сөйлемейтін адам еді. Анда-санда домбырасын қолына алып, шертпе күйлердің әрқайсысынан шертіп қойып отырады. Күй тарт деп сұрасаң әуелі күйдің тарихын айтып береді. Үш-төрт күй тартпай тоқтамайды.

Бәнсат ағаның мандолы бар, сандық радиоприемнигі, фотоаппараты бар. Өзі әдебиетке жаны құмар, өлең жазуға бейім. Жұмекенді жанындай жақсы көреді. Аңғалдығы, бала мінезі өзіне жарасып тұратын адам еді. Бәнсат ағай тау-тасты аралап келгенде шаршағанын басып, демалыс күндері есік алдына шығып мандол ойнайды. Көршілер түгелге жуық орыс. Бәнсат аға болса олардың да көңілін тауып, арасында орыс мелодиясын да орындап қояды. Көрші-қолаң түгел үйлерінен шығып, біздің өнерімізді қызықтайтын. Біз екі жанұя ғана емес, достарымыз көп болатын. Жұмекенмен бір факультетте оқыған Шәмші, Уәли Бекенов скрипкасымен келеді. Жұмекен болса домбырамен төкпе күйлерді тартады. Шәмші тыңдап, баға береді. Көбіне Жұмекен мен Шәмші екеуі келеді. Ол жылдары әдебиетшілерден Әбіш, Сайын, Зейнолла, Асқар, Қалихан жақын араласып тұрдық. Әлі есімде, Шәмші өте ақкөңіл адам еді. Шәмшінің орны ерекше. Бәнсат аға мен Гүлсара үшін де, біз үшін де Шәмшінің әр келуі, бәріміздің осындай әрбір кездесуіміз өзінше бір мейрамболатын. Шәмшінің үстінде көк жейдесі болатын, даусы жіңішке еді. Бұл жылдар Жұмекен екеуі «Менің Қазақстанымдағы» нотаға түсіріп, әуенін тудырып жүрген кезі еді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар