Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Неліктен Қайым – Қадырға, Семей – Батысқа айналды?...

07.02.2019 7259

Неліктен Қайым – Қадырға, Семей – Батысқа айналды?

Неліктен Қайым – Қадырға, Семей – Батысқа айналды? - adebiportal.kz

Әңгімеміздің ауаны Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР Әнұранның авторы, профессор, абайтанушы, текстолог, ақын, аудармашы, драматург, ұлағатты ұстаз Қайым Мұхамедханұлына арналған бір өлең хақында болмақ.

Қазақтың көрнекті ақыны Несіпбек Айтұлы «Іздемеске бола ма?» деп алаш арысының бар болмыс-бітімін мәнеріне жеткізе жырға қосып еді. Қолымызға қалам алғызған да Несіпбек ақынның Қайымға арналған өлеңі жайында, нақтырақ айтсақ, өлеңнің түсін өңдеп, өңін ауыстырып иемденген әлдебір «ақын» жайында. Алдымен Несіпбек Айтұлының өлеңіне назар аударайық:

ІЗДЕМЕСКЕ БОЛА МА?

Сағынамыз жыл өткен сайын біздер,

Толқын жуып, қаншама шайылды іздер…

Бұл күндері Семейге келген адам

Ең алдымен елеңдеп Қайымды іздер.

Іздемеске бола ма бұл ағаны –

«Бар Семейді жеке алған» ғұламаны.

Қайым десе, кең дала дүбір салып,

Құлағыңа келеді бұлақ әні.

Бірде шарт-шұрт, ал бірде жарқын күліп,

Шартарапқа қиялын талпындырып,

Тарих кенін қазады тыным алмай,

Ауыр жүкті мойнына артып жүріп.

Үңілгеннің өткенге көзі жетпек,

Надан болсаң кімдерге сөзің өтпек.

Академия бір өзі Семейдегі –

Өзі музей,

Өзі архив

Өзі мектеп.

Құмар емес тойларға, жиындарға,

Салады атын үнемі қиындарға.

Отырып-ақ Семейде оймен шарлап,

Көз жіберер Абайша қиырларға.

Оңай дейсің азапты ғұмыр кімге,

Тұңғиыққа құлайсың, сүріндің бе?

Түрменің де біраз жыл тұрғыны боп,

Көріп қайтқан аязын Сібірдің де.

Дауылынан жаланың ықтамаған,

Білімімен талайды жыққан ағам.

Бар Семейді тапсырып, ие бол деп,

Аманаттап кеткендей Мұхтар оған.

Екі қылмай айтқанын пайғамбардың,

Отыр бәрін тындырып ойға алғанның.

Қылдан тайып көрген жоқ табаны бір,

Қара жолдың үстінде тайғанда әркім.

Саяқ жүрер құландай болған запы,

Кездері көп сан соғып, қалған қапы.

Көкірегінде қаттаулы жатқандай бір,

Келешекке жолдайтын арман-хаты.

Алаш мүддесі мен ұлт руханияты үшін басын бәйгеге тіккен, арын сатпаған, намысын таптатпаған, рухын аласартпаған, жігерін жүдетпеген Қайым Мұхамедханұлы турасында сөз болғанда әлі де талай буынның ән-жырына айналары сөзсіз бұл өлең.

Ал ендігі кезекте ziatker.kz – ҚР Білім және ғылым порталынан алынған мына өлеңге ден қойыңыз:

ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛИГЕ АРНАУ

Сағынамыз жыл өткен сайын біздер,

Толқын жуып, қаншама шайылды іздер…

Бұл күндері Сырымға келген адам

Ең алдымен елеңдеп Қадырды іздер.

Іздемесек болмайды ғой ғұламаны,

Құлағымда жаңғырып тұрады әні.

Қадыр десе, кең дала дүбір салып,

Барша жайық жар салып қуанады.

Бірде мұңды, ал бірде жарқын күліп,

Шартарапқа қиялын талпындырып,

Далам, елім, жерім деп жырын жазды,

Ауыр жүкті мойынына артып жүріп.

Өзінді алпауыт ақын, дарын деп жатыр,

Өлеңін оттай сөнбеген жалын деп жатыр.

Жырынды жаттап өлеңінді оқып баршаға,

Жазғандарынды тізімдеп мәлімдеп жатыр.

Жүйріктер қазір алдымнан өтеді кілең.

Шынайы өлең жүрекке жетеді білем,

Өлместей өлең, қалдырған Қадыр ақынды,

Бүгінде барша Батысым мақтан етеді білем.

Үңілгеннің өткенге көзі жетпек,

Надан болсаң кімдерге сөзің өтпек.

Академия бір өзі Сырымдағы –

Өзі музей,

Өзі архив,

Өзі мектеп.

Сонымен қатар, аталған сайтта төмендегідей мәлімет көрсетілген. «Авторы: Жампозов Мейрбек Тайманұлы. Жарияланған уақыты: 2019-01-03. Тіркеу нөмері: № C-1546498190 (Мына сілтемені басып оқи аласыз: https://ziatker.kz/docx/qadyr_myrza_alige_arnay_23399.html).

Қадыр Мырзалиев – поэзия алыбы. Ол – нағыз классик. Қазақтың осынау екі тұлғасы Қайым мен Қадырға қандай өлең арнасақ та, қандай мақтау айтсақ та жарасымды. Өйткені мақтауға да, мақтануға да лайық қос Тұлға. Бірі – Қазақ КСР Әнұранының авторы, бірі – егемен еліміздің тұңғыш Әнұран авторларының бірі.

«Ақын» М.Жампозов мырза қазақтың Қадыр Мырза Әлісіне теңеу таба алмағандықтан өзге біреуге арналған өлеңнің өңін айналдырды ма екен. Әлде бұл арнауды Қайымға лайықсыз көрді ма екен?!

Тіптен М.Жампозовқа «тиесілі өлеңнің» 4-5 шумақтары Қайым Мұхамедханұлының 80 жылдық мерейтойында шәкірті Құсмілия Нұрқасымның «Сені мен Ұлы ақын деп білемін» деген арнауынан алынып, түстеліп, өңделіпті. Сөзіміз дәлелді болу үшін «Семей таңы» газетінің 1996 жылғы 16 қаңтардағы санынан алынған үзіндіні келтірейік:

Мақтайтын ауыз өзіңді жетеді білем,

Жүйріктер қазір алдыңнан өтеді кілең.

Марапат сөздер жасыңнан жақпаған саған,

Көгіңе бүгін көтеріп кетеді білем.

Ғалым деп жатыр өзіңді, дарын деп жатыр,

Іштегі дертті сөнбеген жалын деп жатыр.

Тірлікте тартқан сорыңды қалың деп жатыр.

Жазғандарыңды тізімдеп мәлім деп жатыр.

Сексенге шықты секіріп шалың деп жатыр.

Міне, көзі қарақты оқырман, оқыңыз, салыстырыңыз. Әр ақынның өз стилі, сөз саптау ерекшеліктері бар. Н.Айтұлы мен Қ.Нұрқасымның Қайым ағаға арнауларындағы өз қолтаңбалары айқын. «Жиен баланың» екі өлеңнен үзіп-жұлып алып қойған тұстарының қиыспай тұрғаны да көңілге кірбің келтіреді.

Мейірбек Жампозов «Жас ақындар» үйірмесіне жетекшілік жасайды екен. «Үйірме жетекшісі Мейірбек Жампозов жас ақындармен өлең құрылымын, ұйқасын келтіріп, тың жаңалықтар іздеумен айналысады» депті «Сырым елі» газетінің жас тілшісі З.Ахмет.

Мейірбек мырза! Жас өрендерді ақындықтың қыр-сырына бойлатуыңыз әрине орынды, тек өзгенің өлеңін иемдену барып тұрған масқаралық екендігін саналарына сіңіртіп жатқаныңызға бек сенімдемін!

Неліктен Қайым – Қадырға, Семей – Батысқа айналғанын түсіндіріп бересіз деген зор үміттеміз.

Түйін.

Сөз қорытындысының орнына, «Абайдың інісі, алаштың ірісі» атанған Қайым Мұхамедханұлы жайында мәлімет келтірдім, оны айыпқа бұйырмассыз, Жампозов мырза. Бұл мәліметтер шынайы ақпарат. Еш күмәніңіз болмасын.

Қайым Мұхамедханұлы кім? «Абайға өмірімнің ақырына дейін қызмет етемін» деген Қайымға тиесілі қағидалы сөз бар. Ғалым сол сертінің үдесінен шығып, адам төзбес қиянатқа, қорлыққа шыдап бақты. М.Әуезовтің жетекшілігімен Абайдың ақындық мектебі мәселесін зерттеу нәтижесінде Қ.Мұхамедханұлы 1951 жылдың 7-сәуірінде «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Ал 1951 жылы бірінші желтоқсанда антисоветтік, ұлтшылдық идеялары үшін тұтқындап, 25 жылға сотталып кете барды. Оның бес жылға жуығын темірлі торлы түрмеде өткізген жан. Қажымай, талмай қайрат тауып Абайдың әдеби мектебін халықтың рухани игілігіне айналдырды. Абайдың ақын шәкірттері шығармашылығын жүйелеуде жарты ғасырға жуық уақыты кетсе де, ақын шәкірттері мұраларын жинастыруда ыждаһаттылық көрсете білді. Ақын мұрагерлерінің халық аузында жатталып қалған мұраларын қолжазба деректермен салыстыра отырып, түбегейлі зерттеп, ақиқатына жетті. Соның айғағындай, қазақ әдебиеттану ғылымына «Абайдың ақын шәкірттері», «Абай мұрагерлері», «Абай шығармаларының текстологиясы» сынды сүбелі еңбектері келді. Абайтану ғылымынан өзге де қазақ әдебиеті тарихына қатысты сын-зерттеулері Қайым Мұхамедханұлының зерттеушілік аясының, ғалымдық қарым-құлашының кеңдігін даралайды.

Ақмарал СМАҒҰЛОВА,

филология ғылымдарының кандидаты, қайымтанушы.

Семей


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар