Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нобель сыйлығы туралы не білеміз?...

21.08.2015 15786

Нобель сыйлығы туралы не білеміз?

Нобель сыйлығы туралы не білеміз? - adebiportal.kz


photo.jpg

Хусан Эрматовтың "Нобель сыйлығының иегерлері" кітабының негізінде дайындалған


Нобель сыйлығының тарихына бір назар


Нобель сыйлығы жоғары ғылыми тәжрибелер,төңкерістік жаңалықтар,мәдениет және қоғамның дамуына қосқан үлкен қызметтері үшін берілетін жоғары сыйлықтардың бірі. Нобельмен ерекше тұлғалар ғана марапатталады. Тек қана бейбітшілік саласына берілетін сыйлық бұдан өзгеше. Бейбітшілік бойынша нобель сыйлығы ресми және қоғамдық ұйымдарға да берілуі мүмкін. Ереже бойынша бір адам тек қана бір рет нобель иегері атана алады. Бірақ белгіленген заңның тарихта бірнеше рет бұзылған жағдайлары кездеседі. 1968 жылдан бері сыйлықты бір уақыттың ішінде (бір сала бойынша )үш кісіден артық адамдарға берілмеуі де заң ретінде бекітілді. Үміткерге сыйлық берілуі хабардар етілген уақытта тірі болып, (бұл әдетте қазан айына тура келеді) сол жылдың 10 желтоқсанына дейін өмірден өткен болса, оған осы сыйлық қайтыс болған соң да берілуі жайында үкім 1974 жылы қабылданған. Нобель сыйлығы Альфред Нобель өсиетнамасы бойынша белгіленген.


old.jpg

Нобель өзі кім еді? Альфред Бернхард Нобель 1833 жылдың 21 қазанында Швеция астанасы Стокгольмда дүниеге келген. Альфред Эммануэль және Андриетта Нобельдердің үшінші ұлы.1842 жылдың күз айларының бірінде Нобельдер жанұясы Санкт-Петербургке көшіп келген. Болашақ ғалымның әкесі бұл жерде торпедоларды дайындау бойынша іс бастайды. 1849 жылы Альфред білім алу мақсатында Еуропа және Америкаға жол алады. Ол Дания, Германия,Итальия,Франция және кейін АҚШ-та болады. Бұл сапар екі жылға жуық жалғасады. Ресейге қайтқан соң Альфред, жанұясына тиісті Ресей армиясының әскери тапсырыстарын орындайтын фабрикаларды басқарумен айналысады. Бұл істері дағдарысқа ұшыраған соң әкесімен Швецияға қайтуға мәжбүр болған Альфред, жарылғыш заттарын үйренуге кіріседі, әсіресе нитроглецеринді қауіпсіз жасап шығарау және оны пайдалану Альфредті көбірек қызықтырады.


1868 жылы Нобель динамитке патент алады. Ол өзі ойлап тапқан жарылғыш затының мүмкіндіктерін паш ету және оның қандай жүзеге асатындығы жайында баяндамалар оқиды. Нәтижесінде Нобель жаңалығына адамдар қызыға бастайды.


Альфред динамит және басқа жарылғыш заттарын істеп шығару сонымен бірге Бакудегі нефть майдандарын ашу істерінен үлкен мал-мүлікке ие болған.


1888жылы тілшілер қателігінен Альфред Нобельдің өлімі жайлы хабар таратылған. Бұл хабар оған үлкен әсер қалдырады. Оны журналистер «қанға батқан миллионер», «динамит патшасы» деп атар еді. Бұдан әсерленген ғалым тарихта «әлем бойынша қылмыскер» атауында қалмау үшін ойланып қалады. Нобель 1889 жылы дүние жүзілік бейбітшілік конгресіне қатысады. Ол 1896 жылы 10 желтоқсанда жүрек қантамыры ауруынан (стенокардия) қайтыс болады. Ғалым Стокгольмдағы Норра қорымына қойылған. Нобельдің 1895жылдың 27 қарашасында жазылған өсиетнамасында мынадай сөздер бар еді: «менің барша жылжитын және жылжымайтын мүлкім өсиетнамамды іске асыратын адамдар тарапынан тез ақшаға айналатын құнды қағаздарға айналдырылған .Сол жолмен табылған ақшалар сенімді банкке орналастырылған. Осы құнды қағаздардан келетін табыстар, оларды әр жылы, жыл соңында адамзатқа ең үлкен пайда келтірген кісілерге сыйлық ретінде тапсыратын қорға тиісті болуы ләзім... Сөз етіліп жатқан пайыздар мынадай бес бағытқа тең бөлінеді: бірінші –физика саласында ең үлкен жаңалық ашқандар;екінші-химия бағытында ең ерекше жаңалық ашқан яки осы саланы дамытуға үлес қосқандар;үшінші-физиология немесе медецина саласында ең үлкен жетістікке жеткендер; төртінші-әдеби бағытта ең ерекше көркем шығарма тудырғандар;бесінші-ұлттарды ынтымақтастыру,құлдықты жою,армия санын қысқарту және бейбітшілік әрекеттерін амалға асыруға үлес қосқандар үшін...Менің жеке қалауым сыйлықтарды беруде үміткерлердің қайсы ұлттан екеніне мән берілмесін!»


Сонымен нобель өсиеті бойынша осы сыйлық тек қана бес бағытта берілетін болған. Олар:


әдебиет( 1901 жылдан Швецияда беріледі)

физика( 1901 жылдан Швецияда беріледі)

химия( 1901 жылдан Швецияда беріледі)

физиология және медецина( 1901 жылдан Швецияда беріледі)

бейбітшілік( 1901 жылдан Норвегияда беріледі)


Бұдан бөлек Швеция банкі тарапынан 1969 жылы Экономика саласы бойынша да нобель сылығы берілетін болған. Осы сыйлықты беру шарттары ілгерідегілермен бірдей. Содан соң нобель қоры басқармасы номинациялар санын көбейтбеуді бекітті. Сонымен бірге ғылымның көп тармақтары мен салалары нобель сыйлығымен байланысты. Алғашында Альфред Нобель салалар тізімін жасағанда оған математиканы да кіргізген екен. Біріқ кейінірек оның орнына бейбітшілік саласын қосады. Мұның не үшін бұлай болғаны нақты мәлім емес. Негізгі себептерінің бірі есебінде сол кезде, Швецияда математика саласының жетекшісі болған Миттаг-Лоффлер есімін келтіреді. Оны Нобель Стокгольм университеті үшін қайта-қайта қайрымдылық жасауын өтініп келе бергені үшін жақтырмай қалған. Басқа бір болжам бойынша Нобель ұнатып қалған Софья Ковалевскийдің оны тастап, Миттаг-Лоффлерді таңдағаны себеп болған. Және бір болжам Нобель, сыйлық үшін салаларды таңдау кезінде олардың адамзатқа анық және көрініп тұратын пайда келтіретіндерін таңдап алуды мақсат еткен. Математика ауқымды қоғам назарында мұндай санатқа кірмейді. Экономика бойынша нобель сыйлығымен байланысты қаражаттар, Нобель меншігіне тиісті қордан бөлінбейді. Сол үшін оны шын дәрежеде нобель сыйлығы деп есептеу қиын. Экономика бойынша нобель сыйлығының иегерлері әр жылы 12 қазанда жарияланады. Барша сыйлықтар иелеріне 10 желтоқсанда тапсырылады. Нобель сыйлығын алған адамдардың «нобель баяндамасымен» шығуы талап етіледі. Бұл баяндама сол аттағы ұйым тарапынан жеке басылады. Енді нобель сыйлығымен берілетін ақшалар жайында сөз етсек, нобель қоры 1900 жылы тәуелсіз, үкіметке тиісті емес ұйым ретінде құрылған болып,оның бастапқы капиталы 31 милион Швеция кронасы немесе бүгінгі нарықта 1,5миллиард кронаны құрайды. Бірінші сыйлықтар 150 мың кронадан берілген. Қазыргі уақытт қор капиталы 2 миллиард 966 миллион Швеция кронасы немесе 450 миллион АҚШ долларына тең болып, сыйлық көлемі 10 милион Швеция кронасын құрайды.

 

Сонымен сыйлық көлемі:


2003 жылы 1,35миллион АҚШ доллары

2004 жылы 1,32 миллион АҚШ доллары

2005 жылы 1,3 миллион АҚШ доллары

2008 жылы 1,399 миллион АҚШ долларына тең болды.



Сыйлықты тапсыру рәсімі


Сыйлықтарды тапсыру рәсіміне дайындық, жыл сайын көптеген ұйымдар тарапынан амалға асырылатын үлкен іс. Қазан айында лауреаттар анықталып, соңынан бекітіліп жарияланады. Сыйлық иегерлерін анықтауды Швеция королдік ғылым академиясы, Швеция академиясы, королдік институттың нобель ассамблеясы және Норвегия нобель комитеті жүзеге асырады. Сыйлықтарды тапсыру рәсімі әр жылы 10 желтоқсан күні екі мемлекет –Швеция және Норвегия астаналарында өткізіледі. Стокгольмда Швеция патшасы физика, химия,физиология және медецина,ә дебиет, экономика саласы бойынша сыйлықтарды тапсырады. Бейбітшілік бойынша нобель сыйлығы Осло университетінде Норвегия патшасы және патшалық жанұяның мүшелерінің қатысуымен иелеріне тапсырылады. А.Нобель корпороциясына тиісті компаниялар ісінен алынатын табыстан әр жылы өзгеріп тұратын ақша сыйлығынан басқа , лауреаттарға Нобель суреті түсірілген медаль және диплом беріледі.



Нобель кеші


Нобель сыйлықтарын тапсыру кешінде ұйымдастырлған кешкі ас мәзірі ерекше маңызға ие. Мұндай банкет алғаш рет сыйлықты бірінші рет тапсыру рәсімі өткізілген күн -1901 жылдың 10 желтоқсанында болып өткен. Қазіргі уақытта бұл кеш қала басқармасының көк залында өткізіледі. Оған 1300-1400 ге жуық қонақ шақырылады. Оларға фрактармен кешкі киімде болу талап етіледі. Тағамнаманы дайындауда «басқарма асқанасының» (басқарма жанындағы кіші ресторан) аспаздары және «жыл аспазы» номинациясына ие болған аспаздар қатысады. Қыркүйек айында тағамнаманың үш түрлі варианты бойынша дайындалған тамақтар нобель ұйымы мүшелері тарапынан жеп көріліп ,солардың ішінен кеш дастарқанына қойылатыны келісіп алынады. Тек қана десерт яғни балмұздақ қана алдын ала мәлім етіледі. Бірақ оның өзінің қай түрінен дастарқанға қойылуы 10 желтоқсан кешіне дейін белгілі бір ортаны есепке алмағанда сыр сақталады.


Нобеь банкеті үшін дастарқан элементтері арнайы істеп шығылған дизайын негізінде таңдалады. Әрбір дастарқанмен майлық шетіне Нобель портреті кестелеп салынған. Ыдыстар қолмен дайындалған, тарелкелер шетіне Швеция ампир тәсілінде көк,жасыл және алтын рең сызықтар тартылған. Биллур фружер аяқтары да дәл сондай түстермен боялған. 1991 жылы нобель сыйлығының 90 жылдығына арналған банкет үшін 1,6 миллион долларлық ыдыс-аяқтарға тапсырыс берілген. Бұған 6760 бокал,9450 пышақ,шанышқылар,9550 тәрелке және...бір ғажабы бір дана шай үшін кесе кірген. Шай кесе ханшайым Лилиана үшін ,себебі бұл ханым кофе ішпейді екен. Өкініштісі осы шай кесенің қақпағы ұрланған. Залда столдар математикалық есеппен орналастырылады. Сан-Ремодан жіберілген 23 мың дана гүл болса залды көріктендіріп тұрады. Қызметтегі официанттардың әрбір әрекеті, секунттық дәрежеде есептелініп қойылады. Мысал үшін,балмұздақтың тартылуы кезінде бірінші официант патноспен есік алдында пайда болуынан соңғы официанттың столды тәрк етуіне дейін кеткен уақыт, тұп-тура үш минутты құрайды. Қалған тағамдарды дастарқанға тарту үшін екі минуттан уақыт кетеді.


Сағат тілі 19:00 ді көрсеткенде патша және патшайым бастаған құрметті қонақтар баспалдақпен көк залға түседі. Бұл уақытта барлық шақырылған қонақтар залда дайын отырады. Швеция патшасы нобель сыйлығын иеленген әйелдің қолынан ұстап түседі.

Егерде бұл сыйлыққа әйелдерден ешкім лайық болмаса, онда патша физика саласындағы лауреаттың жұбайының қолынан ұстап кіріп келеді. Бірінші бокал патша үшін, екінші бокал Альфред Нобельді еске алып көтеріледі. Содан соң барып тағамнама сыры жария етіледі. Тағамнама әрбір орындыққа қойылған картаға майда әріппен жазылған болып , онда алытын рең түсті Нобельдің бір қырынан түсірілген суреті басылған. Кешкі асқа дүниенің ең әйгілі музканттары шақырылады. мысалы,2003 жылы Ростропович және Магнус Лингрендер өз өнерлерін көрсету құрметіне ие болған.


Банкет балмұздақтың желінуімен аяқталады. Сағат тілі 22:15 жеткенде Швеция патшасы алтын рең залда бидің басталғанын хабарлайды. Сағат 01:30 да қонақтарға рұхсат беріледі.1901жылдан бері мереке дастарқанына тартылатын тағамдарды Стокгольм қала басқармасы рестронына тапсырыс беру мүмкіндігі жолға қойылған. Бұл тамақтардың нарқы 200долларға жақын. Әр жылы жиырма мыңға жуық қонақ дәл осындай тапсырыс береді. және әдетте мерекеге дайындалған тағамға талап үлкен болады.



Нобель концерті


Бұл концерт осы апта ішіндегі негізгі мерекелердің бірі . Бұл мереке Еуропада жылдың мерекелік ән кештерінің бірі болса , Скандинавия мемілекеттері үшін ең маңыздысы саналады. Бұл жерге заманның әйгілі «әннің жілігін шағып майын ішкендер» қатысады. Бұған дайындалу бірнеше ай бұрын басталады. Барлық мерекелік концерт желтоқсан айының бірінші жартысында өткізіледі. Нобель концертіне әйгілі швед скрипкашысы Михаил Казиник эксперттік етеді. Осы концерт әр жылы 31 желтоқсан күні бірнеше халықаралық телеканалдар арқылы көрсетіледі.



Нобельге сын...


Сыйлыққа байланысты сыни пікірлер бірталай. Біріншіден , Нобельдің өсиетнамасына орай сыйлық ол, берілетін жылда жеткен жетістіктер, ашылған жаңалықтар үшін берілуі белгіленген болса, көп жағдайда бұған амал қылынбағанына куә боламыз. Екіншіден,көп ғалымдар өздері ашқан жаңалықтары "уақыт сынауынан " өтіп ,сыйлыққа жеткенше, өмірден өтіп кетеді. Сосын бір ғылыми мектеп өкілдеріне сыйлықты бір емес бірнеше рет берілген жағдайлар кездеседі. Бұл жерден де әділеттіліктің бұзылғанын көреміз. Нобель тарихымен байланысты тағы бір жағдай, көптеген наминанттар берілетін ақша, адамдардың өліміне алып келген жарылғыш затының арқасында табылғанын себеп етіп, алудан бас тартқан. Бейбітшілік сыйлығынан басқа нобель сыйлықтары бір кісіге тек бір рет берілуі белгіленіп қойылған болса да, тарихта бұл заңның бұзылғанына куә боламыз. Өткен бір ғасырдан артық уақыт барысында төрт адам екі реттен нобель лауреаты атанған. 


Бұлар :

Мария Склодовская-Кюри – физика саласы бойынша 1903 және химия саласы 1911 жылы, Лайнус Полинг – химия саласы бойынша 1954,бейбітшілік сыйлығына 1962 жылы, Джон Бардин – физика саласы бойынша екі рет 1956 және 1972 жылдарда, Фредерик Сенгер болса химия саласындағы сыйлықты 1958 және 1980 жылдарда иеленген.


Ұйымдар жайында сөз етер болсақ,халықаралық «Қызыл крест» ұйымы үш рет 1917,1944 және 1963 жылдарда, БҰҰ-ның қашқындар бойынша жоғары комиссар басқаруы екі рет- 1954 және 1981 жылдарда бейбітшілік бойынша нобель сыйлығын иеленген. 2010 жылдың бірінші қаңтарына дейін 762 ер мен 40 әйел нобель сыйлығын иеленген. Әйелдер арасынан бірніші болып Мария Скодовская-Кюри лайық табылған. Бақ па, сәйкестік пе Марияның қызы Ирен Жолио-Кюри де химия саласы бойнша 1935жылы нобель сыйлығын алған. 2009 жылы қатарынан бес әйел нобель лауреаты атанды. Олардың арасында Элинор Остром экономика саласы бойынша бұл сыйлықты иеленген бірінші әйел. Белгілі жайт 107 жазушы, саясаткер және философтар әдебиет саласынан нобель сыйлығын алған.



Қай мемлекет алдында?



Қай мемлекеттің қанша азаматы нобель сыйлығына лайық көрілгендігі жайында мәлімет те адамды бей-жай қалдырмайды. Төмендегі статистикаға көз жүгіртіңіз :


2010 жылға дейін –


АҚШ-тан 291, Ұлы Британиядан 101, Германиядан 89, Франциядан 52, Швециядан 29, Щвейцариядан 22, Нидерландиядан 18, Жапониядан 16, Италиядан 16, Посткеңестік мемлекеттерден 15, Даниядан 14, Австриядан 13, Бельгиядан 9, Израилден 9, Канададан 9, Норвегиядан 8, ОАР-нан 8,Австралиядан 7, Польшадан 7, Исландиядан 6, Ирландиядан 5, Қытайдан 5, Ресейден 5, Аргентинадан 4, Венгриядан 4, Мысырдан 4, Үндістаннан 4, Мексикадан 3, Финляндиядан 3, Шығыс Тимордан 2, Гватемаладан 2, Грециядан 2, Партугалиядан 2,Чилиден 2, Вьетнамдан 1, Ганадан 1, Ираннан 1, Кениядан 1, Колумбиядан 1, Коста-Рикадан 1, Мьянмадан 1, Перудан 1, Пәкістаннан 1, Фаластинадан 1, Сент-Люсиядан 1, Трининад-Тобагодан 1, Түркиядан1, Чехиядан1, Чехославакиядан1, Югаславиядан 1, Оңтүстік Кореядан 1, Бангладештен 1, азаматтығы болмағандардан 1.


Әдебиет бойынша нобель сыйлығын алған 107 жазушы, ақын және саясаткердің қай мемлекет азаматы екенін анық белгілеу бүгінгі глобалды дәуірде оңай іс емес. Мысал үшін Бродскийді алайық – ұлты жағынан ол- еврей ,АҚШ азаматтығындағы ол, өзін орыс әдебиетшісі деп есептейді. Бұл жерде жазылған шығарманың қай тілде екендігі үлкен рол ойнаса керек . Осы жағынан қарайтын болсақ, 2010 жылға дейін нобель сыйлығын алған жазушыларыдың 26-сы ағылшын тілінде жазған, бұл барлық лауреаттардың 25 пайызынын құрайды. 13-і яғни 12.5 пайызы француз және неміс тілінде, 10 пайызы испан тілінде, 6 пайызы италиян және швед, 5 пайызы орыс тілінде жазған. Ағылшын тілінде жазғандардың көптігі табиғи жағдай. Себебі көптеген елдерде бұл тіл мемілекеттік тіл мәртебесіне ие. Француз, Испан тілдерінің бұл жердегі үстемдіктері де дәлелдеуді қажет етпесе керек. Тек орыс жазушылары өз өкілдерінің аздығына наразы.




Әдебиет, әдебиет және әдебиет



Француз ақыны Арман Сюлли-Прюдомның қайтыс болғанына жүз жылдан асты. Егерде бір тарихи оқиға болып өтпегенде оны ешкім есіне де алмауы мүмкін еді. Қазіргі уақытта тіпті өз отанында да ұмытыла жаздаған ақын әдебиет бойынша нобель сыйлығына бірінші лайық көрілген. Бұл 1901 жылы, әлі әлемде шығармалары ең көп оқылатын жазушы Лев Николаевич Толстойдың ынта-шынтасымен қолына қалам алып, шығармалар жазып тұрған уақытта болған еді. Жоқ, біз ақынға бұл сыйлық лайықсыз болса да берілді деген пікірді айтудан аулақпыз! Сюлли-Прюдом көп қиыншылықтар көрген,сонымен бірге лайықты өмір кешірген әдебиетші! Жұпыны өміріне қарамай ол, Францияның ең білімді адамдарының бірі болды. Өзінің философиялық поэзиясында ол адамилықты насихаттады. Ақын прустар армиясы Парижді қоршап алған уақытта қаланы қорғау үшін қолына қару алған. Оның қандай адамдығы шығармаларымен бірге жүзеге асырған істерімен де маңызды. Прюдом нобель сыйлығы үшін алған ақшасының көп бөлігін жас ақындарды шабыттандыруға сарп еткен.


«Ясная поляналық шал» - (Толстойды осылай атар еді) «Нобель сыйлығынан бас тартқан» деген болжамдар да жоқ емес. Солженициннің жазуына қарағанда, Толстой: «әлдеқандай керосин сатушы нобель сыйлығын ұсынады, бұл қалай болды?» деп мысқылдаған. Бұл рас әңгіме ме?! Толстой сыйлықтан 1906 жылда да бас тартқан, бұған күмән жоқ. Ал, 1901 жылы енді ғана беріліп жатқан, әлі айналасында дау басталып үлгермеген сыйлық жайында «қарияның» құлағдар болуы да күмәнді жағдай. Швеция хатшысы Карл Вирсен Толстойдың өлмейтін шығармалар тудырғанын мойындай отырып, оның сыйлықты иеленуіне мүлдем қарсы болған. Ол Толстойдың: «цивилизацияның барлық формаларынан бас тартып, барша бар болған мәдениеттерден үзіліп қалған примитив өмір сүру тәрізін қабыл алуға үндегені» таңғалдырған еді. Әлбетте, Швециялық ғалым Лев Толстойдың шығармаларын өте қызу талқылаған. Сонымен, жиырманыншы ғасырдың ерте таңында әдбиеттегі ең ірі тұлға деп – Сюлли-Прюдом тән алынды. Иә, дәл осылай болды. Басқа сарапшылар бұл үкімді Швеция академиясының «евроцентризм»імен байланыстырады. Дәл осы Вирсеннің баяндауынша: «Нобель сыйлығы еуропаның ең күшті, зиялы жазушылары үшін, олардың көп жылдық және әдебиетте қалдырған өзіне тән қолтаңбасы үшін ынталандырушы сыйлық ретінде дайындалған. Бірақ бұл Альфред Нобель өсиетіне мүлдем қарама-қайшы!


«Менің тілегім, - деген еді ол, - сыйлық – ұлты маңызды емес ең таланттыларына берілуі керек»


Иә, көпшілік осылай болуын күткен еді, мысал үшін осы Вирсеннің қырықтан аса отандасы 1902 жылдың қаңтарында әдеттен тыс жанрда Толстойға хат жолдағандардың қатарынан: «Нобель сыйлығы алғаш рет берілуі себебінен біз, қол қойған ақын, жазушы және сыншылар сізге өз құрметімізді білдіріп...Өзіңіздің ішкі әлеміңізбен осы сияқты сыйлықтарға ұмтылмаған болсаңызда, сіздің бойыңыздан заманауи әдебиеттің патриархын, бәлкім бүгінгі күнде бәрімізден бұрын көз алдымызда келе жатқан үлкен сөз зергерінің бірін көреміз»


Мұндай хаттар ағымынан соң, Лев Толстой да өз пікірін білдіріп хат жазуды ләзім көрді. Өзінің қысқа ғана хатында ол төмендегідей деп жазған еді: «Қадірлі де құрметті бауырлар! Нобель сыйлығы маған берілмегендігіне қуаныштымын! Бұл, біріншіден зұлымдық келтіруі мүмкін болған ақшаларды сарп ететіндей ауыр жұмыстан босатты, екіншіден, маған таныс болмаған, бірақ өте қадірлі болған осыншама адамдардан жылы лебізді хаттар алғаным, мен үшін үлкен мәртебе!»


Толстой егер байқаған болсаңыз, нобель сыйлығын алуды қаламағандай түр танытса да, өзі айтпақшы, міне, осындай «бас ауруы» яғни өзіне жақпайтын ақшаларды қалай жұмсау, үлестіру сияқты мәселелерді ойлап көруге іштей дайын еді. Бұл белгілі дәрежеде ол, 1901 жылы нобель сыйлығынан бас тартпағандығының айғағы. 1906 жылғы жағдай басқаша еді. Ресей академиясы Толстойды нобель сыйлығына ұсынып, Стокгольмға хат жіберген кезде, ол мұның алдын алуға кіріседі. Шығармаларын фин тіліне аударатын жақын досы – Арвид Ярнафельдке одан өзінің Швециядағы таныстары арқылы сыйлықты өзіне бермеуін сұрауды өтінеді. «Бұл мені сыйлықтан бас тартатындай ұятты жағдайға қалдырады»,- дейді. Ярнафелд бұл өтінішті орындайды. 1906 жылы нобель сыйлығы және бір таныс емес итальян ақыны Каддучиге беріледі. Осы жерде біраз ойланып көрейік. Сыйлық Толстойға не беруі мүмкін еді? Ештеңе! Толстой өзінің биіктігімен бұл сыйлықтың деңгейін көтерген болар еді. Оған лайық болғандарға биік межені белгілеп, бұл шың бағындырып болмайтын мәреге айланып қалуы мүмкін еді. Бірақ сонысымен әдебиет әлемі үшін өте маңызды болған өлшеулерді белгілеп берген болар еді. Және бір айта кететін жайт, нобель сыйлығынан бас тартқандар да болды. Мысалы,Жан-Поль Сартр одан өзі бас тартса, Пастернакты бас тартуға мәжбүр етті. Бірақ осы тапсырылмаған сыйлықтар нобель жылнамасында сақталып қойылған, оның есебіне кірітілген. Толстойдың есімі болса бұл жерде көрсетілмеген. Тек мыс-мыстар мен болжамдар ғана бар. Сонымен әдебиет саласындағы нобель сыйлығы тарихи, талқылаушылардың пікіріне қарағанда көптеген қателермен басталған. Ал, бұл жағдай белгілі бір дәрежеде сыйлықтың қазіргі уақытқа дейін даулы болып қалуына үлкен рөл ойнап тұр.


1901 жылдан 1991 жылға дейін – 90 жыл бойы бүткіл Азиядан нобел сыйлығына 2-ақ жазушы лайық көрілгендігі адамды ойландыруы табиғи жағдай. Ал, осы уақытқа дейін Еуропа мен АҚШ-тан жетпістен артық әдебиетші бұл құрметке ие болған. Шынымен Азия халықтарының әдебиеті осыған лайық па?! Міне, мәселе! Азияда көп ғасырлық мыңжылдық дәстүрге ие Жапония, Қытай, Үндістан, Иран және басқа мемлекетер бар ғой. Нобель сыйлығы соның ішінде әдебиет саласы жайында сөз етеді екенбіз, лауреаттардың көбісін құраушы Еуропа мен АҚШ жазушылары жайында талқылаулар үлкен орын алады. Бір қарағанда бәрі де өз орынындағыдай көрінеді. Бірақ, бұл, тек бір қарағанда ғана сондай. Ең алдымен швед акедемиктерінің назарында болып келген Скандинавия мемлекеттерінің әдебиетшілерін алайық, бұл назарадың күшті болғаны соншалық, 90 жылда бірілетін 88 сыйлықтың 14-і яғни әр алтыншы сыйлық сол аумақтағыларға тиген. Бұлар :шведдер, даниялықтар, норвегтер. Мейлі, эксперттердің шекетен тыс сезімдерге беріліп кеткендерін сөз етпей-ақ қояйық. Олардың «өздеріне жақын» болғандардың мүмкіндік пен дәрежелерін шектен тыс асырып жібергені шүбасіз. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Қаншалықты таңғалдырарлық жайт болмасын, бүтін скандинавиялық әдебиетшілер арасында сөзсіз биік жазушы саналатын Ибсен бұл тізімде жоқ! Ол сыйлық өз иелеріне таба бастағаннан кейін де бес жыл жасаған еді. Оның лайық көрілмегендігінің бір себебі ретінде жазушының антилеберал болғандығын айтады. 1912 жылы көз жұмған ірі швед жазушысы Стринбергтің де нобельге лайық көрілмеуі өте таңғаларлық жайт. Сарапшы А.М.Илюковч осы тақырыпты кітабында былай деп жазады: «Стринберг сыйлыққа реал үміткер бола алмауының себебі, ол өте күрделі адам болып, жоғары құрметке жете алмауында еді.» Автор сонымен бірге Стринбергтің мынадай сөзін келтіреді «өнерді талқылауға кіріскен, бірақ оны түсінбейтін магистрлерден аулақ болайық! Егер қажет болса , нобель ақшаларынан, адамдар айтпақшы, динамит ақшаларынан да бас тартамыз.» Осы орында академиктердің скандинавиялық тағы бір күрделі мінезді әдебиетші Кнут Гамсунға сыйлықты лайық көргенін айтып өту орынды. Бұл мәселе 20 жылға жуық уақыт даулы болып келді. Эксперттер кейін жазушыға нобель сыйлығын бергені үшін өкінген. Жазушының шеберлігі уақыт сынынан өтіп, өз бағасын алатынын ескеріп, өткен ғасырыдың бірінші жартысында сыйлық алған, дәл осы уақытта Еуропа мен АҚШ та өмір сүрген, кейбірі еуропа тілдерінде шығармалар жазған , бірақ нобельге лайық деп табылмағандарды тізіп өтейік, лауреаттар және сыйлық ала алмағандар :


Перл Бак – Шервуд Андерсон

Хасинто Бенавенте – Бертольт Брехт

Пауль Гейзе (Хейзе) – Поль Валери

Карл Гьеллеруп – Томас Вульф

Грацция Деладда – Федерико Гарсия Лорка

Иоханнес Иенсен – Жеймс Жойс

Жозуэ Кардуччи – Эмиль Золя

Эрик Карлфельдт – Хенрик Ибсен

Гарри Синклер Льюис – Франц Кафка

Габриэла Мистраль – Жозеф Конрад

Фредерик Мистраль – Маргарет Митчел

Хенрик Понтопиддан – Роберт Музиль

Владислав Реймонт – Марсель Пруст

Франс Силланпя – Райнер Мария Рильке

Арман Сюлли-Прюдом – Френсис Скотт Фицжеральд

Сигрит Унсет – Марк Твен

Вернер фон Хейденстам – Герберт Уэллс

Карл Шпиттелер – Роберт Фрост

Рудольф Эйкен – Олдос Хаксли

Хосе Эчегарай – Томас Харди (Гарди)


Бүгін осы тізімнің екінші жағында тұрғандардың шығармашылығы, олардың лауреат атанған замандастарына қарағанда , уақыт сынынан лайықты өтіп, мойындалуы жоққа шығарылып болмайтын ақиқат. Олардың да әрбірі өзіне тән жолы ,бағыты, талантымен із қалдырған. Бірақ тізімнің сол жағында өткен 45 жылда биік сыйлыққа ие болған 20 лауреат бар еді ,мұны ұмытып кетпеу керек. Айтпақшы, мұнымен «академиктердің барлық шешімі даулы еді» деген пікірді айтудан аулақпыз. Кнут Гамсун, Герхарт Гауптман, Жон Голсуорси, Редьярд Киплинг, Сельма Лагерлёв, Томас Ман, Роже Мартин дю Гар, Морис Метерлинк, Южин О Нил, Луижи Пиранделло, Ромен Роллан, Генрик Сенкевич, Анатоль Франс, Бернард Шоулар талантты әдебиетшілер ,шүбәсіз! Бірақ, өкініштісі мұндай, сөзсіз лайық деп бағаланғандар осы 45 жылдық таңдаудың 1/3-ін құрайды. Бұл факттен швед экспреттері әр үш шешімнің біреуін ғана дұрыс шығарған деген мәлімет шығып отыр. Қанша даулы болмасын, әдебиет оқымыстылары жоғарыдағылардан басқа Гийом Аполлинер,Грэм Грин, Теодор Драйзер, Дэвид Лауренс,Уистен Оден, Жорж Оруэлл, Торнтон Уайдлер, Мигель де Унамуно, Роберт Пен Уоррендерді де шеттеп өткендігін таңырқай тілге тиек етеді. Тағы бір қызық жайт, көптеген сыйлық иегерлері осы сыйлықтың тапсыру мерекелерінде, өздерінен гөрі бұл сыйлыққа лайық болған ақындар мен жазушылардың есімдерін атайды. Мысалы:Льюис Синклер – ұлы Шервуд Андерсонның бұл мәртебеге лайық көрілмегендігіне наразы болған. Испандық ақын Хуан Роман Хименес бріншілік тәжін өзінен көп жас кіші отандасы Федерико Гарсиа Лорканікі деп есептеген. Томас Ман – Жозеф Конрадты өзінен биік қойған. Франциялық Франсуа Мориак – драматург Август Стринбергті нобельсіз қалдырғаны үшін шведтерге наразы болған.


Иосиф Бродский сыйлықты алып жатқан кезде мынадай деген : «мен бұл жерде менен бұрын сыйлық алғандардан емес, бәлкім осы сыйлыққа лайық бола тұрып, ала алмағандардан ұяламын» Ол осы орынға лайық деп Осип Мандельштам, Марина Цветаева,Анна Ахматовалардың есімін атайды. Орыс жазушылары арасынан Буниин бірінші боп нобель сыйлығын алған. Ол Большевиктердің қанды қозғалысын қаралап, Францияға қоныс аударған . Бунинның жары Вера Николаевна өз күнделік жазбаларында жұбайын 1922 жылы Ромен Роллан нобель сыйлығына ұсынғанын жазады. Иван Алексеевичтің Грасс қаласындағы жұпыны жанұясы мұндай құрметтің жүзеге асуына сенуден де қорқар еді. Кейінгі 11 жылда бұл уақиға ұмытала жаздаған еді. 1933 жылдың 9 қарашасында жазушы үйінде «мәнсіз кино көріп отырған уақытта» Стокгольмнен қоңырау шалады... Бунинге нобельді беру мәселесін ұйымдағылар өте анық талдап, бағалаған еді: «орыс классикалық прозасының дәстүрлерін дамытудағы үлкен шеберлігі үшін» нобель сыйлығы ұйымындағылар үшін Буниннің азаматтығын көрсету мәселесі де қиын болды. Бұл өте қызық жағдай еді : « ұлты жоқ, францияда жасайды.» «безнациональности» деген сөзді тағы қалай аудару керек? 715 мың француз франкі дәрежесіндегі чек Бунинге өмірінің соңына дейін жақсы тіршілік пен шығармашылықпен айналысуға жетер еді. Бірақ жазушы бұл ақшаларды шашып жұмсайды, ол ақшаның көп бөлігін шетте қаражаттан қиналып жүрген қаламдастарына таратады. Қалғандары да оған кейін онша пайда әкелген емес.




Рене Сюлли Прюдом

1. Рене Сюлли Прюдом


Француз ақыны Рене Сюлли-Прюдом (Рене Франсуа Арман Прюдом) 1839 жылдың 16-наурызында Парижде дүние есігін ашқан. Рене екі жасқа толмастан әкесі қайтыс болады. Нәтижесінде анасы Кейо,апкесі және Рене атасының үйіне көшіп келеді. Сегіз жасынан болашақ ақын Бонапарт лицейнде математика,классик тілдер және французша өлең құрылымын үйренеді. Лицейді бітірген соң инженер болу мақсатында Политехника институтына дайындық көреді,бірақ көзіндегі сырқат себепті бұл арманынан бас тартуға мәжбүр болады. Фабрикаға жұмысқа орналасқан ол, күндіз жұмыс істеп, түнде кітаптар оқып,өлең жазар еді. Рененің тырнақалды туындысы 1865 жылы жарыққа шықты. Ол кітабына Сюлли-Прюдом деп қол қояды (бұл әкесінің толық есімі). Жинаққа сыншы Шарл Огюстен Сент-Бев жоғары баға береді. Арадан бір жыл өтіп Альфанс Лемер өзінің «Заманауи Парнас» жинағына Сюлли-Прюдомның өлеңдерін қосады. Бұл кітап романтика мектебінің лирик сезімдеріне қарсы шыққан «парнасшы» жас ақындардың әдеби манифестіне айналып кетеді. Лемер бұл жеңістен соң Сюлли-Прюдомның алғашқы жинағын қайта бастырып,оған қоса жаңа сонеттер жинағы – «Сынауларды» да жарыққа шығарады. Үш жыл барысында ақынның антик аңыздар бағытындағы – «Авгий атқорасы», «Итальия беттері», «Жалғыздық» атты кітаптары баспадан шығады. Бұл шығармаларында ақын жауапсыз махаббат, ғылым-білім мен дін арасындағы қарама-қайшылықтар жайында қалам тербеген. Жақын туысының қызына үйленбекші болған Рене ол жақтың келіспейтіндігі жайлы жауапты естігесін өмір бойы жалғыз жасауға бекінеді. 1870 жылы Рене өте ауыр жағдайды бастан өткізеді. Бірнеше күн ішінде әжесін, анасын және әпкесін қара жер қойнауына тапсырады. Осы жылдың шілдесінде Франция-Пруссия соғысы басталып, ақын еріктілер қатарында қолына қару алып соғысқа кіреді. Париждің Прус әскерлері тарапынан ұзақ уақыт қоршауда болуы ақынның онсызда сыр беріп жүрген денсаулығына қатты әсер етеді. Франция астанасы қоршаудан азат етілер уақытта ол, аяғынан айрылады. Емделу жылдарында ақын патриоттық өлеңдер жазады. Оны 1870 жылы «Әскердегі естеліктер» тақырыбымен кітап етіп шығарады. Сюлли-Прюдомның Лукрецкий өлеңдерінің әсерімен жазған «Әділет» дастаны диалог түрінде болып,әділеттілікті сыртқы дүниеден емес, адамның жүрегінен, ішкі әлемінен іздеу керектігін айтады. 1888 жылы Рене «Бақыт» деп аталатын 4 мың жолдан тұратын эпикалық дастанын жазып бітіреді. Ақын бұл дастанда адам бақытқа – ғылым-білімге ұмтылуы, мейірбандылығымен, әділеттілігімен жетеді деген пікірді алға тартады. Француз әдебиетіне ақынның гуманистік ойларының әсері жайында сөз етіп, негізі Француз болған Америкалық сыншы Жан Албер Беде мынадай дейді:


«Ол позитивизм жақтаушыларының псемизмімен ұзақ уақытқа зұлматта қалған өлеңін жарыққа шығарды және мынадай деп үйретті: бақытқа – қайғымен, мәрттікпен, бауырмалдықпен, мейірбандылықпен және махаббатпен жету мүмкін!»


1901 жылы Сюлли-Прюдомға әдебиет саласындағы алғашқы нобель сыйлығын тапсырды:


«Әдебиеттегі мінсіз жеңістері, жоғары идеализмі, көркем күрделілігі мен өнердің таңғаларлық үйлесімділігіне жеткені үшін» делінген сыйлықты беру жайындағы шешімнің прембуласында. Сыйлықтың Сюлли-Прюдомға берілуі ең лайық жазушы ретінде Толстойды көздеп отырған әдебиет әлемі үшін күтпеген жағдай болды. Құттықтау сөзінде академия мүшесі С. Д. Вирсен ақынның «Ізденімпаз және ештеңені қалт жібермейтін ақылымен адам жүрегіне жол таба алған, міне осынысымен Альфред Нобель айтқан «әдебиеттің идеал дәстүрлерін» деген сөзін, іс жүзінде басқа жазушыларға қарағанда көбірек амалға асырғанын айрықша атап өтті. Бұл уақытта ақын сырқат болып марапаттау рәсіміне қатыса алмады. Лауреаттық диплом Францияның Швециядағы елшісіне тапсырылды. Қатты сырқаттанып жатқан ақын «Еркін таңдау психологиясы» деп аталатын соңғы шығармасында «таңдау еркіндігі табиғатқа ғана тән және солай болып қала береді» деген пікірді алға қояды. Сюлли-Прюдом 1907 жылы 7 қыркүйек күні Париж жанындағы Шатн-Малабри қаласында орналасқан вилласында қайтыс болады.


Бір кездері әдеби және академик дәуірде өте үлкен құрметке ие болған жазушы бүгінге кеп тіпті Францияның өзінде де назардан тыс қалған. Ақынның кейбір өлеңдерін аударады, анаталогияларға кіргізеді, бірақ бүгінгі таңда әдебиеттанушылар оның шығармаларына мән беріп қарамайды. Сюлли-Прюдомды нобель сыйлығынан қалған ақшалар есебінен Франциядағы жас ақындарға берілетін әдеби сыйлықтың негізін қалаушы ретінде таниды.


Жалғасы бар.



Тұрсынбек Башар

Өзбек тілінен аударған: Тұрсынбек Башар   


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар