Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Нұрай Талап. Біздің жаққа сізден бұрын күз келген...

17.11.2018 8189

Нұрай Талап. Біздің жаққа сізден бұрын күз келген

Нұрай Талап. Біздің жаққа сізден бұрын күз келген - adebiportal.kz

Біз қазақ поэзиясы туралы сөз бастасақ, Абайға жүгінеріміз заңдылық. Өйткені, ол – қазақтың қара өлеңінің қаймағының дәмін кетірмей, артына ұлағатты сөз өрнегін қалдырған дара тұлға. Бабабыз «әркімнің де өнерге, өлеңге таласы барлығын» да нақышына келтіре жеткізген.

Менің бұл шағын өлең топтамасы турасында сөзге тиек етерім де – осы. Өлең егесі Талап Нұрай – әркіммен таласы болмаса да, талабы бар, сөз өнерін өзінше ұғынып, өзінше ой зердесінен өткізе білген өнерлі жас.

Нұрай – ойы да, өзі де, мінезі де салмақты өз орбитасына енді ғана беттеген балауса қалам иесі. Бастысы – дүниенің әр бір үні мен дүбіріне құлағы түрік.

Балғын қалам барынша қарапайым жазуға, шешен жазуға, бір сөзбен айтқанда қазақы ақын болуға талпынады. Қазақы стихиялық мінез көрсетуге, сөзбен сурет салуға, қиядағыны қапы жібермеуге талпынады. Жастың көкірек көзі өзінше көріп, жүрек сағынышы өзіндік нотасымен саз қозғайды, көркемдеуге тырысады, көрікті ойда өлмес өлең өрісіне қоныстануға ұмтылыс бар.

Дегенмен де өлеңдерінде сөздің иінін де, иірімін де, екпінін де, құрылысын да, құбылысын да жете қолданған өлеңдерімен қатар, бір қайнауы жетіспей тұрған, ізденісті қажетсінетін өлеңдері де баршылық. Біз жетіле түскенін қалаймыз. Мен тәжірибелі тәлімгер ретінде Нұрайдың өлең өлкесіндегі болашағына сенемін!

Талап Таймасұлы,

Орал қаласындағы «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі,

КЕЛСЕҢІЗШІ

Тоңдырады әлемімді таңғы ызғар,

Сол ызғарда мекен еткен Үр қыз бар.

Сіз туралы кімнен қалай сұрайын?

Айналамда мен секілді жалғыздар.

Үркер жұлдыз алыстады біздерден,

Біздің жаққа сізден бұрын күз келген.

Сіз туралы мына жалған сыр ашпас,

Қиялдағы кейіпкерім іздеген...

Үміт – қиял, шым-шытырық әлемім,

Әлемімде ғашық болған әлегім.

Үр қызындай үнсіз қалма өтінем,

Сізге жетпей қалмасыншы сәлемім.

Тигізбесін жүрегіме кесірін,

Жайыққа кел, осындамын, Есілім.

Мен толқынға айналғанша үлгерші,

Есту үшін ең ақырғы шешімін!

ҮНСІЗДІК

жанарға тығылды неше мұң,

Жанымды тоңдырған салқындық.

Біздерге бермейді кешірім,

Қиялға болмайтын талпындық.

Шамасы...

тиген ғой өзіме кеселім,

Бәріне кеткен ем қырсығып.

Барлығын тек үнсіз кешермін,

менімен тек қалар жыр тұнық.

Сезілсе арада салқындық,

Кетеді тек арман сытылып.

Білсеңіз, болмайтын бақытқа,

Айтыңыз неліктен ұмтылдық?

ЭЛЕГИЯ

Бағдарсыз ғұмыр, ақша бұлттармен сырласып,
Ақ қайыңдар мен ақ арман жіпсіз жалғасып,
Жортуыл жолдар, ақ құба таңға жармасып,
Көкжиек тұстан ұжмақ пен тамұқ алмасып,
Тулаған Жайық толқынмен ойнар алысып,
Бөртегүл гүлдер бақытқа нұрлы таласып.
Құбылар көңіл...

Бұлқынып жатыр нәркес өмірім құмартып,
Қас пенен көздің арасында-ақ жүк артып.
Пері қызының сұлулығына мастанып,
Раушан гүлдерден мамық жастықты жастанып.
Жәннат бақтарын аралап қиял тамсанып,
Есімде қапты, хор қызын келген қарсы алдық.
Зулаған өмір...

Шашылған ойлар, толқын боп, жыр боп бұлқынып,
Ғазиз күндерім сұлу боп кетті құлпырып.
Асау тұлпардай ақ арман отыр жұлқынып,
Аңсарым болса кеудемде жатыр тұншығып.
Күн шығыс жақтан, көктем ғұмырым тосылып,
Ақ пенен қара расында кетпес қосылып...
Желмая ғұмыр.

ЖЫЛАП ТҰРЫП...

Ұйқысыздық,
Өкпелеймін,
Торығып,
Үшбұрыштай әлемде тек жолығып.
Ұшқан құста білінбейді неліктен,
Ұлып жатыр білінбеген долылық.

Жанарыма,
Қарадың да,
Сыр ұғып,
Лағынет деп айта алмай булығып.
Шеңберінен кете алмай жаратқан,
Жанарыңнан от ойнайды құбылып.

Мақпал дедің,
Түн дедің,
Жырақ тұрып,
Ұйқысызбын сыбырға құлақ түріп.
Кел демейді жаныма енді өлең де,
Үндемеді алыстан жылап тұрып.

Үндемеді алыстан жылап тұрып,
Жалтаңдаймын ессіздей құлақ түріп.

ҚАРА ШАШЫН НӘЗІКТІК ПЕН ТАРАП ТҮН...

Сен күн едің, мен түн едім түнерген,
Қыл көпірмен жалғасыпты арамыз.
Өмір деген болыпты ғой көрермен,
Аппақ қарға көмкерілген қара күз.

Қара шашын нәзіктік пен тарап түн,
Сезіледі жылылық пен ізгілік.
Жанын торлап, жылатқанда барақ мұң,
Бір бақытқа жетелейтін ізгі үміт.

Не себепті, сырласады ақын-күз,
Бақыт құсы қонбады ма жанына?
Содан болар, күзге солай жақынбыз,
Жаратқаннан хабар келер бағына.

Тепкілесе кеуде жақтан сағыныш,
Тылсымға бұл күдіктене қараппын.
Болмау үшін менде енді сабылыс,
барлығында күдікті деп санаппын.

***

Алас ұрған сезімімді жасырып,
Күрсінемін, білесіз бе тек іштей.
Өкініштен тылсым кеуде аҺ ұрып,
КүнәҺардай, кетемін-ау кешірмей.

Лағыл сезім жасырынған тым үнсіз,
Үйренген ғой ішімдегі көрге де.
Жанарыма шық қонады көңілсіз,
Тәкәппарлық танытса да өр кеуде.

Ғазал жырмен жасты жуып жанардан,
Шаршатқанды дүниенің мазағы.
Сан арманым қолды болып тоналған,
Алай-дүлей өкіндіріп азабы...

Бұлдыр елес,

Сағым қуған,

Аңқаулық,

Ай астында мұңданады нәзік үн.

Сұрықсыз түн,

Мазасыздық,

Шырмауық ,

Шырмайтындай бар ма еді жазығым?!

Cуреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар