Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Нұрбек Нұржанұлы. Қай ізімде мүлт кетіп, қай жолды...

13.12.2019 4247

Нұрбек Нұржанұлы. Қай ізімде мүлт кетіп, қай жолды адастырдым? 16+

Нұрбек Нұржанұлы. Қай ізімде мүлт кетіп, қай жолды адастырдым? - adebiportal.kz

***

Тыныстап тұрмын:

Ауаны тоңған,

жіңішке нұрды,

Кітапты нәзік,

темекі тұқылын мен шекпеген.

Көлеңкелер тұр шуақты басып,

Күткенім – үміт...

сөнбеп пе екен?

Тыныстап тұрмын:

Орындықты иесіз қалған,

Жарықсыз шамды,

Пешті-қан жылым,

уақытты жаңа,

Етікті ескі,

көріксіз тамды.

Тынысы бөгде бақыттың ғана.

Тыныстап тұрдым, демалып тұрдым,

Әр заттың исін, әр заттың жанын.

Естілед шаңның жүрегі соққан,

Өмір сүруді аңсаппын, жаным!

Демін тыңдаймын тіпті, жансыздың,

Өзім соларға елес ем, бірақ.

Ішімде менің қозғалад баяу:

Орындық,

Үстел,

Терезе,

шырақ.

***

Мен шөлмін қураған бағы...

басымды сүйеп өлеңге

жылағам тағы...

болдым-ау масыл

өмірге мына көнерген...

биыл әкемнің жасындамын...

шаршағанмын

пәниге

келіп тосыннан.

көкірегім ол толып үрейге,

жүрегім жанып ерте-кеш

бағытымды іздеп келемін

бақилық алау өртегесін

жан-дүниемді...

өле ме адам

мағына таппай...

сүйе ме адам

Құдайын ұқпай өз ішіндегі...

Өмірді сүріп, күйем жиі мен –

Пендешілігім жемісін беріп...

Мен биыл әкемнің жасындамын...

Зікірім қайда? Шүкірім қане?

Әй, Нұрбек, жолшы жолдағы,

Күтіп қалды ма, қабірің, анау!..

Қаздар қайтқанда тоқтап, қарап қал,

Қанат қаққаны «келем» дегені...

Қаламмен қазған аппақ параққа,

қаріптеріме көміңдер мені...

Ол күнге дейін іздеп Нұрбекті,

табады өзін...

мен сыйған әлем – маған сыяды...

Құрметті, өмір

алалау көзді,

Мен биыл әкемнің жасындамын...

Әкем өлімнің жасында еді,

бәрін топырақ көмеді...

Расында менің,

жәй ғана

жақсы адам болғым кеп еді...

***

Мұздап кірпігім түртеді қарды.

...Саған да алыс үйім,

...мен жақ суық, жарлы,

Түсінші,

күйім: адасқақ.

Мен жақ қар –

бүтін бір шаһар...

Аластап әлі мұржалар дені түтетеді түтін,

Көрінбейді әлі жылғалар легі!

Ал телефоным –

мылқау, дыбыссыз бүгін...

әлсіз һәм сырқау –

жүрек тұсыма қадап мұң гүлін,

кешкі аста отырамын жалғыз...

Мен жақтың ауа райы салқын,

Солғындау қар бар,

Сол аздық еткендей еркем,

хабарсыз қалдың...

Ертең:

Көрікті көктем келеді,

Құстар ұшады көкке таласып,

Қар да ериді,

сен де қоңырау шаласың...

Билеген парақ

Тыныштығым - шу...

Үнсіздігім – сес...

Демім күйдірген парақта –

Тән қабырғасына бастырылған

жанымның азасы...

Қарақтым,

Ағаң расында басылып кетті...

шер есіп еді сәл қозғап

шашылдым күздей...

Асығып едім

сәуле терем деп, жұлдыздан...

жұпар алам деп, гүлден деміме...

...Жаным парақтай нұр тамған...

Өмірге кең құшағын жаюға

бата алмай жүр ғой, бұл ағаң...

Табан астымен шытырлап жүрген

жапырақ,

жүрек ішінде

тықылдап жүрген уақыттың ізі –

«АСЫҚ» деп олар түсіме

жиі енеді...

Неге шошыдым

қорқып оянып...

Мен әлі

мағына берем қарғам, сәттерге...

Қарсы алад әлі –

ағарып атқан таң,

көктем жымиып қарап...

Алғашқы нұрмен оянып,

Даламның гүлін теретін болам

алақаныңа аялы,

ботам...

***

Жапалақтап

жауған ол қар –

тәнің дер ем,

күпің дер ем,

жаның дер ем...

сені көрем қар ішінде лүпілдеген...

қолғабыңды шеше көрші жауып тұрсын жеңіңнен қар...

орман мен тау бусансыншы деміңнен әр...

Аппақ қарым, келер болсаң көк сырғасын тағынып кел,

Жаудырғанға жауып тұрып, табынып кел!..

Құзғын ұшар тымағымды қалған сәтте сәл көтеріп

Жапырақтар сырғып түсіп балағымнан мен жетермін...

Жүздескен сәт; бізді қар деп ойлап қалар бір қараған.

Түн ішінде

Жаудырған мен жауған аппақ қар ғана бар...

Ардахан

Қыз көзінің ағындай – қар, қарашығындай – түн қарады

көшкен бұлыт пен далаға...

Көк жанары бұлдырады.

...Ардаханға ұқсап кеттім, оның тау мен Курасына,

Ол да маған ұқсап кетті, тұрысыма,

қарасыма,

ауыр басқан адымыма,

қуанышым мен мұңыма;

Ардахан, жүреді жалғыз, қолтығына түн тығып ап,

Ардахан, үйім қасынан өтед кейде, көңілсіздеу

жанарынан Кура ағып,

ағарады мезігілсіздеу

қара шашы,

Ардахан шылым шегеді, ерні құрғап,

Жолшыларды қарсы алып, шығарып салад қолын бұлғап...

Ардахан қос иығына қарғаларды қондырады,

Ол жүргенде балағынан қарын қағып жол тұрады.

Әр түн сайын жауырынына түн батып, дөңбекшиді

ұйқысырап, таң іздейді, (кешікпей-ақ келуші еді)...

Қаңғып жүрген иттер ертіп, мысықтарды сипалайды,

Шарап ішед соғыстырып ернеуіне сынған Айдың...

Ардаханды іздемейді, Алматы мен Ыстамбұл да...

қайтсін оның қар көңілін желтоқсанда қыстап қалған...

...Ардахан кеп пәтермнің маңында тұр.

Тыныш, дәліз.

Кел, үсімей,

шәй демдейін, таң атқанша түн ішеміз...

Қар

Қар жауғанда, аспаннан хат жауады,

Ғашығыңның өрнектеп ғазалдары...

Бұлт шәрінен елшілер аттанғалы,

Көңіліңнің шам жағып тозаңдары;

«Ақиқаттың жаршысы» деп қарсы аласың,

Хаты екенін Патшаңның танисың дөп,

Қолтаңбасы, мөріне тамсанасың...

Ерігенше көзіңде оқисың кеп...

Терезеңде көшеді керуендер,

Әй, жолаушы, сұрап қал бағытыңды,

Біледі олар барарын, келгенін де,

олар түйме аспаннан ағытылған,

Күткеніңнің жет, енді айқара ашқан

Құшағына!..

Қар боп жет... жауып тағы,

еріп те, қалайда, жет!..

Айлап асқан

кезең, уақыт жаныңда тоңып қалып

ізін тастап кетті ме еріместен...

Тұрақтама, жүре бер жүрген сайын

қарға айналып кетесің сенім ескен,

аппақ нұрға енерсің сыр шамдайын...

сені «қар» деп оқыса «ақиқат» деп,

Айнасы боп шағылыс асыл Күннің;

Күллі жаһан айналса Махаббатқа,

таңқалма;

Қар – ғазалы Ғашығыңның...

***

Кура*-қыз жыламашы,

Талдар гүлдеген саусақтарымен

Ақ тамағыңнан қытықтайды,

Қарашы, бүрлеген Тбилиси

Әлдилейді төсінде сені...

Менде жағалаудан шашыңды сипаймын ағарған,

Есімде Кура-жан, қабарған жолда,

Сенімен алғаш танысқан күн

Паңсынып қарап ең алыстан.

Кім білген,

бүгінде қимайтыныңды мені де...

Аспанды сүюге болады теңізде,

Өмірді сүруге болады өзенде...

Ағаштар гүлдерден шашу шашқанда,

Тозған жанымнан үзілген ғазал-парағым

Ағып бара жатты жанарыңдағы аспанда...

Кура-қыз, жылама!..

*Кура – өзен атауы

***

Денем – жер. Жаным – ғаламшар.

Жанарым – аспан;

Өткерген сан мың замандар...

қарашығымнан түн сайын мөлдір жұлдыздар ағып,

жүрегім ғана Күн жағып тұрар, жалғыздау ғаріп...

Мен – ғаламзатпын, кішкене ғана денеге сыйған,

тек жұбанышым Ием бар жүрек – тереңдеу ұям...

Әлсіздігім де пендешілігім, тұсаулап алған,

шағалаларыма айта барыңдар құсада қалған;

Тақа болмаса қанат жаюым керек-ті менің,

қалықтар ма едім...

Хақты ойлаған көрікті мұңым –

Әрбір зәрреден маған қарайды менің көзіммен...

Күллі жаратылыстың тілінен Оны сезінем...

Айналайын, шағалаларым-ау көзім еркесі,

Самғаңдар, жапқан сайын жағаға теңіз көрпесін,

Ұшыңдар, жыр мен зікірім боп көз жағалауымнан,

Еркелеңдер, қауырсындарыңды «ағалап» бұлғап...

Мен сол сәт ойлап тұрармын үнсіз, Жаратушымды,

Сонша күнәмнан соң, дәрменсізбін қақпа ашуға...

Жол-есігінің алдында қалған бейшара құлмын,

«Аша көр» деймін,

Өзіңді іздеп жол қарап жүрген

жаяумын...

***

Неткен қуаныш –

сәбилердің шар көтергені,

жарқын күлкісі түйіскені анам мен Күннің,

бағыма айналған жұбайымның көркемдеу меңі,

ауамен құстар шам уағында жүзіп өткені,

жапырақтардың шақ қалғаны қанат болуға,

қалғып кеткені жаным үстіне үзіліп келіп...

Ақ-сары, жасыл шарларыңды ұшырыңдаршы

балалар,

ана-а-а-а-у жұлдыздар жалғызсырамасын,

онсызда біз деп боянуда жасырын ғаршы...

Даламның киген көйлегінің гүлдері әсем,

жұпарын жұтсам Оны сезем...

сәби қолындағы шардай - Жерде

өтіп барад күндерім осы,

ұшып барады

Шармен бірге өмірім Күнге...

Бәрі тамаша,

бірақ бір күн бітеді бәрі...

сосын басталад жаңа ғұмырым

Тәңірмен бірге...

***

Аспан аһылап, уһілеп

күрсініп төнед үстіме...

Мен қашан жетем саған көк,

Көз моншақтарым төгіліп...

Қашан келем жанымның

мың шұғылалы қанатын

жайып ап,

қашан самғаймын

қауырсын өсіп қолымнан?

Терең тыныс ап сезінсем,

Сезінсем еді гүлдердің

сессіз, үнсіз тілдескенін...

Күн іңір сайын көз ілсе

ағаш басына гүлдестесін

тағып,

жаныма ілініп

жапырақ жатар сары-ала,

құстар да қайтад жақында,

гүлдер де солад күлімдеп,

тек жаным ғана жаралы

қалады жалғыз қоштасып...

сұп-суық ернін тістелеп,

солғын бақшада күн семед.

Оранып қоңыр әлемге,

Кім ол келген? «Күз.»

Демек,

сола қоймашы, тілесем;

тасқа айналып баратқан

жан-жүрегімнің үстіне

жұпарлы, әсем гүл өссе...

Ол ертең бүрге айналар,

Жапырақ болар содан соң.

Сол шаққа дейін күте гөр,

уақыттың күзін аялап...

жанымда жайқал нәп-нәзік

өмір

соңыра сыйға тартам

Ғашыққа мені жаратқан...

Өсе бер әзір

көкке қол бұлғап...

***

Жазуды – дұға,

Қағазды – жайнамаз,

Қаламды – тәспі деп келем әлі күнге,

әр тыныс пен әр ойды – ғибадат көріп...

Мен шаршағам ақталам деп пенделерге...

Ендігі бағыт;

азығым қалған

таң шуағы төгілген жағаға,

топырақ пен тас аралас табаным

шапағын кешіп,

мөлдір нұрын уыстап алақаныма

көкке шашып қуансам,

жүрегімнен жас тамшылап қарасам

көкжиекке

сезінер ме едім;

көкжиек те,

таңғы шуақ та,

ауа да,

ғалам да,

қарағанымның бәрі – Мен екенімді...

ал мендегінің бары – Сен екеніңді...

Әттең...

Қол байлау болған өзімшілдігім –

Қаралғаннан қарағанымды ғана көретіндігім...

Жан есігін ашып,

Мән бөлмелеріне еніп,

одан ұзын бір дәлізге шықсам,

ол мені бір әлемге апара жатты,

Оллаһи, қайтқым жоқ!..

Ол – аспан қақпаларының сатылары екеніне сенем...

Айналу

Друг мой, я очень и очень болен.

Есенин

№4 клиникалық емхана.

3 қабат.

2 палата.

Сағат 1:00.

Төрт қабырғаны сипақтап ойым кезед.

Сәл қалғып кетіппін,

Түсімде өз-өзімді бесінші қабырға,

Омыртқамды бу құбыры көріп оянсам

түн ғана отыр қасымда жалғыз,

ұйқыда қалғанының бәрі.

Терезе қуысынан әлдекімнің азасындай

суық азынайды,

жаным – жапырақ боп дірілдейді тән-ағашымда...

талықсып бірде,

төсекке,

жағадағы қайыққа,

кебінге,

енді бірде,

Кафканың қоңызына

айнала берем...

Өмірді басқа қырынан, мәселен,

заттай сезінем тағы,

онда да орасан бір құштарлық барын ұғам.

Емхана – тән мен жан арасындағы аялдама;

азабым – ләззатыма,

дертім – дауама өзгерген шақ...

сонда да, Көгім

түннің түймелерін ағытса,

ертерек таң атса...

жүгіргім келед

өмірге асыға...

төсегімнің аяқ жағына түн ұзақ отырып алып

кететін емес...

Арасында

шкаф үстіндегі стақанға түскен

аздап көше жарығы мен ай сәулесі араласқан шырынды ұрттап қояды.

Ол зияраттап осылай күнде келеді маған.

Сағат неше?

Таң ертерек атса...

***

Көне шаһарда қара қыз бар-тын,

Бар шығар әлі...

Қара түн торғын,

есімде, жүгіріп келіп түнектен

құшағыма тығылатын қорқып.

Шарасыз ғана жылап қалатын,

«Күз келед...» деген сөзіме бола,

сезімге бөтен кезім ғой бала...

бақшада қалған жапырақ-ару,

жаңбыр жауады несіне ғана...

Қара түн менен байғыз біледі –

жалғыз еді ғой, жалғызбын демеді...

Нұр жіңішкеріп, бұлт еңкейген кез бен

жапырақ түскен-жансыз денедей

күз ауған шақта;

Қоштасып тұрып

қара қыз сонда,

сұр бақта қалған,

Қалған көңілі тарамыс жолда.

Содан бері ол хабарсыз кетті,

қоштаспай кетті.

Қара күз ғана

келіп тұрады қаралау баққа...

жел сыпырады жаралы жатқан

жапырақтарды (мөрі сол шақтың),

Түннің адымы барады таптап

жанымыздың жансыз жапырақтарын...

(күз оралады, бірақ...)

***

Шаршап, шалдығып, өкініп, жылап,

сосын сүрініп барып құлады жапырақ

терезесіне жесір кемпірдің жалғыз иті мұңдасы болған...

жапырақ түскен сайын шоқынады ол,

мен де кәлимамды қайталаймын сол сәт...

Жапырақтың сыбдыр еткені –

ажал адымындай естілетін еді...

– уақыт қой үзіліп түскен асылы...

«мен гүлдерге үйленем» деп ойлағам бала кезде,

Жырларым ғана жасылдау гүлдерге айналды,

Кей сөздерім қалды қаңқасы шашылған.

Кеиуана, терезесін жапырақ соқса ашпайды

ұры деп ойлайтын болар жанын тонағалы келген...

Мен де қорықпаймын деп ойлайтын ем,

бір күні;

үздіксіз әйнегімді әлдекімнің қаққаны бар ма.

Қолыма қосауызымды алып әйнекті ашсам,

мені көрген кеиуана аңырайып қалды.

Сөйтсем, сүт сұрағалы келген екен...

Мен кім келді деп ойлап ем, сонда...

***

Аспан халқы шәр терезелерінен біздің өмірді бақылап тұрады-ау –

аулада ойнаған балаларды балконынан қараған ересек құсап.

Оу, сона-а-а-у көк шаһарының қаймана жұрты

біздің өмірді парақтап отырған.

Мен төменде,

тереңде басым салбыраған күйі сендерге қол созам,

(олар да мені көгінен бірнеше мәрте шақырған-ды...)

Қабығы – балшықтан,

Дәні – Құдайдан жаратылған –

Тәңір мен топырақ арасындағы тұтқын

құс жолында көшкен періштелер керуеніне

көз тігумен өткен әр түні өліммен туыс...

кез-келген бейне мен реңкке ене алатын балшық

керексе жапырақ боп жайрап жатады күз күйін сезінсе...

Шетсіз ғаламды сезініп

астыда, алыста қалған бақытсыз пенде,

аспан халқына жанын жаяды кеп,

жалбарынады Тәңірге:

«дәрменсіз құлыңа қайырлы ғұмыр бере гөр » деумен.

Осы дұғасы тұмарына айналып кеткен.

Уақыт та, жер де, аспан да көшкен,

Жылаған пенде жұбанады кіммен...

Аспан денелері үнсіз қап айтпады сырын,

жұмбақтың ашылмады бірде-бір шешімі.

Ләухул-Махфуз кітабында ғұмыры;

Мұңайма жапырақ бейнесіндегі батпақ.

Одан да көк жұртына тербеліп қол бұлға,

сыбдыр ет – шүкірің...

«қалам көтерілген, сия кепкен»,

сабыр ет...

***

Өлең деген – құлшылық, жаратқанға сыйыну;

Жапырақсыз ағаштай – салбыраған иығым,

Саусағымда шыбықтай темекінің тұқылы,

Көмейіме дұғалар, көзіме жас жығыла,

Қоңыр түнге ұшырам сары қанат сөздерді,

жұлдыз реңкті көздері;

Я, Мәулана,

мұң ішіп жаным,

ернім жас еміп,

Шылым тұтқан саусағым тастарына тәспінің

айналса еді...

(Менен басқаның бәрі мас түгел...)

Ал мен жансыз ойлармен сурет салып жүріппін

парағына уақыттың...

бір рет болсын түріп пе ем

күн пердесін?

Қағып па ем түн есігін?

Ал енді,

өткен сәтпен келер сәт ортасына қысылған

өмірім бар жасырын...

Маңдайымның қан ақса жазуынан,

басамын

қағазыма ақ қардай...

қарасам –

О, Жасаған сөз тамған...

(жазу үстелі – менің патшалығым...

Ал жырларым – Тәңірі әскерлері...)

Жарығым,

сұрамашы менен жыр...

сұрамашы менен мұң...

мен ендігі мылқаумын, содан кейін кереңмін...

Мен ендігі топырақ, қоңыр түнгі ағашпын...

Мен ешкімде емеспін...

түк білмеймін жақ ашпан...

Күн түспеген көзіне, жылынбаған жүрек ем...

Я, Мәулана, қуат бер, Саған барам түре геп...

***

Жүректегі сезім, қапердегі ой

көрініс тауып,

Бейнесін салады ауаға.

Жалаңаш талға ілінген Ай.

Жол.

Тұман.

Қайда бара жатқанымды білмедім,

Бірақ, жүруімді тоқтатпадым.

Тек, есімде

Ана жатырындағы үйден

құдай іздеп шыққаным жолға...

Кейінгісі тұман мен түнек...

Сонда да күдерімді үзбей

Аяңдап келем.

Мені ешкім түсінбейтіндігі болмаса,

Қасымда

туыстарым, жолдастарым, қабырғам

үймелеп жүргеніне қарамастан,

бұ сапарда жалғыздығымды мойындағым келмейтіндігі болмаса,

адаса қоймаймын...

Бала кездегі қара шал ертегісіндегі;

Ағаштың жапырақсыз бұтақтары –

Жалмауыз кемпірдің саусақтарындай,

Айды бармағына тағып алып,

Барлық билікті өзіне алғысы келетін шығар,

Тұман арасынан сықылықтайтыны несі,

қос көзі неге сұсты қарайды көліктердің,

Үйлер биіктеген сайын, Аспан бізден алыстауда,

Адамдар кеудесін керген сайын, Құдай бізден ұзақтауда...

«Ай бәрімізге тиесілі» деген қарт,

Онда, неліктен жалмауыз кемпір өзіне еншілеп алады оны,

Мен Айды босатуға ұмтылған сайын,

Кемпір қаша береді және,

Атам ертегісін аяқтамаған еді сонда,

Соңырасын өзіме қалдырған шығар...

Ертегі-шаһар – суық, бұлыңғыр, білсең,

Мұнда адамдар пұл үшін өмір сүреді,

Сөздері қар секілді ерігіш,

Қаңғыбастары жол сұрайды,

Олардың сөзін басқаша ұғып ғұмыр жолын нұсқасаң,

«Басқа жолды сұрап жатырмын» деп кейиді,

Намыс та, ар да таптала береді көшеде

биік өкшелер астында...

Еркектер шарасыз,

Әйелдер билегіш мұнда...

Билік пен мансап жағымпаздың,

Шешендік, сөзуардың қолында,

«Неге олай?» деп толғанған немере;

Ай-жүзігін таққан жалмауыз кемпір кесірі ме,

Ол онсызда әр пенде соңын аңдып жүр емес пе?

Үміт үзбеңіздер, қала тұрғындары,

Күн келеді,

Ағаштар аруларға айналады,

Сүйрік саусақтарға гүл өседі,

Одан кейін,

Жапырақтай-жүректерде мөлдірейді Ай нұры...

Ал жүзік көкте емін-еркін айналады...

***

Терек қос иініне қар көтеріп,

Отырады түн баласы есік алды,

Мен иығыма әлемді жамылып,

Толғанам;

Қай ізімде мүлт кетіп,

Қай жолды адастырдым?

Қанша жанар көз жасын арқалап,

Қанша үміт үсірдім?

Сұлулықтың ғұмыры қысқа,

Әдемілік – жараланғыш...

пәни – ескіден қалған әсерлі аңыз...

Ақ қыс, қара қыс, жасыл қыс –

әр күніме бояулы...

Қар жауады –

Семазен биіндей,

ырғала айналады...

Жіңішке қанатын қағып,

қонады нәзік,

қар

жанымның қарасын жасырып

аппақ табанымен барады басып...

Қар –

Періштелердің адымы шығар сықырлата басқан бұлтты,

қадамы құлап кетіп жерге,

Маңдайымда,

Құшағымда,

жүрегімде

аппақ іздері;

соңынан ерсем бе?

Аспаныма апарады бәлкім...

Енді,

өмірім жауады...

Мүлгіген тыныштық...

Бүгін менен көңілі қалды жақынның,

Асылы,

Қар емес,

көңілім ғой еріген...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар