Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Нұрбек Нұржанұлы. Жүректің бәрі – қоңырайған хат.....

11.07.2018 4033

Нұрбек Нұржанұлы. Жүректің бәрі – қоңырайған хат...

Нұрбек Нұржанұлы. Жүректің бәрі – қоңырайған хат... - adebiportal.kz

Сөздерді дұға көруші едім,

Сенім бе,

жұлдыздар ма өшетін?

Қызарып қалған гүлден

ұялып барам,

кеше гөр...

күнә жасаудан жалықтым, білсең,

...атама.

Өтінем, ұшшы жазерке күлген,

Қолыма қонсаң

өлтіріп алам, о тоба!

Телефоныма жауды хат борап,

Кешірім өзі – ақ қана...

Ал мен болсам сүрте беріппін

Сөздердің жасын – қап қара.

Жұбата алдым ба өмірді

кірпігім ашып ақ гүлді?

Жапырақтар да шапалақ ұрып,

Қарсы алып тұрды...

...бәрін де түсіндім,

Құдай-ай

не деген мамық,

не деген ыстық

алақандағы құсымды

жүрегіме басам деп

өлтіріп алдым,

солай ұшырдым...

Мамыр

Ауыл,

...дауыл азынайды тал үстінде,

Төсекте шам дір-дір етед әл үстінде.

Сәл ұшымен бос бөлмені түртіп көріп,

Ауыр түнді көтеріп тұр кірпіктерім.

Жанарыма Айдың мөлдір нұры тамып,

Жүрегіммен мамырымды жылытамын,

Мамырымның жасыл жаны,

мен де жасыл

үмітімді саусағыма гүлдей ашып,

ұшырар ем, жарық көрсем қылаудай бір,

өсірер ем, тамшы көрсем жылаудай бір...

көнгіш мамыр мойнын созса көк әлемге,

Түнді сүйеп жұлдыз тұрар шегеленген,

жел қаққанда бос қанатын төбемде үдеп,

жұлдыз ақты, бұл өмірге менен де өгей...

Боз сәулені жақтауға кім қойған төсеп?

Азан даусы түскен екен, Ай ма десем.

Енді, жылу сұрап тұрмын ала таңға,

Мамырымды көтеріп-ап алақанға

жылап тұрмын...

***

Төгіліп жатты еденде шуақ,

Күннен үзілген арай тосамын.

Сәуледен түсті көлеңкем құлап,

...Жасыра алам қалай азабын?

Тоңған шуақты көтеріп келем,

Қонған шырақты ұшырып алмай...

Қағаз боп кетсем кеберіп денем,

Ұсташы жерге түсіріп алмай...

Сөреде қалам уақыт болғанда,

Қағаз тәнімді жаныма орап...

Суыған -сәуле, қатып қалған -нұр

Жүректің бәрі –

қоңырайған хат...

Маржан үзілді, бұлақ төгілді...

Нұрды сипашы үсіген, суық.

Параққа сіңген шуақ секілді,

Сағыныш қалар ішіме тұнып...

Мұң Ай...

Керім,

сенен хабар жоқ,

онсызда

сен тұрмысқа шыққалы бері

ештеңе өзгермеді,

Өзгергені:

Ән айтуды қойдым,

өтірік күліп үйрендім,

Жалғыз қалуды меңгердім,

Сосын,

үйлендім өлеңге;

жанары,

жаны,

нәзіктігі

саған ұқсаған.

Және саған ұқсаған

тәні –

кітаптар оқумен

бітірдім жыл аяғын.

Сені көп ойламаймын,

тыныс алғанымда ғана,

мұңаямын аздап.

«Құтқаршы» дер ем,

Бірақ,

хәлімді көріп

жыларсың деп қорқам,

Сүлдеріме ілінген жаным –

Дымқыл,

қартаң,

көне...

Алыс –

өмірден, сенен...

Белгілі,

бір күні өлем,

естиді дүние...

Сонда,

Тек сен естімесең екен.

Жалғыз қаларсың деп, қорқам...

***

...көріксіз шәр,

Көршім –

түн,

көңілсіз күйім...

отырмын киіп

жалғыздығымды:

жұқа әм мұңды.

Кесеме бу болып ұшқан кофенің жаны –

түсіріп алдым түнді.

Алайда

жұтылдым бұрышқа –

қарайған,

жарылған...

Тұнық жанымның түсті реңкіне малынған

кірпігіммен

бейнеңді бояймын бостыққа...

Соған алданып:

жастықтан мамық иығыңа –

сағынған,

шаршаған

жанымды сүйеймін,

ұмытып түннің терең екенін,

...таңда жөтеліп оянам,

тас қабырғадан маңдайымды әрең көтеріп...

***

Тереземнен –

тау көрем қалғыған,

Аспан көремін үсіген,

Жарық көрем жетпеген,

Қолымды созам,

...түсінем.

Жауып тұр тағы қоңыр қар,

Анамды көрем сағынған,

Кірпігім түртіп кетті ме,

Жұлдыздар көрем ағылған.

Ауылды көрем,

аспаны

көзімнен ағып барады...

Өткенім менің – күресін,

...Өкініш көрем, қарағым...

Алдымда менің бос кесе,

Тістелген шұжық тілімі,

Және жалғыздық,

Көңілсіз

бұрышта отыр түн әлі.

Бәрі де менің кесірім,

Бәріне менмін кінәлі...

Шаршаған үні шәркенің,

Шапалақтайды еденде.

Ауаға асылып шырақ,

Түнімен тұрад төбемде.

Саусағым кетті сарғайып,

Құтылар құлап қолымнан

секіріп түсед еденге.

...жалынам тағы, табынам...

Жүрегімді жайып қойғам

күнге,

Жуып ем таңшуақ,

Кеппеген қалпы әлі тұр,

Көкірегімнен тамшылап...

***

Мамық нұр тамды суреттегі гүлге,

Жаным –

парағы былтырғы газеттің,

үстеліңде қалған қақталып күнге...

Бүгін де қарамадым күнтізбеге,

Ертең де қарамаймын...

Тәні нәзік

хаттар өсірем үстелге тізбелеп.

Аулаңдағыдай ақ мысық аламын,

Шашымды ұзартам,

Уақытты ұзартам,

Белі сықырлаған есікті жабамын...

Сені күтпейтін шығармын...

Ал кешке

әйнекте бүрлеген нұрды суғарам,

көктемді суғарам терезеде өскен...

Сағынсам жамылам салқын ауаны,

Түнде жағам аспашамның іңірін

еденде сырғыған жұмсақ табаны.

Масаң үн ұшқан радионы қосам

тыңдамасам да жалғызсыратпау ғой

бөлмені...

Сөйтсе де, көңілсіз ән тосам...

...Сені күтпейтін шығармын...

Екі кесеге шәй құям,

сәл төгем.

ыстық шәй ішем бір ғана тілекпен;

...екінші кесе суымаса екен!

...сен келмейтін шығарсың, Анесса!

***

Түн – сақ, тыныш.

Аңқиды арман.

Жүзіме қар тиді жұмсақ,

қар сүйді нәзік.

Кеберген кітап мүңкиді әріп;

Жазып өлер ме ем...

Сүйіп өлер ме ем...

Бүкір – қою шам көз алмай отыр қардан –

оюдан...

Түн – терең,

түн – ұзақ, алыс...

Таныс аппақ нұр үзілген,

Сыз емген аспан –

мыжылған,

Түсед кепкен – қар:

Қыжылдан ұзап,

кәріптен ұзап,

менен де...

Жауған қар әріпке ұқсап,

Қонады аппақ өлеңге....

* * *

қара моншақ сияларын тастап түн

кірпігіме,

мен кешеден бос қайттым.

Жанарымнан бөтелкелер домалап,

Сынып жатты маңдайында асфальттың.

Бұлтты тарап ағаштардың тарағы,

Қаламымнан ғұмырларым ағады.

Жанарымнан қанаттары шыланған,

Көгершіндер көкке ұшып барады...

Шәйін ұрттап керім ару Гүзелдің,

Саусақтарым тиіп кетсе үзем мұң.

Күз сыртыңда мен тіріліп кеттім де,

Ал ішімде күз өлдің...

Жасырдым не, көтеріп ап жағамды?

Іздедім не, құшақтап ап ғаламды?

Пенделерді киіп алған ағаштар,

Темекілер шегіп жатқан адамды...

Қабағымнан күндер өшіп, көшіп түн,

Аспаныңа асқақ арман кешіктім.

Қара пальтом қарғаларға айналып,

Ұшып кетті күмбезіне мешіттің...

Нұрбек Нұржанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар