Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Нұрболат Досжан. Сезім мелодиясы...

29.04.2021 4208

Нұрболат Досжан. Сезім мелодиясы 12+

Нұрболат Досжан. Сезім мелодиясы - adebiportal.kz

Өлең өлкесінде өзіндік өрнек қалыптастырып, танылып келе жатқан жас таланттың аяқ алысы қуантады. Көктеммен тыныстаған ақынның көңіл бояуы мың түрлі құбылады. Сұлу табиғатымен өзінің шығармашылық әлеміне ғашық етеді. Көптеген байқаулардың жеңіпазы атанып үлгерген ақынның болашағы жарқын болғай!

1994-жылы шілде айының 25 -ші жұлдызында Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. ҚазҰУ-дің «Журналистика» факультетінің түлегі. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Тарих» факультетінің магистрі. «Ақтөбе» телеарнасының редакторы, тележүргізуші.

***

Қандай адам десеңіз де келісем!

Мақтасаң да, даттасаң да мені сен!

Жазып жүрген туындымның бәрінің,

Сезесің бе, сезбейсің бе - желісі ең!

Күз кешінде бақ ішінің желі ескен!

Өмір сүріп көрейікші елеспен!

Моно Лиза келбетіндей тым асқақ,

Леонардо До Венчиің емес пе ем!..

Басымызға туар әлі-ақ алып күн!

Құтқаршы кеп... Жалғыздықтан! Жалықтым...

Есениндей Есіл жырың болайын,

Айседорам, ұлы бишім, даңқтым!

Өлең сосын, сені сүйіп өлем мен!

Портретіңді салып ұлы өлеңмен

Джокондадан артық көрген Ләйләсін,

Жұматайдың кейпін кешіп келем мен!

Пианино рояль-ындай тербетіп...

Романтика... Шарықтатшы өрге бір!

Джульеттаның көшесінде мен сені,

Ромеодай күтіп алам, көр де тұр!

Афродита әлеміндей алып бақ

Цитаталар шеңберінде шарықтап!

Мейірімді мелодия үні еліткен,

Сезім әуен бара жатты қалықтап!

Бар келбеті театр бұл жалғанның,

Кейіпкерге кезігер деп алдан кім

Өзгелерлерге ұқсамайтын өзгеше

Сенің ғана тұрпатыңа таңдандым

Бұзып-жарып, О-о... "Драмма қамалын",

Жалғыздықтан құтқарып-ақ аламын!

Есігіңді қағатындай елеңдеп!

Терезеңе телміре тұр шамалы!

СЫР

Кейде маған бұл жақ келте көрініп,

Басқа әлемге кетіп қалғым келеді...

Сонда да анау берілмейтін өр үміт,

Жығылмайтын арманымның желегі...

Кейде маған тағдыр сынақ сыңайлы....

Сынайтындай боп тұрады қашанда...

Сынай берсін, сын да і-іррас, ұнайды...

Кемтігімді түзетуден қашам ба?!.

Жабыққанда жанашыр бар, дегенмен...

Орға жығып беретіндей оп-оңай...

неге сонша күдік қуа берем мен,

Неге сонша күмәншілмін... о,тоба-ай!

Ішкі ойыммен алыспаған жоқ күнім,

Алыстаған шақтарымда жаннан көп!

менің осы биік пе деп шоқтығым,

Қиялдағам, амал қанша жанған жоқ!

Енді несін от іздеймін өнерден...

Өнер менің бағым, наным болмаса!

Сөредегі кітаптай боп көнерген,

Оқылмайтын өлең жазу далбаса!

Сын уақыттың сынағында шындалып!

Құлап қалсаң, тұру қиын мұндайда!

Менің жырым бар ғаламға тыңдалып,

Көк туымды көтеретін күн қайда...

Шындық үшін шіміріккен шекем ғой,

Таныса да жатыр дейсің атап кім?!

"Ақын" деуге өлу керек екен ғой,

Өлгеннен соң керегі не атақтың!

Маңдайымнан барым, бағым жанбаса,

Өзегімді өртегенмен қайтем мен!

Мен білетін Өмір осы далбаса,

Мен білетін- өмір осы, айтеуір!

...Қошеметтерден қол үздім,

Лебіздер қалды жолданбай...

Жоқ енді жылдар кешегі

Өлең оқитын алаңқайларда

Тебірентеді мұң да еселі...

Тентіреп барып табан тайғанда

Осы екен ғой деп өмірдің жолы,

Әлде, біз қате бастық па...

Ұйқы бермейді көңілдің сыры.

Жантая кетсем жастыққа.

Қол жетпегені ме көсілген баққа,

Алдай ма, әлде, әр сағым

Түннің де көзі көз ілген шақта,

Ұйықтай алмай шаршадым.

Қаңырап қалған бос кеудедегі,

Жанымды үрей тонаса!

Қасқарайғанда бос көшелермен,

Серуендеп қайтам оңаша.

Өзеурегенде анталап бәрі.

Қолымды сілтеп кеткенмін.

Өлеңге сыйып ақ парақтағы

Өртеніп кеткен - өткен күн.

ТІЛЕК...

Тағдырым маған қиындық берсең,

Төтеп беретін төзім бер...

Көрмесін ертең қауқарсыз, нұрсыз көзімді ел...

Шытынап кетсем, сынып баратқан құтыдай,

Сырқатты жазар, дертіме шипа - сезім бер!

Тағдырым маған несібе берсең,

Адастырмайтын жол сілте!..

Артымнан халқым жүрмесін ертең қол сілтеп...

Жетім, жесірдің алақанына тисе екен,

Мен өлген күні таратылатын бір шілпек!

Тағдырым маған сыйласаң, сыйла бір бақыт...

Күрмеуі қиын күдікке жүрсем бір батып!

Өзімді-өзімді жоғалтқан шақта бір мезет,

Таба алатындай бір - уақыт!

Мұрсат бер мұрсат!

Сезіну үшін бес күнді.

Жаңару үшін, жаңарту үшін ескімді...

Пенде біткеннің қуанту үшін барлығын

Ренжітпеу үшін, мұқатпау үшін ешкімді...

Тағдырым маған - тұғыр бер,

Таймас табаным...

Ғұмыр бер, ғұмыр - мазмұнды...

ЖАЗМЫШ

Босаса қолым сенделіп,

Қам үшін жүрмін күн көріп...

Біреуге жасап жақсылық,

Біреуге жасап пенделік!

Бітпей жүр, әйтеу тартысым,

Жат көріп жалқы, жалпысын!

Бойымда жігер, күш, қайрат,

Күдік пен үрей жарты ішім...

Оятса оймен арлы күн,

Бағым деп ұқтым барлығын!

Көрсетсе тағы кеңдігін,

Көрсетсе тағы тарлығын!

Әйтеуір жан деп, жан бағып,

Жиреніп тағы таңданып!

Біреудің жүрмін нанын жеп,

Біреуге жүрмін алданып!

Сонда да келем бірақ мен,

Өміршең өршіл мұратпен!

Бір үміт алға жетелеп,

Бірге өсіп келет бір әттең!

Мезгіл де өлер сарғайған,

Уақытта жатыр қандай мән!

Өткен күн сабақ, алдағын-

Маңдайдан көрем,маңдайдан..

Кім білсін, мүмкін келер күн,

Көрмесім менің көрерім!

Жазмыштан қаша алмайсың,

Өлтірме мені өлеңім!

ТЕҢІЗГЕ ҚАРАП ТУҒАН ЖЫР...

Бақыттың өзі тұғырға бір сәт көтеріп,

Уақыттың өзі тұрғанда айдап әкеліп!

Жағаңа келіп сырласпай кету- қасірет!

Жағаңа келіп жыр жазбай кету- қателік!..

Сығалап қарап теңіздей айна есіктен,

Жалаң аяқпын, жағаңды жүрмін кешіп мен!

Толқындарыңдай жағалауына асыққан,

Толқындарыңдай асыққан, бірақ, кешіккен!

Ойыңмен шолып тұрғандай жанның барлығын,

Өзіңе ұқсас менің де құсни тағдырым!

Теңіздей алып көкірегіңде барлық - сыр,

Теңіздей алып көкірегімде бар - мұңым!

Алқынып! Тулап! Тазалық іздеп шөлдеген,

Шөлімді менің қандыршы сырмен. Шерменен!

Жаныңа жақын - жалғыздық сенің жағалау,

Жаныма жақын - жалғыздық сосын шерлі өлең!

Сенің де арнаң - кедергілер мен бұралаң,

Менің де жолым - дүрбелең оны сұрама!

Шағалаларың жағаңды әнмен оятса,

Шағала шабыт шалқымай құрғыр тұра ма!..

"-Адасып жүрген қайсың бұл, кімсің?..",- деместен.

Кекілді сипап, самайды сүйіп желі ескен!

Ұйықтап жатқан жалаңаш ару теңізге,

Қарауда бақыт емес пе?..

Қиял, елеспен!..

Періште- ғажап, перідей -мұңды азалы үн,

Тебірентіп бара ма тағдыр базарын!

Оянып кетсе теңіздің сәби жүрегі,

Тербетсің оны толқындай менің - ғазалым!.

Бақыттың өзі тұғырға бір сәт көтеріп,

Уақыттың өзі тұрғанда айдап әкеліп!

Жағаңа келіп сырласпай кету – қасірет!

Жағаңа келіп жыр жазбай кету – қателік!..

Анама келін керек

Анама келін керек, әкеме де!

Әйтпесе, әйел сұрап әпере ме!

Қашанғы жоқ бейнеңді жасап алып!

Өлең қып жазып жүрем әр төбеге!

Болса құдай, бақ етіп байла маған!

Кектеніп ешкімге тіс қайрамаған.

Анамнан ақылдысын табатындай,

Әкемнен асып туып қайда барам.

Әйел керек-ары да, бағы да бар

Төзер жанның қарасы, ағына бар

Асықпаған арбамен қоян алар,

"Таңдағанға таз" деген тағы да бар!

Қандай істе дұрыс-ақ кеңескенің

Ақылыңнан "ақ патшам" демес пе едім!

Алтын басты әйелім болған күнде

Бақыр басты еркегің емес пе едім!

Жездесі болсам ертең балдызымның,

Әкесі болсам ертең әр қызыңның.

Қарғамайын десең де жалмауызың,

Қарғайын десең тағы жалғызыңмын

Еркегің де бола алам еңкілдеген,

Етегіңді қымтай ғой еркіңменен.

Тым ұзында болмасын жер сыпырар,

Тым қысқа да болмасын желпілдеген!

"Жүрісі" демесін жұрт қалай мына...

Әйтпесе еркек тегін қарайды ма!

Менен төмен болуын талап емес,

Жоғары да ұстама жарайды ма.

Патша деп, патшайымдай бақ табатын,

Анам ылғи әкемнің ақтап атын!

Көршінің пұшық мұрын томпағынан,

Жаман шалым артық деп мақтанатын...

Түзге ұмтылса эҺ-Һ мынау дүлей жаным

Саған ғана аманат бір үй жаным!

Орамалың қайда деп зекімеймін,

Орынымен тақсаң да і-іризамын

Қызықтырып кейпімен қала мына,

Білінбей уақыт та өтіп барады ма.

Қыз кезінде жақсы боп келерсің-ау,

Жаман әйел болмасаң, жарады да.

АЙНАДАҒЫ БЕЙНЕ

Көзім түсті айнаға...

Есейіппін байқадым.

Байқадым да таңдана бас шайқадым...

Осыншама "Күн" мырзаңды күттіріп,

Қайда жүрсің "Ай" ханым...

Сен сығалап қарайтындай есіктен,

Арпалысып күнім өтті есікпен!

Тереземнен жылт етер ме ең жабықсам,

Мен ғой сенің бақытың деп кешіккен..

Қапияда көздеп тұрып тасадан

Өз асығын ұшырмай ма әр сақа..

Сен үшін деп алып қойған гүлдердің,

Солып қала беруі де пәлсапа...

Құтды өзінді көретіндей үздіктен...

Сағат сайын, минут сайын үздіккем

Сен бе екен деп қаншама рет шатастым...

Сылаң қағып, қылт еткенде қыз-біткен

Қай уақыттың шеңберінің күйі осы?

Әлемдегі- түсінісу, түйісу...

Бәлкім соңғы кездесуге себепші,

Ең алғашқы құшақтасу, сүйісу...

Енді қанша өмір сүріп елеспен,

Шығармауға болады екен сені естен!

Жаңбыр жауса тамшысынан қорғайтын,

Қолыңдағы қол шатырың емес пе ем?

Берілуге болмас қалқам бар мұңға,

Бұдан да зор сынақтар бар алдымда

Әлі сені таппадым деп қоямын,

Кім біледі, жоғалтып та алдым ба...

Енді қанша бұлдырлайды әр шынар...

Мүмкін оның бұлдырлауы заң шығар...

Туылмай-ақ, тағдырыма жазылған...

Менің де бір махаббатым бар шығар

ТҰРАДЫ ОНДА АЛЫПТАР...

Ұстаз дегеннен шығады,

Ұлылық! Құрмет! Тазалық!

Адамның биік тұрағы,

Тұрады онда аз алып.

Түссек те талай дүрмекке,

Болайық досым туыстас!

Өмірдің өзі бір мектеп –

Онда да бар-ау бір – ұстаз!

Тағдырдың өзі мұғалім,

Түзетер тайса табаның...

Ақ парақ сынды, ұғамын,

Әдеппен басқан әр адым!

Тірлікте – сор да, бақ та бар,

Қаламыз кейде аз ұғып.

Пешене дейтін тақтаға,

Жазмышым тұр-ау жазылып!

Ой деген – алтын қоңырау,

Соғылса елең етерсің!

Сабақтай қысқа өмірің,

Ерте аяқталса не етерсің...

Боламыз несін шерменде,

Жатқанда бәрі ұштасып...

Қайтатын уақыт келгенде,

Кетеміз біз де қоштасып!..

ҮРЕЙ

Ішімде сансыз дүрбелең,

Жүзімде күлкі алдамшы...

Абалап ит жоқ үрмеген,

Сабалап тиген әр қамшы...

Көкейде күдік өршіген...

Санада үрей, бұлыңғыр...

Көңіл де қалған көршіден,

Маңдай да құрғыр ұрыңғыр.

Күрмеуі қиын көп сұрақ,

Пердесін кидім басқаның...

Ақшамда батып барады,

Сәулесін төгіп тасқа күн.

Күреспен туса шығар күн,

Ұтылдым, ұттым, теңестім!

Біреуге биік шығармын,

Біреуге ешкім емеспін...

АҒА

Аға сен үйленсеңші, жүре бермей,

Аяққа тұра алмайсың түрегелмей...

Түтінін будақатып мұржасынан,

Түлетсінші, біз анау түлеген үй...

Аға сен үйленсенші жетті шағың,

Жалындап тұрған кезде от құшағың!

Осылай жүре берсең білесің бе,

Бір күн арманыңның көкке ұшарын...

Ауып бара жатқанын жас күніңнің...

Ауып бара жатқанын жастығынның

Ескердің бе ескерсен болу керек,

Қазір сенің жалғыздық басты мұңын...,

Әйтеуір отау құрсаң... бүйтер едің...

Жоқ жерден табылады-ау, әй керегің...

Тәңір басқа жазбасын ертең бірақ,

Ұрпақсыз өліп кетсең қайтер едің...

Амал не, күдік, үрей бойларында,

Екі көзі төрт болып алаңдаған,

Әкем мен анам жайлы ойладың ба ?

Жалғыз ғана ағам деп жүрген мынау,

Жалғыз ғана ініңді ойладың ба?

Әй-й... осылай айтты-ау деп, бұлда бірақ,

Шіркін осы өлеңге бұлданып – ап,

Қырсыққанда ертең –ақ үйленем деп,

Бір байламға келсең ғой жылдамырақ...

Сосын келін әкелсең бақ болатын,

Әкем, анам ұлямай мақтанатын...

Мен де жұртқа жеңгем деп шіренетін,

Жұрт та маған жүретін мақтап атын...

Осы емес пе көксеген бақ мұратың

Әкем анам жұмсайтын шапқылатып!

Біздің үйге шынымен бір қыз керек,

Көршілердің таңдайын қақтыратын.

Ағажан үйлен енді, түле тұрып,

Құр босқа жүре бермей күн өлтіріп...

Бағыңды бәріміз де аңсап жүрміз,

Аңсамай жүрміз деуім, өп-өтірік...

ХАТ

Ақталсам, ақтарайын ақыры бәрiн,

Бұл баққа сенi бекер шақырмадым.

Қапыда құшақтасам айып етпе,

Ернiңнен сүйiп алсам, мақұл жаным?..

Қолыңнан қысып алып жетелесем,

Ашуланбай мейірім ете көр сен!

Еркелетсем, еркелеп , бауыр басып,

Ерер ме едің ерітіп кете берсем!

Өзіңе айтар арманым бұлар менің,

Шынымды айтсам сырымды ұғармедің?

Терезеңнiн сыртында тұрмын десем,

Бәрін тастап ойланбай шығар ма едiң?!

Расында йек артып дара шыңға?

Бетімнен сүйермедің арасында

Мейлі аспан жатса да төңкеріліп,

Кездесуге бос уакыт табасың ба?

Қол ұшын созасың ба сүріңгенде,

Баққа ма, сорға бәлкім ілінгенде.

Жаным мен бармын ғой деп жұбатармең,

Айналса түнім- таңға, күнім- түнге!

Сұлулыққа бас ұрған мұз балақ ем,

Қол ұстасып жүрсем де жүз қарамен!

Сүйкімді жанарыңды бір көрсетіп,

Сүйкімді қылығыңмен қызғанармең ?

Сірә, менсіз жаныңды тұсап дәйім,

Ұстатпашы ешкімге, ұстатпайын.

Жанның қолы тимеген, алақаныңнан,

Сүйейін де, келші үнсіз құшақтайын!

ТӨБЕТ

Ауыл жайлы шертілетін,көп аңыз,

Сол аңызға біз ақиқат боламыз.

Күз салқынын алып кетсе, қыс келіп,

Малға толып кетуші еді қорамыз.

Сол қорада,аяқпен жер сабалап,

Қысқы азығын жасыратын шамалақ.

Менің итім болушы еді, төбеттей,

Жүретұғын, үретұғын абалап.

Күдіз-түні кешіп көше шалшығын,

Табанының кетпей тұғын балшығы.

Төрт көз төбет дейтұғынмын мен оған,

Маңдайыңда болғаннан соң қалшығы.

Кеудеде от өшкеннен соң бұлқыған,

Жастық шіркін,айырылады-ау шырқынан.

Мәнсіз өтер ит ғұмырдың жалғанда,

Аздығына келтіреді кім күмән.

Қаншама жыл табан тіреп төрге еңсін.

Қаншама гүл суалсын да гүлденсін.

Әкем маған айтушы еді адал ит,

Өлігін де көрсетпейт деп өлген соң.

Есіңе алсаң жан –дүниең үсетін,

Сол бір жылдар,боранды бір қыс еді.

Сол боранмен ғайып болды-ау хайуан,

(Ал жоғалу оның ұлы ісі еді).

Неткен қайсар, батылдық мен білерлік

Адалдыққа масаттана күлер көп.

Адам бола иттей өліп кеткенше,

Иттей адал өлу деген ұлы ерлік.

АНАМА ХАТ

Апа, іштей үміттісің-ау

Осы ботам алыста оқып жүр деп,

Көргенін көкейіне тоқып жүр деп!..

Қанатына ілгенін бөліп беріп,

Тұмсығында қалғанын шоқып жүр деп.

Осы ботам биіктен жарқырар деп,

Қуаныштан бұл кеудем аһһ ұрар деп...

Жалаңаштың жыртығын жамасаң да,

Несібесі,еркеме артылар деп..

Қалқатайым бір мәнді ұғалар деп,

Әкесінің жақсы атын шығарар деп.

Сондықтанда жолыма алаңдаумен,

Түн ішінде оқисын дұғалар көп!!!

Құлыншағым бізді де сәт елер деп,

Қартайғанда қынжылтпай мәпелер деп,

Қызымдай-ақ көрермін ,бағы ашылса-

Ақ келінді алдыма әкелер деп...

Апа,сезем кеудеңде үміт барын,

Көз алдымда балалық қылықтарым,

Сәт сайын ұялымды қоңыраулатып,

Еркеңнің жүретінің біліп қәлін...

Кеудемде өзің берген асыл үміт,

Аузымда ақ сүтіңнің тұнық дәмі...

Тірі болсам,анам деп арқалап-ап,

Әлемнің қазынасының жүріп бәрін!

Алып берем!..

АРЫЛУ

Болмаған соң басынның бағы басым...

Бекер... Бекер налисың қамығасың...

Таудай мұңды еңсеріп тастағанмен,

Тауып берер тағдырың тағы да сын...

Өмір сондай айлакер боп келеді.

Оған бола өксудің жоқ керегі...

От көкірек өртеңбей сөне берсе,

Лапылдауға кім саған от береді...

Сенің ісің емес-ау таласпаған!

Мұндай дертпен кім сені аластаған!

Ақын деген атауға қашаннан да

Тасада қап, жасқану жараспаған!

Амалыңа алынар бар қамалың,

Артар әлі-ақ ауыр жүк арқаңа күн!

Талантынның түйсігі тебіренсе,

Тасасынан төгілген тарқама күн!

Дауа іздеген кеуде де емделеді...

Жан болса егер жүрекке дем беретін!

Белгісіз жырларымнын о Музасы,

Жалғыздықтан құтқаршы кел де мені...

ЖІГЕР

Арман құрғыр аласарған ба!..

Адам деген ұмтылғанда биікке!..

тағдыр деген - кестелі бір тордан ба....

Пенделері өрмекші бір кейіпте...

Уақыт өзі сүзгісінен сүзгенде...

Сығып алар, десең-дағы батылмын!

Сүрініп кеп күдеріңді үзгенде,

Жарқ етерін қайтерсің бір сәтіннің...

Шындығымның шырылдатсам төтесін...

Сенің де бір қырын бар ғой қашалар!

Өлген күні өшесің де... кетесің...

Тірі кезде тірлігіңді жасап ал!

БАЛМҰЗДАҚ ӘПЕРШІ ДЕЙТІН ҚЫЗ

Студенттік өмірдің кейпін біз,

Өзгеру жылдары дейтінбіз.

Бір жылы көзіме ілікті,

Балмұздақ әперші дейтін қыз.

Таныстық...

Білістік ұзақ күн,

Соқтығып қалушы ек біз-ақ мың.

Содан соң мен кеттім ауылға,

Көрінбей ол кетті ұзап тым.

Жылдар сап өрнегін араға,

Қайтадан жөнеліп қалаға.

Қайтадан жолықтым сол қызға,

Үстінде көйлегі қара ала.

Жанымды жетелеп балдай мұң,

Сұрастым,білістім жағдайын.

Балмұздақ әперші дейтін қыз,

Балмұздақ жемепті әрдайым.

Неліктен олай деп айта алам,

Демеймін өткенді қайтарам.

Балмұздақ жемеген сол қызға,

Балмұздақ әпердім қайтадан.

Кеудемді қимастық тербепті,әй...

Сананы болмашы сермепті ой.

Сол қызға балмұздақ әперу,

Сол жылғы балалық ермек ғой.

Несіне жасырам анық мән,

Өткен күн асыпты қалыптан.

Балмұздақ әперші дейтін қыз,

Балмұздақ жеуден де жалыққан.

Сары ала,қызылды бөктердей.

Қызықты жылдар-ай өткен кей.

Есіне түсірсе,көңілді-

Ерітіп жіберер көктемдей.

Несіне бастайын пәлені,

Бір беттен аспайтын көлемі.

Балмұздақ әперші дейтін қыз,

Балмұздақ жылдардың өлеңі.

Келмейді уақытпен ұстасқым.

Бәрібір мәні не ұстас мың.

Есіне алсын деп соңғы рет,

Балмұздақ әперіп қоштастым

Сол қызбен...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар