Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Нұрдәулет Ақыш классикалық дәстүрдің одан әрі өрлеуіне үлес қосып келеді

06.04.2017 1860

Нұрдәулет Ақыш классикалық дәстүрдің одан әрі өрлеуіне үлес қосып келеді

«Үнсіз қоштасу» - шап-шағын әңгімеден «соғыстың біткеніне оншақты жылдай өтсе де, ел іші әлі толық көтеріле қоймаған», яғни уақыттың, заманның лебі еседі. Ұзақсонар баяндау емес, анық-қанық тұспалдау арқылы қанықтырады кейіпкерінің мінез, қылығына, тағдырына. Дәрігер Санияз науқас баққандардың көңілін бір ауыз сөзбен серпілтіп жіберетінімен ғана емес, сын сәтте «жаны қысылып... әрлі-берлі жүгіріп... тыпырлап...», дертке шалдыққанды құтқарып қалудың амалын іздеп, тіпті аудандық партия комитетіне де телефон соғып шарқ ұрады. Өзі үшін емес, өмірі қыл үстінде тұрған басқалар үшін. Тынымсыз, «өзіне тапсырылған қызметке құлшына кірісіп, алғаш дәрігерлік пункт болып ашылған орын кеңейіп, бір-екі жылдан соң кәдімгі емханаға айналды. Маман дәрігерлер қатары да көбейе түскен. Науқастардың бас тірейтіні енді осы заманына лайық жабдықталған емхана. Уақыт өте келе, өзі көркейе түсті». Санияз көптің құрметіне бөленіп, аңызға айналды, еститіні алғыс қана. «Әз жанына әмір бермейтін тынымсыз жас дәрігерді халық қалай жақсы көрмесін. Тіпті көшеде асық ойнап жүрген балалардың ауыздарында да – осы Санияздың есімі». Осындай адамның жамандыққа ұшырауы мүмкін емес қой, бірақ...

Кейіпкерлерін биік пафос, жасанды теңеулермен айшықтауды қаламайды автор. «Күркілдей жөтеліп, қан түкіріп, өлім мен өмірдің арасына іліккен» Сәбет кейіннен дәрігердің жақынына айналды. Қатардағы есепшіден бөлім меңгерушілігіне дейін көтеріліп, қым-қуыт тірлікті бірге тыныстады. Анасы Күпән «... белшер бала болмағанда... Құдай бетін ары қылсын... Тәңір жарылқасын...» деуден айнымаған. Жалғыз ұлынан айырылып қалам деп үрейленгені-ай, кіші «қызының желпілдеп келіп», тіл қатқанына шейін көңіліне күдік ұялатып, «кәрі көздерінің итін сала бір қарағаны» есіңнен кетпейді. Соңғы тіркес теңеу ме, сурет пе, білмеймін, бірақ жаңалық ретінде өзімді қайран қалдырды, кәрі көздерінің итін сала қарағанын айтып отырмын. Бұл ғана емес: «кішкене терезенің жамау-жамау әйнегіне керенауланып түскен күн көзі көңілді жұбататындай жылу шашса, қанеки... күн де тас төбеге аунап, еріне жылжыған ерке сұлудай бір бүйірге қисая бастапты...».

Нұрдәулет Ақыштың прозасы әуелден оқырманын өмірдің өзіндей табиғи, шынайылығымен баураса, «Үнсіз қоштасу» атты әңгімесі де автордың өзіне тән қолтаңбасынан еш ауытқымағанын байқатады. Форма, амал, айла іздеп, басын қатырмайтыны оның алғашқы аяқ алысынан-ақ анықталған. Классик қаламгер Бейімбет Майлин дамытқан жазу дәстүрінен қарапайым қазақ мінезін, қазақ болмысын бейнелеудің жаңа дәуірі басталғаны ақиқат. Нұрдәулет Ақыш, міне осы классикалық дәстүрдің қалыптасып, одан әрі өрлеуіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Кейіпкерлерінің жан дүниесіне нақты әрекеттері арқылы терең бойлайды. Сондықтан да титтей жасандылық жоқ шығармаларында. Қазақтың қоңыр да мұңлы күйін тыңдатқандай әсер етеді «ақ халатты, талдырмаштау сұңғақ бойлы», сөзге сараң, кәсібіне адал Санияз дәрігердің тағдыры. Әңгіме бір деммен жеңіл оқылып, ауыр ойға батырады. Ендеше, оқыңыз, пікір бөлісіңіз, құрметті оқырман!

Мағира Қожахметова
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар