Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Нұрдәулет Ақыш. Үнсіз қоштасу...

04.04.2017 5010

Нұрдәулет Ақыш. Үнсіз қоштасу

Нұрдәулет Ақыш. Үнсіз қоштасу - adebiportal.kz

Жөтелі бір саябырсыған сәтте құлақ түргені – ауызғы бөлме жақ. Өйткені сырттан біреулер тықырлатып енгендей болды. Қыстыға жыламсырап, тез-тез сөйлеп жатқан үн, әрине, анасы Күпәндікі:

– Қайдан білейін, қарағым. Сап-сау жүрген бала еді. Жөтелі тыйылмай... Тіпті қан түкіріп жатыр... Ей, жаратқан ием. Бір медет қыла көр өзің.

Құлағын қанша зорлана тіксе де:

– Қан дейсіз бе? – деген жастау дауысты тіпті тани алсашы. – Ешкім тексеріп қарады ма, апа?

Ана Ақсайдан бір тәуіпті шақыртқанбыз. Ол «Зертең шығар, борсықтың майын ішсін» деді...

Апа, өзім кіріп көрейінші...

Есігі ойбайлай ашылмаса, жатаған тоқал тамның сәні кіруші ме еді? Төргі бөлменің табалдырығын алдымен аттаған – апасы, оған ілесе еңкейе енген – ақ халатты, талдырмаштау сұңғақ бойлы жігіт.

Сол-ақ екен, алакөлеңке тымырсық бөлменің іші бір түрлі бозарып қоя бергендей болды.

Қолындағы ағаш қобдишасын киіз үстіне қойды да, дәрігер жігіт сырқат жанның қасына жүгіне отырды. Алдымен пациенттің жүзіне асықпастан, барлай қарап алды. Оның қабақтарын саусағымен көтеріп, екі көзіне үңіле түскеннен кейін, қалтасынан алып шыққаны – фенендоскопы. Оны сырылдаған кеуденің әр жеріне қойып, ұзақ тыңдады және жай ғана тыңдап қоймай, науқастың қолының тамырын да ұстап отыр.

Дәрігер жігіт төсектегі науқасқа шұқшиса, үй ішіндегілердің бағып-қаққаны – сол ақ халаттының қас-қабағы. Ұстамды жан болса керек, түрінен ешқандай сыр білдірместен, дәрігер алдындағы қағазына тоқтаусыз сүйкектетіп жазып жатыр. Анда-санда сұрап қоятыны – аурудың ахуалына қатысты оны-пұны бірдеңелер.

Айналайын-ай, иман жүзді бала екенсің. Құтқара көр жалғызымды. Ей, жасаған им, есіркей гөр! – дейді сырқат жанның анасы қайта-қайта пырсылдай жылап.

Әзірше мына дәрілерді іше тұрсын. Сосын өзім хабарласам, – деп, ақ халатты жігіт орыннан қозғала берді.

Алла, қарағым-ай, айтшы. Аман қала ма, жалғызым?

Сөзге сараңдау болса керек, дәрігер:

Апасы, қапа болмаңыз. Барын жасап көрермін, – дегеннен артық тіл қатқан жоқ.

Шығарып салуға бірге ілесе шыққан – Күпән апаның кіші қызы. Біраз жүріп айналып келгеннен кейін:

Жаяу кетті, – деді ол бір ерекше жаңалық ашқандай желпіне сөйлеп.

Жаяу дейсің бе? Осылайша жаяу-жалпылап жүріп, жұртқа қайтіп қол ұшын бермек? Өзі тағы жас бала көрінеді... Ай, білмеймін-ау, – деді анасы бір түрлі дағдарыңқы пішінде.

Апа, танысып алдым. Аты Санияз екен. Өзі басқа бір облыстан келіпті.

Қызының желпілдеп келіп, «Танысып алдым» дегені Күпән апаға онша жаға қоймаған секілді. Кәрі көздерінің итін сала бір қарады да:

Ағаң хал үстінде жатқанда... сенің «Танысып алдыма» жол болсын, – деді күңкілдей сөйлеп.

Апа-ау, мен сол Сәбет үшін таныстым ғой... Жалғыз ағама көмектесіңіз деп айттым.

Қас қарайып қалған кез болатын. Біреу кешкі алакөлеңкеде есіктен еңкейіп еніп жатқандай болды. Манағы дәрігер екен. Бұлайша дәл бүгін қайтып орала қояр деп ешкімнің күтпегені рас. Келе шиқылдақ кереуетте күркілдей жөтеліп жатқан науқасты тағы тексере бастады. Өз бетіне үңіліп қалған үмітті көздерді тіпті елер емес. Құрал-жабдықтарын жинастырып жатып, бар айтқаны:

Мана осыдан шығысымен барып, аудандағы аурухана басшыларымен сөйлесіп келдім. Ертең апарып жатқызамыз, – деді қысқа ғана.

Шаршаңқы үнмен айтылған осы бір ауыз сөз науқас баққан жандардың көңілін серпілтіп жібергендей болды.

Сәбеттің жағдайының нашарлай түскені кешке қарай. Жайшылықтағы толықтау дөңгелек жүзі сопайып, батыңқы кең танауы қусырыла түсіпті. Тәуіп берген борсық майының да көмектесер түрі жоқ. Қатты жөтел ұйықтатар емес, қайта-қайта сілкілеп оятып жібереді. Бір Аллаға сыйынып, түнімен білген дұғасын күбірлеп отырған Күпән апа тіпті көз ілмеді десе де болғандай.

Кішкене терезенің жамау-жамау әйнегіне керенауланып түскен күн көзі көңілді жұбататындай жылу шашса, қанеки. Сыртқы есіктің сықырлай ашылған кезде үйдегілердің қабағы әлі де салыңқы болатын. Келген – сол өздері асыға күткен адамдары екен.

Жеңіл машина тұрмақ, ат-арбаның өзі қат заман. Колхоз бастығы қайта құдайына қараған адам еді. Айдаушысын қосып өзінің ат-арбасын беріпті. Астына қалың етіп шөп төсеп, науқасты жатқызды да, Санияз «Аудан орталығы қайдасың?» деп тартып отырды.

Он бес шақырымдай жерге жеткенше өзі арбаға бір рет те мінген жоқ. Қайта ат айдаушыны арбаның алдыңғы жағына отырғызып, тынықтырып алады. Анда-санда көлікті кідіртіп, үңілетіні – науқастың жүзі. Кейде тамырын ұстап, дәрісін беріп қояды.

Бірақ алдыдан бұлар күтпеген қиындық шықты. Кешегі келіскен бас дәрігер енді бүгін бос орын жоққа салып, қисая қалыпты. Санияздың жаны қысылып кеткендей болды. Әрлі-берлі жүгіріп, ал кеп тыпырласын. Тіпті аудандық партия комитетіне де телефон соққан. Сонан не керек, түс қайта әйтеуір бірдеме қылып науқасты аурухана төсегіне жатқызды-ау.

Сонан кері қайтарда бұлар арбаны салдырлатып, суыт жүрді. Ат айдаушы жігіттің:

Сәке, бұныңыз қалай? Басқарманың атын зорықтырып, таяқ жейтін болдым-ау! – деген қыңқылына берген жауабы жалғыз-ақ:

Жаңатұрмыс та тағы бір ауыр науқасым бар. Үлгіруім керек. Әйтпесе оның да жағдайы қиын...

Абай ауылының тұсына жеткенде, арбаны қоя берді де, өзі жаяу түсіп қалды. Асай-мүсейін көтеріп, жалғыз тартып барады.

Сол жылы Абай ауылының көшесінде пайда бола кеткен көрсе, көз тойдыратын осы бір сымбатты жас жігіт сұраған жандарға өзін «Шаянбаев Саниязбын» деп таныстыратын. Алматы Медицина институтын енді ғана бітіріп келген жас маман екен. Осы елді мекенге жас маман ретінде арнайы жолдамамен жіберіліпті.

Ауылда арнайы емхана жоқ, тіпті учаскелік дәрігердің өзі ауру адамдарды қабылдайтын жеке кабинетке де қол жеткізе алмай жүрген таршылық уақыт. Соғыстың біткеніне оншақты жылдай өтсе де, ел іші әлі толық көтеріле қоймаған. Бірақ Санияз «Маған жағдай жасап бер» деп шалқайып отыратын төрешіктердің тобынан емес екен. Келе сала, Гиппократтың антына адалдығын көрсетіп, екі алақанын ысқылап, өзіне тапсырылған қызметке құлшына кірісіп те кетті.

Тек бір ғана Абай ауылы емес, осы маңға тақау орналасқан Жаңатұрмыс, Райымбек, Авангард сияқты елді мекендер де осы жалғыз дәрігердің мойнына жүктеліпті. Көлік атаулының тапшы заманы, сырттан көмек күтпестен, Санияздың ауыл-ауылды көбінесе жаяу аралайтыны да содан екен. Табанынан таусылып жүріп, маңдай тірейтін жері – сырқат адамдардың үйлері.

Науқас қауымының өзі әр қилы ғой. «Аш адам ұрысқақ, ауру кісі тырысқақ» дегендей, қиналып жатқан жандардың неше түрі бар. Соншама аурудың көңілін тауып, сырқаттарын емдеу дипломының қызуы басылмаған жас маманға қай бір оңайға соға қойсын. «Жұмыстың қиындығы өзін қажытпай ма, немене?» деушілер де табылап жататын. Бірақ Санияздың сонда да меселі қайтпай, өршелене түсетінін қайтерсің.

Кейбіреулеріне сол арада ем-домын жасап, уколын салып, дәрі-дәрмегін берсе, енді бір науқастарды аудандық, облыстық ауруханаларға апарып, өз қолымен жатқызып қайтатын. Әз жанына әмір бермейтін тынымсыз жас дәрігерді халық қалай жақсы көрмесін. Тіпті көшеде асық ойнап жүрген балалардың ауыздарында да – осы Санияздың есімі.

Абай құс фабрикасының директоры Иванников ана бір жылдары өз жұмысшыларына арнап қырық орындық жатақхана салдырған еді. Сәбетті ауруханаға жатқызған күннің ертеңінде Санияз салып ұрып осы қатал директорға келді. Алғашқы жолы жақсы қабылдаған Иванников, дәрігердің бұйымтайын естігеннен кейін, әуені өзгерді де қалды. Сөйтсе Санияз әлгі жатақханадан ауруларды қабылдайтын емдеу пунктін ашпақ екен. Соған бір бөлме сұрай келіпті.

Кез келген мекеменің бастығы өзінше жарты құдай, жарты патша заман. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған директорға көше кезіп, тентіреп жүрген жас маман қайдағы бір бота, тірсек бозбала болып көрінді ме екен? «Көрермізбен» салғырт қоштасқан ол келесі күні айдынын сыртына салып, қыңырайып қалыпты. Ит қосып қумаса да, хатшы қызын қара қақпа етіп, маңайына жолатар деген не?

Аудан орталығына келсе болды, алдымен бас сұғатыны – осындағы аурухана. Сондағы өзінің пациенттернің жағдайын біліп алмай, ішкен асы бойына тарамайтын секілді. Дәлізде қалтылдап әрлі-берлі жүрген Сәбетті көріп, Санияздың әкесін көргендей арсалаңдап қоя бергені.

Ей, батырым, – деді ол науқасты иығыныан қағып: – Енді берілмейсің.Бітті, жүз жыл жасайсың, – деп, жатыр аңқылдаған көңілмен.

Иванников иілмеді екен деп, тауы шағылатын адамың Санияз емес екен. Ойланып барып, есігіңн қаққаны ауылдық кеңестің төрағасы Атшабаров Әбдібек болды. Сонан екеуі әрі ақылдасып, бері ақылдасып, аудандық атқару комитетінің төрағасы Иван Лавриненкоға, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рахымжан Мақашевқа кірді.

Рұқсат берген шешімге қол қойдырып алып шыққанан кейін, балаша рақаттанып, төбеге киген телпегін жұлып алып, аспанға қарай бір атып жіберді. Сонан ол бір сағат та аялдап тұрған жоқ. Қиямпұрыстана қалған Иванниковтың қыртыс қабағын елеместен, дереу іске кірісіп кетті. Жұмыс дегенің бастан асады, ең бастысы – медперсоналдар табу, құрал-жабдықтар алғызу.

Алғаш дәрігерлік пункт болып ашылған орын кеңейіп, бір-екі жылдан соң кәдімгі емханаға айналды. Маман дәрігерлер қатары да көбейе түскен. Науқастардың бас тірейтіні енді осы заманына лайық жабдықталған емхана. Уақыт өте келе, өзі көркейе түсті. Емхананың қасынан бірнеше койкалық аурухана да ашылған.

Санияздың қаншама адамды ажалдан арашалап қалғанын, қаншама сырқат жанның алғысын алғанын кім жіпке тізіп, шотқа қағып жүрді дейсің. Әйтеуір халықтан алғыс арқалаған бір дегдар дәрігер екені аңызға айнала бастаған. Талай адаммен дос-жаран, талай адаммен дәмдес болды. Соның бірі осы ауылдың тумасы Сәбет еді. Ол жазылып шыққан кейін, анасы көзінің жасын көл қылып:

Қарағым-ай, ел аман. Жұрт тынышта сенен айрылып қала жаздадым ғой. Ана белшер бала болмағанда... Құдай бетін ары қылсын... Көрдің бе өзін? Тәңір жарылқасын деп айттың ба? Аты кім еді айналайынның?

Санияз! – деп саңқ ете түсті кіші қызы. – Әдемі ат қой, апа.

Осы сөзді айтқан кезде бой жетіп келе жатқан қарындасының ақ сары жүзіне жұқалаң шырай жүгіріп өткендей болды.

Үйге шақырып, дәм беріп жіберейік, апа, – деді Сәбет.

Иә, сөйтейік. Апа, тамақты екеуіміз пісіреміз ғой...

Санияз ауруханаға апарып салғанда қатардағы есепші болып жүрген Сәбет ұзамай бөлімше меңгерушілігі қызметіне өсті. Бір күні ол кеңсесінде ертеңгілік лездеме жиналысын өткізіп жатқан. Сықырлай ашылған есік жаққа қараса, имене кіріп келе жатқан Санияз досы. Көлденең әңгіме айтып найқалып отыратын уақыт емес. Онсыз да ұзаққа созып, мылжыңдап отыруды ұнатпайтын Сәбет шаруаларын нақты-нақты айтты да, жиналысты дереу таратып жіберді.

Келген жігітке қайтадан көз тігіп еді, өңі бір түрлі солғындау көрінді. Қасқа тісі ақсиып, жайраңдап жүретін досының қимылы бүгін бір түрлі баяу. Жымия күлгенде айналысы жарқырап, жанданып кететін дәрігер бұрынғыдай отты емес, пәстеу.

– Не болды, Санияз? Тыныштық па? – деді оның бұл қалпынан ептеп бой жиып қалған Сәбет.

– Жай, Сәке... Тек маған бір көлік керек болып тұр.

– Неғылған көлік?

– Жай, қалаға барып қайтуға керек еді.

– Е, аулымыздың дәрігері сұрап тұрғанда, неге табылмасын. Қашанға керек екенін айтсаң болды, – деді Сәбет те мәрттік таныта сөйлеп. Ел-жұрттың өтінішіне онсыз да сергек қарайтын меңгерушіге бір көлік сөз болып па. Бөлімшеде өздері бет жүздік қылып ұстайтын бір шағын автобус бар еді, соны ұсына қойды.

Тек таң қалғаны – Санияз басқаратын аурухананың өзінде «Жедел жәрдем», «Уазик» сияқты автомашиналар бар болатын. Өз қарауындағы осындай дайын көліктерге неге мінгісі келмеді екен? Көмекейіне күлбілтелеп келіп қалған осы сауалды айтып тастауға асықпай, Сәбет ішіне іркіп қалды.

Шаруашылық жұмыстарын мамандарына тапсырды да, әлгі автобустың руліне өзі келіп отырды. Қаланың ішіне кіргеннен кейін, Санияз көрсеткен көшелермен ақырындап жүріп отырды. Бір кезде қараса, әлдеқандай ауланың қақпасына маңдай тіреген екен. Қақпа үстіне «Онкология және радиология аурулары институты» деп жазылыпты.

– Ал, Сәке, сәл шыдап отыра тұр. Мен біраз айналып қалуым мүмкін, – деді де, Санияз автобус есігін шалқайта ашты.

«Дәрігердің баратын жері де осындай медициналық мекемелер ғой. Бір тығыз шаруасы болған шығар. Жұмысты кісілерге тапсырып қойдым ғой, енді не қам бар?» деген оймен Сәбет те жерге түсті. Автобустың әр жерін шұқылап, өзінше босаған кейбір тетіктерін бекіткен болып жатыр. «Қарауындағы техникаға қашан дұрыстап қарайды осы» деп, жүргізушісіне де ренжіп алды.

Онан соң көше жаққа барып сусын ішіп келді. Санияздың «Біраз айналармын» дегені сағат-минутпен есептегенде қанша уақыт екен? Өйткені күн де тас төбеге аунап, еріне жылжыған ерке сұлудай бір бүйірге қисая бастапты. Орындықта отырып, көзі ілініп кеткен екен, Сәбетті оятып жіберген – әлдекімдердің дабырлай сөйлегенін дауыстары. Бет-аузын сипалап жіберіп қараса, автобустың дәл жанында үш-төрт жігіт сөйлесіп тұр. Сәбеттің бас көтергенін көріп, орталарындағы Санияз:

– Сәке, танысып қой, мединститутта бірге оқыған курстас жігіттер... – деді де, екі жақты бір бірімен таныстырып шықты. Сонан кейін бұлардың автобусқа отырып, бет алғаны – таяу жердегі шағын кафе.

Әдетте зәуде бір ұшыраса қалған сабақтас жандар өзара даурығысып, жырқылдай күлісіп, бір жырғап қалмас па еді. Мына төртеуінде ондай көңілді екпіннің байқалмай тұрғанын Сәбетбек ә дегеннен-ақ аңғарды. Алдымен басына келген – «Біреулерінің бір жақын адамы қайтыс болып, соның азасына жиналып тұр ма?» деген ой. Баяу сөйлесіп, байыпты тіл қатысқан жігіттер кафеге енгеннен кейін де, сөздің тізгінін босатып, самбырлап қоя берген жоқ.

Сәбетбектің денесінің түршігіп кеткені сәлден кейін. Бейтаныс үшеудің ересектеу көрінген біреуі:

- Өзің талай халықты емдеп, алғысын алып едің. Қаншама науқасты ажалдан арашалап қалдың... – деп келді де, сөзін аяқтай алмай, қыстығып жылап жіберді. Сәл кідірістен кейін тағы бір жігіттің үні естілді:

- Иә, сөйтіп едің... Енді келіп, міне, өзің...

Бұл жігіт жылаған жоқ, бір-ақ ерінін тістелеп, екі көзін бір нүктеге қадап алып, түнерген күйі тапжылмастан отырып қалды. Осы әзірде ғана бір кісінің өлімін естігендей ауыр тыныштықта тұншығып отыра беруге шыдамаған болар, әңгімені қинала сабақтаған үшіншісі:

– Қай уақытта да құйрықты жұлдыздай зымырап жүруші едің... Тыным таппайтын едің... Енді, міне, өзің де сол құйрықты жұлдыздай... ағып барасың... Көз алдымызда... – деді дауысын сәл қатайта сөйлеп.

Сәбеттің жүрегін тас төбесіне шығарған – осы әңгіме. Сөйтсе, қаншама халықтың алғысын алып, қаншама жанды ажалдан арашалап қалған есіл боздақ Санияз... жазылмас ауыр науқасқа шалдығыпты. Әлгі бір қарғыс атқыр жаман ауруға. Жаңа ғана Саниязды қарап шығып, дәрігерлік қорытынды жасап берген – бір кезде дәрігерлік институтта өзін оқытқан ұстазы, еврей әйел екен

Үш досы Санияздың бетіне тиянақтап қарай алмай, көздерін тайдырып әкете береді. Жүрегі атқақтай соғып, айналасын бір қара түнек басып кеткендей болған Сәбет бірауық өзінің кәдімгідей есеңгіреп бара жатқанын сезді. «Апыр-ай, не дейді мыналар! Керең болғыр құлағым нені естіп отыр? Ойпыр-ай, осының бәрі түсім болып шықса игі еді» дейді әлде бір қиырдан жанұшырып, ойқастап жеткен одағай ойлар.

«Шын ба?» деп сұрауға да батылы жетер емес. Жалтақтап қарай бергені – Санияздың қуқыл тартқан әдеміше жүзі. Аузынан қинала бұратылып, әрең шыққан:

– Ойбай, жігіттер, нені айтып отырсыңдар? Қой, олай емес шығар... – деген секілді дәрменсіз леп қана болды.

Сонан төзіп отыра алмай, әлдебір сылтаумен тысқа қарай ұмтылды. Жүрегі құрғыр кеудесіне сыймай, атқалақтап барады. Алматының жазғы қапырық ауасы тынысын кеңейтуге тіптен дәрменсіз. Тұрып-тұрып, кафе ішіне қарай қайтадан қайырылған.

Енді қараса, төрт дос қорқынышты ештеңе болмағандай жайбарақат күйде ақырын әңгімелесіп отыр. Баяу басып өз орнына қайтадан жайғасқан Сәбеттің алдымен көз тіккені – тағы да Санияз досының жүзі. Мұны қайран қалдырған нәрсе – өзінің мынау пәни жалғандағы жарық күні санаулы екенін естісе де, Санияздың бәлендей ештеңе болмағандай соншалықты сабырмен отырғандығы. Өрімдей жас адамның аяқ астынан ажал тырнағына ілігуінен үлкен қандай қасірет болмақ? Сондай үмітсіз күйге түссе де, Санияздың үрейге берілместен, мығым отыруы шектен тыс сабырлылықтың белгісі еді. Темекісін тартып қойып, әңгімесін жайымен сабақтай түсуде.

Сөзінің соңына қарай Сәбетке бұрылып:

- Сәке, бір жақсы семіз жылқы тауып қойшы. Келесі жетіде ағайын-жұртқа бір тамақ беріп жіберейін, - деді жайбарақат қана.

Айтқан уақытында Сәбетбек сұраған жылқысын тауып әкеліп берді. Жаздың күні ғой, жылқы шынымен де семіз шығып еді. Санияз үйіне сыйғанынша кезек-кезек қонақ шақырумен болды. Келген жұрттың ешқайсысында бөтен ой жоқ, шеттерінен Саниязға ақ тілектерін айтып, жарқылдасып отырып, дәм татысты. Бір бірімен қалжыңдаса сөйлесіп, шалқыған риза көңілде барақат тапқан жайлары бар. Осы шақырыстың мәнісін жарытып түсініп жатқан ешқайсысы жоқ сияқты.

– Үйден көптен дәм татпап едіңдер. Бір шай беріп жіберейік деген ой ғой, - болды себебін сұраған кісілерге Санияздың берген бар жауабы.

«Бұл солай ғой... сондай жағдайдан болып тұр ғой» деген сөз тілінің ұшына үйіріліп келіп қалса да, Сәбет іштен тынды. Бадырайтып тұрып айтып салуға жететін тәуекел қайда? Бәлкім, олай айтудың тіпті де қажеті жоқ шығар. Ішінен қан жылай отырып, жалтақ-жалтақ қарайтыны – досының жүзі.

Кеше ғана емес пе еді өзінің де ажал аузында пенде болып жатқаны. Күркілдей жөтеліп, қан түкіріп, өлім мен өмірдің арасына іліккен баласынан Күпән апасы күдер үзуге айналып еді-ау. Алладан медет сұрап, жылап-сықтағаны дәл бүгінгідей көз алдында. Егер сонда осы дәрігер жігіт келе қалмағанда... арбаға салып алып, өз қолымен аудандағы ауруханаға жатқызбағанда... өз келіп қадағалап тұрмағанда...

Осыдан кейін бірер күннен кейін көңілін сұрау үшін Санияздың үйіне ат басын бұрған. Есіктен кіре-ақ байқады, дәрігер досы тіпті жүдеп-ақ қалған екен. Төр алдында көлденең түсіп жатқан ол есіктен енген адамды көріп, басын әрең көтерді. Бір кездегі келбетті азаматтың жүзінен ет қашып, бетінің терісі құр сүйекке ілініп тұрғандай.

Досы кіріп келген сәтте құр шандыры қалған жүзіне сәл-пәл жылу жүгіріп өткендей болды. Емге бой бермес кеселдің күн санап меңдеп әкетіп бара жатқаны анық еді. Сонда да сыр білдірер емес сабазың. Ананы-мынаны айтып, өткенді еске түсіріп, күліп қояды. «Апыр-ай неткен жігер, неткен ерлік мынау! Құдай бетін ары қылсын біздің басымызға осындай түссе, ажалымыздан бұрын өлерміз» дейді Сәбет ішінен күңіреніп.

Өзі дәрігер болғандықтан бұл дерттің денесін қалай дендеп әкетіп, қандай халге ұшыратып жатқанын Санияздың қапысыз түсінуі анық. Едәуір отырып, кетуге айналған уақытта:

- Сәке, - деді Санияз жүдеу жүзін тағы да бұрып. – Келесі сенбіде үйге үш қой әкеліп тасташы. Қоңы қалыңдау болсын әйтеуір.

«Апыр-ау, Санияз бұл қойларды не істегелі жүр? Ағайын-туғанға тағы да тамақ бергісі келген-ау» деп қойды қонақ жігіт іштей. Бірақ сыртына шығарып үндеген жоқ. Бұл есіктің тұтқасына қол сала бергені сол еді, Санияз:

– Тек сен ол қойларды сенбі күні таңертең сағат тоғыздарда әкелетін бол. Одан кеш қалып жүрме. Жарай ма? – деп, нығыздай ескертті.

Үш қойды машинаға тиеп алған бөлімше меңгерушісі айтылған уақытта апалақтап Санияздың үйіне жетіп келмей ме. Сөйтсе, есік алды топталған халық, у да шу. Алыстан-ақ дауыс алып жылаған әйелдердің үні естілді.

Сәбеттің жүрегі су ете түсті. Сөйтсе Санияз досы жаңа ғана үзіліп кеткен екен. Білгір дәрігер өзінің өлетін күнін, тіпті сағатын да алдын ала есептеп, біліп отырыпты. Ана жолғы жылқы сойғызып, елді қонақ етуі жақын жандарымен, ел-жұртымен қоштасқаны екенін Сәбет енді түсініп еді. Тек ешкімге өзінің науқасы жайлы ләм-мим деп тіс жармастан, әркіммен іштей ғана қоштасыпты. Мынау пәни жалғанмен үнсіз ғана қоштасқан екен.

Сөйтіп өз өлімінің уақытын, оның шығынын өзі есептеп, Сәбеттей досына соңғы тапсырмасын беріп кетіпті. Жаңағы үш қой жерлеуіне сойылу үшін керек болған екен.

Суық хабардың жерде жатқанын кім көрген. Естіген жұрттың есеңгіремегені жоқ. Әсіресе қатты жылаған – Сәбетбектің бойжеткен қарындасы еді. Жас қыз ботадай боздап, зарлаған кезде дәті жетіп сабырмен тыңдап тұрған пенде баласы болды ма екен? Бұл өлімнің қарындасына соншалықты неге қатты батқанын өз қайғысымен өзі арпалысып кеткен Сәбет түсіне алған жоқ.

- Қарағым-ай, иманы не деген берік еді!.. Ажалдың бетіне тіке қарап, сабырмен қарсы ала білген не деген көзсіз батыр еді! – деді Күпән апасы еңкілдей жылап отырып.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар