Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нұргелді Әбдіғаниұлы: Бір қарасаң дүние кең секілд...

20.03.2016 2710

Нұргелді Әбдіғаниұлы: Бір қарасаң дүние кең секілді...

Нұргелді Әбдіғаниұлы: Бір қарасаң дүние кең секілді... - adebiportal.kz


430aaf65e379efa6d380324e21b13d49.jpg


Ақын



Қазір түн. Қою қараңғылығы аса тым,
Жұлдыз да жоқ аспанда үмітті тосатын.
Адасып келеді, ырғалып оңға да, солға да
Иә, рас. Мас ақын...


Қолында арағы. Жо-жо-жоқ, ойында тек өлең,
Тарам-тарам тармақтар, шұбылған көп өлең.
Ол өзін Байроннан артық көреді. Ақиық Абай ғой тіпті,
Түф, сезім не деген?!


Делебе қозғанда долдиып кетеді күш демде
Жоқ әлде көшенің шамдары тек оның ізіне түскен бе?
Жүрекпен жазбайды ол өлеңді. Қайрат –кем. Ақыл жоқ.
Есіне түскенде жазады ол текқана ішкенде.


Шылымын тұтатып, мұрынның қышуын қандырып,
Қаңғырып келеді. Мәңгілік елінде мәңгіріп.
Білмейді ол ешқандай философия дегенді
Ол үшін дүние жаңғырық.


Жатырда жатқанна көргені түн ғана, көрмеген Күн бетін,
Мүтіксіз атқарып келетін секілді тертендік міндетін.
Шытырман ойларын шимайлап, шөлмегін тауысад
Күнбе күн.


Ол өзін қояды анда да мұнда да,
Ішінен ызыңдап, сыбырлап, күбірлеп келеді мұңдана.
Е, жоқ. Ол өлеңмен дұға оқып келеді
Сырласы – Түн. Дала.


Ол да мынау өліара өмірге өкпелі.
Қайтпады құстары. Әттеңі келмеді көктемі.
Бағдаршам. Қызыл түс. Шамданып тұр қазір сол ақын
Өтпелі кезеңнен өткелі...



Көшпенділер астрономиясы



Бүркеулі беті қырық күн босқан Үркердей
Бөрі тістеген Ай бүгін тағы жаралы.
Боз бие иіп, бозаңды жауын бүркердей
Бөлтірігі өлген Құртқа -күн жүзі қаралы.


Айғыз да ұйғыз, қансырап жатыр аспан- көк,
Айыбы оның қайырсыз еді тұралық.
Күлтелі жалды күн шұғыласын шашқан жоқ,
Ұйығы тұйық. Тәні түр оның дір қағып.


Прото уақыт мүжіліп біткен сыбағам,
Ішім- жанартау. Ұту отына өртендім.
Мыңжылдығымда мың Кронсыңа шыдағам,
Жұлдыздарға да ізін қалдырғам ертеңнің.


Сел болып ақсын, нөсірі құйсын сіркіреп,
Темірқазыққа тертендігімді жасырғам.
Тұқым-қанымда тулаған ұран Түркілеп!
Алақанымда Тәңірдің мөрі басылған.


Тұлпар- тағдырымның шекесін қанмен бояған,
"Айғыр сойғанды" таратып еді Үт бабам.
Делебем қозып, дегбірім қашып оянам,
Лаусыз түндерде шаман қобызын шыттаған!


Ғарыштық тылсым,ғұмырдың ғажап үлгісі,
Бес қонақ та өтер, өлі ара бізді әурелер.
Жарық күнімнің үзіле көрме үлбісі
Ғаламда мүрші сөнбесе екен сәулелер...



Түркілік космогония



Көк айғыр кісінеп, жан біткен үркіген
Емшенің ұмынан ақ жауын бүркіген.
Ұмай мен Тәңірдің пейілі жұптасып,
Кәм-шаман қосағы пір болған ілкіден.


Күншығыс бөктерге қараған есігі
Киіз үй - ежелден тұғырлы бесігі.
Төртеуі төрт бақан - Жер мен Су, көк Тәңір
Емеген Ұмайдан бұйырған несібі.


Ғарыштың ағашы - үш әлем,бір түбір,
Шаңырақ, кереге, текемет - шырқы кіл.
Керме арқан,бақанға иілген әйелден
Туылған Мөденің кейінгі жұрты бұл.


Мәңгіге жалғасқан осылай құлын- күн,
Бабамның ұға алсын бұл күні тілін кім?!
Қансырап, Ай қашқан сұрлауыт түндерде
Ұйып кеп, Ұмайдың отына жылындым.


Өкпем жоқ өткенге, өзгерген өспірім.
Таңсық бір жаңа әлем танытты кеспірін.
Үлген Күн, күлген Ай сұлбасы елестеп
Есімді алаң қып ойнайды ескі күн.


Ендігі бәрі де сығалақ, сұр елес,
Шық - ғұмыр шыдамас. Кірпікте түнемес.
Сендерді қайтейін, тыныштық беріңдер,
Құлқынға құл болған, құр өзек, қыл өңеш!


Қыжыл


Білем, әлі жүз жылап, жүз күлермін,
Үміт кешіп, жүз мәрте үздігермін.
Өмірімде өткінші сан адасып
Небір ойды санамнан сүзгілермін.


Білем, әлі жүз жылап, жүз күлермін,
Іркітіне айналман ізгілердің.
Жылтыр қоғам күлдірер біз білер мың
Ақиқаты жылатар біздің елдің.


Бір қарасаң дүние кең секілді,
Бәрі жақұт, бәрі де жөн секілді.
Есіл елім еркіндік тойын тойлап
Терезесі талаймен тең секілді.
Ақ қағазға басылған нүктедей боп,
Жалғыз ғана ақымақ мен секілді.


Бір қарасам шыр қоғам бастан кешкен,
Қотыр түйе секілді қашқан көштен.
Жоғарғы жақ жайпай жеп, пай-пай дескен
Төменгі жақ айқай көп, астаң-кестең.


Мазалаған ұрын ой есімді алды,
Деліқұлы теңселген десім қалды.
Шын-өтірік күрескен күнде мынау
Біреулерге өмірлік өшім қалды.
Досымыздан қаптаған қасымыз көп,
Мақтанамыз тарихтың басымыз деп.
Ал ендеше ерлікпен күресейік
Бабамыздың жоғалған басын іздеп!


Сақтан қалған тектілік көне сарқыт,
жет бүгінге керексің еле шарпып.
Тек біз үшін қаптаған көсемдерден
Хан Кененің басы жоқ денесі артық.


Зерек бөлсең деніңді деректі ізге
еркек қайсы елім дер ерек бізде
Дөңбастарды тәубеге келтіретін
Исатайлар бүгінде керек бізге.


Армандаған айдынға жүз батармыз,
Сайқалдардың сазайын сыздатармыз.
Бүгін олар, ал ертең біз күлерміз
Бүгін тоңсаң бізде ертең мұздатармыз.


Өзімшілмін, соныма өкпелімін,
сөніп бара жатқандай ептеп үнім.
Бірақ батыр ұлдарды тудырармыз
Егер болсақ ұрпағы Көк Бөрінің!


Эллегия



Ақ көбік шайнаған,
Ақ-желмен ойнаған, жылқының кісінегені
Кеңдікке құштар кіл,
Ендікке тұспал бір

түндерде түсіме енеді.
Сәйгүлік жырымды
Жанымды-сырымды, әттең-ай, адамдар емес,
мөп-мөлдір көздері
Тек сол бір кездері арғымақтар ғана түсінер еді.

Мұқатып -кекетіп,
Кекетіп-мұқатып, сыртыңнан мазақтаса да,
Наданды қара,-деп,
Қараны- надан-деп жоңқалап, азаптаса да
Тұлпарым секілді
жырым да кекілді, сен шаңғытқан шабандоз көрсең
Бабасы тақымдап,
Баласы тоқымдап ат мінген алып бір-қазаққа сана!

Жалын жел тараған
Еріме жараған айғырлар түсіме енеді
Түсіме енеді
Ішіме енеді

олардың кісінегені
Сайқыға мазақ боп
Мазаққа қайқы боп жүргенім осы бір күні
Тұлпар да, мінез де...
Сыртым сау... мұң езбе әттең-ай ішім өлі еді...

Өткенге сағыныш,
Ақ құсым алып ұш

тұлпарсыз тарылды дала
Қаптаған көліктер
Көлікте өліктер мүжиді жанымды жара
Жылқының тер иісі
Көң қатқан жер иісі

қамшының табы иісі қолыма сіңген
Еміс бір еске кеп
қалғанда кесте боп өкініш соқтырар санымды ғана...



«Махаббатсыз – дүние бос». Хакім дәл осылай айтқан. «Махаббатсыз – дүние бос...». Абайдың кітабындағы өлең жолын, әрине, осылай да түсінуге болады. Бірақ, біз махббатсыз ғана емес, Сөзсіз (де) дүние – бос дер едік. Әр ақыннан бір сөз қалса, ол мынау хаостық дүниеге бір сөз қалдырғаны. Мына баладағы «Қаңғырып келеді. Мәңгілік елінде мәңгіріп» дегенді аспан астын пафосқа толтырған қоғамына жас сыншының күліп тұрып айтқаны мысқылы деп түсінемін. Ал, ақындар мысқылшыл болып келеді.


Дәурен Қуат



Рух пен сана дәстүрлі құндылықтардың күре тамырларынан қол үзе бастаған сәтте өзінің табиғи, шынайы болмысын іздейді адам. Бұл ескіні көксеу не күллі жаңалық атаулыға қарсылық емес. Бабалар орнатқан берік тұғырға жармасып, алапат ағындардың жойқын ағысына түсіп, жоғалып кетпес үшін жағадан тал қармау. Ұлттық нақыштар... жанға жақын ұлттық бояулар... санадағы арпалыстарды, ішкі қарсылықтарды мінезді жануардың бейнесімен көз алдыңа әкеледі. Образдылық... басты өлшемдердің бірі... құрғақ абстракция емес, деректі көріністер ішкі жан дүниені сол айлы бір түнде еркін көсілген арғымақты тамашалап тұрғандай, сол арғымақпен бірге өз еркіндігіңді сезінгендей күйге ендіреді. Тұтас әлеммен жүріп жататын ішкі диалогтарды ешкім де түсінбеуі мүмкін. Бірақ мөлдір көзді арғымақтар (бәлкім ол жыр шығар) сені түсінеді... Кенет... түсіңде сырласқан арғымақ ішіңе еніп"", гүррр етіп кісінегің келеді... Шаңғытқан шабандозға (ақынға) келешектегі сан-қилы жетістіктердің хабаршысындай қарап қоямыз. Тек түс болмаса екен... Сарт етіп саныңа тиген, қамшының тап иісі сіңген сертті алақанға бір қарап қаламыз. Жылқының тер иісін аңсап та қаламыз...

Аттан түскен қазақтың дәл қазір басына түсіп жатқан проблемалары ақын жүрегіндегі, шабытындағы күрделі қайшылықтармен астасып, терең параллельдер түзген. Ол параллельдер лайықты форма мен шебер құрылым арқылы берілген. Бастысы, жеткізгісі келген идеяны автордың өзі жүз пайыз ұғынып, тек көркем бейнелердің арбауында қалып қоймай, бұл жетістігін келесі биігіне баспалдақ ете білуінде.


Темірлан Жорабай, әдебиеттанушы

.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар