Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Нұргүл Маулина: Қаламымнан сорғалап сағынышым...

03.03.2019 350

Нұргүл Маулина: Қаламымнан сорғалап сағынышым...

Амалдың аңсары

Жетектеп қыз ғұмырды төсі зерлі

Көктемнің ілесейін көшіне енді!

Жырдан теріп ризық, несібемді

Көңілдің көк дөнені, көсіл енді!

Ақ боз үй анам тіккен, орның биік

Төгілтіп шығайыншы торғын киіп!

Қызығып қырмызыға күн қарасын

Бойыма бұла күш пен толар арын,

Ойына бұл өңірдің ораламын.

Желпитін самал соқса желегімді

Қайда екен менің қызыл орамалым?

Сұлудың сұқтандырмас сыры кімді,

Қазағым, қалт жібермен ырымыңды:

Ұзындығы – өлшемі ғұмырымның

Өрейін желмен тарап бұрымымды!

Жасынды жанардағы жалт ұрлай ма,

Кеудемді көктем гүлі толтырмай ма?

Қоңырауы көркіме сән қосатын

Үмітімді үкілер шолпым қайда?

Сақтасын сұлулықтың түзіп төрін,

Салайын саусағыма тізіп керім!

Тіл көзден таса жүр деп анам таққан

Қайда екен менің күміс жүзіктерім!

Қосады салтанаты салтыма сән,

Қасиет жиған бойға халқыма тән

Ән салсам әуеніме қосыл құрбым

Тербесін арманымды алтыбақан!

Шәй

(Жеңгем Жанатқа)

Жамалында жарық біткен тайғанап,

Шабыт сыйлар шат күлкімен аймалап;

Ақ жеңеше, жеттім сені сағынып,

Шәйіңді аңсап қызыл күрең, қаймағы ақ.

Балдай дәмі бойды елітіп, ойды ала,

Балауыздай балбыратып қойғаны, ә?

Жүрегімнің жүз дертінің дауасы –

Өзің құйған қою, күрең шәй ғана!

Шырлағаным - шетсіз-шексіз шартарап,

Жырлағаным - жабыққаным жол қарап...

Бір жеңілдеп қалайыншы, ақтарып

Сырларымды, ақ құманды ортаға ап.

Құмғаныңда - көңіл тұнған көл еді,

Құйғаның да - сол көңілдің өлеңі.

Қақ төріне жайғасқандай жұмақтың,

Көкжиегім кеңіп сала береді.

Несібесін татып жүріп жер-көктің,

Сездім дәмін ащы-тұщы, кермектің.

Таңдайыңда тамыз татып тұратын

Шәйдан артық шәрбат сусын көрмеппін!

Алыс емес көрінеді-ау ай да аса,

Жан жайлауын бұл қуаныш жайласа.

Балқаймақпен баптап іше білгенге

Шәй да рахат, сексеуілге қайнаса!

Сол бір кезде сәл кідіріп Айла Сан,

Дүбірлетіп дархан дүние той жасар...

Ұмытып бар күйбең, күйкі тірлікті,

Самаурынның жанына кеп жайғасам...

Кестелі орамал

Жүрегіме тұнған жырдың нұрымен,

Теріп алып тамшыларын тұнық ең,

Мөлдіретіп моншақтарын тіздім де,

Бір орамал тіктім, аға, түнімен.

Қайғы менен мұңнан таза, ада күн,

Сол күндерде менің шаттық, базарым.

Алтынзерлі сезімдермен әдіптеп,

Арманымды жұлдыздардан қададым.

Сезбесін деп жылдың дауыл, боранын,

Шашақтарын мейіріммен тарадым.

Жүрегімнің жылуына қандырып,

Сағыныштың сәулесіне орадым.

Өмір жайлы толғағанмен күйші бар,

Жалғыз ішек шертіп жүрген күй сыңар.

Кестесінде - көктемдердің көркі бар,

Дестесінде - қызғалдақтың иісі бар.

Санама кеп сыбырлайды сылқым жыр:

Ұяң көңіл сезімдерін іркіп жүр.

Елік күннің еркелігін құшақтап,

Шаршысында менің күміс күлкім жүр.

Ұқсас көңіл үлпілдеген мақтаға

Сандығымның түбінде көп жатты, аға.

Кереңдердің күңкіліне көрсетпей.

Жүрегіңнің лүпіліне сақта, аға!

***

Жыр кеудем өзің жайлы таратып ән,

Ай сүйіп, талықсиды таң атыра...

Алты қаз айдынына қонды ма екен,

Хат жазып, ұшырып ем қанатына.?.

Бақ гүлім, өзіңді ойлап жайқалды да,

Тақты мұң, кеудеме әкеп.
Байқар кім, ә?

Жіберген ақ сезімнен алқа тағып

Ақ құсым арманымды айта алды ма?

Жаным ақ, мөлдіреген ар алдында

Жасымды сүрту үшін оралдың ба?

Жазықсыз жәудіреген жанарынан

Мендегі іңкәр cезімді көре алдың ба?

Өр тағдыр танытса да Тағы Мүсін,

Жетеді күресуге әлі күшім...

Жолдадым жырмен жазып сәлемімді -

Қаламымнан сорғалап сағынышым.....

СӘЛЕМ ДЕ, ЕРКЕМ; ЕСІЛГЕ

І

Өмірді көрген апам сыр ашты, аға:

«Жүректе болу керек Жыр – Астана!»

Жанымның жауқазынын бүрлететін

Бір көктем келед дейді, рас па, аға?

Өлеңнің мұнарасын тұрғызған ақ

Ілгегін арманымның шың-құз қадап

Самиян самал есіп сарайымнан

Әндерім әуелей ме жұлдыз-қанат?

Шуақты, жаз өмірдің сәттері алдай

Өтіппін жалған күннен от тере алмай

Жолыңа қарайлаумен жүрмін, аға

Қызғалдақ өскен қырға беттей алмай...

ІІ

Бейнесі бұлдырайтын көштен сонар,

Күтіп жүр керуеннен көшкен хабар.

Жыр жазар қаламымның қауырсынын

Тербейді Есіл жақтан ескен самал...

Тербейді, сол бір самал тербетеді,

Қиялдың құсын көкке өрлетеді.

Сезімнің кәусарына шомылмасам,

Ақпанның аязы да шөлдетеді.

Сыр шертіп ақ параққа ғұмыр жайлы,

Көз жасын жылауық бұлт сығымдайды.

Құрғатып кеудемдегі нала, мұңды,

Сол самал сағындым деп сыбырлайды.

Жанымды жас боп аққан жауын тіліп,

Қалқалап қалған сәтте тау ұмтылып,

Нәп-нәзік сәулелерден от ұшқындап

Кеткен-ді жүрегімде дауыл тұнып.

Сол дауыл жанымды әлі мазалайды,

Күз өпкен жүрегімді жаз орайды.

Кіреукелі көңілдің терезесін

Ақ нөсер ағыл-тегіл тазалайды.

Шалажансар жанымның жұқанағы,

Сендегі сезімді пір тұтам әлі.

Найзағайлы аспанның жарқылынан

Көкейімде көп арман тұтанады.

Зулайды тұлпар ғұмыр жал ұстатқан.

Сор ма екен, әлде бұл күй бақ үш батпан!?

Өлместің суын ішкен құмыр бұлбұл

Өзің боп үн қатады таныс бақтан.

Көзімнен көлбей ұшып көмескі күн

(Келеңсіз сәттің бәрі елес бүгін),

Қырлардың қызыл-жасыл қырқасынан

Бұрын ешкім салмаған ән естідім.

Арманын айтып атқан ақ маңдайдың,

Аппақ таң, аңсарымды тапқандаймын!

Сәуірім сазға қосып сағынышын,

Қосылып шырқап келе жатқандаймын.

IІІ

Көзімнен ұрлап, көшірген арай

Еңлікгүл ұшқан төсімнен талай

Ерке сезімге не дейін, аға,

Есіліп аққан Есілге қарай?

Керуен күндердің көші құлатқан

Бұла сезімнің бесігі жатқан

Естисіз бе аға, не десем екен

Есіл таңдарға кешігіп атқан?

Көңілдің аққу қаз әні қайтып

Өмірдің жалған базары қайтып

Толады күндер өз әнін айтып

Солады гүлдер ажары қайтып

Жылдар да өтер ғазалын айтып

Жандағы дертті жазамын қайтіп?

IV

Гүл көктем мынау, тұтатып сезім шырпыны

Шығыстан атқан шырайсыз таңды сілкіді

Елеңдеуменен Есілден ескен самалға

Айқаспай қойды сағынышымның кірпігі

Күйді аңсап жүрек, шертілер қоңыр кештегі

Арман қайықтың қолымда егіз ескегі

Керімсал самал кеудеме жауһар толтырып

Керегі жанға Есілден ғана ескені

Ертеңім елес, бүгінім жетер бағама

Есілдің тоңы жібіді ме екен жан-аға?

Сыңғырлай күліп, сылаңдай аққан саз құшып

Есімнен ауған жандай боп жетем жағаңа

V

Қарашығына көлеңке-мұңсыз көш түйген

Естеліктері өртенген кеше ескі үймен

Алаңдауменен ақ құстың келер жолына

Жәудірдің егіз жанары талды көк сүйген

Күміспен күптеп, тайпалтып көңіл дөненді

Өрнектеп зермен өңіржиекті өлеңді

Аңсарын күткен аспаннан аппақ тілекпен

Ақша қар жауған амалда келем деген-ді

Сүйінші сұрап, дүбірлеп жатыр сүгір қыр

Сүт таңнан бүгін тамшылап тұр ма шырын жыр

Сақтаған сүрді қазанға сала берейін

Сағынғаныңды күтіп ал деген ырым бұл.

Ботам менің, бұрымыңды қимашы!

Арманымның бейнесіндей аппақ ән

Сенен сұлу, сенен артық жоқ маған!

Басқаларға қона алмаған ерен бақ

Мен сендегі қолаң шашпен мақтанам!

Ән жүректі, саз көңілді, күй атты

Арды аялап, биік қойған ұятты,

Ерке шағы еліктірген бойыңды

Бұла күнің - балалығың сияқты!

Ерке еліктің жанарындай жанарың

Құйттайыңнан кекіліңді тарадым!

Бұрым деген баға жетпес байлық ол

Қиям десең, қиналамын, қарағым!


Қолаң шашпен ұят бірге үзілер

(Киелі деп құр айтпайды, қызым, ел.)

Ойларыңның орманындай қалың да,

Өміріңнің жолдарындай ұзын ол!

Жаны мөлдір, қасы қара, қиғашым

Жаныңа өмір жақсыларды жинасын,

Тағдырыңның жолы сынды бұралған

Ботам менің, бұрымыңды қимашы!

* * *



Осы ұяда тартылып таң-сыбағам,
Бұла күннің таңдайын ән шылаған.
Түндігінен түтіні түзу шығып,
Шаңырақтан шаттығы тамшылаған...

Сағым жыл суреттерін жайғанда алдан
Жүзімде жарқырайды айман-жалған,
Алғаусыз армандардан гүлтәж тағып
Бала күннің көлінде айнам қалған...

Артқанмен иығыма осынша жүк,
Тартады езуімде ғасыр шалық,
Кекілі желбіреген құлыншағым
Ескі жұртты айналып асыр салып...

Кеудеме ақ таңдарда тағам да үміт,
Мейірлене қарайды жанар күліп.
Тілектес боп бағыма жатыр үнсіз
Келін боп анам түскен табалдырық.

Таныс мүсін іздеген тал-қайыңнан
Арзу күндер орайды шалғайымнан,
Жел тимесін деп сүйді маңдайшасы
Бағынан соры көптеу маңдайымнан.

... Шәй ішейік

Күнікейі көш-кенттің

Көзіңдегі күн керім,

Сен зерлеген бешпенттің

Мен қадайын ілгегін!

Әуен бөлек ән десем

Өрілгенде өлеңің

Сәукелеңді сәндесең

Мен ұстайын желегін!

Ақбоз тартқан күймеңнің

Төмендетпей иегін

Алтын шайған түймеңнің

Күмістейін жиегін,


Сәуле болып тарайын

Жанарыңнан жайнаған

Айналаға қарайын

Сен қараған айнадан!

Жырдан құрақ құрайын

Сырларымды үзіп мың

Көзі болып тұрайын

Қолыңдағы жүзіктің,

Армандары айқара

Барады өтіп қанша күн!

Жаулығыңның қарқара

Мен түзейін моншағын!

Көктем күйін ойнатып

Жамыласың гүл шапан

Сексеуілге қайнатып,

Шәй ішейік, жүрші апа!

Мұрындық


Күйкі тірлік, кімдер қожа, кім құрбан
Күйбеңімен талайларды құл қылған!
Есімде әлі, сүйем, қарыс мұрындық
Әкем жонып отыратын жыңғылдан.

Күлгін нұрмен алау бояп от басын
Шәйнек сыңсып, іліп қойып шоққа асын
Қызыл ала жібек жүннен төгілтіп,
Шешем есіп отыратын ноқтасын.

Мал мен жанын шығармаған шашауға
Өткен кездер ұста еді ғой жасауға.
Ол заманда мұрындық та, ноқта да
Бас білсін деп тағылатын асауға.

Өтті жылдар, уақыт сырын ұғындық
Бәрі өзгерді, қоғамға сай құбылдық:
Бір ағамның мойынында жүр ноқтасы
Бір ағамның тұмсығында - мұрындық!

Ата-бабам, мұра қылған жеті өнер,
Сын айтасың, қай ұрпағың көтерер?
Бөріктінің басында жүр бұйдасы
Ал, Орамал, жетекте де кете бер!

Суреттер playcast.ru, boltologiy.ru сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Нұргүл Маулина
(0)

Пікірлер

Гүлайым

03.03.2019 15:01
керемет жазылған қазақилықтың иісі аңқылдаған
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар