Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Нұргүл Оқашева. Көшесің сен де бір күн өмірімнен...

30.12.2018 5424

Нұргүл Оқашева. Көшесің сен де бір күн өмірімнен

Нұргүл Оқашева. Көшесің сен де бір күн өмірімнен - adebiportal.kz

Аша алмай сырын іштегі өлеңге күліп,
Сен жаққа қарай береді елеңдеп үміт.
Нағыз биіктің қол жетпес боларын білдім,
Тамсанып қарап тұлғаңа төменде тұрып...

Сағынышыма тұтқын қып бұла бағымды,
Жаңбырмен бірге қосылып жылағанымды.
ақтара алмай, амалсыз, солқылдап тұрып,
Төсіне түнде өлеңнің құлағанымды...

Күйігі болсаң күйінген шағымның, өртен,
Осылай бәрін күл етші бағымның көркем.
О, мен қанша тірліктің сауабын жинап,
О, мен қанша күнәмнан арылдым екен?!

Шын күйреп тұрып бола ма жойылмауға да,
(Төзімің тағы Сыр бермей тойынды-ау жаңа).
...Махаббат деген – қайғы да, қуаныш та емес,
Өзіңнің әлсіздігіңді мойындау ғана!..

***

Өлтірмеді мені мұң емдемеді,
«Періште» деп сенгенім «пенде» ме еді?!
Өзегіме өрт қойып өзгелердей,
Өкіндіріп кеттің ғой сен де мені...

Сатқындығын сезімнің бір ұқтырып,
Ессіз шақты еске сап... ұмыттырып...
Сүйреп келе жатырмын «сүйегімді»,
Күйреп келе жатырмын күліп тұрып...

Бірін-бірі адамдар сатады, ақтап,
Әлем үнсіз күнәға батады аппақ.
Менің жеңілісіме күле қарап,
Ағаштар тұр қолдарын шапалақтап.

Алыстады Ардақтым «сенем» деген,
Сол күн теріс айналды әлем менен.
Мен тағы да ең адал жалғыздықты,
Жалғыз өзім қарсы алдым...Өлеңменен...

***

Ессіз сүйіп, сүйсінген кезім де өтті,
Жылап...өксіп...өкпелеп...талып...күліп...
Тамшы-бақыт татырмай сезім кетті,
Бәрі жалған екенін тағы ұқтырып...

Сезімімнің күл-парша сынықтары,
Жүрегіме қадалды алданғанда ар.
Бүгін бәрі өзгеше, ұмыт бәрі,
Махаббатқа сенбесем таң қалмаңдар!

Сезім солай күйдіріп «қош» айтады,
Әз жанымның қалады жыр – емі боп.
...Саусақтарын ағаштар шошайтады,
Ақын келе жатыр деп жүрегі жоқ...

***

Сезіміңмен жарыстырып ой күшін,
Сағынышқа бола алмады көрік күз.
...Тағдыр деген төрешінің бәйге үшін,
Бәске тіккен ойыншықтары едік біз...

Мен жеңілдім.
Жалғыз досым – мұң ғана.
Мендік жайды түсінеді қайдан, кім?
Құдай саған бәрін беріп, бір ғана,
Сезім бермей қойғанына қайранмын!

Содан шығар сағына да алмадың,
Сағынышқа мендей, бәлкім, сенбедің.
Өртенбедің, дерт ембедің, жанбадың,
Кездесуге алып-ұшып келмедің.

Ақылыңның тыңдадың да «жарлығын»,
Сезіміме сыйлап кеттің қаяу, сыз,
Мен кешетін жапырақтың барлығын,
Басып, жаншып, таптап өттің аяусыз.

Көре тұра құстардың да қайтқанын,
«Қош» демедің, қандай жансың еті өлген?!
Аппақ қарға арманыңды айтпадың,
Періштелер қанатымен көтерген.

Сүйіп тұрып қарсы шықпау егеске,
Қандай күйік жүректегі от сөнген.
Бәрі өзімнің қателігім емес пе,
Махаббатта әділдік бар деп сенген.

...Жеңдің солай. Алдамшы арман, шақ қайда?
(Керек шығар жер-жаһанға жар салу).
...Қабырғаңа қара тастай батпай ма,
Сол жеңісті жалғыз өзің қарсы алу?..

***

Дүние айқайласам маған керең,
Үміт те үздіктіріп кетеді алдай...
Салмағын сағыныштың саған деген,
Қараша көшіп кетті көтере алмай...

Қараша көшіп кетті қарайламай,
Сағындым.
Келбетіне мәңгі үздіктім.
Мен ерте білмегенмін қалай ғана-ай,
Ең адал дос екенін жалғыздықтың?

Кім мәңгі?
Өшер бәрі көңілімнен,
Мезгілдің шеңберінде өлшенбей мұң...
Көшесің Сен де бір күн өмірімнен,
Жоқ! Сенбеймін!

ТІРШІЛІККЕ «ДАТ»

Сезіміме бір түйір татыр ма едің?
Аты аталса атқақтап тұрса кеуде
алда! Арба! Басымды қатыр менің,
Ол туралы ойлауға мұрша берме!

Оған барар жолдардың бөге бәрін,
Естеліктер ескірсін санамдағы.
Қарсы алдымнан шықпасын - өлең, әні,
Оның жақын тұтатын адамдары.

Үмітті өшір құрбым ол ең сенетін,
Құрдымына қайғының батырды де...
Шарфты да тақпасын, ол себетін,
Ешбір еркек сеппесін әтірді де.

Еш сүймеген адамдай сезінейін,
Азабымды аз күнге азық қылып...
Төсегіме жеткеннен көз ілейін,
Тасыр мінез тағдырдан қажып тұрып...

Құша алмастан ішінен тынар демім,
Үздігумен қаратпа жолдарға аса.
Осылардың бәріне шыдар ма едім,
Өмірде ОЛ болмаса?!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар