Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Нұркен Нұрғазы. Батпырауық...

29.08.2020 3725

Нұркен Нұрғазы. Батпырауық 12+

Нұркен Нұрғазы. Батпырауық - adebiportal.kz

Батпырауық

қарашы, əне, аспанда батпырауық

қалықтап жүр. кейде қанатын қомдап

ұшақтарға ұмсынады, кейде түлкі көрген

қырандай құлдилайды. иә алыстап

кете алмайды, иә жерге қона алмайды...

білесің бе, сол батпырауық –

менің балалығым ғой,

жібі жүрегіме байланған...

Мейрамхана 2

...мəселен, мына балық

адам боп жаратылғанда,

ал мен балық боп жаратылғанда,

дəл осы мейрамханаға келіп,

маған тапсырыс берер ме еді?

жо-жоқ, сыраға тапсырыс берер еді.

отырар еді, кілең Бақа-Шаяндармен

бокал қағыстырып,

Жыланға мұң шағып...

Бастау

Уақыт кеңістігіндегі құлыптаулы

есіктердің кілтін тауып алсам,

сізге ғашық кездеріме барар ем.

Тұрар ем сосын шамы сөнбеген

бөлмеңіздің терезесіне

тас лақтырып. егер кілтті

сіз тауып алсаңыз,

маған ғашық кездеріңізге

барар ма едіңіз, жүрегімнің

терезесіне тас лақтыру үшін?

Өркениет

І

Біз теледидардан тарайтын

қызылды-жасылды, құбылмалы

сəуледен шаршаған ұрпақпыз.

Бөлме жиһаздары да ескіріп қалды

теледидардан тараған

сəулеге тұншығып...

ІІ

Өзімізді үздіксіз

ретке келтіріп жүру үшін,

қайда қарасақ та,

өзімізді көргіміз келеді.

Кейде бөлмеміздің ішінен

айнаға серіктес іздейміз.

Мəселен, кербездігіміз

Соншалық, теледидар

Экранына да қарағыштаймыз.

Біздің жүзімізді жасырады

теледидар экранынан тарайтын

қызылды-жасылды сəуле.

PS: бет-жүзіміз бен дене бітіміміздің

Жаңғырығы тек айнадан ғана

Естілетіндей...

ІІІ

Теледидардан тарайтын сəуле

қабырғадағы түсқағаздардың

түсіне енетін тəрізді,

Таңда солып қалады

Түнгі түсқағаздағы гүлдер...

Көрнекісурет: Клод Моне «Впечатление. Восходящее солнце»


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар