Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Нұрлан Хавдай. Бейғам (әңгіме)...

08.07.2017 6382

Нұрлан Хавдай. Бейғам (әңгіме)

Нұрлан Хавдай. Бейғам (әңгіме) - adebiportal.kz

Кешкі жаңалық бағана біткен. Тасболат екеуміз күбір-күбір етіп ойнап отырмыз. Шешесі көңірсітіп картоп қуырып жатыр. Ана бөлмеде үлкендер дəудірлеп үйді бастарына көтеруде. Шамасы дауласып жатса керек.

- Қайдар ағаң кішкене карта ойнап алсын. Тəтең екеуі тұра тұрып барады, - деді

Тасболаттың шешесі табаның ернеуінен пешке пышырлай төгіліп, далпылдай жанған майды күс-күс дымқыл тұтқышпен ысқылап өшіріп жатып, - Сендер тез барып балаларын қарай тұрыңдар.

Тасболат сұраулы жүзбен маған мойын бұрды, мен қалай болар екен деген кісіше иығымды көтердім. Барғым келмей отыр.

- Кішкене ойнап алайықшы. Тасболат шешесіне қаймыға қарады.

- Ойының осылғыр, ертең де күн бар емес пе! Сен шешек неге осы кісінің тілін алмайсың а?! Мен саған шешемін бе, итпін бе?

Тасболат жапақтап шешесіне бір, маған бір қарайды.

- Ма-а-ам?

- Не мам, не мам?! – Тасболат жым болды. – Сөзді көбейтпей бол тез!

Шешесі əбден кір сіңген ауыр тұтқышты алақанына салмақтай ұстап, аларып маған қарады. Мен көзімді көздерінен тайдырып əкеттім.

- Жүр, барып келейік – деп сыбырлай сөйледім, даусымды шығаруға жасқанып.

- Е сөйте қойыңдар, қарғаларым. – Шешенің жүзіндегі ызғар əп-сəтте буға айналып жоқ болды. – Тəтеңдер тез барады, жарай ма?

Тасболат екеуміз сылбыр басып, сыртқа беттедік.

Қайдардың үйі ауылдың екінші басында. Тас қараңғыда үй-үйдің, қора-қораның арасымен дедектеп келеміз. Əйтеуір жүрер жолымыздың, барар жерімізбің көңілдегі сұлбасы бар. Екеумізде де үн жоқ. Қорқынышты ойлардың шырмауындамыз. Біреу өкшелей қуып келе жатқан секілді. Əне-міне желкемнен шап берердей, жүрісім өзінен-өзі үдеп барады. Жүрісім үдеген сайын жүрегім өрекпіп, əй-шəйсіз тұра жүгіруге шақ қалдым. Əй бірақ құтыла алмаспын-ау. Тасболат жейдемнің етегінен тас қылып ұстап алған, жыламсырай қорсылдап қалмай келеді.

Жеттік-ау, Қайдардікіне. Сыртқы есік құлыпталмапты. Ілгегін апыл-ғұпыл ағытып, зып бердік. Ауызғы үй қап-қараңғы екен, қабырғаны жанталаса сипап, ішкі есіктің тұтқасын іздеп жүрміз. Тұтқа қолыма ілінер-ілінбестен жұлқып ашып, жүгіріп кірдім. Тасболат байғұс бақ ете түсті. Ол да сүрініп-қабына табалдырық аттады. “Үһ!”

Қарсы алдымызда екі-үштер шамасындағы ұл ман қыз таңырқай қарап тұрды. Тұрды-тұрды да, ары қарай асыр салып ойнап кетті. Екеуі де жалаңбұт.

Үйдің астаң-кестеңі шығып жатыр. Дастарханда шашылып жатқан қатқан нанның қалдықтары, қанттың босаған ыдысы, түбіндегі қара шайдың сарқыны қаңси бастаған кеселер балалардың біраздан бері нəр татпағанын меңзейтіндей.

Тасболат екеуміз иесіз мол қазынаның үстінен түскендей, қоқыр-соқырдың əрқайсысын бір қолға ұстап, айналдырып қарап, бөлмелерді адақтап жүрміз. Сол сəт жүгіріп қасымызға келген ұл былдырлап бірдеңе деді де, көтенін ұстап шыркөбелек айналды. Тасболат екеуміз түк ұқпай бір-бірімізге қарадық. Байғұс бала енді қыңқылдай бастады. Артынша есікке қарай тұра жүгірді де, табалдырыққа жете бере кілт тоқтап, біз жаққа қарап көзі аларып, булыға күшеніп-күшеніп жіберіп, бармақтай қатқан боқты тап сол тұрған жерінде тастай салды. Бізде үн жоқ, сілейіп қарап тұрмыз. Сосын жынды адамша тарқылдап кеп күлдік. Бұл уақытта сілесі қатып, іргеге қарап қылжиып жатқан қыз бала шошып атып тұрды да, бақырып жылап жіберді.

- Кеттік – дедім. Тасболат та əзер тұрса керек:

- Кеттік – деді.

Екеуміз жаңағы орнында күшеніп əлі тұрған ұлды жақтауға тықсыра аттап өтіп, далаға зыттық.

Бағанағы қорқыныш жоқ. Мен кіжініп, күңкілдеп келем, Тасболат сөзімді қоштаумен келеді.

- Балаларына қарамайтын қандай адамдар?!

- Соны айтам.

- Кішкене балаларды қорықпай қалай жалғыз тастайды екен?!

- Соны айтам.

- Өздері қазір рахаттан-е-еп картоп жеп отырған шығар.

- Карта ойнап…

Не керек, Қайдар мен қатынын жерден алып, жерге салдық. Айтпағанымыз жоқ. Қызды-

қыздымен ерлі-зайыптыларды бұл дүниедегі ең нашар ата-ана ғана емес, осы ауылдағы ең тоғышар адамдардың қатарынан бір-ақ шығардық.

“Құдай-ау, осы мен не айтып келем” деп ойладым, аяқ асты көңілім бұзылып. “Өзімді де іздеп жатқан ешкім жоқ қой”.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар