Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Нұрлан Хасиханұлы: Естиді аспан күлкімді...

06.11.2017 8466

Нұрлан Хасиханұлы: Естиді аспан күлкімді

Нұрлан Хасиханұлы: Естиді аспан күлкімді - adebiportal.kz

Аңсап жүрмін...

Боранмын,

Желмін,

Тамшымын...

Осқыла жалған қамшы-күн.

Тау таста өскен тағдыр-ай,

Ерітіп ішкен қар суын!

Кеберсіп көңіл босама,

Бал ғұмыр мекен қос ана.

Теріскен тіліп табанды,

Тікеннен тердік Тошала.

Бай далам менің байтағым,

Бақытты сенен байқадым.

Мүйіз боп қалған күс аяқ,

Қаланың киді байпағын.

Ат қылып міндім шырпыңды,

Естиді аспан күлкімді.

Ақ сақал атам алдында,

Айраннан салғам мұртымды.

Қымыздық емдім саяңнан,

Қырыңда ұйықтап оянғам.

Бұл саба көңіл толқыса,

Іркітін ішіп май алғам.

Қырау күн,

Жылдар тез өттің,

Керуен көш менде кезекпін...

Жел соқса көксеп кетемін,

...Иісін іздеп тезектің...

Секен ағама хат

Секен аға мың сəлем, аңыз бейне.

Кеш сағынып, түн күтіп, таң іздей ме?

Қарлы шыңым күй ғұмыр аманбысың?

«Жазғы қар» мен жылайды Тамыз кейде.

«Дара бозым» көңілге сыйла жарық,

Сағынышын даламның жинап алып.

Желпігенде күз желі «Ақ жауынды»,

Теңіз толқып кетеді бұйраланып.

Мақпал əнді «Балауса» бір қыз салса,

Жылжып жатқан сынап күн, жыл күз аңса

«Ару анам» айтады Секен жайлы,

Шығыс жақтан іңірде жұлдыз жанса.

Құдіреттің күбірі, күшіменен,

"Күлтегіндей" күйің бар кісінеген.

Ұлы дала ұрпағы құлақ түрсең,

Балбал тастай Секенді түсінер ең!

Өмір тəтті əрине жаныңнан да,

Бұ жалғанды сүйемін жанымнан да.

Секен аға сізге хат жазып тұрмын,

Сарғалдағын даламның сағынған да...

Нəзіктік

Күндерім егіз күп-күрең,

Айырмай жүрмін тіпті мен.

Сағыныш ол бір жалғыздық

Жалықпа, шыда, күттірем!

Мен оны біраз сезінгем,

Көндіккем, көргем өзімнен.

Көрпеме айды жатқызып,

Күзетіп талай көз ілгем.

Оңаша тұрмын міне мен,

Айқассаң құшып білер ең!

Өкініш болмай өтсінші,

Сағыныш жайлы бұл өлең.

Тау асып келер таңғы жаз,

Жатайын десем ал, біраз.

Нəзіктік сенің алдыңда,

Жан екем осал, əлжуаз!

***

Сағындым, күттім, хабар бер?!

Кезіккенмен

Тағы да біз,

Кеттіңіз бе?

Бір қарап бұрылмастан.

Сезіктенгем,

Сағынамыз.

Тұншығады екі көз жылы жастан

Төзіп келгем,

Жаныма сіз

Жоламайсыз басқаға бұрын қосқан.

Азып келген

Тағы да күз,

Сап-сары бір сағыныш мұңын басқам.

Сағыныш

Жан жағымнан

Сені іздеп шаршадым, көзім талды.

Тағы қыс

Қар жамылған

Жалғыз басып келемін өзім қарды.

Бəрі түс,

Түн жанымнан

Сен түсіме кіретіе кезім мəнді.

Жаңылыс

Құр қағынған

Қар астында сол ыстық сезім қалды...

Сағыныштан,

Айтайын

Есті жаным, сен жайлы сірə жүз əн.

Алып ұшқан

Айқайым

Саған жетсін мұң болып құлазыған.

Жаным құшқан,

Байқаймын

Жүдеу күннен жалығып шын азыған.

Жалын құшқан,

Ой сайын

Өртенемін бөлісші біразынан.

Мен сені,

Қараймын

Келеді деп көктемде маған анық

Еңсені,

Талай мұң

Баса берсін шыдайын жараланып.

Тек сені ,

Қалаймын

Адалдықпен алдыңда бағаланып.

Көкседі,

Олай кім?

Шын күтумен айтшы сен жара қалып.

Жаздым өлең,

Дəл саған

Жасқа малып қолдағы қаламымды.

Жазды көрем,

Аңсаған.

Жаңбырымен жұбатқан жанарымды.

Назды менен,

Шаршаған

Сезініп сен жүзіме қара мұңды.

Жаздым деген,

Сол саған

Жіберсеңші ең соңғы хабарыңды!!!

Көне далам тағалы...

Ойландым үнсіз бұл түні

Күз бөлеп мендік күлкіні.

Кіндікті кескен шопан үй

Кісінеп барам бір күні...

Уақытқа зекет өткенім

...Өзіне айтпақ өкпе кім?

Ақпанның соңғы қарынан

Көтерсін құрсақ көктемім.

Жүрегім "Булкан" жарылыс,

Ар жағы Алтай əлі-қыс.

Бұлт боп ұш тезек бұрқыра

Иіскеп-сүйсін сағыныш.

Дариға дəурен, Дариям

Тағалы далам жан-ұям...

Бура бас тау боп көрінер

Таяғы қойшы қариям.

Теңізім Абай

Тау Қасым.

Сезімім Секен лауласын

Көбелек ғұмыр-гүл көңіл.

Ауылда еркін аунасын

Ойландым солай бұл түні

Күз бөлеп мендік күлкіні.

Кіндікті кескен шопан үй

Кісінеп барам бір күні...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар