Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нұрлан Қабдайұлы. Құлазу...

29.07.2015 4350

Нұрлан Қабдайұлы. Құлазу

Нұрлан Қабдайұлы. Құлазу - adebiportal.kz

Әлеуметтік желілерде кім көрінген әдебиет жайлы әңгіме айтқысы келіп, facebook, vk, twitter секілді желілердің тұрақты жарапазаншысына айналып, жағымпаз жарнамашыл «жұлдыз» болған осынау бір кезеңде қарапайым кез келген адам түгілі қолына қалам ұстағандардың өзі бір-біріне шынайы пікір айтудан қалып барады. Олай дейтініміз бір-бірін өтірік мақтап, одан қалса үлкенді үлкен, кішіні кіші демей бірінің бетінен бірі алып, өздерін «әділетті» кісі сезінгендер аяққа оратылады. Қазіргі әдеби үрдістегі бір кемшілік - сауатты, шынайы, әділ сын-пікірдің жоқтығы. Енді бұдан былай «Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты- жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялайды. Үнемі қадағалап, атсалысып отырыңыздар.

 

www.adebiportal.kz


 


 

 

 

 ҚҰЛАЗУ


 


 

 

Нұрлан Қабдайұлы

Ай көлеңке беті шермиіп үйелеп жатыр. Аспан тап Алатаудың етегінен басталғандай, жұлдызы қайсы, шамы қайсы айырып болмайды. Шықса кіргісі жоқ, кетсе қайрылғысы жоқ, қайрылмасқа бекінгенде бет көрісері және кем... қаңыраған бір бөлмеге қаңғырып барып қалғандай болатынын ойлап күрсінді. Расында адам болам деп келгенде кісікиікке айналдырған Алматының түнінен басқа мұң шағар ешімі де жоқ екен-ау. Атақты ақынның атындағы жағалауға түсіп, шеткерек шаншылған фонарь түбінбегі арқалықты ағаш орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Тас төбеден қиғаш түскен жарықтың пұшпағы бақайының басында ғана жатыр. Арғы жағындағы тіршілікті көзіне де, көңіліне де қондыра алмады. Қапталдағы орындықта балаң жігіт енесінің баурынан емшек іздеген бұзаудай балғын қыздың алқымын түртінкетеп отыр екен. Аш белден орай тартып, құлақ түбінен қытықтай шарпыған ыстық демімен тұла бойды тоқша ұрып, алқынтып әкететін батылсыз бозбаланың от құшағында ұйқы қашып, таң бозына дейін талықсып отыра беретін бұла шақтың таныс суреті көз алдынан жүгіріп өтті. Мойнын ішіне тығып, екі қолын қалтасынан алмаған күйі тәлтіректей басқан еркектің күркілі селк еткізді. Бет-ауызы түтіндеп, езуіндегі темекінің тұқылын шайнап барады екен. Олақ пен шолақтың, пұшық пен пысықтың есебінен жаңылтқан кіділігі ұстап, жиырыла қалды. Құдды етегін басып кеткендей. Сосын мырс етті. «...Бақытымыз жұғысты болсын!» деді-ау...


 

Өмірдің өтіп бара жатқанын он екі айда бір еске салып қоятын әдеті. Жылда пәленшекең екеуінің басынан аттап кете алмаған бақыттың сілекейінен дәметтіріп, бірі оң жақтан өріс ұзарта алмаған, бірі талақ арқалап төркінін тапқан қамкөңіл құрбыларының көкейін құрттатып қоя беретін әдеті. Басқаларға бұйырмай-ақ қойған пәленшекеңдер де тап бұның жолында шашылып жатқандай. Жылда біреуімен табысып, есі шығып отырғаны.


 

Кейде жыны келеді. Осы жасқа дейін жалғыз жүргенін көзі түскен жігіттің көңілін шырмап, жетегіне ерерлік алқам-салқам мінезінің жоқтығына, үмітпен көз тіккенге күдіпен қайта қарайтын секемшіл талғампаздығына жабады. Әйтпесе ұрғашының өңдісін көрсе, қалған дүниенің есебінен жаңылатын еркек байғұстың қайсысы сөз айтпады. Жасы да бар еді, жасамысы да бар еді. Жаманы да, жақсысы да... бәлкім. Тіпті әйелі бар екенін жасырмағанмен, үйіріліп кете де алмай «баланы да, басқасын да қидым жолыңа, мен сендікпін» деп есін шығарғандары жоқ емес. Құдайға шүкір, есі шықса да, ақылы орнында болатын...


 

Кейде қырт өмірдің қиқымындай тағдырын әр жыртыққа бір өлшеумен күн оздырып жүрген құрбысын аяйды. Ойында бар, қойнында бар, қасында жоқ пәленшекеңдер, бөтен әйел мен жат еркектің бірін қымсынудан, бірін қысылудан азат етер арсы-гүрсіден солығы басылған күні, басқа қораның мекиенін қуып кетерін біле тұра беті қайтпайтынына налиды.


 

 

Мынауысын көшеден таппаса, көрмеден таппаған-ау деп бастабында-ақ топшылаған. Расында түнгі клубтың күзетшісі екен. «Отыздан асқанның ойранында» екі өкпесін қолына ұстап жүріп танысқан көрінеді. Есімі Құлболды. Люстраның сәулесі төбесінде сырғанақ теуіп жүрген қазандай сары бастың желкесі құж, шекесі қатпар-қатпар, кеңсірігі үгітіле домбыққан, жанары ащы екен. Жігіттің мінездісін емес, шарқаясын көріп тұрғандай жатырқай бас изесті. Жеті атасынан бері бекзаттық арылмаған джентльмен кісімситінін қайтерсің. Сұқ саусақтың ымқыруында қылқиған шұңғыл қасықпен салаттың іргесінен қопара көсіп, туған күн иесіне жем тастап отыр. Жақтырмай отырғанымен ісі жоқ, бұған да мырзалық танытты. Артынша отырғандарға жағалай коняк құйып, қырлы рюмканың бірін өзі де шымши қысып, қуаныш иесіне қараған. Құрбысы да лып етіп орнынан тұрды. Биылғы туған күніне жаратушысы ерекше сыйлық жібергенін тебірене баяндай келіп «қыздар, бәріңе де Құлекең екеуіміздің бақытымыз жұғысты болсын!» деп сол тұрған бойда рюмканы қотара салды. Көңіл ауанына қарай келісті-келіссіз бас қосып, шер тарқатысар отырыстарда әркім өз мұңына бүркіп-бүркіп жіберетін заһар суды бұл жолы да ұзақ мөлиткен жоқ... Кеңірдекте лап еткен отты дауыл төмен қарай жүйткіп берді. Сосын маңдайы жіпсіп сала берген. Бірақ басы көңілді дырдумен басталып, аяғы жылап-сықтауға ұласатын, әрбірден соң қайдағы бір жұректі қозғар әуенді ыңылдап жатып қалғып кететін әдепкі кептің құйрығын шұбалтуға бұл жолы көңіл шаппады. Киініп сыртқа шыққан...


 


 

ПІКІР


 

 

 


 

Абай Қалшабек, әдебиетші: «Алтын мен күміс қайда?»


 

аБАЙ қАЛШАБЕК

Шығарманың тақырыбы - «Құлазу». Ахмет Байтұрсынов: «Шығарма не жайында болса, шығарманың тақырыбы сол болады» дейді. Расында, шығармада белгісіз бір әйел затының жан дүниесіндегі құлазу суреттелген. «Шықса кіргісі жоқ, кетсе қайрылғысы жоқ, қайрылмасқа бекінгенде бет көрісері және кем...» немесе «адам болам деп келгенде, кісікиікке айналдырған. Алматының түнінен басқа мұң шағар ешкімі де жоқ екен-ау». Бұл шығармадағы сол құлазыған жанның ішкі әлемі «суреттелген» сәттер. Қаншалықты сәтті суреттер?! Ол басқа әңгіме... Шығармада өмір жолын таппай, «өмірдің өтіп бара жатқанын он екі айда бір еске салып қоятын әдеті» бар, еркектің «жылда біреуімен табысып, есі шығып отыратын» кейіпкердің «қырт өмірдің қиқымындай тағдырын әр жыртыққа бір өлшеумен күн оздырып жүрген құрбысын аяйтыны» күмән тудырады. Мүмкін шынымен де аяйтын шығар?! Қайдам-ай, қайдам? Авторын білмей, шығарманы бірер рет оқи салып, тұшымды пікір айта салу- «шәлкем шалыс дүниелерден дүр». «Әңгіме жазуға шамам келмей, амалсыз роман жазып отырмын» деген сөзде шындық жатыр. Қысқа-нұсқалап жазу - шын таланттың ісі. «Құлазудан» тұяғы тас уатқан қарагердің шабысын байқай алмадым. Шығарманың тақырыбы - ауыр тақырып. Тақырыбы - «Құлазу». Автор өмірдің не үшін берілгенін ұқпай, сандалған жанның ішкі күйзелісін беруге талпынған сияқты. Асқар Сүлейменов: «Шын режиссура - жүрек сияқты. Соққаны білінбейді» дейді. Шын жазушылық та солай. Жігі білінбейді. Ой мен оқиға, форма мен идея қабысып жатады. Мына шығармадан оны көре алмадым. Қара өлеңде «іші-алтын өлеңімнің сырты-күміс» деген жолдар бар. Іші-алтын. Демек әу бастан біз үшін мағына формадан жоғары болды. Сыртын күміске теңеп отырғаны да сол. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады. Түйін мынау: Алтын мен күміс қайда?

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар