Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Нұрлан Қабдайұлы: Сөзбен ойнағым келіп тұрады...

11.09.2017 5536

Нұрлан Қабдайұлы: Сөзбен ойнағым келіп тұрады

Нұрлан Қабдайұлы: Сөзбен ойнағым келіп тұрады - adebiportal.kz

Жазушы Нұрлан Қабдайұлымен әдебиет, проза төңірегінде аз-кем әңгімелестік. Осы сұхбатта Нұрланның болашақта үлкен шығармаларды жазуға қабілеті жететініне көзім жетті. Әр сөзінен өзінің мінезі айқын көрініп тұрады. Жасандылықтан ада. Не айтса да, ойын қаз-қалпында жеткізгісі келеді...

- Қазіргі қазақ прозасы туралы сөз қозғағанда, алдымен еске түсетін авторлардың қатарындасыз. Соған қарамастан өте аз жазасыз, әлде жазылған шығармаларыңыз ішкі цензураңыздан өтпей жатыр ма?

- Өйтетіні, тұрғыластарым жазарын жазып, кітап шығарып жатқанда, мен бірде Аймауытов, бірде Мағауин болып мақалалатып жүргем ғой. Және бір қызығы – сол арсы-гүрсілерім ата басылым «Қазақ әдебиетінің» бірінші бетінен бастап шыққан жоқ па. Содан кейін «тойынбай» көр. Сөйтіп проза дейтін ғажаптың дәмін әбден отызға таяғанда таттым... Ал енді тапқан, пісірген тақырыбы ішкі цензурадан өтпей қалыпты дейтін нәрсе мен және менің замандастарымның сылтауы ғана. Әйтпесе Кафканың үйінде жорғалаған қоңыз біздікінде жоқ дейсіз бе? Мағауиннің ауласындағы құмырысқа көші біздің бақта болмады дейсіз бе? Біздің кей жігіттер (мен әлгі Соқпақбаевтың сәтсіз клондарын айтып отырғам жоқ) өздерін, Құдайекең санасына тамызған құнды идеяны аямайды. Айталық, Өміш, менің аға досым Өміржан Әбдіхалықұлы пәлен жылдан кейін қағазға түсірейін деп тұрған «Құдайдан» бұрын ұсақ-түйек бірнеше нәрсемен қан қыздыру керек еді ғой. Ана Ғайса досым, Мақсат Мәлікті айтам, «Барсикті», стадионда екі-үш айналып жүгіріп келіп жазуы керек еді... «Құдай» да, «Барсик» те жақсы бағаланды. Және тиісті бағасы. Бірақ... дейсің ғой, өзің жаза алмаған соң. Айтпақшы, сұрақ менің неге аз жазатыным туралы еді ғой. Біріншіден – идея тапшы. Екіншіден – уақыт жоқ, үшіншіден – сылтау деген бастан асады.

- Осы жылы «Екі-үшеудің күйбеңі» деген әңгімеңіз жарық көріп, оқырман тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Әңгіменің негізгі ырғағында кейіпкерлердің характерін жалаңаштап, ішкі ой-иірімдеріне дейін ашық көрсетесіз. Бұндай реалистік бағыттағы (интимдік) прозаны орыс әдебиетінде Лев Толстойдан бастап, Максим Горькийге дейін жиі қолданды ғой. Ги де Мопассанның шығармашылық бағытын айтпасам да түсініп отырсыз. Хәкім Абай айтпақшы, онсыз да осы заманда «қай қызығы татиды аптығарға», - деп ақылсынып жүрген қауымға мораль айта бермей, оқтын-оқтын тән қалауын әшкерелеуден тайсалмайтын батыл шығармалар жазып тұру керек шығар?

- Мораль соғуға, құдай-ау, кім құмар емес. Бірақ қазіргі «ақылды қауым» оныңды күлкіге айналдырса ше? Сенен ақылды болып шықса ше? Жасыратын несі бар, қазақтың тап қазіргі әдебиетімен адамзат санасына моральдық төңкеріс жасаймын деу жындының сандырағы. Оның жанында тән қалауы деген өзің де, өзгелер де бастан кешіп жатқан, тек олардың сен секілді, кісінің өзінде барды өзіне тәпсірлеп отыруға уақыты болмай жүрген тегін ермек қой. Жалпы өзі «өмір деген жақсы келіп, жақсы кету» деген тәмсіл менің миыма қонбайды.

- Гюстав Флобер «Бовари ханымның» өмірі арқылы күллі Еуропа әйелдерінің нәзік те, өршіл болмысын кескіндеп кетті ғой. Немесе бір әйелдің тағдыры арқылы бір ғасырдың тарихын көз алдымызға тізіп берді. Сіздің әңгімеңіздегі басты кейіпкер Шараның да болмыс-бітімі жасандылықтан ада шықты деп есептеймін. Уақытқа бағынады. Өз басына жетерлік жақсылығы да, жамандығы да бар. Тіпті соның өмірі арқылы бүтін қоғамның қажеттілігін анықтауға болады. Прозадағы осы бағытты дамытып, індетіп жазса, үлкен сұранысты өтеуге болатын сияқты?

- Ал енді осы сұрағыңды талдап көрейік. Біріншіден – Бовари ханым өршіл емес еді, еркек жарықтықты жақсы көретін... Оның жанында Мопассанның Томпышы ізгі жан. Екіншіден – тап сол бір әйелдің тағдырын бір ғасырдың тағдыры деп көрсету деген... тым «банальный наивность». Үшіншіден – Шара деген оңбаған әйел ғой... Бүтін қоғамды бір Шараның «қауызына» сиғызып жіберерде, Бағлан баурым, өз әулетіңдегі өзің ардақ тұтатын ерлер мен әйелдерді ойлап, тізгінді тарта қойғаның абзал... Төртіншіден – осы бағытты індете жазу арқылы сұраныс өтеу дегеніңді түсініңкіремей тұрмын.

- Атақты жазушы Уильям Фолкнер бір сұхбатында: «Адамдар алдымен өлең жазуға талпыныс жасап көреді, сосын жаза алмайтынын түсінеді. Содан кейін қиындығы тұрғысынан поэзиядан кейін екінші орында тұрған әңгіме жанрына қалам тербейді. Осы жанрдан жеңіліс тапқаннан кейін, романдар жаза бастайды» - деп шорт кеседі. Ал ұлы Гете Эккерманға бір сөзінде: «Проза жазу үшін айтатын бірдеңең болу керек, ал енді айтатын ештеңесі жоқ кісі өлең мен ұйқасқа ұмтылады, бір сөз артынан бір сөзді сүйрелеп, ақыр аяғында, расында ештеңесі жоқ болса да, әлденеге ұқсайтын бірдеңе шығады» - дейді. Салыстырмалы түрде қай жанрды алға шығарасыз? Өлең жазуға талпынып көрмедіңіз бе?

- Фолкнердің «...әңгіме жаза алмаған соң романға көшеді» дегені, сал айдап судан өтіп алған адамның, арттағы тал қармағандарға қарап ыржалақтағаны секілді-ау. Әйтпесе әңгімені қатыра алмаған жазарманның күйіктен роман жазып кеткенін көрмеппін. Сол секілді Гетенің де прозада айтатын ештеңесі жоқ болғасын сөз артынан сөз сүйреп, ұйқас қуып кетеді дейтіні – «әдебиетте қалуды қатты армандаған Тоқтарәлі байғұстың өлең жазудан басқа амалы жоқ еді» дегенмен бірдей ғой... (Жымиды).

Өзім Алматыға келген он сегіз жасымда тақпақ жазғам ғой. Сосын онымды «Қазақ әдебиетіне» алып бардым. Есімде, Әмірхан аға Балқыбек, Думан Рамазан ағаларым отыр екен. Тор көз дәптерге жазған әлгі шатпақтарымды ұсынбаймын ба. Сонда Әмірхан аға: «Сендей кезімізде «Қазақ әдебиетіне» өлең әкелмек тұрмақ, одақтың маңынан жүре алмас едік...», - деп бипаздап қана бетімді қайтарды. Мен болсам әлгі тақпақсымақтарын умаждап қолына ұстатып, дәретхананың жолын көрсетіп жіберер ме едім. Әмірхан ағаның рухы пейіште шалқысын!

- Оноре де Бальзак, Лев Толстой, Эрнест Хемингуэй сияқты классик жазушылардың шығармалары басталған сәттен-ақ мәселеге төтесінен көшіп, айтар ойдың емеурінін танытады. Тіпті шығарманың ортасында әңгіменің желісін өзгертіп, кейіпкердің характерімен тосын идеяларды ұсынады. Әр жағы не болары – жұмбақ. Үздік шығармаларды оқыған кезде өзіміздің осалдығымызды байқайтын сәттер жиі кездесе ме?

- Сен жиі деп жұмсартып айтады екенсің. Мен күнде сөйтем ғой. Бұл қиялдың тапшылығы. Біз көшенің жабайы тілімен айтқанда қағаздың бетінде «қуа алмаймыз» ғой.

- Көп оқисыз ба, әлде көп жазасыз ба?

- Үздіксіз оқуға тырысам. Осы арада әлдебір авторларды тізіп айтып жатсам, Бағдәулеттің Әсиясы күлетін шығар, мынауың жаңа туған ба деп. Әйтпесе өзім үшін күнде бір америка ашатыным рас. Ал аз жазу потенциалдық еншім. Негізі оқыған он кітаптың ақысына алақандай ғана бір әңгіме жазған адамға түсінікпен қарау керек шығар?

- Шығармашылықпен айналысар алдында қандай күй кешесіз?

- Тап бір ғасыр шығармасын тудырар адамша тоңқылдап, бәйбішеме ұрыса бастаймын, баяғыда-ақ сөйтер едім... сендер болмағанда деп. Өйткені ішімде бірдеңе пісіп тұр ғой. Сосын ас үйде, ыдыс-аяқтың арасында отырып жазуға кірісем. Шамның жарығымен жазам. Әйтпесе жарық ұлғайып, айналам кеңіген сайын, ойым қашқақтай береді. Ол жарықтық та шамның жарығына үймелейтін болса керек. Қолмен жазам. Оның өз ләззаты бар. Жүгіріп барып, дүкеннен ала салатын оқушы қаламымен жаза алмаймын. 2009 жылы туысқаным – Мирас Мұқашпен бірге пәтер жалдап тұрған кезде сатып алған қаламым бар. Сиясын Астана вокзалындағы бір дүңгіршектен алып тұрам. Бір сюжетті, ол тіпті үш-ақ сөйлемнен тұрса да, бір күн жазам. Екіншісін екінші күні. Баста пісіп тұр екен деп бүтін әңгімені қағазға қотара салу әдетімде жоқ. Жазылып болып, компьютерге теріліп, редакцияға жолданып кеткен соң да жанталасып үтіктеп-сүргілеп жатам.

- Қазақ прозасы қай бағытта жетілгенін қалар едіңіз?

- Қазақ прозасы қазақтан басқалар да жалықпай оқитын бағытта жетілгені дұрыс. Қожалар мен Жантастардың киімі мен гримін ауыстырып, көшіре беруді қою керек. Қазіргі заман адамының психологиясы сол ғылымның өзі ауыздықтай алмастай асқынып тұр. Сол халді аршу керек. Ал өз басым махаббат туралы жазғым келеді. Қазіргі һәм біздің алдымыздағы буында прозада мөлдіретіп махаббатты жазған біреуді білесіз бе?

- Сіздің санаулы шығармаларыңызды оқып отырып, уақыт өткен сайын жетіліп, жаңарып отыратыныңызды анық байқадым. Соған қарағанда әлемдік әдебиетті жиі ақтарып, санасып отыратын сияқтысыз?

- Біздің кей ағаларымыз «әлемдік әдебиет жасау неңді алған, алдымен қазақтікін қатырып ал», - деп жатады. «Орысты жек көрем», - деп орыстың ұлы әдебиетін қоса мансұқтап отыратын, одан да сорақысы «мен қазақ әдебиетін ғана оқимын», - деп ағынан жарылатын ағалар бар. Мен айтар едім, шамаң жетсе әлемдік әдеби биікіке қол созып көресің. Шамаң жетпесе, сол баяғыңша көңге аунап, қойыңды құрттап отырасың деп.

- Сөз қолданысыңыздағы өзіндік теңеу, тың тіркестеріңіз бар екені жасырын емес. Мысалы, ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынасты «иіп-бүгіп алатынына күмәні жоқ еді» - деп қолданасыз. Мұндай тапқырлыққа тілдік қордың байлығымен қоса, нысанаға дөп тиетін логика керек қой?

- Не тілі, не фантазиясы, не логикасы, не оқуы жоқ жазушы – ол сонда қандай жазушы? Сөзбен ойнағым келіп тұрады. Онымды біреулер баттасқан бірдеңе деп сөгіп жатады. Сонда көркемдік әуезден жұрдай, бәйбішем екеуміздің ас үйдегі абың-күбіңімізге ұқсас диалогтар ма менің заманымның прозасы?

- Сіздің көп әңгімелеріңіз аяқсыз қалғандай әсер береді?

- Өңкей бір пессимист кейіпкерлердің болбыр тіршілігін монотонды жазып отыратындықтан ба, аяғына келгенде өзімнің де ішім пысып кетеді. Сосын шорт үзе салам. Шыным сол. Басқа еш құпиясы жоқ.

- «Кішкентай трагедия» деген әңгімеңізді талдап, аздап сын айтқандай болғанбыз. Негізі жақсы әңгіме. Жан мен тәннің қарама-қайшылығы – мәңгілік тақырып. Өйткені біз жаратылысымыздан ішіп-жеуге құмармыз. Лев Толстойдың бір кейіпкері: «Біз тамақ ішкенде үлкен ләззатқа батамыз» - дейтін еді ғой. Негізі осыған ұқсас әңгімелер көп. Студент кезімде Мұхтар Мағауиннің «Травеннің әңгімесі» деген әңгімесін оқығаннан кейін, соның әсерімен асханадан тауық сатып алып жегенім бар. Сынды кім жақсы көрер дейсіз, бірақ біздің пікірімізді қалай қабылдадыңыз?

- Жақсы қабылдадым. Жазуды тұрғыластарымнан кеш бастаған соң ба, мені біреу айтса екен деп өлеуреп тұратын едім. Қазір де салиқалы бола қалғаным шамалы. Дегенмен шарқая емеспін. Мақтаса балаша қуанам. Сол жаңағы сыныңның бас жағында сөйтіп ең ғой? Ал мінімді айтса... «Бағашар айта береді, әңгіме жазыла береді» дейтін бір сайтани «әуез» бас көтере бастапты, ішімде.

- Қаламгерлерге қаламақы төлеу мәселесі жаңарып, қайта қаралып жатыр. Мемлекет тарапынан не күтесіз?

- Том-том жазып жатқандар бірдеңеден күтетін шығар, ал өзім сияқты еріншектер ештеңе дәметпейтін болуы керек, содан.

- Болашақта «Мемлекеттік сыйлықтың» иегері боламын, - деп ойлайсыз ба?

- Алпысында «Нобель» алып, оның ақшасына велесебет сатып алатын «ұлы» арман маған жолдас емес.

- Егер сіз әдебиет сыншысы болсаңыз, қай бағытпен жазар едіңіз?

- Менде сыншылық мәдениет жоқ. Не ақты, не бірыңғай қараны ғана көрем. Көбіне қара жағын. Сондықтан сыншылық туралы ойлау үшін тым өркөкірек, нақұрыс болуым керек шығар. Айтпақшы, тап осы «Әдебиет порталының» бастамасымен авторы жұмбақ жазушының шығармасына сын айту, бір кезде маған да бұйырған. Сөйтіп Қанат Әбілқайыр бауырымды өкпелетіп алып ем. Осы мүмкіндікті пайдаланып сол бауырымнан кешірім сұраймын!

- Тоқтарәлі Таңжарыққа қандай кітап оқуға кеңес бересіз?

- Тоқаш сол Өмішті (Өміржан Әбдіхалықұлын) көбірек оқығаны дұрыс қой.

Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар