Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нұрлан ҚАЛҚА, ақын: «Алғашқы махабатыммен 13 жылда...

10.10.2016 3929

Нұрлан ҚАЛҚА, ақын: «Алғашқы махабатыммен 13 жылдан кейін кездесіп үйлендік»

Нұрлан ҚАЛҚА, ақын: «Алғашқы махабатыммен 13 жылдан кейін кездесіп үйлендік» - adebiportal.kz



Менің балалық махаббатым сонау мектеп жасында басталды. Бір сыныпта оқымасақ та бір мектепте оқып, қатарлас сыныпта білім алған әрі көршім Құралайды ұнаттым. Балалық таза сезім, адалдыққа іңкәрлік шағым еді-ау. Сондықтан болар оны күн сайын көріп жүрсем де сезімімді білдіре алмадым. Сөйтіп жүргенде оның отбасы Алматы облысы Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылынан Талдықорған облысындағы Қаспан ауылына көшіп кетті. Ішке булыққан сезімімді білдіре алмай жүргенде оның менен алыстап кеткені жаныма аяздай батты. Өзегімде тым болмаса оны жақсы көретінімді айтып та үлгермеппін-ау деген өкініш қалды. Дегенмен, онымен әйтеуір бір кездесермін деген үмітпен жүргенде зулап он үш жыл да өте шығыпты.


нурлан калка.jpg


Мектепті аяқтап Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде бесінші курста оқып жүрген кезім. Әрі «Жас Алаш» газетінде тілші болып жұмыс істеймін. Қарбалас тірліктен қол босап, демалыс күні ауылға жол тарттым. Ата-анамды көріп, көзайым болып, ертесіне Алматыға қайту үшін жол бойында тұрсам, Бақытгүл әпкемнің сыныптасы Ерболат ағамыз көлігімен кетіп бара жатыр екен. Жолымыз бір болғасын ала кетейін деп шешті. Жол болды деген осы шығар. Ол Құралайдың ағайын туысы болып келетін. Мүмкіндікті пайдаланып «жол қысқарсын әңгіме айта отырайық» деген соң, Құралайды сұрастыра бастадым. Мінезі ашық-жарқын Ерболат ағамыз Құралайдың өзінің балдызымен бірге жұмыс істейтінін айтып қалды. Ананы-мынаны сөз ете отырып, Құралайдың телефон нөмірін біліп алдым. Ал содан Алматыға аптығып келіп, дереу Құралайға телефон шалдым. Тұтқаның арғы жағынан «Алло, бұл кім?» деген қыздың дауысы шықты. Мен «Нұрланмын» дедім. «Ой, Нұрлан, жағдайың қалай, ауылдан қашан келдің?» деп сұрап жатыр. Құралай мені бірден таныған екен ғой деп «келгенім осы» деп ақтарылып жатырмын. «Сен екі-үш күннен кейін келемін деп едің ғой. Неге ерте келдің?! Әйтеуір, тыныштық болар» деп қыз аң-таң болғанын байқатты. Соны сезгендей бір кезде ол «Сен өзі қай Нұрлансың, кімге хабарласып тұрсың?» деп сұрай бастады. Мен аты-жөнімді тағы да қайталап, Құралайды іздегенімді айттым. Сонда барып әлгі қыз күліп жіберді де «қазір тұтқаны Құралайға беремін» деді. Сөйтсем, оның да сөйлесіп жүрген жігітінің есімі Нұрлан екен. Не керек, әйтеуір, көп жыл бойы іздеген аруыммен тілдестім-ау. Алғашқыда мені қайдан таптың деп таңданысын жасыра алмады. Осылайша біраз уақыт сөйлесіп жүріп, кездесуге бел байладық. Базардан гүл сатып алдым да сыныптасымның жұмысына қарай аяңдадым. Құралай өзгеріп кетті ме екен, оны танымай қалып жүрмейін деп іштей уайымдап келем. Айтылған кабинетке кірдім. Бөлмеде орта жастағы әйел мен жап-жас екі қыз отыр екен. Барлығымен амандасып болған соң қолымдағы гүлімді көңілім қалаған қызға ұсындым. Ол әрине менің болашақ жарым Құралай болатын. Алғашқы махаббатымды осылайша он үш жылдан кейін қайта кезіктіріп, үш айдан кейін отау құрдық.


Студент кезімде сүйгеніме арнап біраз өлеңдер жазып жүрдім. Солардың ең алғашқысынан үзінді келтірейін:


Ой мазалап қабағым құрыстанды,

Сабақ қалды жайына жұмыс қалды,

Достар шарап алғанда сыра құйған,

Мен көтердім сен үшін хрустальды,- деп басталатын «Сен үшін» атты өлеңім.


Кейін де оған біраз жырларымды арқау еттім. Той-жиын, отырыста ел өлең оқы деп қолқа салғанда «Сен үшінді» жиі оқимын. Сонда жан жарым Құралай Бекенқызы «бұл маған арналған өлең» деп бір марқайып қалатыны бар. Шығармашылықтың адамы болғасын махаббат лирикасына қалам тербейсің, оның ішінде түрлі кейіпкерлер кездесіп жатады. Әріптестерімнен кейде «әйелім пәлен өлеңімді оқығанда қызғаныштан жыртып тастады немесе ренжіп қалды» дегенді құлағым шалып қалады. Менің бір қуанатыным, әйелім ондай қасиеттен аулақ. Журналистің, ақынның жан дүниесін түсіне білетіні үшін оған ризамын. Осы сыйластықтың, түсіністіктің, махабаттың арқасында шаңырағымыз шайқалмай екі қыз, бір ұлды өсіріп отырмыз.


Қазақта «келін ененің топырағынан» деген сөз бар ғой. Мен кейде Құралайға қарап «сен енеңнің емес, қайын атаңның топырағынан жаралғансың» деп күлемін. Олай дейтінім, әкем өте шыншыл, ойын жасырмай ашық айтатын адам. Әйелім де сол секілді ашық мінезді, турашыл жан. Отбасы болғасын басымыздан біраз қиындықтар да, қуаныш та өтті. Ең бастысы, өмірдің сынағының барлығынан екеуміз қол ұстасып сүрінбей өтіп келеміз.


«Рейтинг» газеті, №5, 11 ақпан 2016 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар