Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нұрзия Әбдікәрімқызы: "Осылар-ақ жылап жүреді екен...

20.08.2015 2928

Нұрзия Әбдікәрімқызы: "Осылар-ақ жылап жүреді екен..."

Нұрзия Әбдікәрімқызы: "Осылар-ақ жылап жүреді екен..." - adebiportal.kz




«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға  жақсы жырларымен көрініп жүрген ақын  Айбол Исламғалиевтың "Шынымен күлген бе Джоконда?!" атты өлеңдер топтамасын  филология ғылымының кандидаты Нұрзия Әбдікәрімқызына ұсынған едік. Әркімнің өз пікірі бар. Оқыңыз.


www.adebiportal.kz





10690251_770628303017860_4705231317136702460_n.jpg

Ұсынылған авторсыз өлеңді шолып шықтым... 


«Талғам деген эстетикалық ар-ұят» деген екен Т.Әсемқұлов. Ендеше сол ар-ұят былай деді:


Жыр жазуға қақың жоқ жылап жүріп...



Көретінім бір түс, ана,

Жүретінім бір көше,

Мен өмірдің бола алмадым мазағы.

Қайырымсыз уақыт тағы тілдесе,

Ол – ақынның азабы.


Осындай да орашолақ жолдар бола ма? «Мен өмірдің бола алмадым мазағы» - тіптен де жақсы. Адам өмірге мазақ болу үшін келе ме? «Қайырымсыз уақыт тағы тілдесе» - уақыт қайырымсыз деп кім айтты саған? Уақыт бәріне де емші, ол қайырымды; ал ақын осыдан болып азаптанып жатқанын көрген емеспін.


«Әйтпесе, Ана,

Анау көкті жылатқан да,

Мынау түнді жұбатқан да – мен емес» немесе

«Аяулым-ау,
Күн жыласа, -
жыр саған,
Түн жыласа, -
жыр саған...» күнді де жылатып, түнді де жылатып, оны бір қызға жыр етіп ұсына салатын қандай құдырет бұл?!


Ары қарай оқыңыз:

«Мейірімсіз пендерлердің көзінде

жасырдым ғой,

жасырдым ғой мен сені,

Ана!»

«Соның үшін көктен жеткен әр үнді
Көбелектің жүрегіне жасырғам» - қайдағы бір дүниелерді қайдағы бір ойға кіріп шықпайтын жерге жасырады екен? Мұнысы несі?


«Есірік күй еңсемді езгілесе, Өршіленіп өрлеуіт бел толқиды» - о заманда бұ заман, белдің толқығаны қалай? Мына ақын М.Жұмабаевтың «Толқыннан толқын туады...» деген өлеңін тіпті білмейді-ау?!


Ал мына бір жолдарда:

«...алжыған ақыл мен өртенген тақсірет 
жазаның бетіне тік келіп,

жылайды...» 

Осылар-ақ жылап жүреді екен. Одан да халыққа ақыл айтып, қазіргі қоғамдағы былық пен шылықты әшкерілемей ме? Осылай жалғастыра беруге болады. Қой, мұндай жыры құрысын. Аулық жүрсін өлең деген қасиетті ауылдан. Жылап жүріп жыр жазу сенің теңің бе? Онсыз да қоғам күрсініп, жылап тұр. Тіпті олар «Өмір деген - Ида, сондай күпті ілім.
Жапырақтар жылап жатқан бақтарда,
Уақыттың тоқтағанын күтті кім?..» деп ақылгөйсігісі келеді. Тоқ етері, «өзіңді-өзің уата алмай жүріп, жыр жазуға қандай қақың бар» деп үлкен қара нүктені баттитып қоя салуға болады.

Әдебиет оқырманды тәрбиелеуге, танымдық көкжиегін кеңейтуге және эстетикалық талғам қалыптастыруға қызмет етеді деген сары тап болған түсінік бар. Қазіргі жас ақындардың өлеңдері біздің осы түсінігіміздің үдесінен шықпағандықтан, қазір қазақ поэзиясы ырғағынан жаңылды, тілі мүкіс, қума ақындар қаптады деп, жоғарыдағы жолдарды дәл мен қабылдағандай қабылдаймыз. Және де қазір екінің бірі ақын болып өлең жазғысы келеді. Бұл кеңес заманадағыдай цензураның жоқтығынан емес, адамның ойлау және сезіну жүйесі бір сыдырғы сызықтыққа көнбейтін (яғни, ұрандатып адамды тәрбиелеуге болмайтындығын) ашық жүйе ретінде (толып жатқан ішкі және сыртқы факторларға тәуелді және қабылдаушы әрі беруші) көрініс табатын күрделі динамикалық жүйелердің жиынтығы болып табылатындығына байланысты. Мәселені неміс физигі Г. Хакеннің ғылымға енгізген синергетика (гр.: өзара әрекеттестік энергиясы) теориясының тұрғысынан қарастырсақ, түсініктірек болмақ. Бұл басқа тақырыптағы әңгіме екенін ескере келе, біздің айтпағымыз, қазіргі қазақ поэзиясы өзін-өзі ұйымдастыру үдерісін бастан кешіріп жатыр, сондықтан бойында талантым бар деп өнер айдынына келген әрбір ақынның кеудесінен итеруге ешкімнің қақысы жоқ. Абай да «Өлеңге әркімнің де бар таласы» дегенде осы мәселені айтқан. 


Заманауи поэзияда «көңіл-күй поэзиясы» деген бағыт бар, жорта қарағанда, ешқандай мән-мағынасы жоқ, ешқандай қоғамдық әлде философиялық астары жоқ, жекебасылық қайғы-мұң сияқты. Мысалы, біз талдап отырған өлеңде мынадай жолдар бар:


Күлгеннің бәрі қолымнан сүйреп,
Күндерге тіреп ақырғы.
Жанымды әр сәт торыған күй боп,
Түнекке сосын батырды...

Алайда, жеке адамның қайғы мұңына соц. реализммен тәрбиеленген біздің рухымыз, қоғамымыз қаншалықты құлақ асады деген сұрақ туындайды. Үлкенге ұрынбай-ақ, кеңестік адамның бет-бейнесі қандай болуы керек екендігін дәрінің дайын рецептісіндей көрсетіп отыратын заманда жазылған «Терезенің жақтауына ойып жаздым атыңды» деген әйгілі әнді айтуға тыйым салынып, арнайы қаулы шығарылған сол бір жылдарда әдебиеттің осы үш мәнінің (тәрбиелік, танымдық, эстетикалық) айбыны асқақтап-ақ тұр еді; әсіресе тәрбиелілік мәні басым болды. Онда неге оқушылар өлеңді тура мағынасында қабылдады? Қоғамдық заттарды бүлдіріп, өздерінің бір сәттік мұңын терезеге жазды? Себебі, коммунист идеология халықты өздерінің жазып-сызып қойған таптық, қоғамдық, партиялық, халықтық (тіпті ұлы орыс тілдік) т.б. идеясымен бұғаулағаныменен, өнер арқылы тәрбиелеу деген кейбір мағынасында кемшін екендігін көрсетті. Ендеше нендей қателік кетті? Біздің ойымызша, бұл грек ойшылдарынан бастау алатын гедонизмді натуралистілігі және адамды тарихтан тыс танитындығы үшін, сонымен бірге адамзат мінез-құлқының мотивтері мен қозғаушы күшін өте қарапайымдылықпен талдайтындығы үшін сынға алған марксизмнің үлкен бір қателігінің кесірі еді. Осының салдарынан өнер туындылары адамды ішкі мотивациясына қозғау салатын өзіндік көңіл-күй шаттығынан ажыратып жіберді де «бір қалыппен ойлап», «қоғаммен бірге қадам басатын» реалист, яғни қоғамдағы сыңаржақ идеяны ұлықтайтын өзеуреген, даңғаза өнер пайда болды; шығармашыл адамның жекебасылық қуаныш-қайғысын танытатын туындылар қоғамдық үндеудің астында құмығып қалды.


Ал қазіргі кезде постмодернизм өкілдерінің басты ұстанымдарының бірі болып табылатын «өнер туындысы деген шындық өмірді бейнелеу емес, әрбір ақын-жазушы өзінің идеалына айналған шындықтың моделін ғана ұсыну» деген таным-түсінік шығармашыл адамдардың табиғи тынысын ашу мүмкіндігін ұсынып отыр. Осы тұрғыдан келгенде,


Білемін, 
көп қабат қораптар - не түрлі 
үміт пен үрейдің мүрдесін көтерген

санасыз қалпында.
Ондағы сауатсыз таңба мен жазулар қашалған жарлар да
Александриялық пақырдың ең ескі иероглифтері секілді 
xайуанға сенуге шақырған
шартында... деген жолдар қала концептісіне келгенімен, дәстүрлі өлеңдердегідей, ондағы зәулім, бой түзеген әсем үйлер мен түзу көшелердің мақтауын асырған әдемі суреттеулер атымен жоқ, «қораптар», «санасыз», «сауатсыз таңба», «қашалған жарлар», «түсініксіз жазудың иректелген жолдары», шулы қаланың «хайуанға табынуы» сияқты қым-қуат бейне берілген – бұл осы автор ұсынып отырған шындықтың моделі.

Әрбір ақынның өзіндік қолтаңбасы бар деген мәселе, негізінен, шығармашының стильдік шеберлігіне баса назар аударудан келіп шыққан, ал қазіргі «стильсіз» жазылатын ақындарды оқырман қалай таниды? Интеллектуальдық поэзияның образдар мен салыстырулар, символикалық бейнелер мен ой қорытулар, дәстүрлі немесе дайын дәйексөздердің қолданылуы, қарапайым түсініктердің кодталуы және т.б. әдіс-тәсіл, қолданыстардың өзара үйлесімділігінен тұтас бір көркем жүйені елестете алу мүмкіндігі болған жағдайда ғана оқырманды өзіне тарта алуға мүмкіндігі бар. Ұсынылып отырған өлең авторы да осы мәселеде өзіндік талпыныс жасаған, алайда тым шашыраңқы, бірді бастап, екіншісіне кеткендей әсер қалдырады. Айталық, алғашқы өлең ақынның анасына мұңын шағуымен басталады; мұндағы «ана» ұғымы әрбіріміздің биологиялық шешеміз емес, қасиетті ұғым деңгейіне көтерілген бейне деуге болады, сондықтан да: «Көретінім бір түс, ана, Жүретінім бір көше» – шеңберден айналшықтап шыға алмаған; «Ай күледі саусақтарын шошайтып» – өзін-өзі келеке еткен; «Анау көкті жылатқан да, Мынау түнді жұбатқан да – мен емес» - дәрменсіздік һәм қасиетті сезім алдында ақталған ақынның ішкі күйзелісі; ол Қалай қосам үмітімді төзімге,


Қайдан табам,

Қайдан табам еңсені? – деп шарқ ұрады да, ізінше:

Мейірімсіз пендерлердің көзінде

жасырдым ғой,

жасырдым ғой мен сені,

Ана! – деп күтпеген жерден пафостық байлам жасайды. Қасиетті деп есептегеннің бәрі қатыгездік пен мейрімсіздікке жұтылып бара жатса да, оны құтқаруды өз ішіндегі сенімнен табады.


Келесі бір өлең «Ида» деп аталады.


Қайғыруды ұмытқан, гүл алуды білмеген,
Ида, сенің көзіңде өмірді ойлап тұрды өлең. – 2015 жылы Оскар сыйлығын алған осы аттас фильмнің басты кейіпкері Анна, яғни Ида Лебенштейннің қасіретті тағдырынан бастау алады. «Сен де аспан қызғанған айналарсың жұлдызға» - әрине, әркімнің де жұлдызы жануға болады, дегенмен, «Мен де солай елеусіз естелікпен бірге өлем» - деген жолдарда ақын өзін елеусіз, қарапайым бейне ретінде көрсеткісі келгенімен, сәтсіз шыққан. Бағанағы қасиетін мейірімсіз пенделердің жанарынан жұлып алатын жалын қайда кеткен деген ой келеді.

О, Ұлығым,
Қайтар енді жанымды,
Ақ гүлдерге орап бер де шашылған...
Соның үшін көктен жеткен әр үнді
Көбелектің жүрегіне жасырғам. – тағы да жасыру. Енді көбелектің жүрегіне жасырылған үн жүр. Соңғы екі жолын қабылдағанымызбен (логикалық тұрғыдан мүмкін емес болғанымен, өлеңді жазған индвидтің көңіл-күйі әлеміндегі шындық ретінде), бастапқы жолдар кімге қаратыла, кімге өктемсіп (Қайтар енді жанымды...) тұрғаны түсініксіз. Біздің қабылдауымыздағы ата-анасын өлтіргендерді де кешіріп, шіркеуге ың-шыңсыз қайта оралған Идадан мұндай мінез шығар ма?!

Ары қарай оқыңыз: 
Іңкәрлікті сезіне алар шақ бар ма?
Өмір деген - Ида, сондай күпті ілім.
Жапырақтар жылап жатқан бақтарда,
Уақыттың тоқтағанын күтті кім?

Постмодернизм шығармаларында суреткер белгілі бір ойларын жасырған оқиғалар желісін ұсына алады: жоғарыдағы өлеңде ақын Ида арқылы тағдыры адастырған өмірді, ол жолдағы қайғы мен қасіретті айтқысы келгенімен, Иданы Ида еткен гуманизм көрінбейді. Ал жаңашыл ақындардың өзінікін өзгенікіне сабақтастыра білу шеберлігі бойынша сараласақ, «Өмір деген - Ида, сондай күпті ілім» деп, онсыз да қайғы-мұңға батқан жолдарды одан әрі жанши түседі. Біздің ойымызша, Төлеген Айбергеновтің «Өмір деген пәк жаралған махаббат» деген жолын «ебін тауып» қыстырып жіберсе, өлең басқаша сипат алар ма еді? Осыдан келіп, қазіргі жас суреткерлер басқаны қойып, өзіміздің шедеврлерімізді біле ме деген сұрақ туындайды. Яғни, постмодернизмде өзінен бұрын жасалған әдеби әлемді мінсіз білу, оны дайын формалар арқылы ұлттық-индвидтік тұрғыдан «өзімсіне» алатын жоғары талап қойылмаушы ма еді? Қысқасы, «Ида» қорытылмаған ас іспетті.


Постмодернистер үшін «әлемнің өзі – мәтін» болса, мәтінді талдап-түсіндіруде логикалық пайымға емес, «шеңберлік герменевтика» деген ұғымға аса маңыз беріледі. Бұл мәселені негіздеген ғалымдардың бірі Ф.Асттың пікірінше, «біртұтастық мазмұны бірліктердің, ал бірліктер біртұтастықтың мазмұны болып табылады». Яғни, көркем шығарманы түсіну деген ондағы фактілерді санамалаумен емес, ондағы айтылған ойдың оқырман санасында жаңғыртылуымен және суреткердің біртұтас әлемінің көрініс табуымен, оған кіретін жетекші-кілттердің болуымен де бағаланады. Мысалы,


Кеңістік сөйлейді салдақы көшелер тілінде,
адасқан арудың айғыздап жүрегін – деген өлеңде бірден қала концептісі басталғанымен, одан Алматының немесе Астананың ана бір көшесін айтып отыр-ау деген түсінік тумайды; суреткер:

Мен болсам бұл түні 
бұлыңғыр сұлбалар итерген

күнәмнің алдында сүрінгем,
білемін... – деп, өзіне барлық күнәні жамап алады да, 
...Осының бәріне көз жұмып, 
Жетінші авеню бойында шылымын сорғылап отырған 
ессіздеу бір шалдың көңілін демегім келеді... – мұндағы жетінші авеню, тіпті ондағы ессіз шал да ақын қиялынан туған образдар, ал оны әлемдік кеңістікке шығарып, яғни жер шарының бір жерінде болу мүмкіндігін бізге сездіріп тұрған «авеню» деген жалғыз сөз. Егер даңғыл десе, біз үлкен қалаларымыздың бірі деп қабылдарымыз кәдік. 

Сенсеңіз, менің тым ақылды жолдасым
Тәурәтті төбеге көтеріп шоқынған -
Көздерді дуаның ұшына байлаудың

байырғы үлгісін білді ғой,
Демек, үндемеді... – әдетте, наным-сенім деген қоғам болып даурығатын мәселе емес, әркімнің өз ішкі жан дүниесіндегі үнсіздік; демек тым ақылды жолдастың да үндемегені ұтымды шыққан. Сіз шығарма авторымен бірге:

Түсінуге тырыстым 
тағы да, тағы да -
Шіркеуде қартайған сақалды, сәлделі әруақ бола алмай.
Осылай барлығы:
ізгілік ұстанған жүректің ішіне

бейуақ қонақтар келеді ағыла,
кетеді ағыла.
...қона алмай... - жүргеніне алас ұрасыз. Оған автор өзі қорытынды жасайды: 
Ал кейін
басыма қарғыстай айналып оралған 
есепсіз жат арман, бақсыкек -
жәшіктің ішінде жатады бүктеліп.
Олардың иесі –

алжыған ақыл мен өртенген тақсірет
жазаның бетіне тік келіп,

жылайды... – я, өзіміздің дүниетанымымызға жат қаншама қылықтар «ізгілік ұстанған жүректің ішіне» бейуақта келіп, кетіп жатыр; олардың далалық кеңдігі бар біздің болмысымыз үшін «жәшіктің ішінде жатады бүктеліп», Олардың иесі – алжыған ақыл мен өртенген тақсірет. Мұның шынайылылығын

Жылайды құлшылық –

балағын түрмеген күмбездің басында,


– деген жолдар одан әрі нақтылай түседі. Қазақ тілінде көмекке келу деген сөз «етек-жеңін түріну» деген тіркеспен де берілетіні белгілі, ал мұнда ол тіркес өзгеріске түсіп, «балағын түрмеген күмбездің басында» деп берілген, осы жерде қазақ мақалы оқырманған көмекке келеді: балақтағы бит басқа шығады. Осының бәріне ішкі кеңдікпен төзіп отырған ақын:


Мен болсам,

қартайған құмдардың қолымен сипадым жүзімді – деп «өзіңдікін өзімдікі деуге» шақырады. Бұл – біздің жоғалтқанымыз еді. Бірақ «мүйізі бағытсыз бұрылған «мейірлі» бұқалар сенім мен сезімнің өлшемін айран-асыр етіп, жап-жасыл қағаздардың құлына айналған трагедиялық топтың бет-бейнесіне ұласады:


Күндегі қырғыннан шаршаған мейірлі бұқаның

мүйізін бағытсыз бұрғасын,
жап-жасыл қағаздар

сенім мен сезімнің өлшемін еңсеріп барады. Мұнда «еңсеріп барады», «теңселіп барады» деген күрделі етістіктер арқылы халық ауыз әдебиетіндегі мотив сәтті қолданылған, бірақ халық жырларындағыдай бәрін де орнына қойып, халықтың арман тілегін орындаушы батырлар емес, бәрін де керісінше жасап жатқан тоғышарларды жерлеу үшін қолданылған.


Өлеңнің басы адасқан арудың символикалық бейнесімен басталып, «Әйелдің кінәсі жоқ онда...» деп аяқталады. Яғни, герменевтикалық шеңберде бүтіндік бөлшекке ажыратылып (қаладағы қым-қуат тірлік, шылымын сорғылап отырған бойкүйез шал, үнсіздік, қашалған жарлар (меңіреу жартастар – А.Н.), өзін аласұрып іздеген бейне, есепсіз жат арман, жылаған құлшылық т.б.) барып, бөлшектен бүтіндік құрастырылады: «Әйелдің кінәсі жоқ онда...». Иә, шынымен де мына өмір күнәсіз деп автормен бірге айқай салғың келеді. Бұл «Ақын болу – қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені... Аунаттым талай қарға өлең...» деп іңкәрлікке шақыратын Төлеген Айбергенов әлемінің жас ақындар санасында жаңғырған көркемдік бейнесі. Меніңше, автордың бұл өлеңі әлемнің қазіргі бет-бейнесін тану жолындағы әрекеті үшін қала көрінісін фокус ретінде қолдана білген қазақ поэзиясындағы алғашқы метареалист талпыныстардың бірі.


Осындай көңіл қуантарлық табысы бола тұрса да:


Құлықсыз жолдар табуға өлеңді,
Үмітсіз жылдар өртенді неге?
Жалғыздық менсіз қалуға көнді...
...ерте өлді деме...

Ерте өлді деме түндердің жанын,
Гүлдердің зарын түсінбей.
Сүймеуден өзге білгенмін бәрін,
...Күлгеннің бәрін мүсіндей... деген жолдардан оқырман не аларын патша көңілдеріңізге қалдырдық. Немесе:

Етегін көтерген мезгілдің 
егіле жылаған кейпіне
айналғым келмеген.
Өтемін алмаған құлдардың
өтіне жабысқан құрсауға
байланғым келмеген – деген сияқты жолдар суреткердің жұпыны тілдік бейнесі мен сөздік қорының жұтаңдығын танытады: бізге ұсынылған 8 өлеңде «жылау», «жасыру», «өт» т.б сөздер әр түрлі тіркесте келгенімен, жиі қолданылады. Поэзия түгіл прозалық шығармалардың өзінен мұндай жиілікті ұшырастырмайтын (бір сөйлемі бір бетті толтыратын О.Бөкей шығармаларын еске алсақ) қазақ оқырманы бұны қабылдай қояр ма екен?

Жалпы, ұсынылып отырған өлең авторы өзі айтқандай:


Ғайыптан келетін елестен,
Сезімнің тазасын 
сұрадым мен сорлы,
Төбемде мүлгіген аспаннан,
Жанымның жазасын 
сұрадым мен сорлы - деп өзін-өзі іздеп жүрген адам. Ал өнер майданында шынымен «сорлы» болып қала ма, әлде өзіндік орнын ойып ала ма оны болашақтың еншісіне қалдырамыз. Біз бастапқы пікірімізді өзгертіп, жас ақындарға «Жыр жазуға қақың бар «жылап жүріп» дегіміз келеді. Ол үшін әрине, Тәңірі берген дарын, энциклопедиялық білім, оны қорыта алатын сана әрі сұлулықты қабылдай білетін сезім, тынымсыз еңбек қажет-ақ. Әйтпесе, «интеллектуальды поэзия» деген желеумен түсініксіз бірдеңелерді оқырманға тықпалау «ұялмас бетке, талмас жақ бередінің» кері болып кетер?

Қорыта келгенде, «интелектуальды поэзия», «метареализм», «концептуализм», «постмодернизм» қай-қайсы да суреткерден жоғары мәдениеттілікті, сонымен қатар филологиялық қана емес, философия, тарих, психология, география, биология, кибернетика т.б. білім саласы бойынша жан-жақты білімділікті қажет етеді. Себебі, онда уақыт пен кеңістік мәнін жоғалтып, «әлемнің көркемдік бет-бейнесі» деген ұғым абсурдтық қатарына ығыстырылып (әлем қаншалықты шексіз болса, оны танып білу де шексіз), «теорияның жоғары деңгейі – метадеңгейінде әдебиет, оның ішінде, поэзия қоғам алдында ешқандай міндет арқаламайды, оның міндеті өнердің бастапқы болмысына адал болуы» (Р. Уоллек, О. Уоррен) деген тұғырнама басшылыққа алынады. 




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар