Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ: Сөзімнен соғамын жыр мүсін......

07.06.2016 5187

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ: Сөзімнен соғамын жыр мүсін...

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ: Сөзімнен соғамын жыр мүсін... - adebiportal.kz


(Гүлбақыт Қасеннің «Бақыт гүлі» жыр жинағы туралы)

Нүсіпбай аға.jpg

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп ұлы Абай айтқандай, өлең өлкесінде кім де болсын бағын сынап көруге құқылы. Әйтсе де, шабыт тұлпарына қамшы басып, сол өлкенің өз адамы болып қалу бақыты кез-келген адамға бұйыра бермейді. Бұл жағынан алғанда жетісулық Гүлбақыт Тоқтамқызы ҚАСЕНДІ сондай сирек бақытқа қол жеткізген ақын деуімізге толық негіз бар.


Гүлбақыттың ақындықтың айдынына шындап құлаш ұрғанына көп бола қойған жоқ. Алайда, ол осы аз ғана уақыттың ішінде өзін айналасына танытып үлгерді. Күні кеше ғана балаң өлеңдерімен ел алдына жасқана шыққан жастың қалайша сыршыл ақынға айналып шыға келгендігін көбіміз тіпті байқамай да қалғандаймыз. Олай болса, бүгінгі күні мойындауымыз керек – қазақ әдебиетіндегі талдықорғандық таланттар шоғырына тағы бір жаңа есім, жаңа ақын келіп қосылды – ол Гүлбақыт Қасен.


«Биік жартасқа ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады» деген тәмсіл бар емес пе? Бұл тұрғыдан келетін болсақ, Гүлбақыт ақындықтың қия шыңына екпіндеп ұшып бара жатыр деп тұжырымдауға болады. Бұған өзіндік дәлелдеріміз де жоқ емес. Мәселен, ақын қыздың былтыр ғана жарық көрген «Алуа» атты жыр жинағында бір қайнауы ішіндегі өлеңдер көбірек болса, арада бір жыл өтер-өтпесте оқырманына жол тартқан «Бақыт гүлі» атты кітабында мұндай кемшілік некен-саяқ кездеседі. Есесіне сезімге толы сыршыл шумақтар мен жүректен қайнап шыққан тебіреністі өлеңдер әр бетті ашқан сайын дерлік оқырманын қуантып отырады. Бір сөзбен айтқанда ақын жерлесіміздің шығармашылығы дәйім өсу, өрлеу үстінде.


Шынайы өмірде жетістікке жету қандай қиын болса, өлең өлкесінде талантыңды мойындату одан да қиын шаруа. Мұндай жетістікке жету үшін жалғыз жаратылыс берген талант жеткіліксіз, оған жан жүрегің мен арман, үміт, сеніміңді ғана емес, бүкіл өміріңді де арнауың қажет болады. Гүлбақыттың жарық көрген «Бақыт гүлі» атты жыр жинағын оқып шыққанда ақынның нақ осындай жанкешті қадамға барғандығына көзіміз жете түсті.


Күлкімді, жайлы күнімді,

Азапты, қайғы-мұңымды

Өзіммен бөліскенің үшін,

Қатем мен жеңістерім үшін,

Менің мынау қиындау тағдырым болып.

О баста көріскенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем! – деп Фариза Оңғарсынова жырлағандай, өлең де о баста ақынның қиындау тағдыры болып көріседі.

Сезбеймін сиқырын ғаламның,

Тағдырым ұшында қаламның.

Тұтқыны боп өтем өлеңнің,

Жарымын жыр атты қағанның.

Сөзімнен соғамын жыр мүсін,

Бедерлеп ұлылық үлгісін.

Мен мәңгі берілдім Музаға,

Сен мен таба алмай жүрмісің? –


деп келетін Гүлбақыттың өлеңдеріне де осы тұрғыдан қарауға болады. Содан кейін де өмір бойы өлең дейтін құдіреттің тұтқыны, жыр қағанның жары болып қалуды мұрат тұтқан ақынның: «Адалдық танытам жырыма, қанық бол тұңғиық сырыма» деген тұжырымдарына ешқандай шәк келтірмейсің. Өйткені ақынға қойылатын басты талап та осы өлеңге, жырға деген адалдық болып табылады. Ақынның жаңа жыр кітабының өн бойынан осы өлеңге деген адалдық есіп тұрады.


гулбакыт касенова.png

Қай ақын кір жуып, кіндік кескен туған жерін жырламаған? Гүлбақыттың да бірқатар өлеңдері осы туған жер тақырыбына арналады. Бұл орайда оның ай көрмесе аңсап, жыл көрмесе сағынып шаршап тұратын алтын бесігі – Айдарлысына арнаған өлеңдері ең алдымен ойға оралады.

Туған жерім –

Алтын бесік Айдарлым,

Күннен ыстық, ажарлысың Айдан мың.

Түлеп ұшып кетсем дағы құсың боп,

Тілекшің боп кіндігіммен байландым.

Сенде қалды балалығым балдырған,

Бақ түбінде тәтті ұйқымды қандырғам.

Табанымда ізі құмның, тікеннің,

Таңдайымда кілегей мен тандыр нан, – деп толғанады Гүлбақыт.


Өлеңді оқып отырып өзіңнің де балалығыңның ізі қалған бақ мекенің ойға оралады, таңдайыңа сол балалықта жеген ып-ыстық тандыр нан мен сеператорға жаңа тартылған кілегейдің бал дәмі келеді. Көз алдыңа тұлымшағы желбіреген қыз баланың жүгерінің шашағын өріп жүрген кезі елестеп еріксіз езу тартасың. Өлеңнің құдіреті де осында.


«Проза құдіретінің жетіп жығылған жерінен ары қарай поэзия басталады» деген тұжырымды қай мықтының айтқаны есімде жоқ, дегенмен осы тұжырымда қандай да бір ақиқаттың барлығы анық. Өйткені көп ретте жай сөзбен айтып жеткізуге болмайтын сырлы сезім, адамның толғанысты да тебіреністі сәттері өлең тілімен сөйлегенде шын мәніндегі құдіретке айналады. Дәл осындай құбылысты Гүлбақыт қарындасымның өлеңдерінен де байқауға болады. Ақын қыздың:

Көз жасыма қанық көңіл дәптерім,

Жыр арнайды сыңар аққу егізге.

Ұмыт болар өзің сүйген тәтті ерін,

Ынтықтырып түсіңе енсем

Мені ізде.

Жүрегімде махаббаттың дерті бар,

Жұбатуға дәрмен жетсе ем ізде.

Мені әкетті ғарыш көкке ертіп ар,

Шын сүйемін десең ғана

Мені ізде!

Шын сүйемін десең ғана

Мені ізде! –

дегендей шумақтары немесе:

Биыл, міне,

Гүл жарыпты ерте өрік,

Бүкіл бақты алыпты ғой көмкеріп.

Ең бақытты сәттер ойға түседі,

Кетсем бе екен гүл ішінде өртеніп?

дегендей шумақтары осы сөзімізге дәлел бола алады.


Гүлбақыт ойлы ақын. Барлық ақын қыздар секілді өлеңдерін негізінен сезімге құрғанымен оның поэзиясында орнықты ой мен салмақты түйіндер де молынан кездеседі. Мәселен, оның: «Теңіз, тауда, заңғар көкте жүрсем де, алақанда екен өмір өлшемі...» деген жолдарына ой жүгіртіп көрейікші. Иә, ақын кейде өзінің көңілімен, ой-санасымен өзін заңғар көкте немесе айдын шалқар теңізде, асқар тауда жүргендей сезінгенімен маңдайға жазылған тағдырдан асып кету қиын. Өлеңде айтылғандай, өмір өлшемі әлдеқашан алақан сызықтарымен, мұны ғылым тілінде хиромантия дейміз бе, айқындалып қойылған.


Тағы бір өлеңінде ақын:

Ұлы сезім! Ортақ жасқа, балғынға,

Махаббат та, шапағат та бар мұнда.

Сынбас едім сынағына өмірдің,

Садағамын Ұлы сезім алдында, –

деп толғанады. Меніңше, бұл шумақты да түсіндіріп, талдап жатудың қажеті жоқ. Өйткені өлең өзін өзі түсіндіріп тұр, алдындағы толғанысты ойларды осы шумақ сәтті түйіндеп тұр.


Бізді қуантқан тағы бір жаңалық Гүлбақыттың ізденгіштігі дер едік. Ақын өзінен бұрынғыларға ұқсамауға тырысып, өлеңнің жаңа формасын табуға, басқа сөзбен айтқанда, өлеңге өзінше жаңалық енгізуге талпынады. Бұл орайдағы талпыныстарының бәрі бірдей сәтті болмағанымен құптауға болатындары да баршылық.


Айналдым жаным,

Арайлы таңым,

Күнімсің.

Шаттыққа толы сағыныш сазды үнімсің.

немесе:

Жүрегім сезеді,

Қиялым кезеді,

Арманның әлемін!

Көңілім іздейді,

Үмітін үзбейді,

Дертімнің тап емін.

одан басқа:

Тек өзіңді ойлағаным,

Іңкәр сезім бойлағаным,

Ерік бермей еркелейді,

Саған қарай жетелейді ойлы арманым.

Ойла, Жаным! Ойла, Жаным! –

дегендей жолдардың осындай ізденістен туғандығы анық.


Рас, Гүлбақыттың өлеңдерінде Абайдың «Сегізаяғының» ізімен жазылған, кейде «Алтыаяғына» ұқсап кететін де жерлер бар. Бірақ мұны кемшілік деуге келмейді. Оны ақынның бұрынғы өткен ұлылардан үйренуі, аз-маз еліктеуі деп қабылдадық.


Бұл айтылғандардың бәрінен Гүлбақыт төрт аяғы тайпалған жорға іспетті кемшілігі жоқ ақын деген ұғым тумауы тиіс. Гүлбақыттың өлеңдерінде де форма қуып кетіп өлең тармақтарын әр жолға сындырып салу, кейбір кездері өлең техникасын сақтамау сынды жекелеген кемшіліктер кездеседі. Бірақ мұның бәрі - түзеуге болатын, түзелетін кемшіліктер. Содан кейін де ондай ұсақ-түйекті қазбалауды жөн көрмедік.


Әдетте «қазақтан сөз қалмаған» деп сүйсініп жатамыз. Қазақтың сондай сөздерінің бірі «Алдыңдағы ағаның етегін баспа, жолын қу. Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп өріледі емес пе? Ендеше, біз де болайын деп тұрған, жанайын деп тұрған жарқын таланттың бірі Гүлбақыттың белін буып, поэзия дейтін үлкен жолға салғанымыз жөн болар. Машақаты мен мехнаты, бейнеті көп өлең соқпағында ақын қызға сәттіліктер ғана серік болсын деп тілейік.


Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 

«Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар