Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры елордад...

10.11.2021 3869

Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры елордада 12+

Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры елордада - adebiportal.kz

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласындағы Жастар театрының» сахнасында 9-12 қараша күндері «Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының спектакльдері қойылмақ. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры 2003 жылдың 21 наурызы күні ашылған.

Сол жылы тұңғыш рет көрермендер назарына Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклі, Т.Әліпбаевтың «Томирис» драмасы ұсынылған. 2006 жылы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрына халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрмұхан Жантөриннің аты берілген екен. Театр осы уақытқа дейін әр түрлі жанр, сан алуан тақырыптағы спектакльдерді сахналап, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген. Театр репертуарындағы әлем сахналарынан мәңгілік орын алған У.Шекспир, Ж.Б.Мольер, Ф.Эрве, А.Чехов, Н.Гоголь, Ш.Айтматов сынды классиктермен қатар, қазақ драматургиясының негізін қалаған М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, драматургия саласында сүбелі үлес қалдырған Ә.Кекілбайұлы, Д.Исабеков, С.Балғабаев, Е.Раушанов, көршілес халықтардың драматургтерінен С.Ахмад, М.Байджиев, Г.Хугаев, З.Зайнуллин сондай-ақ Маңғыстау өңірінен шыққан ақын, жазушылар С.Назарбекұлы, С.Адай, С.Нұржан, С.Құдайбергенов секілді басқа да авторлардың туындылары бар.

Жалпы алғанда, театрдың репертуар қоржынында 90-ға тарта үлкендерге арналған, 20-ға жуық балаларға арналған спектакльдер бар. Жас театр қоғамдағы саяси-мәдени өзгерістерге сай үн қатып, көрерменнің эстетикалық көзқарасының қалыптасуына елеулі еңбек ету үстінде. Нұрмұхан Жантөрин театр директоры Мерғалиева Гүлсина Бақытжанқызы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының «Үздік режиссер» номинациясының жеңімпазы, «Түркі әлемінің театр кеңістігіне қосқан үлесі үшін» Халықаралық 7-ші «ANADOLU» театр сыйлығының иегері атанған. Театр ұжымының көркемдік жетекшісі «Дарын», Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Өмірәлиев Медғат Қуандықұлы да талантты һәм талапты әртістердің бірі.

Жантөриндіктер «Жастар театрының» сахна төрінде өздерінің ең үздік деп таңдалған қойылымдарын көрсетті. Гастрольдік бағдарлама жанрлық ауқымдылығы жағынан әр алуан. Гастроль өз шымылдығын Светқали Нұржанның «Хан кегі» поэтикалық драмасымен (режиссері Гүлсина Мерғалиева) ашты.

«Хан кегі» – ықылым заманнан бері қарата хатталып, қағазға түскен тарихтың ақ-қарасын ашып, ара-жігін ажыратуға ұмтылған – поэтикалық драма. «Халқымды қайткенде жалмауыз кейіпті замананың жұтқынынан аман алып қаламын?», - деп аласұрған Әбілқайыр хан сатқындықтың құрбанына айналып, ажал құшады. Шығармада Әбілхайыр ханның артынан қалған елдің ынтымағы мен ауызбірлігін сақтап қалған Бопай ханым ханның кегін қайтарады.

«Бұл дастан – ХVІІІ ғасырдағы қиямет қан кешулерден, Алланың қалауымен, әруақтың жебеуімен, Алашты тәуекел қайығына салып алып өткен, қазақ халқын жер бетінен біржолата жойылып кетуден сақтап қалған, атадан аршылан туған Әбілқайыр Мұхаммед-Ғазы баһадүр хан Қажысұлтанұлының; ханның адал жары – Ел анасы Бопай ханым Сүйіндікқызы апамыздың; есімдері елеусіздеу қалып келсе де ересен ерліктері ел есінен ешқашан өшпек емес – Шотан Назарұлы, Айбас Арыстанбайұлы, Арғынбай Байболұлы, Қонай Кенжеұлы бабаларымның; баба-тарихты даңғыл кеуделерінде сақтап, бұлбұл тілдерімен сайратып өткен, дәл осы уақиғаны кейінге қапысыз аманаттап кеткен Тәттімбетұлы Еңсеп-тақтақ, Ә.Х. Марғұлан «көшпелі академия» деп бағалаған Меңдалыұлы Алшын сынды абыз аталарымның әруақтарына бағыштаған дұғам болсын!», - дейді автор.

«Хан кегі» спектаклі жайында Максим Горький театрының директоры Айболат Жаудыр аз-мұз пікірін былай білдірді: "Светқали аға Нұржанның поэтикалық драмасын сахналаған режиссер Гүлсина Мерғалиеваның "Хан кегі" қойылымын көріп шықтық. Спектакльдің өзіндік бағыты бар. Біз көрген Роза Мұқанованың "Бопай ханым" нұсқасымен мазмұндас. Яки, оқиғалар тізбегі ұқсас. Бопай ханымның образы мен міндеті басқаша қырынан ашылған. Әйткенмен, бұл қойылымда Барақ сұлтанға қатысты өзгеше ой берілген. Ол оймен келісуге де, келіспеуге де болады. Меніңше, дастан Барақ сұлтанға қатысты тарихи шындықтарға негізделмеген сыңайлы. Менің білетін, оқыған тарихым бойынша бұл оқиға басқаша өрістеген. Қорыта айтқанда, қойылым қарапайым театр тілінде берілген. Театр ұжымының әртістері әлі де болса образдарына тереңдей түссе деген ниетіміз бар".

Алыстан ат арылтып келген «Нұрмұхан Жантөрин» театрының қойылымын тамашалаған халықтың қарасы қалың болды. Олардың қатарында өнердің қазанында қайнап, табиғатына бойлап жүрген театр саңлақтары мен ақын-жазушылар бар. Атап айтсақ, жазушы Роза Мұқанова, ақын Сұраған Рахметұлы, Оңайгүл Тұржан, Максим Горкий театрының директоры Айболат Жаудыр, Қалибек Қуанышбаев атындағы театр директорының орынбасары, әртіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов, режиссер Сайлау Қамиев, және кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың «Жат», 2013 жылы шыққан «Қасым» фильмдерінде басты рөлді сомдаған дарынды актер Қуандық Қыстықбаев, театр сыншысы Айзат Қадыралиева болды.

Қазақ театрының тамырын дөп басып, жай-күйін жан-жақты саралап жүрген Қазақ Ұлттық Өнер университетінің оқытушысы Айзат Қадыралиева ханым қойылым жайлы қысқаша былай деді: "Бұл спектакльді мен қабылдай алмадым. Расын айтсам, Светқали Нұржановтың "Бопай ханым" дастанының сахналық нұсқасын бұрынырақ оқымаппын. Эпизодтардың, диалогтардың арасында айтарлықтай байланыс көрмедім. Қысқа-қысқа, бөлек-салақ үзінділер. Әбілхайыр ханның типтік образы ашылмаған. Барақ сұлтанның бейнесі бұлыңғырлау. Өкінішке орай, ханның кегін қайтаратындай ситуациялар жоқ. Ақын өз дастанына инстировка жасап, сахнаға лайықтап жазған ғой... Әбілхайыр хандығының құрылуы, күшеюі, әлсіреуі және күйреуі деген сияқты экспозициялық байланыстар легі аса сезілмейді. Әлбетте, мұны режиссуралық жағынан ғана айтып отырмын. Тақырыптың өзі "Хан кегі" деп аталған жерде, ханның кегі қалай алынды деген сауал бірінші кезекте тұрады. Белбеуін шешіп, сақал-мұртын қырып алып келіңдер деген сөздермен емес, тақырып толық ашылу үшін тағы да басқа іс-қимылдармен ары қарай қоюлата түсу керек еді. Осы тұстары ойнатылмай қалған, түсініксіздеу. Бір байқағаным, актерлерде сөзімнен жаңылысып қалмасам екен деген ой басымырақ болғандай. Сөзді ойнату, құбылтып жеткізу жағы өте-мөте кемшін. Пафос басымырақ. Неплюевтің рөлін сомдаған Рамазан Ақтаев бір линияда самарқау, ұзақ жүріп алады. Бопай ханымнан хат келген тұста ғана кішігірім ашуланғанын, агрессиясын көре алдық. Бір сарындылық басымдау. Сонсоң, орыстың ақсүйектері үстелдің үстіне бүкіл қолын қойып тамақ ішпейді. Шынтағын сүйеп ғана, ас алып ішіп-жейді. Бәрі ұсақ-түйектен басталады, осындай ұсақ-түйек детальдар баршылық. Осыған мән берілуі шарт. Шығармадағы кейіпкерлердің тебіреніс-зердесін, зейінін сахнада көрсету жағы әлсізірек. Жалпы, актерлердің бойында кішкене шаршаңқылық бар сыңайлы".

Әйтсе де бозбалаң жастағы театр ұжымының болашақта бұғанасы бекіп, қанаты қатаярына сеніміміз кәміл. Нұр-Сұлтан қаласына гастролдік сапармен келген Нұрмұхан Жантөрин театрының алдағы қойылымдарының уақытын хабарлап өтейік. 10 қараша күні сағат 19:00-де – испан драматургы Гарсиа Лорканың «Бернарда Альбаның үйі» драмасы (режиссері С.Потапов), 11 қараша күні 19:00-де – орыс тілінде өтетін американдық драматург Дон Нигроның «Дикие истории 16+» спектаклі (режиссері Г.Мерғалиева); 12 қараша күні 19:00-де кино және театр актері, драматург Н.Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» (режиссері Г.Мерғалиева) реквием жанрындағы спектаклін көре аласыздар. Болатын жері: Жастар театры.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар