Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ой бөлістім халқыммен: тарих туралы толғам

01.12.2019 495

Ой бөлістім халқыммен: тарих туралы толғам 12+

Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, әлемдік деңгейдегі саясаткер, реформатор. Ел басқарудағы ерекше қасиеттерінің бірі – нақтылық және іскерлік. Тұңғыш Президент күніне орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарих туралы айтқан терең ой-толғамдарын ұсынып отырмыз.

***

Тарихтың бетбұрысты кезеңдерінде мемлекеттің кез келген басшысы біліксіздікке, әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұруы, бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді қабылдауы тиіс.

***

Жер жақындығы тағдырың мен тарихыңды жақындастырмай қоймайды.

***

Қыдыр қонып, құт дарыған киелі қоныс, мүбарак мекен — Алматы! Биікке самғап, қиырды шарлау, заманнан қалмай зымырай заулау — мына біздерге өзің берген тәрбие, өзің көрсеткен өнеге, өзің тапсырған тарихи аманат!

***

Ұлттық тұтастығымыздың мәселесі ең өткір қойылған арғы Тоқтамыс пен Едіге, бергі Тәуке мен Абылай замандарында билік ордасының бұл маңайға қайта-қайта көшіп келіп, көшіп кетуінде де көп сыр бар. Үстіміздегі ғасыр басында алғашқы қазақ либералдары — Алаш партиясы көсемдері де саяси орталықты әуелден зор стратегиялық маңызға ие осы аймаққа көшіріп әкелуге күш салды.

***

Тарихты тудырушы да, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастау-бұлағы да —халықтың өзі.

***

Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәттерде бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды.

***

Тәуелсіздік — тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес: аңғал болмағанымыз абзал.

***

Қазақстанның тәуелсіздігі бейбіт жолмен келді. Бұл — азаттық үшін алысқан мың-мыңдаған азаматтардың қасиетті қанының өтеуі. Бұл — бүкіл тарихында өзгелерге қиянат жасау дегенді білмеген халықтың пейілінің қайтарымы.

***

Қазақстанның аспан түстес Туының бетінде алтынға айналған бүркіт қанат керген. Осынау тәуекелі келіскен мазмұнды да мағыналы нысанның бойында табиғат та, тіршілік те, тарих та тоғысып жатыр.

***

Бәрін де тарихтың сый-сыбағасы деуге болар, алайда жан-жүрегіңнің аңсары болған азаттықты ешкім де сыйға тарта алмайды. Азаттық дегеніміз — бұл әлемдік тарих толқынында өзінің субиектілік құқығын сезінетін және оған жауап бере алатын халық болмысының жалғыз ғана үлгісі.

***

Қандастарымызға қаратып айтар жайдың тағы бірі — тарихи Отанына оралған ағайын, ең алдымен, «Қазақстаным маған не береді?» деп емес, «Мен Қазақстаныма не беремін?» деп ойланғаны да дұрыс болар еді.

***

Бізге Ана тілімізден асқан тарихи мұра жоқ. Ендеше, оны жан аямай қастерлеуден асқан биік парыз жоқ.

***

Тарих пен тіл тамырлас.

***

Тарих — кім-кімнен де жоғары тұрған ұғым.

***

Тарих — өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі.

***

Тарих жолы қашанда тайғақ.

***

Бүгінгі қазақ халқы — сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қарашаңырағын атажұртта сақтап қалған халық. Бұл — ескіден қалған көне жәдігерлер, сақ заманының куәгері «Алтын киімді адамның» алтын тостағанындағы және Түрік қағанатының тарихын танытқан Орхон—Енисей мен Талас жазбалары дәлелдеген шындық.

***

Тарихтың даңғыл жолынан Қазақстанда шет қалған жоқ. Оның ежелгі жерінде көптеген мемлекеттік құрылымдар өмір сүріп, олар да адамдар сияқты басынан балалық, жастық, кәмелеттік дәуірлерді өткізіп, құлдырау және күлден қайта бой көтеру дәуірлерін бастан кешірді.

***

Қазақ ұлтының бүгінге дейінгі қат-қабат тарихының мазмұны — азаттық үшін күреске сайып келеді. Елдік пен бостандық жолындағы күресіміздің байырғы скиф, ғұн, оғыз, сақ, үйсін, қаңлы, қыпшақ замандарынан кешегі шерлі Желтоқсанға дейінгі сан ғасырлық шежіресі бар.

***

Екі құрлық тоғысындағы бұл кеңістік тек жаһанды жаулап алар жойқын жорықтардың ғана емес, дін мен дінді, мәдениет пен мәдениетті, ұлт пен ұлтты ұластырар тарихи тамырластықтың да ұлы арнасы бола білді. Атақты «Жібек жолынан» көп бұрын біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтарда Ежелгі Элладаны Қиыр Шығыс халықтарымен жалғастырған даңқты «Дала жолы» тап осы өлкенің үстімен өтті.

***

Жұртымыз халықтығына қатер, мемлекеттігіне қауіп төніп, айдарлысы құлға, тұлымдысы күңге айналғалы тұрған сын сағатта ағайын арасындағы бұрынғы өкпе-назды сыртқа ысырып тастап, намыс туын көтеріп, ардақ тұтқан азаматының төңірегіне топтаса білген. Арғы-бергі тарихымызда оған мысал көп.

***

Желді тоқсанның ызғарлы табиғатын жұмсартып, жанымызды жарқын шуаққа бөлеп, көк аспан көңілімізді шайдай ашқан мемлекеттік мерекеміз біздің тарихи көшімізді ғасырдан ғасырға жалғай береді.

***

Нақ осыны маңдайымызға жазған Тарих біздің ұрпаққа тәуелсіздік бастауында тұру құрметін беріп, туған Қазақстан үшін жауапкершілікке бөледі.

***

Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей ел жадында сақталатын тарихи тұлғалар болады. Қазақ халқының тарихындағы сондай киелі тұлғалардың бірі ғана емес, бірегейі — Абылай хан.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар