Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Оқушылар парағы. 6-сынып: Ерлан Жүніс

06.03.2019 1961

Оқушылар парағы. 6-сынып: Ерлан Жүніс

Ерлан Жүніс - 1984 жылдың 7 қарашасында Алматы облысы, Жамбыл ауданында өмірге келген. М. Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің «Әлем тілдері» факультетін «әдебиетші, филолог» мамандығы бойынша тәмәмдаған.

2005-2006 жылы Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде тілші, 2007-2008 жылы «Кентавр» әдеби апталығында бөлім бастығы, бас редактордың орынбасары, 2009 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім бастығы, 2011-2013 жылы Республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетінде тілші, 2013-2014 жылы Қазақстан Жазушылар одағында референт-әдеби кеңесші қызметтерін атқарған. Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының басшысы.

ҚОСЫМША МӘЛІМЕТ: Ерлан Жүніс поэзиясы немесе «Хауас» туралы сөз

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі; Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты; 2006 жылы Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде «Әдебиет» аталымы бойынша Гран-При және Президент Кубогін алған; 2012, 2013, 2016 жылдардағы Мемлекеттік Стипендия иегері; 2001 жылы «Жыр-Перзент», 2011 жылы «Киелі түндердің дұғасы», 2013 жылы «Хауас», 2014 жылы «Ғаусар», 2015 жылы «Үміт жырлары», 2016 жылы «Энтелехия», 2016 жылы «Арманшыл таңның бұлттары» жыр кітаптары жарық көрген.

ҚОСЫМША МӘЛІМЕТ: Ерлан Жүніс: Еркіндік үшін жаралған

Ерлан стилі – стиль-синтез. Ол өнер мен өмірді байланыстыра өрнектейді, ұлттық дәстүрден, баба рухынан алшақ кетпейді, қайта нәр алатын қайнарлары – солар:

Шаршатты бары, аңсатты жоғы,

Сертінен дүние тайды ма?

Мен – Оғлан ем – Түркінің оғы,

Адырна таппай, Адастым көкем Қайғыдай, («Бумеранг», 255-бет),

- деген терең толғанысынан бабалар рухын бойына сіңірген, әсемдіктің қадірін әбден білетін Ерландай тұңғиық һәм эстет ақынның бардан қанағат таппай, үнемі арманға аңсары ауып тұратын ақындық болмысын айқын танимыз. Лирикалық қаһарманның батыр текті тұлғасы мен ақылдан баз кешкен данышпандық болмысы айқын көрініп тұрған осы бір шумақтың алғашқы жыр жолында орыстың символист ақыны Зинаида Гиппиустың өнер жайында: «Ең алдымен - әсерленесің, әсерлене келе – шаршайсың, шаршаған кезде - ойға қаласың», - деген қанатты сөзімен терең үндестік жатыр. (З.Гиппиус. «Әдеби күнделік»1899-1907. АГРАФ,М., 2000. 73-74-бб.).

ҚОСЫМША МӘЛІМЕТ: Тәуелсіздік әдебиеті: классиктер және “алтынкөпірліктер”

Ерлан Жүніс поэзиясында символизмнің барлық белгілері бар. Жүрек, гүл, түн символдарының молдығы байқалады. Айталық, түн басқа да күңгірт бояулармен араласып, ақын жанын мұңға орайды, жүректің тұңғиық түкпірлеріне шейін қара бояуын жағады:

Тұмауратқан көктеменің түндері,

Маңдайымды сыздатасың сен неге?!

Өмірді емес, өмір оны сүргені

Керемет пе пендеге?!

...Сенің шерлі көкірегіңде тұншығып,

Түз желіндей менің еркін ғұмырым:

Түніменен мұңды көгім күрсініп,

Ай ойнаса сезімімен тірінің... («Дертті түн», 95-бет).

ҚОСЫМША МӘЛІМЕТ: Ерлан Жүніс. Менің атым - Тәуелсіздік

Немесе:

Қара түннің түкпірінен шығып жатқан күбірге,

Ей, жүрегім, жын шалды ма, жығыласың, жүгірме! – дейтіні бар, (110-бет). Түн – бірде ақынның шерлі көкірегінің метафорасы, енді бірде жанына жайлылық сыйлар жалғыз бекінісі: Мені түнге кетіңдерші қалдырып... (82-бет).


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар