Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Оқушылар парағы. 7-сынып Т. Медетбектің «Тәуелсізбін» өлеңі

12.04.2019 3043

Оқушылар парағы. 7-сынып Т. Медетбектің «Тәуелсізбін» өлеңі

Қазіргі қазақ поэзиясындағы саяси-қоғамдық өмір шындығы

Қазіргі қазақ поэзиясы дамудың даңғыл жолына түсіп, тыңнан жол салып келеді. Ел тәуелсіздігін алған соң бұрынғы қазақ кеңестік поэзиясы күрт бетбұрыс жасап, жаңа бағытта, тың тақырыптар мен соны идеяларды насихаттай бастады. Халқымызбен бірге әдеби, мәдени дамуымыз да бұғаудан босап, поэзиямыз ұлттық поэзияға айналды, демократияшыл, азаматшыл рухы биіктеді.

Елдің қоғамдық, саяси, әлеуметтік мәселелері қырағы талант назарынан ешқашан да қалтарыста қалмақ емес. Қазіргі ақындар біз қандай ұлы жеңістерге жеттік, сол жолда жіберіп алған әттеген-ай дейтін қателіктеріміз бен артықшылықтарымызда өз жырларына арқау етіп келеді. Тәуелсіз елдің нақты белгіленген шекарасы, бостандық алған тіл, дін, діл мәселесі, алыстан ат сабылтып келіп жатқан қандас ағайынның қам-қарекеті бәрі де біздің поэзияда көрініс тапқан.

1991 жылы еліміз егемендікке қол жеткізіп, өз алдына дербес мемлекетке айналып, көк байрағын желбіретті. Халық қуанышы қойнына сыймады. Тәуелсіздік таңы атқанын жырға қоспаған бірде бір ақын болмады. 2000 жылы Темірхан Медетбек «Тағдырлы жылдар жырлары», 2002 жылы Иран – Ғайып (Оразбаев Иранбек) «Қорқыттың көрі» атты жыр кітабы, Нұрлан Оразалин «Ғасырмен қоштасу» деген жыр жинағы, Марфуға Айтқожина «Аңсау» атты өлең кітабы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары атанды.

ҚОСЫМША МӘЛІМЕТ: Темірхан Медетбек туралы 10 дерек

Ақын жастайынан өз жерінің, туған өлкесінің тарихымен, бай ауыз әдебиетімен сусындап өседі. Ерте жастан-ақ өз халқына ғана тән психологиялық қасиеттерді бойына сіңіріп, елінің тұрмыс-тіршілігімен етене таныс болады. Бала кезден естіген аңыз-ертегілер мен басқа да фольклорлық шығармалар арқылы туған тілінің өткір де, ұшқыр жақтарынан хабардар болады. «Отан, - дейді Асеев, - өз тіліне, тарихына деген махаббаттан бастау алады» [3.38].

Осы жолда оған бірден-бір көмекке келетін адамзаттың, мәдениеттің алдыңғы қатарлы озық жетістіктері, ең алдымен өз ұлтының мәдениеті. Әр жазушы өз ұлтының төл баласы. Оның шығармашылық қызметінің өн-бойында оның ұлтына деген сүйіспеншілігі жанданып, нығаюмен болады.

Бүгінгі лирикалық қаhарман «азатпын», «бостанмын» десе, оның жөні басқа. Темірхан Медетбек «Тәуелсізбін» атты көлемді өлеңінің былай деп шарықтатады.

Тәуелсізбін!

Тәуелсізбін мен бүгін.

Келді міне азаттығым,

Теңдігім.

Бостандықта бойлығым мен ендігім.

Шешіл енді, шемен болған шерлі үнім. [6.198.]

Тәуелсіздік кезеңінің лирикасы тарихты ұлт мүддесі тұрғысынан сөйлетеді. Бұрынғыдый жалтақтамайды, бір шоқып екі қарымайды. Кеңес тұсындағы ақындар «Жаңа заман, жаңа дүниеге жарамсыздарды бүгін әшкерелеу керек; ертеңге қалдырсаң кешігесің» дейтін. Бұл сол тұстағы ақындардың бәріне тән пікір болатын.

Тәуелсіздік әдебиетінің бір ерекшелігі – ел азаттығымен қоса сөз бостандығын да сыйлаған замана кезінде туып дамуы. Қазіргі қазақ поэзиясы кітаптарында егемендік қуанышы, нарық қайшылықтары, өткеннің өкініштері белең алса, бұл қоғамнан әдебиеті жырақ тұра алмайтынына және бір айдай айғақ. Бірақ бостандық тиген сөздің күнделік тірлікке білек сөз бермейтін өнері бары енді – інді байқалып жүр. Ақын Темірғали Көпбаевтің «Көзмоншақ» (1998) аттты жыр кітабын сөз өнерінің сұлу кешіндегі бөлекше көз тартар көлік бе деп қаласың.

Ұлықбек Есдәулет ақын ана тілінен жусан мен қымыздың аңқыған исін сезінем дейді. «Қазақ тілі» өлеңінде Мағжан пікірін еселей түседі:

Фарабилер мен Бейбарыстардың

өсиеті өзіңде,

Махамбет сынды жолбарыстардың

Қасиеті бар сөзіңде.[6.222.]

Ақын ана тілін аруақты айбыны есептейді. «Қылшылдап тұрған қылышы» санап, қынға көмгісі келмейді. Қазақ тілінен айырылсақ ұлттық сесімізден айырылып қаламыз дейді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, қазақ әдебиетінде негізінен, поэзияда бұрын ашылмаған, өз дәрежесінде жырланбаған, тың тақырып – дін тақырыбына кеңінен жол ашылды. Қазақ халқы дінімен қайта қауышты. Кеңес заманында аға буын өкілдері шығармашылығынан көрініс таба қоймаған тың тақырыпты жастар жағы іліп әкетті. Шығармаларында діннің қоғамдық-әлеуметтік мәні, адамгершілік принциптері мен этикалық ерекшеліктері бүгінгі күн тұрғысынан қайта пайымдалып, жаңаша мазмұнда жырлануда.

ҚОСЫМША МӘЛІМЕТ: Темірхан Медетбек: Өлең жайын ойлассақ

Қазақ поэзиясына өзіндік үлес қосқан, көрнекті ақын Мұхамеджан Тазабековтің «Дін Ислам – діңгегім» өлеңінде қазақтың арғы-бергі тарихында діннің орны бөлек болғанын, ата-бабамыздың ежелден діні мен діліне берік халық екендігін жырлай келіп, тәуелсіздікке қол жеткізгеніміздің өзін сол бес уақыт намазын қаза қылмай, елінің азаттығын аңсап өткен ерлердің ақ тілегінің қабыл болуы дейді.

Дін Ислам болсын бізге неге бөтен,

Тектілердің тарихы терең екен.

Кешегі Күлтегін мен Тоныкөктер

Жаратқанға сыйынып келген екен...

Өткір тілді ақын халқының бостандыққа қол жеткізсе де, дінге әлі толыққанды мойынсұнбағанын, батысқа еліктеушілік пен арақ-шарап, ішімдік санасын улап, жалған жарнамаларға алданып жүргенін айтып налиды.

Т.Көпбаевтың «Қауіп» өлеңінде:

Жақыныңа жүргенде жаттай налып,

Жылмиған жұрт жеріңді қаптайды анық.

Қолайсыздау қонағың төрге шықты,

Үлгіргенше кермеге ат байланып.

Кер ат байлап қазақтың кермесінде,

Күн айналып жеткенше кең бесінге.

Алдарқатып рухыңды жеңбесін де,

Қарағайдың басынан шортан көрген,

Көңіл айтып Асан шал келмесін де.[1.41 бет.]

Қандай ақын болмасын туған халқын, бүгінгісі мен ертеңгісін қатар ойлайды. Ұлт болашағына алаңдаған ақын қиялы мұңға батады, болашаққа алаңдайды. Ақын осыны жақсы түсінген, азаматтық парызын өтеу жолындағы табандылығын,мақсаткерлігін көрсетеді.

Ақын-жазушылар қашан да халқының ауыр жүгін арқалар нары да, ақ бетінің ары болған. Болашақта да солай бола берсе деген тілек. Арманымыздың асқағы да сол халық қалауы,ел арманы да соған саяды. Халық қашан да ақындардың үміт-сенімін артқан. Олар да сол сенімнен шығып, өздерінен бұрын әр уақытта халқының қамын ойлап, мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған; тоқшылық заманда да, жоқшылық заманда да ел-жұртымен бірге болып, солардың сөзін сөйлеген. Азаматтық Ар жүгін, ел жүгін қанша ауыр болса да арқалауға арқасын тосар арқалы да аруақты ақындардың арамыздан көптеп шығары күмәнсіз.

Ибраева Д.С.

ҚазҰУ-дың филология, әдебиеттану және әлем

тілдері факультеті, қазақ әдебиеті және әдебиет

теориясы кафедрасының 2-курс магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Көпбаев.Т, Жаңғырық. Жырлар. –Алматы: Қазығұрт, 2007,

2. Көпбаев.Т, Кие. Өлеңдер жинағы. –Алматы: Жазушы, 2009,

3. П.Н.Медведев. В лаборатории писателя. Советский писатель, Ленинградское отделение,1971.

4. Есдәулет Ұ. Киіз кітап\Ұ.Есдәулет.-Астана: Елорда, 2000.

5. Медетбек Т. Тәуелсіздік жылдар жырлары. – Алматы: Жазушы, 2000.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар