Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ОҚУШЫЛАР ПАРАҒЫ
Оқушылар парағы. Мағжан Жұмабаев. 11-сынып...

07.10.2019 7671

Оқушылар парағы. Мағжан Жұмабаев. 11-сынып 12+

Оқушылар парағы. Мағжан Жұмабаев. 11-сынып - adebiportal.kz

Абайдан кейінгі дəуірдің ең атақты ақыны — Мағжан Жұмабаев ХХ ғасырдың қазақ поэзиясында алатын орны алабөтен. Əр заманның өзіндік стилі, қыры, ойшылы, ақын болады десек, ақын – заманының ұлы. Заманның бағыты əдебиетіне əсер етпей тұрмайтыны белгілі. Жаңа идея, тың ой, тосын образдар əлемі дүниеге келе бастайды. М.Əуезов 20-шы жылдардағы əдебиеттің даму сипатын саралай келіп, жаңа дəуір ұсынған бағытты “сыршылдық” деп атады.

.

Сыршылдық – романтизм бағытының негізгі көркем шарттарының бірі. Романтизм «ағылшынша -romanticism, немісше -romantic» – кейіпкерлері əдетте болмыстың ырқымен келіспейтін, жақсы өмір, бақыт, азаттық үшін күресетін күшті жандар болып келеді. Романтизм – тарихи құбылыс. Оның əсері айтарлықтай болып, көркем өмірдің барлық саласын, философияны тарих жəне филология ғылымдарын, табиғаттанудың көптеген салаларын, тіпті медицинаны да өзіне бағындырып алды . XVIII ғасыр ортасында «романтика» сөзі ағылшын поэзиясында шығармашылықты таныту мақсатында қолданылады. XX ғасыр басында Б.Күлеев, М.Жұмабаев поэзияларында романтизм биік деңгейде көрінді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ербол Тілешов. Мағжанның жаңашылдығы

Мағжан шығармасындағы романтизмнің көркемдік жүйесі көп десек болады. Ж.Аймауытовтың «Мағжанның ақындығы туралы» (1927ж) мақаласында «Мағжан романтизмге салынып, көшпелі дəуірдің рухын айнаға түсіріп отыр деуге болады» [1. 157 б.] деген пікірінде ақын романтизмнің табиғатын танудың негізі жатыр деп ойлаймыз. Əдебиеттегі романтизмнің қайнары – қазақ халқының көшпелі салтында. Табиғат аясында ғұмыр кешкен халықтың көркем мұрасында асқақ рухта, сыршылдықта, болашаққа жетелеген арман да болатын. Мағжан романтизмі жаңа дəуірдегі қазақтың мұңы мен шерін, арманын, аңсарын дəл көрсетті. Жүректің сөзі – ақынның жан сыры. Романтиктер үшін жан-рух-өте маңызды. Жалпы адамның жан сыры табиғатпен, өнермен байланысты. Ал, шабыт пен ерекше жан сергісін туғызатын махабатты бастан кешіргенде ашылмақ. Демек, адамның шын болмысы күнделікті жағдайлардан емес, рухани қажеттіліктер мен жан сырының қалауымен жүрген кезде ғана танылмақ.

.

Мағжан нағыз романтик ретінде өмір, өлім, өнер, табиғат, махаббат жайындағы пікірі ерекше. «Батыр Баян» поэмасын — романтикалық деп алуымызға болады. Мұнда ақын жалғыздықты жырлайды. Қалмақ қызының сұлулығын, əсемдігін автор өз сөзімен жеткізгендей болады. Заман мен ақын, тарих пен ақын, ел намысы, махаббат, туыс сезімі жəне қызғаныш сияқты құбылыстармен астастыра жеткізуі «Батыр Баян» поэмасын рухани сеніммен, келешекке көз тіккен үмітпен аяқтауының өзі кез келгеннің қолынан келе бермейтін жай екендігіне көзімізді жеткізеді. Наркескен, өрттей ескен, қайтпас болат Баянсыз қанатымды қалай жаям?! Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай, Келмесе қандыбалық батыр Баян –деп, Баянды өзге батырдан жоғары қояды. Мағжанның поэмасында бар батырлар кездеседі: Хан Абылай, Қанжығалы Бөгенбай, Ер Жəнібек, Жас Жанатай. Поэманың алғашқы жəне соңғы бөлімдерінде Мағжанның толғанысы бар. «Меннен» бастау алған терең лиризм Баянның оқиғасына əдемі үйлесіммен ауысады. Екі жас аттарынан ұшып түсті, Түскенде бірін-бірі құшып түсті. Жүректен атып, ыршып шыққан қанмен Жалғыз-ақ «Ах» десті де «Жаным!» — десті. «Батыр Баяндағы» жүрек шері, сезім толғауы, -Дариға, жазамнан да күнəм басым, Тəңірден кешірім болмас, дегенмен алты алаш кешер»,-деп аласұрған Батыр Баяндағы жан арпалыс байқалады. Романтизм романтизмге келіп, оның жалпы жүрісін өзгертуге əрекет жасап, шамалары жетпей, кейін одан кетуге мəжбүр болған романтиктердің өздерінің жеке бас тарихтарымен де сəйкес келе бермейді. Романтиктер тарих сахнасын əр түрлі кездерде кетті. Бір елде оның ықпалы 20- шы жылдардың өзінде тоқталса, енді бірінде жетістікке жеткен уақыт болды. Бірақ та ғасыр ортасына қарай оны реализм ығыстырып, өткеннің естелігіне айналды. Творчестволық əдіс екеу — романтизм, реализм. Екеуінің де негізгі сипаттарын Ф.Энгельс белгілеп бергені – романтизмді «ерекше жағдайда ерекше характер» жолы ретінде түсіндірсе, реализмді «детальдар шыншылдығымен» қоса, «типтік жағдайда типтік характер жасау» жолы ретінде түсіндіреді. Романтизмді реализмнен бөліп əкетіп, араларына ылғи шек қоя берудің қажеті жоқ. Белинскийше айтсақ, «бір-біріне кереқар келгенмен, түбінде бір мақсатқа апаратын бағыттас əдістер». Бұл сөзімізге дəлел ретінде «Гүлсімге» өлеңін саралайық: Ботакөз, сиқырлы сөз, Гүлсім ханым, Əр жерде өткізсек те өмір таңын-деп өз жырларын арнайды. Бұл өлеңнен романтизм мен реализм қатар келгенін байқаймыз. Ақын көптеген кəрі жас ақындар жырлаған мамажай, сылбыр көктемге ұқсамайтын, өзгеше жан. Романтизмнің түп тамыры жайлы айтсақ, толық анықтама берген германдық жазушы Шеллинг болды. Шеллинг «Тамаша бір уақыт еді… адам рухы барынша ашылып,өзін өмірдегі бар еркіндікке жəне оның не нəрсе екендігін емес, не істеуге болатындығын сұрауға толық құқылы еді» — деп жазды. Бұл бағытты біреулер дұрыс түсінсе, кейбіреулері бұрыс түсініп, əртүрлі кереғар ұғымдар пайда бола бастады. Əр заманның өзіндік стилі болады десек, сол стильді жасайтын, дамытатын да, жаңғыртатында – адам. ХХ ғасыр басындағы орыстың бірінші буржуазиялық төңкерісінің қазақ зиялыларына əсері, олардың қауымдасып, ұлт азаттығы жолында саяси, мəдени шараларға көшуі албырт, əсершіл жас ақын лирикасының мазмұнын белгіледі. Табиғаты өзімшіл, сыршыл Мағжан сол іс –шаралар мен идеялардың нəтиежелі боларына сенді, екінші жағынан сол тұстағы қазақ елінің бодандықтағы ауыр халіне наразылық білдіреді. Лирика –көркем əдебиеттің негізгі саласының , жанрының бірі, басты ерекшелігі –адамның көңіл-күйін, сезім дүниесін тікелей бейнелеп көрсетеді .Лирикада ой мен сезім бірлесіп, терең қабысады. Оған тартымды күш-қуат дарытатын терең оймен суарылған, нəрленген жалынды сезім. [Ахметов З.Əдебиеттану терм-ң сөздігі,Алматы,1996 , 133-б] Мағжанның «Сүйгеніме» өлеңінен лиризмді байқаймыз. Сөзім, көзім айтып тұр сүйгенімді, Қуарған, сарғайған, жүз күйгенімді. Талған жүрек, жүдеген, солған дене- Сүюдің қолына ен тигенімді.

Е.Тілешовтың «Суреткер жəне көркемдік əдіс» монографиясында ақынның поэзиясы жайлы, романтизм, реализм, сентиментализм, символизм көркемдік əдістерін кеңінен қарастырған. Негізгі нысан ретінде романтизм болғандықтан, автор ақынның романтизмін қарастыра отырып, ондағы айырмашылық жайлы, заман, уақыт, туу, қалыптасу себептерін айқындайды. Оның еңбегі ақынды арнайы зерттеумен бағалы десек болады. Асылында, Мағжан Жұмабаев ағартушылық, сыншыл реализмдердің үлгісін қабылдағаны сияқты, Абайдың соңғы өлеңдерінде философиялық сарын көп болған. Бұрынғыдай өсиет айтып, сын жазып, өзімен сырласуын қойғандай. Мұндай үлгілер Мағжанда да кездеседі. Ақын: «Жатыр» өлеңінде: Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр, Кілтін өнер — білім алып жатыр,- демекші, қазақ арасында мұндай ұмтылыстың əлі де жоқ екеніне өзегі өртенеді. Қолында дəулеті бар деген бай-болыстар да, азын-аулақ оқыған төрелер де өз басының қамын ойлаумен жүр, қыз балалар малға сатылуда деп, ашына жазады. Қарап отырсақ, романтикалық образ қазақ əдебиетінде, сонау Жел аяқ пен Көрегеннен, Сəбит Мұқановтың «Сұлушашы», Жұмағали Саинның «Күлəндасы», Əбділда Тəжібаевтың «Абылынан», жəне т.б көруге болады. Айталық, махаббат. Бұл- өмірде тұрақты шындық, өнерде мəңгілік тақырып. Хакім Абай: Махаббатсыз — дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар — деген. Қазіргінің махаббатын бұрынғының Лəйлі-Мəжнүнің, Қыз Жібегі мен Төлегеннің, Қалқаман мен Мамырдың арасындағы сезімдерше суреттесек, өз дəуірімізге сай келер еді. Қыз Жібектің ақтығы, Наурыздың ақша қарындай. Ақ бетінің қызылы, Ақ тауықтың қанындай. Міне, ғажап! Осыған ұқсас ақын махаббатты тұтатқан «Əйел» өлеңінде: Сезгіш, сүйгіш жан беріп, Махаббат, рахмет теңізден. Жаратты тəңірі əйелді, Бастасын деп бар ерді, Туралық, шындық жолына,- деп лирикаға ауады. «Адамның шынайы махаббаты …тек қана бір-бірінің адамшылық қасиеттерін өзара қастерлеуге негізделуі тиіс»- дейді В.Г.Белинский. [3; 281-бет, Асыл мұра] Осы бойда ақынның мына бір шумақ өлеңі еріксіз бойыңды баурап алады. Сөзің – сиқыр, есті тұман басқандай, Ессіз жүрек дария болып тасқандай. Күлкің, күнім, күндей күміс табаққа Мінсіз сұлу меруертті шашқандай. Ақын терең суреттер арқылы жеткізіп, терең сезімді оята алады. Ақынның əрбір айтқан сөзіне, теңеулеріне еріксіз ере бергің келеді. Əйел сүйем, бірақ емес сендерше, Мен сүйемін, жан-дүниесін бергенше. Жан-денесін бірдей алам, улаймын, Қысып сүйем, құшағымда өлгенше- дейді ақын «Сырым» атты өлеңінде. Ақынның бұл өлеңінде бірге жарасты жастық, махаббат лебіздері де назбен еседі. Өткенді айтып, домбыраны қанша діңгірлетсе де – одан шын поэзия шықпайды. Ал,Мағжан міңгірлемейді, асқақ тебіренеді. «Меніңше- бұл өмірде махаббат асқан қазына жоқ» -дейді І.Есенберлин [285-бет] Махаббаттың мың түрлі құпиясы бар, Жүрек оны жан шыққанша жасырар. Ақын тағдыры жайында Бердібаев: «Кеңес өкіметінің орнауы, оның əміршіл- əкімшіл саясаты Мағжанның бірқатар шығармаларының романтикалық пафосын дүниеге əкелді. Большевиктік тəртіптерге көңілі толмаған ақын өз заманының шындығына, өткен дəуірдегі қазақтың еркін дəуренін суреттейді. М.Жұмабаевтың мұндай шығармаларында бірінші қатарға қоғамның объективті заңдылығы емес, осылай болса деген сенімі мен идеалы шыққан. Бұл романтизм еді. [Бердібаев Р. Ақын тағдыры. Жинақта: Бес арыс Алматы, 1992, 332 б] Романтиктер өздерінің кереметтер мен қиял-ғажайыптарға құштар екендігін жасырмайды. Философ Новалис: «Əдеттегі өмір мен тағдырдың өзі романтикаға толы. Үлкен болсын, кіші болсын, біз үлкен бір романның ішінде өмір сүріп жатырмыз» — деп жазады. Мұндағы, роман дегеніміз – сюжеттік құрылымы күрделі, көп желілі, кейіпкер бейнесін ол өмір сүрген уақыт, ол тірлік кешкен орта, басқа прозалық жанрларға қарағанда ұзақ уақытты, байтақ кеңістікті қамтитын көлемді эпикалық шығарма. [Ысмақова А. Əдебиеттану терминд-ң сөздігі, Алматы. 1996, 175б] Қоғам шындығымен келісе алмаған Мағжан ақын өткеннен ем іздемей, болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Өмірдің баянсыздығын, əділеттің жойылып бара жатқанын айтады. Ақын өлеңдері, поэмалары барша жұртқа əсер етті десек болады.

Мәліметтер kazorta.org сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар