Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ОҚУШЫЛАР ПАРАҒЫ
ОҚУШЫЛАР ПАРАҒЫ: М.Шахановтың «Нарынқұм зауалы» п...

05.04.2019 100064

ОҚУШЫЛАР ПАРАҒЫ: М.Шахановтың «Нарынқұм зауалы» поэмасы. 7-сынып

 ОҚУШЫЛАР ПАРАҒЫ: М.Шахановтың «Нарынқұм зауалы» поэмасы. 7-сынып - adebiportal.kz

Махамбет туралы поэзиялық шығармалардың ырғақтық-интонациялық композициясы

Махамбет Өтемісұлы — қазақ поэзиясындағы ғана емес, қазақ тағдырындағы аса көрнекті тұлға. Сондықтан, ол туралы тебірене жыр жазбаған қазақ ақыны кемде-кем.

Олардың қатарында М.Шахановтың «Нарынқұм зауалы», Ф. Оңғарсынованың «Алмас қылыш» және М. Сатыбалдиевтің «Махамбеттің монологі» атты өлеңдері мен поэмалары бар. Сол кезеңдегі қазақ арманын Махамбет жырларынан таныған қазақ ақындары үшін Махамбет бейнесі музаға айналды десек артық айтқандық емес. Махамбетке арналған поэзиялық шығармалардың барлығына ортақ бір ерекшелік бар. Олар ырғақтық- интонациялық жүйесімен басқа өлеңдерден өзгеше. Ақындар өз шығармаларында Махамбеттің күрескерлік айбынын, ақындық тереңдігін, азаматтық парасатын таныту үшінөзгеше интонациялық өріс іздейді. Сол ерекше интонациялық өріс осы жырлардың барлығының өзегі болып табылады.

ҚОСЫМША МАТЕРИАЛ: Мұхтар Шахановтың өмірбаяны

М. Шаханов «Нарынқұм зауалы» шығармасының «Махамбеттің соңғы сөзі» атты бірінші бөлімін Махамбеттің монологына құрады. Бұл өлеңнің он бес буынды алты тармағы бірдей өзара ұйқасқан, яғни, ұйқас өрнегі- аааааа. Өлеңнің келесі шумағы сегіз тармақтан тұрады. Олардың үшеуі- он бес буынды болса, өзге бесеуінің ырғақ кестесі- 8-8-6-8-11. Бұл шумақтың он бес буынды тармақтары алдыңғы шумақпен ой тізбегін құраса, сегіз, алты, он бір буынды айнымалы ырғақтарға құрылған тармақтар жаңа ойға өріс ашады. Он бес буынды құрылымға негізделген 1-2 шумақтың тармақтарындағы ой өзегі — ақынның түсі болса, алты, сегіз, он бір буынды тармақтардағы ой негізі — ақындық туралы толғаныстар. Қазақ поэзиясына кең тарағанон бір, сегіз буынды өлшемдердің 11-8 позициясы, бұл тармақтарда 8-11 болып, кері сипатта көрінеді. 11-8 позициясынан туындайтын интонация жеңіл де ширақ болса, 8-11 позициясы осы тармақтарда айтылатын ойлардың нақтылығы мен тиянақтылығына сай, нық, орнықты да, кесімді.

ҚОСЫМША МАТЕРИАЛ: Мұхтар Шахановтың бір күні

Жұлдыздай боп жанар алдан,

Ақындықта елден ерек басқа заң.

Батырлығы жоқ адамнан

Үлкен ақын шыққан емес ешқашан.

Иә, шындықтың ащы даңқы,

Шындық үшін жалғыз түстім егеске.

Ақындықтың басты шарты —

Басты алса да, шындықты айту емес пе? 115

Шалыс ұйқас ретімен сабақтасқан 8-11 буынды тармақтар бес шумақпен тиянақталады. Одан кейінгі он бір буынды қара өлең ұйқасына құрылған шумақ өзгеше логикалық өріс ашады. Жеті, сегіз, он бір буынды өлшемдердің сабақтастығына негізделген соңғы шумақтардың ой өзегін «Ұлы өлкем» деген ұғым анықтайды. Бұл шумақтардағы ақынның үміті мен сенімі ұлы өлке деген киелі ұғыммен ұштасып жатыр.

Мен сенемін,\\күні ертең -7

Ақыл-ойды \\пір тұтар деп\\ ұлы өлкем,-11

Мына дәурен\\бұрқан- тарқан -8

Ертең қайта \\өзгерер. -Ақындарын\\ сұлтандардан -8

Артық сыйлар\\ кез келер. -7 116

ҚОСЫМША МАТЕРИАЛ: Исатай - Махамбет тарихы

Жеті буынды өлшемнің 4+3 өрнегі мен он бір буынды өлшемнің 4+4+3 кестесі егіз ұйқас ретімен жеңіл сабақтасады. Өзге төрт тармақтарда сегіз буынды өлшемнің 4+4 және жеті буынды өлшемнің 4+3 өрнегі шалыс ұйқас ретімен сабақтасып, нық, кесімді интонация тудырады. Ақынның «Мен сенемін күні ертең» деп басталатын жолдарын осындай нық та шешімді ырғақтық- интонациялық жүйеге негіздеуі шығарма композициясының шымырлығын танытады. Яғни, өлеңдегі әрбір өлшем ой иірімініңәрбір тербелісіне сай ауытқып, түрленіп тұрады. Белгілі зерттеуші Бақыт Кәрібаеваның ақын М. Шаханов өлеңіндегі интонациялық динамикаға қатысты пікірі орынды айтылған: «… өлеңнің реті бір қалыпты емес, ойдың бітуіне орай шарықтап, кейде бәсеңдей, бірде үдеп отырады. Сөйтіп толқын-толқын ырғақ, осылайша бір-бірімен байланысып, тұтастық алады». Бұл шығарманың «Әке үкімі» атты екінші бөлімінің ырғақтық- интонациялық композициясы күрделі. Бірінші бөлім Махамбет монологына құрылғандықтан, оның құрылымдық композициясы қарапайым сипатта көрінді. Ал екінші бөлімі белгілі кейіпкерлер төңірегінде өрбитін сюжеттік желіге құрылғандықтан композициясы да жан-жақты дамыған сипатта өрбиді. Өлеңнің ырғақ жүйесін он бес буынды өлшемнің 4+4+4+3, он бір буынды өлшемнің 4+4+3, жеті буынды өлшемнің 4+3 жәнесегіз буынды өлшемнің 4+4 өрнегі құрайды. Бұл өлшемдер шығарманың мазмұндық динамикасына сай, өз орнын тауып қаланып, интонациясы құнарлы, мазмұны мен пішіні дөп қабысып, шымыр шыққан. Үш буынды бунаққа біткен тармақтар өзара жеңіл, әрі тығыз сабақтасса, соңғы бунағы сегіз буынды 4+4 өрнегі ерекше логикалық екпін түсіру үшін пайдаланылады. Поэмадағы Махамбетті өлтіргенін әкесіне мақтаныш етіп айтқан баласының әңгімесі айнымалы ырғақ жүйесімен аса құнарлы интонациямен жеткізіледі.

Баласы айтты:

— Топ бастадық төрт адам.

Махамбеттің жақыны

Ықыласты үгіттеп,

Мақтап, қағып арқаға

Қосып алдық ортаға.

Бала диалогының жеті буынды қысқа да ширақ тармақтармен басталуы «ерлік жасаған» ұлдың тасыған көңілін, айтуға асыққан аптығын дәл жеткізеді. Тапқырлығын жеткізбек болған келесі екі тармақ салмақты он бір буынды өлшемдермен берілу арқылы оқшауланады. Қапысызда қармақ салып, Махамбетті алдап соғып деген екі тармақ негізгі ой өзегін еншілегендіктен, сегіз буынды өлшемнің 4+4 өрнегімен берілген. Эмоционалдық реңкі күшейген тұста ақын тасымал арқылы екпін түскен сөзді дербес тармақ етіп шығарады.

-Ой, залым-ай,

Жүзіқара залым-ай, — деген сөздер он бір буынды өлшемнің алғашқы бунағын дербес шығару арқылы әке ашуын шынайы көрсетеді.

Ақын Ф.Оңғарсынованың «Алмас қылыш» поэмасы үш кездесуге бөлінген үш бөлімнен тұрады. Олардың барлығы Махамбет ақынның монологына құрылған. Өлең айнымалы ырғақтарға құрылған, тармақтардағы буын саны бестенжиырма буынға дейін жетеді. Өлең шумақтарындағы тармақ сандары да айнымалы. Махамбеттің бірінші монологы жасықкүйбең тірліктің күйін тартып, алдамшы сезімнің сиқырына арбалған жасық ақын ұрпағына деген ызасы мен күйініші ақтарылады. Өлеңнің ырғақтық-интонациялық композициясында шығарманың мазмұндық өрісімен біте қайнасқантұтастық бар. Ұрпағына қарата айтылған шумақтар мазмұндық екі бөліктен тұрады. Барлық шумақтың алғашқы бөлігіндеқалғыған ұрпағын оятпақ ниеті баяндалса, мамыражай ұрпағымен өзін салыстырған тұста салмақты мазмұндық өріс ширығып, өзінің арман-тілегін айтқан жолдарда тіпті шамырқанып, аса қанық экспрессивтік бояуы көрініп, ең жарқынэмоционалдық күй кешеді.

Жатқаның мынау тұнжыр түндерде

ұйқыға батып албырап,

осындай дәурен тұрғанда саған,

хақың жоқ сенің қалғымақ!

Ұмыттың ба әлде сонау заманда елің жатқанда қалжырап,

игілігі боп дұшпанның ғана далаңдағы шалғын, бал құрақ,

бақыт тапсам деп сары дала жонда сарғайып жатқан халқыңа,

азаттық іздеп шарқ ұра

арманмен бабаң аласұрғанын аш арыстандай қалжырап?

Намысқой, өршіл асқақтығымды менің, ұрпағыма мәңгі мұра ету-

осы емес пе еді бабаңдағы арман, бар мұрат?!

Отты үнің қайда, өртті үнің қайда

жүректі асаудай тулатқан,

кеудеңді соғып «ақынмын » дейсің – сандырақ!

8-10 буынды тармақтардың сабақтастығына негізделген алғашқы төрт шумақтардағы ой өрісі ұйқыда балбыраған ұрпақ төңірегіне жинақталған.

Ой ағысы өзге арнаға, азаттық іздеп жанталасқан ақынның өзіндік тұлғасына ауғанда, тармақтардағы буын саны бірден артып жиырмаға дейін жетіп, интонациясы ширығып кетеді. Шумақтағы ой ағыны үш топқа жіктеледі. Әрбір жаңа ой бөлшегі бас әріппен басталады. Шумақтағы барлық тармақ бас әріппен бастала бермейді. Жаңа ой басталатын тармақ қана бас әріпті еншілейді. Ақынның кесек-кесек кемел ойларына, өр де асқақ рухын бар болмысымен жеткізу үшін ырғақтық-интонациялық жүйесі мен синтаксистік құрылысы өзгеше құрылады. Бірінші бөлімнің құрылымдық өрнегі мен синтаксистік құрылысыкиыннан қиыстырылған тұсы шығарманың ой өрісінің аса жарқырай ашылып, эмоционалдық деңгейінің де ерекше ширыққан шағы. Игілігі боп дұшпанның ғана далаңдағы шалғын, бал құрақ, сонау заманда елің жатқанда қалжырап, бақыт тапсам деп сары дала жонда сарғайып жатқан халқыңа, азаттық іздеп шарқ ұра аш арыстандай қалжырап арманмен бабаң аласұрғанынәлде ұмыттың ба? Осындай күрделі ой жүйесі үзілмей, шашырамай өзіне сай әуенін тауып шымыр жеткізілуі ақынның үлкен талантын танытады.

«Екінші кездесу» деп аталатын екінші бөлімнің тақырыптық- идеялық өзегі — достық. Ақын өзінің Исатай батырмен арасындағы достығын нағыз достық ретінде үлгі етеді. Екі тұлға арасындағы достықтың қайнар көзі, бастауы туралы жырда ақын аса нәзік сезіммен тебірене жырлайды.

Басталды- ау бәрі бір кештен…

Көкірегі тұнған шер –қайғы,

Жайықтың бойын жағалап жатқан ел жайлы

Сонда мен алғаш Исатайменен тілдескем,

Мейірімге толып жанары

Жалт етіп маған сүйсінген жүзбен қарады,

Сол күннен біздің өмірге, елге

Махаббатымыз үндескен.

Бұл бөлімде достық туралы, ақынның досқа деген сағынышы арқау болғандықтан ырғақтық- интонациялық жүйесі дебірқалыпты өрбиді. Өлең мінезі дауылдан соңғы теңіздей саябырсыған, тыншыған қалыпта көрінеді.

Бұл бөлімнің де кіріспесінде тармақтардың ырғақ кестесі 8 буынды өлшем мен 18 буынды құрылым арасында тербеледі.Бірінші тармақ «Думанмен өтіп күндерім» сегіз буынды болса, ой өзге арнаға ауысар тұста тармақ «Ұмытқам сонау түсімде келген Махамбет атты ақынды» күрделенген 18 буынды өрнекпен беріледі. Өлең шумақтарындағы тармақтар саны айнымалы, яғни алты тармақтан 17 тармаққа дейін жетеді. Тармақтарды шумаққа топтайтын үш фактор белгілі. Ұйқасушы сөздердің сабақтастығы, ой бірлігі және синтаксистік тұтастық. Бұл өлеңнің кей шумақтарында осы үш фактор да көрінбейді. Бірінші және екінші шумақ арасын ашуда ой өрісі мен ұйқас негіздеріне қарамай, екінші шумақтың орта тұсынан бөлшектенеді. Алғашқы шумақ жасаушы негіздерге сүйенсек, «Таң алды білем… Тарланмен жетті қайтадан» деген тармақпен бітуі тиіс. Өйткені, келесі« … Атаның жолын қуар деп » деген тармақтан жаңа ой тарқатылып, жаңа ұйқас қатары түзіледі. Бұл ой бірінші тармақтан көрі екінші тармақпен бірлігі күшті, себебі Махамбеттің авторға қарата айтылған монологы басталады. Ұйқас негіздері де бірінші тармақтың үш тармағын бала едің- зар едім- жан едің , екінші шумақтың бір тармағын қамтиды – тар едің.

Ақын шығармасы айнымалы ырғаққа құрылғандықтан оның логикалық өрісі синтаксистік құрылымы ескі жыр үлгісіндей ой оралымының тиянақталуы ырғақтық- интонациялық динамикасын айқындауда үлкен рөл атқарады. Бір шумақ бірнеше ой оралымынан тұрады. Бұл оралымдар бір ұйқас негізі арқылы тиянақталады да, өзге ой оралымдарымен ырғақтық- интонациялық жүйе құрады.

Ол бір халықтың асыл ұлы еді,

арманға толып жүрегі,

Қазақтың байтақ даласын,

аш, арық бала- шағасын

жеткізсем дейтін бақытты , жұмақ күндерге,

өмірін арнап, соры арылмаған мұңды елге,

Осы еді-ау оның бар арман, мақсат, тілегі.

Бұл шумақ үш ой оралымынан тұрады. Оны ақынның өзі де бас әріптермен басталған жолдар арқылы нұсқап отырады. Поэманың соңғы бөлімінің ырғақтық-интонациялық композициясы біртұтастығымен ерекшеленеді. Біріншіден өлеңнің ырғақ жүйесін сегіз буынды өлшемнің 3+2+3 өрнегі мен аракідік ұшырасатын 4+3 өрнекті жеті буынды өлшем құрайды. Осындай біртұтастық оның мазмұнына да тән. Махамбет ақын ұрпағына жігер, қайрат бере сөз арнайды. Ақындықтың мәнін ұқтырып, мұратын айқындай, меңзей сөйлейді. Фариза бұл бөлімінде Махамбет монологы арқылы оның адамзаттық болмысы мен азаматтық тұлғасын кең ашады, терең танытады.

Махамбет болып толғанған, Махамбет болып тебіренген ақынның бірі- Меңдекеш Сатыбалдиев. «Махамбеттің монологы» деген өлеңі идеялық- тақырыптық, көркемдік –бейнелілік, ырғақтық- интонациялық, дыбыстық-мелодикалық жүйесі жағынан өзіндік ерекшеліктері бар шығармалардың бірі.

Жүз шақты тармақтан тұратын өлеңнің барлық тармағы тек қ дыбысынан басталады. Оның себебі қ дыбысы қатаң, айтылуы, естілуі қатты дауыссыздың бірі. Қ дыбысы қаталдықты, қиындықты, құсалық сияқты Махамбет тағдырын айқындайтын ұғымдардың басталатын дыбысы. Ақын өлең жолдарын бірыңғай қ дыбысынан бастау арқылы Махамбет өмірінің қиындығын, тағдырының қаталдығын, жүрегінің құсалығын, қоғамының қараңғылығын, қасіретінің қалыңдығын, қазағына деген махаббатының кіршіксіздігін, қайырсыз ханға көкірегінде қайнаған қаһарын, халық үшін жиған қайратының қуатын танытып, өз бояуымен бейнелі жеткізеді. Қалың қазақ, қылыш, құсалы жүрек, қанжар, құз, қиямет-қайым, құм, қапыда қалу, құл, қорғасын қайғы, құзғын, қабылан, қасиет, қасірет, қаһарман, қыршын, қыран, құн, қан, қара дауыл, қара орман, қамал, қанды көбік тағы басқа сөздер орындарын тауып, өлеңнің идеялық-мазмұндық негізіне кірпіштей қаланған. Ақын айнымалы ырғақтың мол мүмкіндігіне қоса дыбыстық әуезділігін өлеңнің ішкі сарайын ашуда шебер пайдаланған. Шумақсыз құрылыммен құрылған тармақтардағы буын саны төрт буыннан он жеті буынға дейін тербеледі. Еркін аққан ырғақты өлеңдік шеңберге жинақтайтын 7-8 буынды өрнектердің сабақтастығы. 4+6+3, 6+4+3, 5+3+5, 4+4+4, 6+5+3, 4+5+5+3, 5+5+3+3, 4+3+5+3сияқты күрделі өрнектер өлеңнің ырғақ жүйесін түрлендіріп, ырғақтық-интонациялық композициясын мәнерлі етіп тұр. Өлең тұтастай ұзынды-қысқалы тармақтардың сабақтастығына негізделген айнымалы ырғаққа құрылған. Бұл өлеңге Марғасқа, Доспамбет сияқты жыраулардың арынды ағысы, адуынды мінезі, албырт жалыны тән. 13, 15,16,17 буынды тармақтардашарықтаған ой биігі, сезім қызуы беріледі. «Қырғидайын қызыл кеңірдектен қидым да», «Құздың қылыш қабақ құздарынан құлатып», «Қаңғыбас оқтар көкірегімнен жүз атып», «Қарлы құйын түтейді сонда ала қаншықтай ашынып», «Қарлығып жеткен құландай ащы дауысымды жатып ұқ», «Қасарысқан жауымнан сұрадым теңдік ақырып» деген өлең жолдарында мазмұндық өріс аса ширығып, экспрессивтік бояуы барынша қоюланып көрінеді. Өлеңнің мазмұнына оның ырғақтық-интонациялық жүйесіндегі еркіндік, нақтылай айтқанда, ұйқас еркіндігі мен ұзынды- қысқалы тармақтардың сабақтасуындағы еркіндік дөп қабысып өлең болмысы Махамбет толғауларының тереңімен біте қайнасады. Ақынның өлеңге қойған талабы осы болса керек.

Сурет kitap.kz сайтынан алынды

ҮСЕНОВА АЙГҮЛ

Л. Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы,

Филология ғылымдарының кандидаты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар