Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
Ол кезде бәріміз ұлы ақын едік...

30.05.2020 5028

Ол кезде бәріміз ұлы ақын едік

Ол кезде бәріміз ұлы ақын едік - adebiportal.kz

(Есбол Нұрахметтің «Таусылмас түні» туралы оқшау сөз)

Есбол шайхының әр қадамы көз алдымда. Ол кезде бәріміз ұлы ақын едік. Өлең оқысақ астыңғы ерніміз жер тіреп, үстіңгі ерніміз көк сүзетін. Отыз тістен ытқыған өлең оқша борайтын. Сол бораған оқтан ешікім жайрап қалмаса да, өзіміз бек ырза едік. Неге сонша өзеуредік, неге сонша әбігерлендік? Соған әлі күнге таңмын. Әйтеуір беймәлім желік басымызды әбден бұғаулаған. «Дон Кихоттың» дулығасымен дуаланғандай едік. Сол «бұғаудан» босаған жігіттер, сондағы «желіктің» буымен әртараптан бақытын тапқандай болған. Енді міне, сол бақытын бұлдап, менің шайхымның «Таусылмас түні» жатыр алдымызда. 2009 жыл. Астана. Онда өмір сұлу, тірлік тылсым еді деуге аузым бармайды. Бәрі де кешегідей, бәрі де қазіргідей, бәрі де баяғысындай баянсыз еді. Шығыс Түркістанның ызғырық желі бір топ үрпек басты Сарыарқада тоғыстырған сұп-суық күз болатын. Бәріміз де кішкентай ауылынан үлкен ақын болып шығамыз деп аттанған, ХХІ ғасырдың «зәузатынан» хабары жоқ, шикі өкпе, керік кеуде бейбақтар едік. Өзімізді жер бетіндегі жалғыз ақын сезініп, жетім паркті жағалап туған группаласым Ербол Алшынбай екеміз алшаңдап келе жатқанбыз. Алдымыздан қалбалақтап осы Есбол шайхы мен Саян бұрқы (Есжанның Саянын айтам да) кезіккені есімде. Аман сәлем болды ма, болмады ма, оны қайдам. Әйтеу, бір теректің түбіне тұра қалып шаштары желбіреп, қолдарын сермеп, көздерін тарс жұмып өлең оқығаны есімде. Оқыған да жөндеріне жүре берген. Сүйтіп әйгілі «Соңғы көшімен» ортамызға ендеп кірген. Көсіліп жүрген. Жан аямас жолдас болған. Талай чиотымызды жапқан. Кейін-тін, менің «жекелік банкоматым» атанған. Өмір бақи стипендиядан қағылып жүретін біз пақырды астананың сақылдаған сары аязында талай рет аштықтан аман алып шыққан, шіліңгірінде шөлімді басқан жампозым да осы еді. Жалғыз-ақ міні – Бақытбектен (Қадырұлы) өткен күлекеш, Ерболдан (Алшынбай) өткен керік, Еркіннен (Исахан) өткен езбе, өзімнен өткен исі алмас еді. Өзім «мыңқ етпес» болғаннан ба, маған елгезек, сергек, тынымтаппас көрінген. Қашан кезіксем де жаңа дүниені қоңырсытып, жаңа жоспарларын бықсытып отыратын. Онысын мен кәнігі күйгелектігіне жорып, жолай жұбатып жүре беретінмін. Сол елпектігінің арқасында әр таудың шөбін бір шалған, әр жанрға бір соқтыққан. Атағы дүркіреген «бизнесмен» бола жаздап, аман қалған. «Су аяғы құрдыммен» тынған хикаялары көп енді. Әсіресе Саша (Саян Есжан) екеуі көп қызыққа батқан жылдар еді. Бастысы адал, аңқау, сенгіш, таза, адами қалпын бұзбаған. Бұдан да бастысы ­- екі қолын төбесіне қойып өлеңнің ауылынан «біржола» безген. Қыр асып маңған. Бұл кейіпте әрине, жеңістің жалауы біздің төбеде еді. Сол бойы тентіреп кетсе екен деген «дүспани тілегім», енді өзіме «шоқ, шоқ!» дегізіп отыр. Сүйткен сабазым енді міне, тұңғыш кітабына «мендей бол!» деп «қолтаңба-бата» беріп отыр. Жә, оны қойшы...

Алғаш әңгімелерін бұрқыратып біздің әдіріске жолдай бастағанда күмәнмен қарағанбыз. Қарапайым, жадағайлау, жүрдім-бардым сөйлем. Күнделікті тірлік. Күйбең өмір. Кәнігі оқиғалар. Бәріміз көріп жүрген кеп. Көп шиырлаған із. Артық ауыс ештеме, көз тоқтатарлық тосын дүние сезінбегеміз. Ықшам, ыңғайлы жолжазбадай ғана көрінген. Келісті көркем шығарма деп айтуға батпағамыз. Онымен шаруасы жоқ шайхым, үсті-үстіне бұрқырата берген. Алғаш жаза бастаған жылдың өзінде жеті-сегіз новеллаға дейін апарған. (Айтпақшы, «Акутагаваның өзі «Тозақ азабы» сынды кесек дүниесін новелла деп атаған. Сенің бұл жүрісің сол маңға тақау», - деп жанрын да айқындап берген өзім едім). Әйтсе, елгезек Ес-ағам, көп дүниені бәрімізден ерте сезген екен. Күнделікті болып жатқан дүниелерге сергек, ойлы, басқаша көзімен жіті қарап, тамырын тап баса біліп, соның көбін тобықтай новеллаларына тоғыта білген екен. Бақылағыштық қабылеті бұрын да ерек еді, бірақ, бәрін шағын жанырдың қауызына сыйғызып әкетер деп еш ойламасам керек. Әсіресе соңғы екі жылдың айналасында шын шеберге тән қолтаңбасын айқындай бастады. Шағын жанырдың нағыз шедеврлерін ұсынды. Оған Есболды оқыған оқырман қауым куә деп ойлаймын. Әр жазбасы өз ортасын бейжай қалтырған жоқ. Әлеуметтік желі дейтін біздің «екінші өмірімізде» буы бұрқырап тұрды. Қаны жерге тамбады. Әрине, үлкен әдебиеттің өлшемі бұл емес. Бізде оны «көзір» қылайық деп отырғамыз жоқ. Сөздің ретіне қарай айтылып жатқан «дәлелдеріміз» еді. Дәлел демекші, ең алғашқы тырнақ алды туындысы «Тарақандарды» оқыңызшы. Қоғамның қоясын қопаратын, ауыр, ащы, салмағы зілдей, астары күрделі дүниені де, осылай боямасыз, осылай «жеңіл», өмірдің өзіндей нәрлі, жалғанның өзіндей баянсыз, аярлықтың өзіндей «әрсіз» етіп бере салуға болады екен ғой деп тамсанасыз. Бұл новелланың бейкүнә тарақандармен еш қатысы жоқ. Әңгіменің төркіні бейдауа адамдар туралы. Қатыссыз дүниені қаужай отырып, қатысты дүниені дөп басу жаңалық емес әрине. Бірақ шеберлік демей көріңіз. Бұл тұрғыдан Есболдың жазу машығы өзі жақсы көретін Хэм ағайдың атақты «Айсберг тәсілін» елестетеді. Қысқа, нақты, қарапайым сөйлемдер. Қысқа, ықшам кіріспе (көбіне ол да жоқ). Әр емеуріндегі өзіне деген сенім. Сол сенімнен туған ұлан-ғайыр энергия. Сол энергияны қаумалап тұрған рух. Міне, біз айта алмай отырған рухқа, киеге Есболдың новеллалары осылай сездірмей шығады. Білдірмей жаулайды. Осылайша мұзға жаққан алауы маңдайыңызды күйдіреді. Қанатыңызды талдырады.

Әлем әдебиетінде Мопассан, Чехов, Моэм, Акутагавалар болмаса бүгінгі жаһандық мәдениеттің көптеген жауһарлары болмас еді. Не кешігіп жетер еді. Сондайлық, біздің әдебиетте Жүсіпбек, Бейімбет, Мағауин, Бердібек, Қалихан, Сайын сынды саңлақтар өз дәуірінің жүгін ада етпегенде, прозамыз әлі көр жерді көсеп жүрер ме еді. Қайтер еді?.. Біздің Есбол осындай ірілердің бірінің арқасына жабысып, бірінің тізесіне отырып, бірінің иығына сүйеніп, біріне алыстан тамсанып, бірінен «ұрлап», бірінен «жырмап», ұрлағанын да, жырмағанын да өз иініне көндіріп, өз босағасынан аттатып, өз шаңырағына сәлем бергізіп, өз биігіне құлаш ұрып бара жатыр. Өз жолын барлады. Тапқандай да болды. Бұл әлі азапты жолдың басы. Ес-ағаң оны біледі. Білген сайын қамшы басады. Басқан сайын шабады. Ғасыр ортасына қарай әлемдік мінберден күмбірлеп сөйлеп тұрса, «Мендей бол!» деген «батасы» осы емес пе деп мен отырамын мына жақта!?. Есболдың әр новелласы туралы, ондағы әр сюжет, әр деталь, жазу манерасы туралы тарқатып айтуға болады. Бұйртса ол хақында әлі талай айтылар, әлі талай жазылар. Біздікі жансырымен астасқан ізгі лепес, шын ықылас қана. Дегенмен, қымбатты оқырман, мүбәда беймәлім сөреден Есболдың «Таусылмас түнін» көре қалсаңыз, ойланбастан алып оқыңыз. Оған кеткен уақытыңызға да, жұмсаған ақшаңызға да еш қымсынбаңыз. Өкінбейсіз. Ол шынайы және жақсы һәм тура мағынасында көпшіл жазушы. Оның шығармасының ішінде бәріміз бармыз. Бәріміз осы қиқы-шойқы, олпы-солпы қалпымызда сол жерде өмір сүріп жатырмыз. Оның новелласын оқып шығып жеңіл күрсінуіңіз мүмкін, бірақ, ұзақ уақыт ойыңыздан кетпей жүруіне осы кітап кепіл. Оның бір-екі новелласы сізді толықтай тартпауы да ғажап емес. Алайда, осы кітапқа енген автордың жиырма новелласын оқып шықсаңыз, сіздің де, жазушының да жан әлемі тұтас бір жазықтықта тоғысары анық. Сол тоғысу мен түйлісуден туған ғашықтық сіздің ғұмырлық аңсарыңызға шырақшы болмасына кім кепіл?!.

Сөз басында емексіткеніміздей, мен пақыр, осы пәкене бойыма қарамай, ақын бола алмай жазушы атанған, ақын бола алмай сыншы бола бастаған, ақын бола алмай амалсыз тағысын тағы «бола бастағандарды» ешуақытта мойындаған емен. (Әңгіме шын өнер туралы). Есбол шайхым туралы да біршама уақыт осы ойдың жетегінде болғанымыз рас. Бұл ұстаным өзгерді дегендік емес. Ес-ағаң туралы бұндай ойға бірден жол беру әзірге әбестік. Кейде ситуацияға сай ойды жаңаша тұтандырмауға амалсызсың. Өйткені, бұндай «Жапырық өркеш жалғыз түйелердің» алда не бүлдірерін бір құдайдың өзі білсін. Әдебиет осындай «бүлдірулерден» тұрады ғой. Әдебиет осындай бүлдірулердің арқасында «ақсайды», осындай бүлдірулердің нәтижесінде толысады ғой. Бұндай да «бүлінгеннен бүлдірге алғанға» не жетсін дегің келеді. Әдебиетіміздің білгірлерінің біразы өз заманының «бүлікшілері» атанғаны анық. Есболды сол сойқан майданнан қызықтайтын күн де алыс емес сыңайлы. Ол қазір ұлы айдынның жағасында, кезекті тәуекелге бел буған кәнігі қайықшы тәріздес. Сыңсыған ұлы орманның мысы басқан жалғыз атты жолаушы тақылеттес. Ескегі ерек. Қамшысы дырау. Қаламы паң. «Шешінген судан тайынбас» дейтін шарасыздықтан айыққан. Меже қарсы жаға да емес. Меже аман шығу да емес. Меже - бар болу. Үнемі жарық төгу. Жарау дүниелер жазу. Өзі жағаға, өзі айдынға айналу. Өмір деген осындай «қырттармен» қызық. Жалған деген осындай «ақымақтармен» ыстық. Әдебиетсіз ғұмыр кешуге кім-кім де хақылы. Бірақ ондай ғұмырда қандай опа бар екенін мен әзірге білмеймін. Ана ­­– әдебиетіміздің алдында Есболдай опалы ұлдардың атқа қонғаны мәртебе. Махаббат деген осы!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар