Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Өлара шақтың қос суреткері

31.05.2022 2608

Өлара шақтың қос суреткері 12+

Өлара шақтың қос суреткері - adebiportal.kz

Ресейде патша құлап, уақытша үкімет орнап, оны большевиктер аударып жатқан заманда аңқау ел әр күнін бір жаңалықпен қарсы алып, бірінен үміт көрсе, бірінен күдік пен үрей көріп аласапыран күйге түскен-тұғын. Міне тап осы кезеңнің суретін сәтті бере алған жазушы Бейімбет Майлин мен Жүсіпбек Аймауытов еді. Бірі – алашордашы, бірі – большевик болса да, екеуі де араға аздаған ғана жылдар салып советтік жүйенің құрбанына айналды. Бүгінгі ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде қос шебердің өлара шақты суреттеген бірнеше шығармасына тоқталмақпыз.

Бейімбет көбіне кішкентай адамдарды, тағдыр ағысы сүйреген дәрменсіз пендені сөз етіп отырса да, жалпы жұрттың ортақ халін, әлеуметті артығырақ нысанаға алады. Осы тұрғыдан оны әлеуметшіл, яғни социалист десек те болатындай. Оны большевиктер қатарына қосқан да осы әлеуметшілдігі шығар. Кедейдің мұңы, әлеумет қамы деген ұрандардың артында қатаң тоталитаризм мен қарасұр жендеттік жатқанын әуелде аңғармаған да болса керек. Дей тұрғанмен, оның шығармашылығында жаңа заманға деген күдік пен үміт қатар жүреді. Ол бірде кедейдің теңдік алғанын жазса, бірде асыра сілтеудің кесірінен байдың артық қысымға ұшырап, әділетсіздік көргенін жазады. Оның туы – әділет болды.

Қатарластыра айтар болсақ, Жүсіпбек тұтас елдің суретін көрсете отырып, жеке адамның мінезін, болмысын анықтағанды ұнататын еді. Жүсіпбектің кейіпкері де Бейімбет кейіпкері сынды тағдыр талқысына түссе де, өз еркін өзі біліп, іштей ұзақ толғанып, қайнап жүреді. Жамандық қылса да, жақсылық қылса да, әлде неге тәуекел етсе де жұрт күтпегендей шешіммен, өзгеше мінезбен барады. Жүсіпбек шығармашылығын тұлғашыл деп атағанды жөн көрер едім өз басым. Оның кейіпкері жұрт қуанған нәрседен қуанбайды, жұрт мұңайған нәрсеге мұңаймайды, талғамы, мінезі, болмысы бөлек тұлға. Міне осы айырмашылықтың өзі-ақ екі жазушының неге екі түрлі саяси бағытты ұстанғанын аңғартса керек.

Мысал үшін, алдымен Бейімбеттің бірнеше кейіпкерін алайық. Оның кейіпкерлері өзінің әлеуметтік статусына тәуелді әрекет етеді. «Шұға десе Шұға еді-ау!» - дейтін Шұға да тағдырға қарсы ештеңе істей алмайды, көніп, солып дүниеден өтіп кетеді. Оның ғашығы кедей мұғалім Әбдірахман да тағдырға қарсы үлкен ештеңе істей алмай, сүйген жарын азаптан құтқара алмаған күйі кетеді. Бейімбет үшін олардың әлеуметтік орындары өте маңызды рөл атқарады. «Ұлбосын» әңгімесіндегі негізгі кейіпкер Шәрипа – Бейімбеттің басқа да шығармаларындағы секілді көп зарлының бірі. Өзі аңқау, надан, мінезі жаман болғанымен тілегі түзу, бір үйдің тізгінін советтік теңдіксіз-ақ өзі ұстап отырған әйел. Бар тілегі – аялап өсірген жалғыз қызы Ұлбосын. Жаңа үкімет орнаған, жаңа заң келген, мағынасын өзі де толық түсініп болмайтын ұрандар қаптаған. Сонымен бірге өмір де, жастардың түсінігі де күн өткен сайын өзгеріп барады. Бұрынғыдай текті жерге қызын таңдап тұрып беріп, қалың мал берісіп, ойын-той жасайтын заман өткен. «Шұғаның белгісінде» әйелдің еркі жоқтығы қасірет болса, енді «Ұлбосында» ата-ананың еркі жоқтығы да алаңдатып отырады. Бұл автордың әділетшіл түсінігінен туындаған қарама-қайшылық болатын. Шәрипа заманмен, уақытпен күреседі, бірақ күн өткен сайын жеңіле береді, тағдырға басын ие түседі. Бейімбеттің көп кейіпкері не көрсе де елмен бірге көреді, бөлек жол, бөлек бағдар іздеуге онша құлшынысы жоқ аңғал жандар. Шәрипаға Қалампыр деген әйел келіп: «Қыздарды түгел жинап алып Қытайға өткізіп жібереді екен», – деген «жаңалық» айтып кетеді. Шәрипа басқа жол таппай: «Қызы барлар не істеп жатыр екен?», – деп сұрайды. Ол басына қандай күн түссе де «Ел не істеп жатыр екен?» – деп, бар шешімді тұтас елден күтеді.

Аштық қасіретін терең суреттеген «Күлпаш» әңгімесіндегі Күлпаш та өз тағдырының дәрменсіз құрбаны. Іштегі аңғал, аңқау сенгіштік – оны өкінішке әкеп ұрындырса да қолынан келер еш айласы жоқ. Бейімбет кейіпкерлері осындай әлсіздігімен оқырман жүрегін езе түседі де, бірақ үмітсіз де қалдырмайды. «Ұлбосында» бүкіл қасіретті төндіріп, қорқытып келеді де, ең соңында үміт сәулесіндей етіп Әбулақапты қайта жарқ еткізеді. Бірақ астық іздеп кеткен әкеден хабар жоқ... Бұл екінші жағынан, автордың ескі өмір кетті, жаңа өмір келді деген символы да болуы мүмкін. Өсти отырып жаңа өмірдің, өзі түсінген советтік қоғамның үгітін де жасағандай болады.

«Кедей теңдігі» әңгімесінде байдың қорасында жалшы боп жүрген жігіт жаңа үкімет орнап, кедейдің қолына билік тиген тұста аулынай болады. Оған дейін де байдан біраз қорлықты көріп үлгереді. Ал оны да аулынай қылған, есіктегі басын төрге сүйреген оның жеке еңбегі, не таланты емес, тағдыры болатын. Ал осының қарсы беті сынды шығарма «Мөңкебайдың өлімі». Мөңкебай бай, бір болыс елді ауызына қаратқан мәртебесі де, қадірі де болған. Жаңа үкіметтен соң жалшысы «маған әділетсіздік жасады» деп соттасып, екі ай түрмеге жапқызған. Мөңкебай содан ауру боп өлейін деп жатыр. Оның сөзін тіпті туған ұлы да керек қылмай, аузына бір тамшы су беруге де жарамай шығып кетеді. Мөңкебай демі үзілер шақта тек өзінің итінің ғана дауысын естиді. «Ит – дүние», «ит – өмір», «ит – тағдыр» деген тіркестер осы әңгімедегі иттің даусын – тағдырдың даусы сынды ишаралайды. Бейімбеттің байы да, кедейі де тағдырдың көнген құлы. Осы екі әңгіме сонымен қатар автордың әділетшіл көзқарасын да көрсетіп тұр, ол тек бір ғана таптың, яғни кедейдің ғана жырын жырлап, мұңын мұңдап кетпейді, екі тараптың қасіретін бірдей көреді. Оның бір дәлелі «Раушан – коммунист» хикаяты. Раушан комунизм, социализм жолына шын берілгендей көрінсе де, іштей тек тағдырдың ғана сүйреуімен солай кетіп бара жатқаны аңғарылады. Оны осы жолға әкеп салған әлдебір көрінбейтін алып қол бар. Ондағы тартыстар да екі тарапты бірдей қамтып, кейбір нәрсені мәтін артына жасырып, оқырманның өзінің ой таразысына тастап кетеді.

Қалай деген күннің өзінде дәл осы өліара тұстағы қазақ қоғамын, әлеуметін Бейімбеттей анық суреттеп бергендер кемде-кем. Жоғарыда айтқанымыздай, Бейімбеттің кейіпкерлері өз тағдырын бірі заманға, бірі күйеуіне, бірі ата-анасына, бірі қожасына беріп қойып, әрі қарай дәрменсіз күйінде ғана өте беретін аса аңғал жандар. Ол осындай қаншама кейіпкерлері арқылы үлкен отарлаушы билікке қарсы ештеңе істей алмайтын, бейшара елін суреттейді. Шындықты жазып, әділетті ту етеді. Осы үшін айыпты болды, тура өзінің кейіпкерлері секілді еш күнәсіз атылып кете барды.

Ал Жүсіпбектің жөні бөлек. Жүсіпбектің кейіпкері қашан да батыл келеді, өлімге бойұрмайды. Сұлу да, асқақ өмір сүргенді қалайды, өлсе де қасқайып өледі. Ол жеке адамның қайсар, қажырлы мінезін көрсете отырып, тұтас заманның болмысын суреттей түседі. Бейімбетте әйтеу бәрін билеп, бәріне бұйрық беріп тұратын белгісіз біреу жүреді, ол айтылмайды да, талқыланбайды, тек оқырман сезеді. Бүкіл тағдырды сол шешетін секілді. Ал Жүсіпбекте керісінше, оның кейіпкері өз тағдырын әлі жеткенше өзі билейді, тым құрығанда күресіп, қасқая қарсы шығады. Бәріне сырттай билік жүргізіп, жеке адамға тағдыр жасап беріп тұратын тұтас ештеңе жоқ, өмір жеке-жеке адамдардан, мінездерден құралады. Ондай бар болғанның өзінде ол айтылады және талқыланады. Жеке-жеке адами мінез бен болмыстар арасындағы тартыста біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Бірақ жеңу мен жеңілу – сырттай жұрттың айтқан сөзімен өлшенбейді, кейіпкердің өзінің ішкі күйімен өлшенеді. Болмаса, Ақбілек те, Күнікей де былайғы жұрт үшін жеңілген, шаруасы біткен кейіпкер. Ал Жүсіпбекке олай емес, Жүсіпбек үшін кейіпкерінің ішкі бостандығы, өзін қандай ортада болсын бақытты сезіне алу қабілеті маңызды. «Күнікейдің жазығы» хикаятындағы Күнікей өзі сүймейтін адамға айттырылып қойған соң амалсыз тұрмысқа шығуға көнеді, бірақ жайдан жай шығып кетуді, олай оп-оңай тағдырдан жеңілуді жөн көрмейді. Күнәлі болса да айттырған күйеуін алдап соғып, шын сүйгенімен табысады. Бұл табысу, әрине, мәңгілік емес еді, автордың ишарасы да оның тек бір түндік екенін аңғартып тұр. Бірақ шығарма осы бақытты сәтімен аяқтайды. Күнікейдің күнәсі – оның жеңісі еді. Былайғы жұрт не айтса да, Күнікей өз ойынша жеңді, дегеніне жетті.

Ал «Ақбілек» романындағы кейіпкерлердің бәрі дерлік бір-бір тұлға сынды. Әрқайсының болмысы, мінезі, тіпті өмірлік ұстанымы бар. «Ел не дейді?» деген Бейімбет кейіпкері секілді жұрттан бөлінбей, елқатарлы өмір сүруді қаламайды, әрқайсы өзінше тіршілік етеді. Романда автор әр кейіпкерге жеке-жеке сөз береді, кейіпкерлер қандай қылмыс жасап тұрса да онысына сылтау тауып іштей өзін ақтайды. Орыс офицері Ақбілекке жасаған зорлығын заманға жауып, қазақтың надандығына сілтеп, «бізге де қызық керек» деген секілді сылтаулармен өзін ақтайды. Болып жатқан оқиғаларға қатысты, қазақ-орыс қатынасының тарихына қатысты да жеке ойларын іркіп қалмайды. Ал Ақбілеті ұстап берген Мұқаш та өзінің жасынан көрген зәбір-жапасын көлденең тартып, «көргенім қиянат, үйренгенім қиянат» деп, одан басқа не білетін едім деп ақталады. Бұлардан басқа да романда кездесетін әрбір кейіпкер өз алдына ойлап, өзінше іс қылатын бөлек-бөлек мінезді жандар.

Романның екінші бөлігін автор Ақбілектің өз ауызынан баяндайды. Ақбілек тағдырға жеңілмейді, оқиды, тұрмысқа да шығады, жұрт қатарлы, тіпті одан да жақсырақ өмірге қолы жетеді. Ең бастысы ол өзін енді бақытсыз сезінбейді, ертеңіне үмітпен қарайды. Көптеген оқырман үшін де, Ақбілектің өз айналасы үшін де оның тағдыры бұлай болмауға тиіс секілді. Трагедия тек трагедиямен аяқтауы керек секілді. Бірақ Ақбілектің өмірі – тек оның өзінің ғана өмірі, ол оны жалғастырғысы келеді, жеңгісі келеді, күреседі. Автордың екінші бөлімді Ақбілектің ауызымен баяндауы да – өзгеден көрі Ақбілектің өз шешімін, оның ішкі көңіл ағысын өзгеден артық қойғандығы деп қарауға болады.

«Қартқожа» романындағы кейіпкерлерге де Жүсіпбек жеке-жеке тоқталып мінездеме беріп, бөлек болмысын әйгілейді. «Әнші» де асқақ, өнерпаз, бөлек тұлға. Жүсіпбектің өзі де Совет үкіметіне қарсы күресті, қасқайып өтті. Бейімбет жазған аштық кезінде аш елге мал үлестіріп беріп көмек қылғаны үшін жалған айыпталып, барлық алашордашылардан бұрын құрбандыққа шалынды.

Бұдан басқа да қос шебердің саяси көзқарастарына қатысты кейіпкер таңдауы, заманды сурттеуі жақтарында қарама-қайшы жақтары жетерлік. Бейімбеттің көбіне кедей ауылды суреттеп, сол маңда жүретіні секілді Жүсіпбек те көбіне асқақ, бай, сұлу өмірді суреттеуге бейім тұрады. Бейімбетке кедейдің байымаса да байдың кедеймен теңескені жеңіс секілді көрінсе, Жүсіпбекке ауылдың малының азайғаны, байлардың көбінің кедейленгені көңілсіз суреттеледі.

Қорыта келгенде, екі автордың да суреттеген заманы бір, көтерген тақырыбы ортақ (әйел теңдігі) болғанымен, олардың кейіпкерлері екі басқа адамдар еді. Бейімбеттің шындығы жұрт тұтас мойындаған шындық, бақыты жұртпен бірге жеткен бақыт еді. Ал Жүсіпбектің шындығы да, бақыты да жеке жүріп, жекелей түйсінген дүниесі болатын. Қарасұр заманның қанды тырнағына ілінген қос шебер өз заманында таласқа түскен екі үлкен көзқарастың екі бағытында отырып дәуірдің суретін қатар салды. Бірінің кемін бірі толықтырды. Қазақ прозасының алғашқы асқары да осы екеуі болған еді. Екуіне тағы да біраз еңбектенуге мұрсат бермеген қу заманға, қараң батқыр Совет одағына лағнет айтып отырып, «қос шебердің тағы бір жиырма жыл уақыты болғанда қазақ әдебиеті қай деңгейде болар еді, шіркін...», – деген қиялмен жазбамызды тәмамдадық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар