Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең қалай туады?

22.12.2020 2666

Өлең қалай туады? 18+

Бұл сауал көп қаламгерді толғандырғаны анық. Сағыныштан, ғашықтықтан, мұңнан, әсерден, ойдан, қиялдан туды десек те, түпкі бір себептің бары анық қой. Оқырманға қызығы да сол болса керек. Шығармашылық адамдардың ішкі әлеміне енуге құштар. Бәлкім, өлеңнің қалай туғанын білгісі келер. Алдағы уақытта оқырман сұрауы бойынша қаламгердің берген жауабын порталға жариялап отырмақпыз.

Тосын қойылған сауалға тосырқамай алғашқы жауап бергендердің бірі көрнекті ақын, халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері Абзал БӨКЕН ағамыз болды.

Бұдан қырық жыл бұрынғы уақыт еді. Жастау кезіміз. Қасымда келіншегім бар. Алдымнан көрген жанның көзін суырғандай бір сұлу қыз өте шықты. Тал бойына жарасқан тамаша көйлегімен жарқ-жұрқ етіп кетіп бара жатты.

Тұла бойды шарпып өткен сезімді іркіп қалу мүмкін емес-ті. Бірақ "мен сендікпін",— деп жүрген қосағыңа мынау не деген керемет қыз еді, - деп айта алмайсың ғой. Содан әлгі сұлудың киген көлегінің қонымды, матасының да тәуір екенін айтып, іштегі көңіл құйынын басқан болмаймын ба.

Бірақ үйге келген соң да әлгі әсерден арылмадым.

Өлең жазуға отырдым. Сылқым сұлудың қымбат көйлегін шыт көйлекпен айырбастауға тура келді. Контрастың қисынына сәйкес арзан матадан тігілген киім ішінде әлгіндей супер сұлудың тұрғанын меңзеу мейлінше әсерлі болмақ. Көйлектің жағасы арқылы аққу мойнын, жеңі арқылы жұмыр білегін, белбеуі арқылы қыпша белін, етегі арқылы аппақ балтырын бейнелей келіп:

"Қарсы келсем өрлемесін қалай дау,

Көнген болдым, ол да соны қалайды-ау.

О, сұлулық, сені кейде жырлауға,

Сәндеп тіккен шыт көйлек те жарайды-ау", - деп аяқтадым. Бұл 1980-жылдың 17-тамызы болатын. Бірақ күні кеше жазылғандай... Оқып көріңіз:

ШЫТ КӨЙЛЕК

Ақын үшін өлең өзің, ән өзің,

Ақын үшін сұлулықтың пәні өзің.

Әсем екен үстіңдегі көйлегің,

Көйлегіңнен әсемдеусің және өзің.

Тиген жері от секілді күлбіреп,

Тентек сезім тыймасаңыз бүлдіред.

Үстіңдегі гүлдей әсем көйлекпен,

Өзің де бір тұрдың гүлдей үлбіреп.

Жарқылдатып жан дүниемнің шақпағын,

Астаң-кестең жүрегімде жатты ағын.

Амалсыздан, әйеліме мен сенің,

Өзіңді емес, көйлегіңді мақтадым:

Көйлегінің әсемін-ай,—дедім мен,

Басқалардың бәсеңін-ай,— дедім мен.

Шет елдікі болар бәлкім,

Біздікі

тікпеуші еді, бәсе, бұлай,— дедім мен.

Жағасы мен жеңдерін-ай,— дедім мен,

Белі менен белбеуін-ай,— дедім мен.

Жел желпіген етегін-ай,

Етегін

әдіптеген шеңберін-ай,— дедім мен.

Оттай жанған бояуын-ай,— дедім мен,

Өртенуге таяуын-ай,— дедім мен.

Сәндісін-ай,

Мұны тіккен шебердің

көңілінің ояуын-ай,— дедім мен.

Серіңіздің соры ма бұл, бағы ма,

Жоқ әлде бір шатасатын шағы ма?

Қасиетін әлгі ғажап көйлектің

Сипаттамақ болып едім тағы да...

Жарым айтты,— көп мақтама шеберді,

Матасын да мақтай берме көп енді.

Бұл дегенің шыт көйлек қой, шыт көйлек,

Соған өліп-өшетіндей не болды?!

Қарсы келсем өрлемесін қалай дау,

Көнген болдым, ол да соны қалайды-ау.

О, сұлулық!

Сені кейде жырлауға,

Сәндеп тіккен шыт көйлек те жарайды-ау.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар