Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең қалай туады? #Мұрат Шаймаран

06.01.2021 1284

Өлең қалай туады? #Мұрат Шаймаран 12+

Өлең қалай туады? Бұл сауалға әркімнің өз жауабы бар ғой деп ойлаймын. Мен үшін өлең әсерден, сезінуден туады екен. Маған әсер еткен дүние көпке дейін санамда сақталып қалады. Тіпті бір талай уақытқа ұмыт қалуы да мүмкін. Күні жеткенде ойыма сап етіп өлең боп қайта оралады. Мысалы менің "Бота" деген балладам бар. Негізгі жүгі - арғы беттегі қазақтың тағдыры, мұңы. Бұл шығарманың сипаты хақында «Қорғансыздың күні немесе Бота өлеңі» атты мақаласында Асылбек Байтан жазған болатын. "Ботаның" тууына себеп болған оқиға шығарма жазылудан екі жылдай бұрын болды. Үрімжі қаласында іссапармен жүргем, бір күні үлкен бақтан арқандаулы тұрған ботаны көрдім. Түйе баласын көрмеген өзге ұлт өкілдері қасында қаптап тұр. Енді, ботаның көзін көрсең ғой сондағы. Үлкен, жәудіреген көзінің шанағына жас толып кеткен. Жан-жағына жапақ-жапақ қарайды. Менің есіме бірден бала кезім оралды. Атамыздың ауылына барғанда көктеуліктен жайлауға түйелі көшпен жететінбіз. Екі өркештің ортасында немесе артқан кебеженің ішінде қалғып-шұлғып, изек қағып талай кетіп бара жатқанбыз. Көшпелі өмір салтын көрген адамға түйе ыстық, тым жақын сезіледі екен. Бұл оқиға маған қатты әсер етті. Көпке дейін екі тірсегі дірілдеп, енесін, даласын аңсап тұрған бота көз алдымнан кетпей қойды. Бірақ мен ол кезде бота туралы жыр жазам деп ойлаған жоқпын. Арада екі жылдай өткен соң, әлгі әсер ұмтыла бастағанда барып, кенеттен "Бота" дүниеге келді. Сол кездегі ботаның тағдырына арналған аяушылық сезім ұлттың болашағына деген алаңдаушылыққа, ұрпақтың бодандыққа батқан болашағынан туған мұңға ұласты.

БОТА

(Үрімжі қаласының сайранбағында көрмеге қойылған бота тұр)

Дуға толы бақ іші:

Өтеді жұрт көздерімен танысып,

Әзілдесіп, қағысып,

Шығандайды аспанға бір ән ұшып...

Бірте-бірте буынды ала бастайды,

Қайыршы тартқан скрипка дауысы.

Қылықты қыз көзді арбаған тоқ саны,

Қылмыңдайды жігітіне жабысып.

Сенделіп жүр менің «ағатайым да»

Тағы ішіп...

Жаныңды елтіп жапырақтар бүр жарған,

Дөкей қала, күнде қызық, күнде арман!

Тек күлуге жаралғандай бар адам,

Сонадайдан езу тарта қараған.

Арсалаңдап,

Азу тісі ақсиып,

Азу емес, қанжар көрдім мен одан.

Бағлан етін бұрқырата қақтаған,

Саудагерің нәпақа алып жатты одан.

«Тағылардың» таңсық асы жомарт тым,

Шұбыртады сілекейін «қонақтың».

Нәрлі тағам бітіргендей жанға алау,

Аңсары ауып қарай берді тауға анау...

Дуға толы бақ іші:

Тұрды бота бүйірлері қабысып,

Шуылдардан жүрегі ұшып,

Жаны ұшып.

Бәрін тәрк етер еді ол бірден,

Жібермеді шынжыр арқан қарысып.

«Тағылығын» тастамаған ол әлі,

Көз алдында туған өлке жамалы.

Бәрін тәрк етер еді ол бірден,

Жібермеді тобырлардың жанары.

Үзіп кеткен секілді бір жебе ұшы,

Ғарыштағы уақыттардың желісін.

Тұрып алды оған мүлдем жат көздер,

Мынау ғажап момындықты жеп-ішіп.

Кім әкелген, қойды кімдер арқандап?

Мұздай сауал тұрды менің арқамда.

Көшкен бұлтқа, өшкен күннің нұрына,

Қарайды ол жаутаңдап.

Тұрды бота,

Бота көзде – мұң нала,

Қолын созды мүсіркеген сұм бала.

Тұрды бота ойға шомып тым ұзақ,

Қайыршының күйін тыңдап бір ғана.

Миында әлі сағымданған сардала,

Ұшқан түтін мұнарменен жалғана;

Жар басына жалқы қонған қара қос,

Әлдебіреу шырқап салған арман ән.

Оттар сөнген,

Тау қалғыған,

Көз ілген,

Ен далада өзін еркін сезінген.

Миында әлі:

Тағдырына алаңдап,

Әлсін-әлсін қарай берген Бозінген.

Дуға толы бақ іші:

Шуылдардан жүрегі ұшып,

Жаны ұшып,

Тұрды бота бөрілерді сағынып,

Үйренген бір қан ішіп...

Жер жылуы қарып өткен табанын,

Миында әлі бар тарихы далалық.

Бірте-бірте есіне ала бастады,

Соры шыққан сорлы өлкені ол анық.

Үрей біткен буынды ап,

Бота тірсек әзер тұрды жығылмай.

Жанарында қалып қойған бір тамшы,

Боз жусанға қонған таңның шығындай...

Қып-қызыл боп батқан күннің реңі –

Рең емес – қып-қызыл қан,

Білемін.

Құлағымда бозінгеннің боздауы,

Боздап тұрған мына менің жүрегім...

Шашқан біреу қан сияқты уыстап,

Ертең тағы күн туады шығыстан.

Мынау дүние құлпырады, туысқан,

Маған тағы мұң туады, туысқан!

Кеудемдегі қырық жамау жүрегім,

Бозінген боп бұлқынады,

Туысқан!

Кім әкелді? Қойды кімдер арқандап?!

Мұздай сауал тұрды менің арқамда.

Балам маған қарай берді – сәбиім,

Бота көзі жаутаңдап...

Дайындаған: Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар