Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең қалай туады? #Серікзат Дүйсенғазин

08.01.2021 1465

Өлең қалай туады? #Серікзат Дүйсенғазин 12+

Біздің әулетте атам Дүйсенғазының әкеме еншіге қалдырған үлкен көк биесі болатын. Сол биеден туған құлындарды әкем жыл сайын бізге бәсіреге атайтын дәстүр бар еді. Аталған құлындарды өзіміз баптап, ауылдағы тай жарысқа қосатынбыз. Ол енді өз алдына бір ғажап әңгіме. Төртінші сынып оқып жүргенде әкем маған бір көк құлынды атады. Соны ауылдың орталығына әкеліп тай жарысқа қосатын едім. Көк тайым керемет жүйрік болды. Әр жексенбіде тай жарыс өтеді. Бір топ бала тайларымызға мініп, ауылдың сыртында бес шақырымдай жерден көрінетін биік ақ бағаналардың тұсынан тізгінді жіберетінбіз. Ауылдың үлкен-кішісі біздің үйдің арт жағындағы ашық алаңқайда шулап күтіп тұрады. Мәре сол жерде. Сол мәреге талай мәрте оқ бойы озып жеттім. Тайым топтан озған сайын мәртебем өсіп, мерейім таситын.

Жазда жайлауда той болған үйлер көкпар береді. Есейе келе көкдөненіммен сол көкпарға да қатыстым. Әкемнің бригадасында жұмыс істейтін Бейімбет, Көшкінбай деген ағаларым болды. Бейімбет марқұм өте қарулы жігіт еді. Мені дөненіммен көкпарға ертіп барып, өзі тақымнан суырған серкені алдыма өңгеріп беретін. Көкдөнен топтан сытылып шығуға епті жануар еді. Соның арқасында талай тойда олжа салдық. Кейін мен оқуға аттанғанда бір қимас жануарым сол дөненім болды. Дөненді әкем мен үйленгенше ешкімге берген жоқ. Үйленген жылы сол кәрі жылқыны ырымдап тойыма сойыпты. Оны мен кейін білдім. Құдайдың құдіреті, кейін сол дөненім үнемі түсіме енетін. Оны жақсылыққа жорып жүрдім. Бір күні түсіме кісінеген дөненім кірді. Таңертең ояна сала осы өлеңді жазып тастадым.

2008 жылы көктемде Жүрсін Ерман аға хабарласып, «Бір өлең – бір әлем» деген республикалық мүшәйрадан осы өлеңім бас жүлде алғанын хабарлады. Өлеңді сайысқа радиода істеп жүрген шәкіртім Иранғайып Күзембаев қосып жіберіпті. Бас жүлдеге тігілген «Волга» автокөлігін М.Әуезов атындағы академиялық театрда өтетін салтанатты жиынға барып, қазылар мен демеушілердің қолынан алуым керек екен. Оны «Қазақстан» ұлттық арнасы түсіріп, арнайы көрсетпек. Бірақ мен сол күнге университетте ректордың тапсырмасымен «МузАРТ» тобының студенттермен кездесуін белгілеп қойып едім. Оның ұйымдастырушысы да, жүргізушісі де, сценаристі де өзім едім. Билеттер таратылып, мың орындық залға халық шақырылып қойған болатын. Сол жауапты жиынды тастап кете алмадым. Кейін қазылар шешімді қайта қарап, бас жүлдені басқа адамға берді. Менің өлеңімді мүшәйраның кейінгі кезеңіне қосып, ол кезеңде екінші орын бұйырды. Солайша, көкдөненім маған өлең арқылы да жүлде алып берген жүйрік еді ғой.

КӨКДӨНЕН

Бүгін де кіріп, көкдөнен түсіме менің,

Көңілімді бұзды күлдірлеп кісінегенің.

Жасыңнан баптап өсірген жануарым-ай,

Сүлеймен болсам тіліңді түсінер едім.

Кісінегенің ол қыстың қаттылығы ма,

Балгердей баға бере алман ат қылығына.

Тұлпар мінезді Тұранның ұлы емеспін бе,

Кеудемнен кәусар жырларым атқыды мына.

Есімде менің тай кезден тарап жалыңды,

Бәйгеден озсам деген сол бала арманымды.

Әкемнің маған атаған бәсіресі едің,

Тілеуші ем тура аш бурадай жаранғаныңды.

Құйындай шауып төсінде ағызып белдің,

Сауырыңнан жерге ащысын тамызып тердің.

Жексенбі күнгі ауылдың тай жарысында,

Құйғытып қамшы салдырмай қара үзіп келдің.

Жүйткіген жүйрік болған соң тек іздегенім,

Сезімім шалқып ұқсаған теңізге менің.

Балаша жуып, жабулап, жанымды салып,

Сұлыдан басқа дақылды жегізбеп едім.

Шабандоз жастық мұнымен тоқталмас анық,

Әбзелдеп мініп, ел-жұрттан оқшау жасанып.

Маңғаздау қарап, өзімді сері сезініп,

Ортаға олжа салғанмын көкпарға шауып.

Ол шақта сидаң бозбала жел жұқпа мінез,

Ат десе асын тастайтын болдық қағылез.

Бойжеткен көрсек бұрқанып бойда қан тасып,

Ағызып шауып алатын албырт тағы кез.

Жарысып желмен, заулатып, ұшырып арман,

Кезім де болған қамшымен құс ұрып алған.

Келмеске кеткен балалық кезді сағынам,

Басқаны қойшы, тақымның қышуы қанған.

Есейдім, сосын оқуға қалаға кеттім,

Соңымда қалды барлығы балаң әлектің.

Кекілі майда дөненім кермеде тұрды,

Қоштасқан қарап легіне далада көптің.

Жылдарым жылжып, күн арты күнім жүріпті,

Шаңырақ құрдым еткен соң білімді құтты,

Тойыма менің баяғы дөненді сойып,

Қазақы мінез ата-анам ырым қылыпты.

Тарланды мінбей қайтейін тамсанып онша,

Ат көрсем қазір мұңаям, барша қуанса.

Түсімде түгіл өңімде аламан көрсем,

Көкдөнен көңіл заулайды аңсарым ауса.

Дайындаған: Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар