Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең қалай туады? #Асылбек Жаңбырбай

28.12.2020 2343

Өлең қалай туады? #Асылбек Жаңбырбай 12+

Нүктесіз өлең

Біздің ауылда, сонау Бейнеудің бір түкпірінде Нұрбол Әбекен деген ақын ағам елеусіз ғұмыр кешті, байқаусыз өмірден өтті. Сонда 2015-жылы небәрі 34 жаста еді. Қыршын кетті. Сол ақынның кітабы да шықпаған еді. Қайтқан соң өлеңдерін жинақтап, зая болмасын деп жыр жинағын шығаруды қолға алдым. Артында қалған жазбаларын қарап, шетінен оқып отырсам, өлеңдерінде нүкте қолданбапты. Тек үтір мен леп белгілерін қоя беріпті. Бұл жағдай маған ерекше әсер етті. Сосын "Нүктесіз өлең" деген өлең жаздым. Дұрысы - туды. Өзінен-өзі төгіліп түсті. Кейін Нұрбол ақынның кітабы жарық көргенде алғысөзді өзім жазып, осы өлеңді келтірдім. "Әрбір тамшы жастың ішінде үлкен тағдыр болады" деп ақын ағамның өзі айтқандай, әрбір өлеңнің ішінде де үлкен тағдыр болады. Тек соны сезе білу керек. Жұрт оқуымды қалап, сұрай берген соң, жаттап алған жалғыз өлеңім. Мен жазған бір өлеңнің тағдыры осындай!

НҮКТЕСІЗ ӨЛЕҢ

Жазамын өлең нүктесіз қылып,

Қоямын кілең ілеп белгісін!

Қашап көрейін бүкпесіз қырық,

Жасап берейін жүректен мүсін!

Өмір дегенім - күтпеген ойын,

Өлең дегенім - бітпеген тойым!

Фәниім жатыр нүктеге дейін,

Бақиым жатыр нүктеден кейін!

Өмір дегенім - бүктеген қасқа,

Өлең дегенім - тіктеген еңсем!

Басталсам дағы нүктеден баста,

Аяқталамын нүктеге келсем!

Жан өлмес тәнім жойылғанменен,

Алланың барын мойындау бөлек!

Өмірге нүкте қойылғанменен,

Өлеңге нүкте қойылмау керек!

Дайындаған: Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар