Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең қалай туады? #Еділбек Дүйсен

01.01.2021 2686

Өлең қалай туады? #Еділбек Дүйсен 12+

Мендегі өлеңдер тарихы - айналадағы болып жатқан, я мен болуы бек мүмкін деп болжаған, я болмаса (қарапайым ғана) бұрын болып кеткен оқиғалар тарихы һәм менің ол туралы сезімдерім мен ойларымның, оларды жаншып жатқан тағы да сезімдерім мен ойларымның тарихы. Иә, осылай деуге болатын шығар. Көбінесе, менің өзіме сәтті көрінген өлеңдерімнің оқырмандар тарапынан назарға ілінбеуі, керісінше, "бір қайнауы ішінде кетті-ау" деп бармақ тістеген өлеңдерімнің мақтауға көбірек ілігіп жатуы жиі кездеседі. Мен үшін дәл сондай (мен үшін ғана) сәтті өлеңнің бірі - "1782 км". Тақырып әу баста "1782" болған. "Км" сөзін, шамасы, Ұмтыл аға Зарыққан қосты. Қателесуім де мүмкін. Бұл - кәдімгі, ҚХР мен ҚР шекарасының ұзындығы. Өлең Қытайдағы бауырларымыздың саясат құрбанына айналып, Сайрагүл Сауытбайдың Қазақстанға келіп, біздің Фб-да түкке тұрмайтын қарсылығымызды білдіріп жатқан кезімізде жазылды. Өлеңді жазуға әсер еткен көкейімде көптен бері жүрген Берлин қабырғасының тарихы. Өлең ондағы адамдардың кейпі менің ішімде Қытай қазақтарының бейнесімен тұтасып кеткендіктен жазылды.

1782 КМ.

Мұнарасын тұман қамаған мешіт,

Пәрәнжі киген қарындасымдай, меңді.

Бір кездердегі нәп-нәзік үміт

бүгін шыдам кейіпіне көшіп,

Үнсіздік шеңберінде өлді...

Үнсіздік шеңбері-

өртенген кітаптар даусы.

Ондағы тіршілік түсіне ой болып көштік.

Құмығып тіл қатады суфлер сыбырына қарсы

Өртелген кітап ішінен өткен күн өксіп.

Біз де бір іргесінен сауысқан арылмайтын ауыл

Икемсіз өмірге үйренген демде.

Кеудеміздегі "Берлин қабырғасы", ғасырлардай ауыр,

Селк етер емес,

Шығыстан сыңсыған азалы желге.

Алдымызда-Үрей,

төрт табандап жабысқан түнге,

Үрейдің түсіңдегі көлеңкесін көресің күндіз

артыңа қарап:

...екеуміз жел өтіндегі бақбақ басына бірге,

Отыр екенбіз деймін ұлпалар қадап...

Дайындаған: Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар