Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең қалай туады? #Ерік Нарын

30.12.2020 2268

Өлең қалай туады? #Ерік Нарын 12+

Ерік Нарын – 1997 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қасым Аманжолов ауылында дүниеге келген. Өлеңдері аймақтық және республикалық газет, журналдарда, сайттарда жарияланып тұрады.

Туған ауылым Қасым Аманжоловқа барғанымда нағашымның үйінде қонақ болған едім. Балалығым сол үйде өткен. Болат деген нағашым иығына өңі қашқан, тозыңқыраған бір қара шапанды жамылып отырып шәй құйды. Бұрындары біздің үйде де дәл сондайы болатын-ды. Қойшы әкем киген сол шапанның ішінде талай қозы көзін ашып, аяғынан нық тұрған. Мен де бір қозы едім-ау! Соған оранып өстім. Одан мейірімнің жұпары аңқитын еді, жарықтық! Дәл сол нағашым жамылған қара шапанды көріп, «Қара шапан» өлеңі жазылды. Бала Ерікті ызғарлы таңда, салқын кеште жылытқан сағыныш тұмарын іздеп тапсам деп қиялдаймын кейде. Таппасымды білемін. Мені қинайтын да сол ой.

Қара шапан

Қара шапан -

Жауында әкем, сауында шешем киген,

Сол шапанның қойнына шекер де үйгем.

Жамау-жамау біз көрген балалықтай,

Қайда қалды шапаным көшерде үйден.

Әкем қойшы - әкемнің таяғынан,

Ат үстінде күн жүдеп, ай арыған.

Қара шапан ішінде талай қозы,

Көзін ашып нық тұрған аяғынан.

Біз де солай...

Бөлмемізге бас сұқса ұрыннан күз,

Қара шапан ішінде жылынғанбыз.

Қара шапан ішінен сыз әлемге,

Мейіріммен қарайтын суынған жүз.

Қара шапан секілді жаным жамау,

Сағыныш боп укеудемде жағылды алау.

Жұлдызы көп мына түн сондай жылы,

Жамау-жамау шапанды жамылған-ау!

Дайындаған: Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар