Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең қалай туады? #Мұқият Қойшыбай

04.01.2021 1709

Өлең қалай туады? #Мұқият Қойшыбай 12+

Анашым Қытайда тұрады. Көріспегенімізге тоғыз жылдай уақыт өтті. Баруға қаншалықты оқталғаныммен бара алмадым. Шауып жететін көрші ауыл немесе ел іші емес. Белгілі бір қиындықтары бар. Ол кісілердің де бері өтуіне тосқауыл көп. Болмаса тоғыз жыл анасын көрмейтін тасжүрек, тасбауыр емеспін ғой. Ал анашым баласын көргісі, отауына, Отанына келгісі келмейді дейсіз бе?

Бұл менің ғана басымдағы жағдай емес, мен сияқты қаншама тағдыр бар.

Ал, мен анашыммен оқта-тектеде ғана сөйлесемін. Жиі сөйлесе алмаймыз. Оның да өз себебі бар. Әр сөйлескен сайын сай-сүйегім сырқырап, ішім қан жылап тұрады. Көнбеске қайран жоқ. Бұрындары сөйлескенде анашым мені жігерлендіріп тұратын. Жақында өйтпеді. Көңілі жасып, көп жылады. Жұбата алмадым. Не деп жұбатам, не дей аламын?

Ақыры "Анашым жыламашы" деген өлең туды.

АНАШЫМ, ЖЫЛАМАШЫ . . .

Сәулесі жүзген нәзік өміріңнің,

Көзіңнің шүңетіне көп үңілдім.

Айтшы Ана біздей енді кім түсінер,

Азабын туған жерден бөлінудің.

Сол дала түсіме енді тағы менің,

Суында еркін жүзген балық едім.

Аттанып Атажұртқа кеткенімде,

Анашым артымда өксіп қалып едің.

Бұрылмай ағайынға жүгіріскен,

Қия алмай кете барғам тынып іштен.

Жалғанда жан барма екен енді мендей,

Сарғайып сағыныштың уын ішкен.

Көтеріп туған жерін төбесіне,

Әкем де мінді келмес кемесіне.

Мендегі жетім жүрек аңырайды,

Шомылып өткен күннің елесіне.

Тұратын тағдыр желі құлата алмай,

Деп едім «Ұл» атансам «құл» атанбай.

Боталап жүрегімді жылап тұрған,

Солқылдап тұрмын тағы жұбата алмай.

Көзінің қойғандарға қырын салмай,

Жетер деп бір күн ұшып жырым самғай,

Көк тасын Күлтегіннің жұлқылаймын,

Түркінің әруағын тірілте алмай.

Көк бұлты қасіреттің ашылғанда,

Берер бір Тәңір жауап басынғанға.

Ұлыған Көк түрік боп көк бөрісі,

Келеді кетіп қалғым ғасырларға.

Халқымның бекігенше бұғанасы,

Тағдырдың осы шығар сыбағасы.

Тұтқаны жүрегіңе басып тұрып,

Анашым айналайын, жыламашы.

Дайындаған: Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар