Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Өлең келсе, шіркін, жан сарайыма...

02.09.2020 4231

Өлең келсе, шіркін, жан сарайыма 16+

Өлең келсе, шіркін, жан сарайыма - adebiportal.kz

(Ақын Аян Мейраштың жырлары жайлы толғаныс)

Жас ақынның алғашқы кітабын оқып шығып, біз мөлдіреген поэзияның дәмін сездік. Тұщындық. Өлеңдерімен өзінің ішкі әлемінде болып жатқан сапырылыстарды, беріш болып қатқан мұңын, шемен болып жатқан шерін ақтарып сөйлей алатын Аян Мейраш ең әуелі лирик екен. Соның ішінде махаббат лиригі. Бәріміз де махаббат туралы жазғанбыз, бірақ көбіміз барша әлемге паш ету үшін махаббат мұнарасын салып алып, басын семсер астына тосатын шебердей хал кештік деп айта қоюымыз екіталай-ау. Ал Аян асыл сезімге былай деп баға береді:

Махаббаттың құны кетті дегеннің

Бәрі құнсыз, махаббат со қалпында.

немесе:

Алғашқының бәрі бізге үрейлі,

Алжастырған махаббат тек әдемі.

немесе:

Маxаббат екен сол ғана,

Қалғаны - сәтсіз көшірме...

Аян өлеңдерінде сағыныш бар. Егіліп тұрып, есіліп айтылатын мұңлы сағыныш. Бірақ мұңлы сағыныш дегенде оны түнекке түскендей түнеріп, қалың қорысқа кіргендей тұнжырап қалатын сағыныш деп қабылдауға болмайды. Оның сағынышы - туған жердің сарала белдері мен сары адырларын, бауырына қысып еркелететін әжелерін, бірге өскен бауырлары мен қарлығаш қарындастарын іздейтін, сүйтіп, сенің жаныңда да өз ауылыңа деген үлбіреп тұрған аңсар сезімді оятып, жүрегінің дәл басынан өсіп шыққан шидей жіңішке үміт сабағына шырақ іліп кететін нәзік сағыныш.

Сағыныш жайлы көп жазушы едім сағынбай,

Жаза алмай жүрмін сағынып...

немесе:

Тереземе сол сағыныш бейнесін

Салатындай көрінеді дірілдеп.

немесе:

Маңып басып күндер өтер білінбей,

Жаңғырықтар сағыныштың үніндей.

Әсілі, сағыныш деген де - дерт. Ол дерт сенің ойың мен бойыңды, жаның мен санаңды әбден меңдеп алған кезде ес-түстен айырылғандай болып мәңгіріп қалар сәттерің аз болмаса керек. Ондай хәлді Аян мына төменгі жолдармен жақсы жеткізе білген:

Қос қанат сынды қолтықтан демеп ақ үміт,

Лауласа болды оттың десіне бағынып,

Сағыныш жайлы көп жазушы едім сағынбай,

Жаза алмай жүрмін сағынып...

Әлбетте, Аян, ең әуелі жас. Тіпті жасты шағы, жастық дәурені әуре мен сарсаңға толы уақыттағы қалада өтіп жатса да, жастық сезімге толы жылдарын ұмытуы мүмкін емес. Жаны қанша жабырқау тартып, жүрегі қанша езіліп тұрса да, оны селт еткізіп, айналаға басқаша көзбен қарайтын құдыретті күшке еріксіз мойынсұнбауға әдді жоқ.

Қарай-қарай күрсінген дүниеге

Қарашыққа мөп-мөлдір қамалды мұң, -

дейді ақын. Бейнебір жабыққан ақын жанында төңкеріс болғандай. Әбден жабығып, тарыққан ақын сол бір аяулы жанды ғана емес, сол аяулы жанды еске түсіретін, ұмытылмас сәттерді жаңғыртатын табиғат көріністерін көргеннен-ақ лирикалық шумақтарды өріп тастайды:

Айырмаған аласы мен қарасын,

Адасу бар,

Әлденеге нанасың.

Апұл-ғұпыл айтқан сөзге жұлқынып,

Апырым-ау, ақпан, қайда барасың?

Таяқтаумен маза бермей түгелі,

Бұзды келіп, барақатты тұр еді.

Ақша қардай аппақ еді көңілі,

Ұлпадайын жұмсақ еді жүрегі.

Қайран пендем,

Кеще ме, әлде кемеңгер,

Санаң жетсе, сәтің осы елеңдер.

Ақпан ертең ғайып болып кеткенде

Ақша қары жетім қалды-ау демеңдер...

Қалай болғанда да адам жаны қатпар-қатпар, сан-салалы, сан жықпылды, тарау-тарау тұтас бір әлем ғой. Бүгін опырылып, опынып қаласың, ертең қайта сілкініп жадырайсың. Бүгін қуанышқа кенеліп құлпырып тұрсаң, ертең қажып, шаршап, мұңайып, түсіп кетесің. Сондай бір сәтте ақын «Сезімді сен солай ұмыттың ба» деген өлеңінде былай деп сыр шертеді:

Сезімді сен солай ұмыттың ба,

Жанымның нәп-нәзік бөлшегі,

Арымның кірпияз өлшемі,

Қиялдар еріксіз байланып бір сұмға,

Басады еңсені.

Өлеңде өмір бар,

Өмірде өлең жоқ түсінер,

Аптықсаң,

Оралған арманның құсына ер.

Адамзат баяғыда жойылған,

Қалғаны – кісілер, -

деп ауыр үкім де шығарып жібереді. Бұл енді аласұрған ақын көңілінің бір сәттік лебі екені анық. Ал енді үш шумақтан тұратын мына бір өлеңінде былай деп толғанады:

Зауқым соқпай жүр менің ештеңеге.

Өмір бірақ сырыңды ескере ме?

Менің мұңым күрсінген қыс деміндей

Тереземе сіңеді кестелене.

Өтті жылдар ақ-қара таласы боп,

Жазылмаған жанымның жарасы көп.

Менің күйім ауласы сияқты үйдің

Әткеншегі бар,

Бірақ баласы жоқ.

Тылсым күй ғой,

Біз қайтіп түсінейік?

Сырты ісінген пенде жүр іші кейіп.

Бала күнгі көп арман ұзаған соң

Үлкен әлем барады кішірейіп.

«Менің мұңым күрсінген қыс деміндей - Тереземе сіңеді кестелене». Мұндай сөздерді тек «жаны тәнін жылытып, тәні жанын жұбататын» ақындар ғана айта алса керек. Ал «Сен xат жазшы арманға?..» деген өлеңінде:

Кірпігіңе соңғы мұңың асылып,

Демі біткен дауыл сынды басылып.

Ерінің мен саусақтарың дірілдеп,

Қасиетті дұға айтқандай күбірлеп,

Сен xат жазшы арманға.

Қағазға әкеп таңбалашы арманды,

Ұмыт бәрін,

Адамды да жалғанды!

Қоя тұрып көк тіреген талғамды,

Хат жазып көр жаңадан,

Аянбай жаз толғанынша чемодан.

Бәрін жазшы қиялыңды босатып,

Арман үшін сотталған жоқ әлі адам! -

дейді. Ақынның ішкі әлемі деген мына қапылысы да, қақтығысы да жетерлік, мұңы мен қуанышы салаласып, әлемге ендеп кіріп, ондағы болып жатқан қым-қуыт оқиғалар мен алыс-жұлыс арпалыстарға кесім айтып, шешім шығару үшн сен әуелі өз басындағы күн-көріс қамын ғана ойлайтын күйбең мінезден, бейшара пендешіліктен арылуың керек. Тек сонда ғана сен өзіңнің ең бір жауапты аймағыңа кіре аласың. Ақын, міне, енді өзінің ішкі әлемін қарастырып отыр:

Мендік кеңдік аспан асты атырап,

Миым - залым.

Ал сезімім ақымақ.

Періште мен сайтандары сайланған

Тұла бойым - ойналмаған шаxмат.

Күй кернеген аңсағандай ғайыпты,

Күн ұтылса,

Түн орнады.

Ай ұтты.

Мөлдіреген қос жанарым жалғанды

Көргені үшін айыпты.

Ақын жаны мына өмірдің өзі сияқты алай-дүлей, ығы-жығы, сапырылыс. Өмірдің өзіндей алай-дүлей болып жатқан өз әлеміне үңілген ақын, әдетте, сол алай-дүлей дүниені реттеп тастау үшін үңілмейді, соның ішінде керегін тауып, қажетін суырып алу үшін, сөйтіп, рухани игілікке айналдыру үшін үңіледі:

Терезеге сүйеніп түн білегі,

Үңіледі бөлмеге мұңды реңі...

Көштен қалмай келеміз бір білерім,

Көшің қайда барады?

Кім біледі?

Нені іздедік, білмеймін, бос қаладан,

Әкем тіккен одан да қосқа барам.

Үйірі оралар деп ұзақ күткен

Жылқышының ұлы едік жоқ қараған.

Кім түсінер біздегі енді күйді,

Соны ойласам, көңілім елжірейді.

Неге онда жүрегім ауырады,

Неге онда көздерің мөлдірейді?

Сыршыл лирикаға суарылған дәмді жырлар Аян поэзиясында аз емес екен. Солардың қатарына «Қарағанды саябағы», «Тарқатылмай неге қалды бойда мұң?», «Балерина», «Астана кеші», «Зауқым соқпай жүр менің ештеңеге», «Кездесуге келші сен», «Жұбату», Кофе ішіп қайтайықшы көктемде» деген жырларды атауға болар. Әсілі, поэзия - бүгiннiң ғана перзентi емес, болашақтың да перзентi. Өкiнiшке қарай, бiзде поэзияға болашақтың көзiмен қарау жетiсе бермейдi. Осы сырды терең түсіне білген қаламгер ғана әдебиеттегі өз орнын мөлшерлей алмақ. Аян Мейрашқа да айтарымыз осы десек, жас бауырымыз оны көңіліне ала қоймас.

Өлең келіп қақса ғой есігімді,

Сәл еркелей қайталап есімімді.

Барлығына болар ем мейірімді,

Барлығына болар ем кешірімді.

Өлең келсе, дәл қазір жетер еді,

Көгертер ем күрең бел, бетегені.

Достарды қой, онсыз да бақытты ғой,

Дұшпандарым жадырап кетер еді.

Өлең келсе, шіркін, жан сарайыма,

Шапағатты шашар ем талайына.

Ағыл-тегіл жырыммен қуантар ем,

Ақ түсірмей анамның самайына.

Өлең жетсе желпініп жүрегіме,

Нұр төгер ем ғаламның түнегіне.

Қалың ойды арқалап жүрер едім

Қамшы басып шабыттың күреңіне.

Жырмен қуат бойыма келеді еніп.

Көңіл солай бәріне береді ерік.

Ақыны жоқ қалада ақын болсам,

Өлеңі жоқ өлкеге өлең егіп.

Осы өлеңде Аянның жан түпкіріндегі уылжағын үміті, аяулы арманы, өмірлік кредосы жатыр. Біз осыған сүйсіндік. Бір өкініштісі, бір кездері жарқ еткен талантты жастар кейін жоқ болып кетіп жатады. Көпшілігі Алла берген қарым-қабілетті толық пайдалана алмай жүр. Жалқаулық па, жауапсыздық па, білмейміз. Бос сөзбен, бірін-бірі қолпаштаумен уақыттарын өлтіріп жүргендер көп. Сөз екінің біріне қона бермейді. Қонды екен, оның қадір-қасиетін төмендетпеу керек. Тер төккенде, жаныңды аямай еңбектенгенде ғана сөз өзіңнің ғана емес, көптің де игілігіне айналады. Аян ақын бұл шындықты жақсы біледі деп сенеміз.

Сөзіміздің соңында сыбағасы тартылған, томағасы алынған ақын бауырымызға «Әдебиетте жолың болсын, айналайын!» демекпіз.

Темірхан МЕДЕТБЕК,

Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ

КОФЕ ІШІП ҚАЙТАЙЫҚШЫ КӨКТЕМДЕ

Асқан ақыл жоқ менде,

Мен секілді бұл қалада көп пенде.

Нәурізектің үлбіріндей нәзік қыз,

Кофе ішіп қайтсақ па екен көктемде.

Кафелері көп қой мына қаланың,

Кірген бетте қоса-тұғын бал әнін.

Орындықты тартып отыр дейін мен,

Орындауым үшін тәртіп талабын.

Сенде сол күн ниетімді сәл аңғар,

Менде, тегі, ашылмаған ғалам бар.

Негізінде солай жасайды екен ғой,

Есі дұрыс адамдар.

Құс жүректі xат ұсынған ұшырып,

Отырайық,

Сәл ұялып,

Қысылып.

Дымы қалмай өртке оранған үміттің

Ымын үнсіз түсініп.

Содан кейін, көгерсе егер көсегем,

Жолды ұзатып бағыттарын төсеген.

Серуендеп жүрейікші екеуміз,

Сен білмейтін,

Мен білмейтін көшемен.

Қалай мұны қайран көңіл жек көрсін,

Лаулай ма екен, байқайықшы, от сонсоң.

Бұдан кейін мына бізді адамдар

Бақыт үшін күрескен жоқ деп көрсін.

Кофе ішіп қайтайықшы көктемде...

КЕЗДЕСУГЕ КЕЛШІ СЕН

Кездесуге келші сен,

шақырамын,

Шырқалмай сол кеудемде жатыр әнім.

Сыңар болар жаныма серік іздеп,

Жалғыздықтан жалығып тоқырадым.

Кездесуге келші сен,

Кешіксең де...

Мен тұрайын телміріп есіктерге.

Шыққан сайын бір адам жүз өртенсем,

Көрген көзің сенбейді-ау есіткенге.

Кездесуге келші сен,

Сүйіншілеп,

Кездескендей болайық бірінші рет.

"Не деген көрікті едің" дейін саған,

Бәлкім, сен ұяласың...

Күлімсіреп.

Білмеймін, бақыт сол сөз әкелген бе?

Алданыш,

Өткінші күй.

Әсерге ен де –

Қарайық жымыңдаған жұлдыздарға,

Барайық киноларға, кафелерге.

Сезімдер болар сонда әр күн ізгі,

Тек асыл сақтайықшы қалпымызды.

Менен гөрі ақылың көптеу сенің,

Дала суық, тақ, дейсің, шарфыңызды.

Демеу берер күш бар ма тағатыма,

Қалықтайын, қуат бер, қанатыма!

...Қоштасқан соң оянып кетемін ғой,

Қарамашы, қалқатай, сағатыңа...

***

Зауқым соқпай жүр менің ештеңеге.

Өмір, бірақ, сырыңды ескере ме?

Менің мұңым күрсінген қыс деміндей

Тереземе сіңеді кестелене.

Өтті жылдар ақ-қара таласы боп,

Жазылмаған жанымның жарасы көп.

Менің күйім ауласы сияқты үйдің

Әткеншегі бар,

Бірақ, баласы жоқ.

Тылсым күй ғой,

Біз қайтіп түсінейік?

Сырты ісінген пенде жүр іші кейіп.

Бала күнгі көп арман ұзаған соң

Үлкен әлем барады кішірейіп.

СЕН ХАТ ЖАЗШЫ АРМАНҒА...

Кірпігіңе соңғы мұңың асылып,

Демі біткен дауыл сынды басылып.

Ерініңмен саусақтарың дірілдеп,

Қасиетті дұға айтқандай күбірлеп,

Сен xат жазшы арманға.

Қағазға әкеп таңбалашы арманды,

Ұмыт бәрін,

Адамды да жалғанды.

Қоя тұрып көк тіреген талғамды,

Хат жазып көр жаңадан,

Аянбай жаз толғанынша чемодан.

Бәрін жазшы қиялыңды босатып,

Арман үшін сотталған жоқ әлі адам!

Сен xат жазшы арманға.

Ада тұрып бес күннен,

Ақылдаспай ешкіммен.

Сәбидейін көңіліңді тербетіп,

Бұл өмірдің күйдірерін кеш білген...

Мейлі, тағдыр сені менен ұрласын,

Жігіттік қой...

Сорлы басқа мұң ба сын?

Мен кетермін,

Сәл жимиып күлген боп,

Алдамайтын арман болсын сырласың.

Көңіліңнен көшер сонда құсалық,

Әлдеқандай құдіреттен күш алып.

Жалғандағы жалғыз мәжнүн емес қой,

Арманыңа сыймай кеткен үш әріп.

АДАСҚАН ЖОЛ

Қиыспағыр қисын неткен қиын ең,

Олқы ойлардан түйін таппай күйінем.

Біздің жақта бір ауыл бар,

Сорлы ауыл

Зираты көп үйінен.

Көз көрген соң, алла-ау, сағың сынады,

Жеті түнде өлімсіреп шырағы.

Бұйратына, беу, береке болған жұрт

Зиратына көшіп бір күн тынады.

...Сол ауылға бармағалы көп болды,

Тек естелік аңсайды сол жоқ жолды.

Ашыққан ер сөзден қорқып келмейді,

Арсынады тоқ сорлы.

Өлеңші жан жазбаған соң қырып жыр,

Біздің де енді ақталулар бұлыңғыр.

Түске жиі қисық шеге түзейтін

Атамыздың темір төсі кіріп жүр.

Сезем бәрін, көңілімнің күйі алаң,

Алаң шақта әлденеден ұялам.

Төстің маңы бұраң-бұраң шегелер,

Түзейтұғын балға таппай қиналам.

Түзу түсім қисық болып тынады...

Маза бермей қойылмаған сұрағы.

Бұраң-бұраң жолды көрсем адасқан,

Төсті құшып жылағым кеп тұрады...

ПЕРИЗАТ

Жалғыздықтан оранып ап жан мұңға,

Күйінетін кездері бар ардың да.

Жауабы жоқ сұрақтарың түк емес,

Сұрағы жоқ жауаптардың алдында.

Иланатын неміз қалды, ескеріп,

Бақыт бұрын, түсініктер кеш келіп.

Сені тағы сағынамын түн ұзақ,

Мені тағы жұбатады естелік.

Сөздердің де қалмағандай түк құны,

Көздеріңнің үйіріліп шық-мұңы.

Ақын да адам – шешімінің құрбаны,

Адам да ақын – ойларының тұтқыны.

Ақын үшін өлең осы жол-таным,

Ақың үшін жоғы жаман қолқаның.

Ақыл, сана, жүрек бәрін қойғанда,

Арманы жоқ адамдардан қорқамын.

Өтінемін, көз жасыңды төкпеші,

(Өтінемін, көз жасымды сөкпеші)

Тағдырға айтар өкпе-назым көп менің,

Тағдырдың да маған бар-ау өкпесі.

Ай қарайды мұңым барын білгесін,

Торлайды түн біздің үйдің іргесін.

Аспан жақтан жұлдыз ақты, көрдің бе,

Тілегіміз қайшы келіп жүрмесін...

ҚОЛ

(Кәріпбек Күйіковке)

Қандай кие қалды жердің төсінде?

Өкпең болса, ешкімге айтпа, өсірме.

Қарашыққа әрең-әрең сыйып тұр

Қағазыңа сіңіп кеткен көшірме.

Ана қырда, сезем, басқа жол барын,

Сезем, сезем, ақтарылар мол дарын.

Қиналамын айналғанда ақиқат,

Байланғандай жазығы жоқ қолдарым.

Боямасыз не айтайын асырып,

Сірә, біреу жүрген болар жасырып.

Көну деген екі бөлек әңгіме,

Бәрі жақсы дей салу да асылық.

Бастаманың солы – көк мұз, оңы – от,

Қайтем дейді, дәрменсіздік долы боп.

О, Кәріпбек, сенің келіп алдыңда

Қол қусырып отырғанның... қолы жоқ.

Пой-пой дейді балап сені ғажапқа,

Алдыңа кеп алдарқату азапты, ә?!

Бір керемет ұлтқа айналып кетер ек,

Өр руxың жайылса, беу, қазаққа.

Кейде шіркін өртенемін күйіктен,

Мен өмірді өзіңдей боп сүйіп пе ем?!

Талақ қылып бес күн мынау жалғанды,

Дара шығып қарап тұрсың биіктен:

Сүмең қаққан кейбіреулер сорым боп,

Мен бақыттың аңдып жүрем жолын көп.

Адамзатқа әперер ем керегін,

Әттең, әттең, қолым жоқ қой, қолым жоқ!..

***

Бір күш керек,

Бөлек күш.

Алапат күш.

Босау үшін торынан сарала құс.

Сарала құс не дейді түсінбедім,

Шалалаумыз.

Маңдай тердің салмағы жоқ артында,

Жасырмаңыз...

Әуеспіз көп алтынға.

Махаббаттың құны кетті дегеннің

Бәрі құнсыз, махаббат со қалпында.

Даналығың жетсе егер түсінер ме ең?

(Бұл қағида баяғыда-ақ күшіне енген)

Ақылы асқан арсыздан қорқу керек,

Түңілгенше ессіздеу кісілерден.

Кімдер қазір жүр дейсің сорыңды елеп,

Бәз біреулер созады қолын кенет.

Апыл-ғұпыл өзгерсе алған бағыт,

Демек, бәрі дәл солай болу керек.

Не болды екен тағдырдың қиын сыны,

Бәріне алаң көр соқыр тиын құны.

Көңілдің бұзылғаны болмаса егер,

Өмірдің жоқ ешқандай қиындығы.

Бір күш керек,

Бөлек күш,

Алапат күш,

Ол күш қайдан келеді махаббатсыз.

Тор сыртынан үңілген тұтқындарға

Аянышпен қарайды сарала құс...

***

Көңіл ғой мына толқитын құзда,

Күрсініп әрбір елеңге.

Абайды сүйіп оқитын қызға

Аянның жыры деген не?

Тәйірі, мұнша ұнатар ма едім,

Дір ете қалып жүрегім.

Тәңірден сені сұратар едім,

Қалса егер соңғы тілегім.

Татып үлгерген тәтті удың бәрін,

Ең нәзік сырды еле сен,

Шайтанкөлдегі аққудың әнін

Көшіріп алдың демесең.

Сезімнің бердің сен маған гүлін,

Онсыз көктемің солғын деп.

Абайдан асып не жазам, Күнім,

Абайсыз ғашық болдым деп.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар