Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Өлең-жырлардағы жылан бейнесі...

02.08.2022 2454

Өлең-жырлардағы жылан бейнесі 12+

Өлең-жырлардағы жылан бейнесі - adebiportal.kz

Дәуірлер көшінде, кезеңдер алмасуында қазақ халқының танымынан өше бастаған ұғымның бірі – жыланның киесі, қасиеті деген ұғым. Біздің түсінікте «ақ жылан» мен «сұр жылан» бар еді. Қазір «сұр жылан» ғана қалған секілді. Жылан десе ел ойына бірден жағымсыз образ елестейді. Сұм, әккі адамдарға қатысты жылан атауы телініп жататынын байқаймыз. Ілкіде жылан бейнесі біздің ой-танымда қалай көрініс берді, сол көріністің қазақ ақындарының жырларында қалай қолданыс тапқанын шама-шарқымызша қарастырып көрген едік.

Серікбол Қондыбайдың «Арғықазақ мифологиясында»: «Жылан – Нұрдың, оның эманациясы болған Ілкі Төрдің, одан кейінгі төретамдардың «жануарлық» символдарының бірі», - деп анықтама беріліпті. Жалпы, жылан тотемі көптеген халықтардың түсінігінде болған. Бабыл мифіндегі ғаламның жасалуына негіз болған Тиамат, әлемді жаратып, тіршілікті тудырушы Ұлы Аналар Нюйва, Офиондар жылан кейіпті болған екен. Біздің ертегі-мифтерімізде де Жылан-Бабаның есімі сақталған. Арғықазақтар рухтың бейнесін жыланмен сәйкестендіргенін де байқауға болады. Адам өлгенде оның жаны жыланға айналады деген түсінік болған екен. Ер Төстіктің жер астына түсіп Жылан-Бапы ханның еліне баруы, Қорқыттың ажалы жылан кейпінде келуі – жыланның біздің түсінікте о дүниемен байланысы барлығына мысал бола алады. Қазақ халқы жыланды киелі жануарға балаған. Халқымыз кие тұтып, қадірлегені Ғафу Қайырбековтың «Арасанның иесі – Сарбас жылан» атты өлеңінде көрініс тапқан:

«Арасанның иесі – Сарбас жылан», –

Естігенде осыны қалмас шыдам,

Қан салқындап, жүрегің баяу соғып,

Деп тұрғандай миың да:

«ал, қаш, бұдан!».

Шипалы су шыққалы осы маңнан,

Сарбас жылан сол жерге көшіп алған.

«Садақаны көп берсе сауықтырып,

Сараңдардан қақсатып өшін алған», -

деп ақын ел аузындағы аңызды жырға қосыпты. Жырдың келесі жолдарында бір әумесер сол сарбас жыланды шекпенге орап әкеткелі ел мен жердің киесі кеткенін айтады. Жырдың соның ақын былай түйіндепті:

Сол әулие кеткесін, ырыс қашпақ,

Көрінген жын иектер жұртты ластап.

Иесіз де киесіз ел болмайды –

Жүру керек тек соны дұрыс бастап.

Өткенін ұмытып, ұлттық кодынан жаңылған елді жын иектемегенде қайтсін?! Кие тұтып, ардақтаған төлтанымның біршамасынан айрылып қалған жұртқа сол жыланның киесі керек-ақ боп тұр.

Төл түсінігімізде байлықтың, жер астына жасырынған қазынаның жылан-иесі болған. Үйден кеп сүт ішіп, оның орнына алтын-күміс қалдырып кеткен жыландар жайлы көптеген аңыз-ертегі бар. Қазақтың үйге келген жыланды үркітпей, басына ақ құйып шығарып салуы содан қалған болар. Белгілі ақын Дәркен Танабаевтың «Жылан бұзған» өлеңінде Жылан бұзған беткейіндегі киелі жыланға қатысты ел аузынан жеткен аңыз-оқиға баяндалады.

Анау беткей аталар Жылан бұзған,

Бадам суын сағалай жыра құздан.

Алтынын ақ жыланның аламыз деп,

Ашкөзденген ауылды ылаң бұзған.

Аңызды естіген ем ел аузынан,

Мен үшін теңдесі жоқ бұл қазынаң.

Ары қарай аңыз былайша жырланады:

Бір кемпір жалғыз тұрған баяғыда,

Жалбырап жыртық мәсі аяғында,

Тағдыры таңылған соң бір ешкіге,

Жалғызға, жалғыз ешкі сая мына.

Күндері кейуананың баяу өткен,

Шабандап айлар жылжып, жылдар жеткен.

Бір күні болған, ғажап бір керемет,

Тостақтан біреу сүтін ішіп кетіп.

Орнына тастап кеткен алтын теңге,

Теңгесі молаяды күннен-күнге.

Білмекке кемпір жатқан бірде аңдып.

Ақ жылан келеді екен қара түнде.

Бұл ақ жылан кемпірге бақ боп бітіп, шамадан тыс байиды. Өзіне қызметші шал жалдайды. Қызметші шал кемпірге ерекше жағып, елдің қыстауымен кемпірдің сырын біліп алады. Содан жұрт қойсын ба, көреалмаушылықтан сол ақ жыланды өлтірейік деп келіседі.

Даурықпа сабыр жұртым – деді Берен,

Тимейік қасиетке мұндай ерен.

Жүрегімде белгісіз үрейім бар,

Өлтірме ақ жыланды болса зерең.

Сұр жылан емес қой ол төске өрлеген,

Ақ жылан кейуанаға жай келмеген.

Көрген соң, сол бейбақтың қасіретін,

Дәулетті сыйға тартқан жұрт бермеген.

Ел арасынан Берен деген ақылды жігіт шығып жұртты сөзге тоқтатпақ болады. Екіленіп алған ауыл адамдары жыланды өлтіреміз деп апанына барады. Апанның астын-үстіне келтіріп, ауыл тұрғындары жыланмен бетпе-бет келеді. Тек Берен ғана ажал құшпай, барлық ауыл адамдары өледі. Берен әйел, бала-шағасымен зорға қашып құтылады. Қашып келе жатып жолай бір қойшы шалға жолығады. Ол шал жыланның қасиетін біледі екен. Және жігітті қуып жүргенінен де хабардар боп шығады. «Ұйықтарда тоғыз кетпенге бір тілім нанды байлап қойып жат», - деп кеңес береді. Берен шалдың айтқанындай істейді. Айтса айтқандай сол түні ақ жылан жігіттің үйіне келіп, тоғыз кетпенді тесіп өтіп, нанға келгенде сеспей қатыпты. Жыланның жай еместігі сол, нанның киесінен өте алмапты. Содан ертесінде Берен киелі жыланды қадірлеп, Қазығұрттың баурайына жерлейді. Қазығұрттың киелі топырағы жыланға қайта жан бітіріп, елес болып ел-жұртқа көрініп, көмектесіп жүреді деседі. Жырдың ұзын-ырғасы осы.

Жылан жылы дүниеге келген айтулы ақын Қорғанбек Аманжолов та жыланның киесін танып, өзін жыланға балайды. «Жылан» деген өлеңінде:

Ақ құйып шығаратын бұрынғыдан,

Жігіттер, жиырылма, жылым – жылан.

Оқжылан атылғанда мерт болатын

Құйғытқан сақарада ғұмыр-құлан, -

дейді ақын. Қазақ: «Жыланды үш кессең де кесірткелік әлі бар», - деген ғой. Қорғанбек Аманжолов та оқжылан секілді ештеңеге оңайлықпен берілмейтінін айтады. Одан кейін өлең жолдары былайша өріледі:

Өмірге жамандықты жалмап келгем,

Жылан боп зұлымдықты арбап келгем.

Қайтарып итжеккеннен арыстарды

Қаңтарды жылымыққа жалғап келгем.

Осы жерде соңғы екі жолға назарымыз ерекше ауды. Репрессия құрбандары болған Арыстарымыз 1988 жылы ақталды. Бұл оқиға айдаһар жылымен тұспа-тұс келеді. Айдаһар бейнесі – қазақ мифологиясында көп кездесетін мифологиялық кейіпкерлердің бірі. Жыланмен тектес айдаһардың (аждаһа) «ресми» түркі тілінде пайда болу уақыты ислам дінімен тұстас келеді. Серікбол Қондыбайдың «Арғықазақ мифологиясында» айдаһар сөзі – «авесталық» мифтік бейне «Ажи-Даха» атауынан өрбіп шыққан, әдетте иран сөзі деп қарастырылады деген тұжырымға ешкімнің қарсы емес екені баяндалады. Сонымен қоса «Айдаһар» (аждаһа) сөзінің дей-түркілік этимологиясына да тоқтала кетеді. Мұндағы «ажи» сөзі «жылан», «жылан-баба» деген ұғымды берсе, «даһ» сөзі «бастапқы тіршілік көзін беруші» деген мағынаға саяды екен. Айдаһар – барша тіршілікті жаратушы, өмір беруші деген тотемизмге жетелейді. Дей-түркілік «Айдаһар» (Аждаһа, Ажи-Даһ, Ажи-Дан) – тіршілікті жаратушы, ұлы баба, «Дана-Әже», «Ұлы-Әже» категориясына кіретін мифтік тұрпат.

Ақын өлеңіне қайта оралайық. Өз толғанысын ары қарай ақын былай сабақтайды:

Келтірген бақсыдайын боз жыланын,

Киесін көкірекке көз қыламын.

Бойымда бұлқындырып бекзаттығын,

Жанды – жаз, көңілімді мәз қыламын.

Кекіртке кеудесімен көк тіреген,

Кесірге бетбақтыққа бетті берген,

Ызалы уытпенен сілтеп салар,

Қайдасың зұлпықардай өткір өлең?!

Тәңір-ай, таусылмаса құмар күнім,

Тұғырға тұрпаттанып шығар жырым.

Ындыны жамандарды ырылдатпай,

Ысылдап бас көтерсін жыландығым.

Жыланның киесін көкірекке көз қылған ақынның алапасы арта береріне біз де сенім білдіреміз.

Ақ жыланның киесін танып, иесіндей көрген ақындардың бірі – Азамат Тасқараұлы. Ақынның «Жылан» атты өлеңінде:

Түн арада адассам,

Аяқтан шал, ақ жылан.

Ай арада адассам,

Аямастан шақ, жылан! -

деген жолдары ерекше әсер сыйлайды. Жылан құдірет-киесін бек танып, өз өмірін, тағдыр жолын аманаттап тапсырады. Жылан тотемі Азамат Тасқараұлының өлеңінде де кездеседі:

Біз – жыланның тұқымы,

Сарыбауыр бітімі.

Ақын: «Бізді көрсең қорықпа, айналып өт, дұрысы», - деп тәмамдайды жырын.

Ата-әжелерімізден тыңдап өскен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісін білмейтін адам кемде-кем шығар? Сол ертегідегі басты кейіпкерлердің бірі – патша жылан. Бұл ертегіде жағымсыз образда суреттеледі. Қарлығаш болмағанда адамзаттың қанымен қоректенер ме еді?! Осы «сұр жылан» жайлы, жыланды жағымсыз бейнеде кескіндеген, жылан образын «сұм» ретінде берген ақындардың да бірқанша жырларына куә болдық.

Ғасыр жасаған Жамбыл атамыздың «Сұр жылан» өлеңінде елге зиянын тигізіп, залал келтірген жандарды «сұр жыланға, сұм жыланға» теңейді. Жамбыл Жабаевтың бұл өлеңінен саяси көзқарасы да аңдалады:

Ерген иттер айтаққа,

Сатылған жауыз, бай тапқа,

Жарықтан қашқан бандалар,

Өңшең соқыр жын жылан.

Қанқұмарлар жыланы,

Троцкий жыланы,

Қайдағы зұлым сұм жылан,

Жай жылан ба, бұл жылан—

Қара, жолдас, бас қосып,

Халыққа қара күн тосып,

Сақтаған зәрін бойына

Туғызбақ боп бізге ылаң.

Сағи Жиенбаевтың «Қыран мен жылан» атты өлеңінде де сұр жылан мен дала қыранының арасындағы жекпе-жек суреттеледі.

Желпиді сонау адырдан

Жеңіл бір самал бойды үрлеп,

Қыран тұр: «Туған тауымнан

Бір сұмның көзін жойдым!...» - деп.

Өлең осылай қорытындыланады. Қыран – ерліктің, елдіктің символындай берілсе, жылан – сұмдықтың, жауыздықтың символы ретінде көрініс тапқан.

Ұлықбек Есдәулеттің «Жылан» атты өлеңінде: «Тісін мақтап, құбылған түсін мақтап; Жолдас болар жыланмен кім өтірік?» - деп келетін жолдар бар. Ұлықбек Есдәулеттің өлеңінде де жылан бейнесі сұрқайы, сұм бейне ретінде беріледі. Бірақ «жатқан жылан құйрығын өзім бастым» деп, өз қателігін де мойындайды. Жырдың соңын былай түйіндейді:

Шырылдаймын: «Кешірші, аға, аға!» - деп,

Көп кешірім сұрау да жаман әдет.

Мен сыйлаймын жыланды бұдан былай,

Қорыққанымнан сыйлаймын шаға ма деп!

Ақын апамыз Ақұштап Бақтыгерееваның «Сәби мен жылан» атты өлеңінде де «сұр жылан» бейнесін кездестірдік. Орманды, даланы шулатып, ысылдап келе жатқан жыланнан бесікте жатқан сәбиді бір құіреттің күші сақтап қалады. Жыр былайша аяқталады:

Себебін айтса мұның жұрт,

Аңыз деп кейде ұғындық.

Сәби мен жылан сияқты

Адалдық және зұлымдық.

Моңғолияда туып-өскен арқалы ақын Берімбай Ысқақұлының «Мың жылан» атты өлеңінде қаптаған жау жылан бейнесінде беріледі:

Шекарадан аттаған,

Жерімізді таптаған,

Келе жатыр мың жауыз,

Қара құрттай қаптаған.

Темір тәртіп ұстанып,

Мұздай қару күшті алып,

Жалаңдайды айдаһар

Мың жалмауыз сұстанып!

Моңғолиядағы Хужирт сайына ентелей енген жау әскері мұздай қаруланған, Америка сайманымен жарақтанған, құдды бір аждаһаша жалаңдайды:

Еркінсиді қол қалың,

Мекендемек жау зәлім,

Әкесінің үйіндей

Моңғол жерін, тауларын!

Светқали Нұржанның «Жылан жайлы жыр» атты өлеңінде: «Жолды кескен жексұрын жыландарды; Жылан сапты дойырмен қырып жүрем», - деп келетін тармақтар бар. Ақын Шәңгерей Бөкеевтің: «Жыланды жолда жатқан соқпай кетсең; Тап болған бір ғаріпті шақ дегенің», - деген өлең жолдарынан эпиграф келтіріп кетеді. Ақын елге келген бар зауалды жылан образымен береді. Сондықтан көзге түскен жыланның барлығын тек жібермеу керек деген ойға жетелейді.

Заман — жаңа, Заң — көне, қылмыс — кәрі,

Бірақ жылан өлтіру шын құштарым.

Бұғып келіп аңсызды шағатұғын,

Азайсын деп Адамның бір дұшпаны!

Ақын адамзат баласына келер жауыздықтың бәрімен жан аямай күресу керек дейді. Оны өлеңдегі мына жолдардан байқасаңыз болады: «Менің жаным шын іске құмарланса; Жауыздыққа жармасам бір арланша». Жырдың соңы да осы идеямен түйінделеді:

Қанша дарын бойымда,

Қаншама әлім

Бар екенін білмеймін. —

Барша мәнім:

Тірі жанға зиянсыз жандарға мен,

Жыландарды қыруға жар саламын!..

Сөзімізді қорытындыласақ, өше бастаған, ұмыт бола бастаған төл танымдарымыз бен ұғымдарымызды тірілту – бүгінгі күннің басты міндеті. Ақпараттар қарша бораған заманда өз тамырынан нәр алмаған ұрпақ – мәңгүрт буынға айналмақшы. Ата-бабамыз киесін таныған «ақ жылан» бейнесі – даналықтың, сұлулықтың, асқақтықтың, дархандықтың белгісіндей екені даусыз. Бұдан бөлек «сұр жылан» бейнесі де бар. Бұл екеуі өмірдің өзіндей мәңгілік күрес пен үйлесімнің нышанындай. Жылан бейнесін тек бір жақты қарап, теріс түсінік қалыптастыруға болмайды. Біз де шама-шарқымызша осы бір ойды жеткізуге тырыстық. Ары қарай белгілі бір түсінік қалыптастыру сіздің құзырыңызда, алдияр оқырман!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар