Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Өлген адам туралы хикая (новелла)...

21.04.2022 4435

Өлген адам туралы хикая (новелла) 16+

Өлген адам туралы хикая (новелла) - adebiportal.kz

Бұрыш-бұрышын күңгірт қара көлеңке басып тұрған, ыбырсып, әр жерден қыл-қыбыры көрініп жатқан аласа төбелі там үйде Құмарбек сергек оянды. Ояна салып киініп ауыз бөлмеге шықты, үйде ешкім жоқ екен. Бала-шағасы жұмыста, кемпірі көршілерге кеткен болса керек. Аздан соң кемпірі оралды, бұған бір қарады да мән бермей жанынан өте шықты. Кешке жұмыстан қайтып келген балалары да бұны бар екенсің-ау деген жоқ, шайға да өзі барып отырмаса ешкім шақырмайды. Сөйлесе де жүрдім-бардым жауап беріп ешкім қатарға алмайтындай көрінді.

Осындай болған соң бұл күні бойы аулада сандалып жүретін әдет тапты. Біраз күн өткенде бүйтіп босқа жүргенше Алматыдағы қызының үйіне барып-қайтқанды жөн санады. Сөйтіп билет алмақ боп вокзалға келген, әңгіме осы жерден басталды.

– Балам, маған Алматыға бір билет берші, – деді кішкентай терезеден ұмсына қарап.

– Жеке куәлігіңізді беріңіз, – деді іштегі қыз жұмсақ дауыспен. Шал жеке куәлігін беріп, 2-3 минуттай күтіп қалды.

– Кешіріңіз, ата, – деді қыз, – сіздің куәлігіңіз дұрыс емес, мұнда жүйе қабылдамай тұр, ЦОН-ға барып тексертіп келіңізші.

– Дұрыс емесі қалай? – деп Құмарбек қоймады, – мүмкін андағың дұрыс болмай тұрған шығар, – деп иегімен компьютерді нұсқады.

Шал мен кассир қыз біраз ырғасып, басқа бір қызметкерді шақырып, оған да көрсетіп, ақыры Құмарбекті куәлігінің дұрыс емес екеніне сендірді.

Құмарбек амалсыз «Халыққа қызмет көрсету орталығына» барды. Ұзақ кезектен кейін алақандай терезеден арғы жақта отырған сары шашты қызға жеке куәлігін ұсынды.

– Балам, мынау жеке куәлігімді тексеріп берші, билет алайын десем жарамсыз деп бермей қойды.

– Жақсы, ата, кішкене күте тұрыңыз.

Қыз компьютерге әлде нені теріп, ашып, аз отырды да өзі таңданып отырып қалды, сөйтті де көзін шүңірейте шұқшиып тағы қарады, ауызы жыбырлап бірдеңелерді оқыды. Сосын телефон тұтқасын көтеріп әлде кімді шақырды. Жанына бұдан көрі жасамыстау әйел келді. Ол да таңданды, ол да бірдеңелерді шұқылап, теріп ұзақ қарады. Бір кезде әбден көзі жеткендей болған соң шалдың түріне екеуі де аянышпен қарады.

– Ата, кешіріңіз, мұнда сізді өліп қалған деп көрсетіп тұр.

– Өліп қалғаны несі?

– Екі айдың алдында қалалық моргтан шығарылған, өлу себебі – ми қантамыры жарылған дейді. Ұйықтап жатып жүрегі тоқтап қалған деген құжат тұр. Бұны біз өзгерте алмаймыз.

– Әй, мен тірімін ғой, көріп тұрсыңдар ғой!..

– Ата, кешіріңізші, құжат солай деп тұр. Бұны біз өзгерте алмаймыз. Сот арқылы, куәлер арқылы өзгерту керек.

– Құдай-ау, не дейді?..

– Туыс-туғандарыңыз бар ма осында? Солар куәлік бола алады, сот арқылы өзгерте аласыз.

Шал ештеңені де түсіне алмай, мәңгіріп үйге қайтты. «Екі ай бұрын моргтен шығарған дейді. Ақылға сыймайды... екі ай бұрын не болып еді? Бүгін қай күн өзі?..» - деп әрі-бері ойсоқты болып жүріп адасып, бірнеше автобус алмастырып үйге жеткенше қас қарайып кетіпті. Кемпірі мен балалары ас үйде кешкі ас ішіп отыр екен. Бұның асқа да тәбеті тартпады. Бұрыш жақта оңаша тұрған орындыққа барып отырды. Үй ішіндегілер де бұған «тамақ іш» демеді, тіпті назар салып та қоймады.

– Мені өліп қалған деп жазып қойыпты. Онысы несі?

Ешкім жауап қатпады, тек кемпірі ғана селқос қарап қойды.

– Сендерді таңқалдырмай ма? Мені өлді деп санайды екен бұл мемлекет, сөйтіп құжат толтырып қойыпты...

Бұл жолы бәрі тып-тыныш боп қалды. Балалары қасықтарын ұстаған күйі қақиып отырып қалды, не бұрылып бұған қарамайды, не басқа бірдеңе демейді, үнсіз, қимылсыз. Кемпірі нарау ғана бұған қарады да:

– Жарайды енді, аптықпашы, шай ішесің бе? Деміңді алшы алдымен, - деді.

Шал қабағын түйіп сәл отырды да:

– Төсек салып бер, - деді.

– Төсегің салулы тұр, барып жата бер.

Шал кемпіріне сәл таңданып қарады да, ақырын тұрып жатын бөлмеге кетті. Бұл ас үйден шығып кеткен соң-ақ балалары сыбырлай сөйлесіп, әлде не деп жатқанын аңғарды. Шал жатын бөлменің есігін сілки жапты.

Қатты шаршап келген секілді еді, бірақ жастыққа басын қойса да ұйқысы келмеді. Қалың ойдың тұманына сүңги берді. Төбеге қарап жатып үйінің соншалық аласа екенін аңғарды. Осы жасқа келгенше не бітірді? Мынау мыжық үйдің де еңсесін көтере алмапты ғой. Өзі өмірінде не істеп еді, есте қаларлық? Осы үйде туыпты, өсіпті, осы үйде үйленіпті. Енді балалары да осы үйде ғана тұрып жатыр, өзі осында қартайды... Өмір бойы тек өлместің ғана күнін көріп тіршілік етіпті, дүние де жинай алмапты, ел есінде қалар бір ісі де жоқ екен. Бар болғаны: соңынан ұрпақ ергені. Бір емес, қызынан бөлек үш ұл – зіңгіттей жігіт болды, үйленген бірі жоқ, тіпті үйленейін деген ойы да жоқ секілді... Бәрі де қасірет екен ғой, егер анау сары шашты қыз айтқандай осы қазір өліп кетсе не болмақ?..

Көзі талып ұйықтап кеткендей болды.

Таң атты, тағы да сергек тұрды, тағы да үйде ешкім жоқ екен. Күні бойы балалары жұмыста, кемпірі бірде көршіге, бірде базарға кетіп тоқтамайды. Осындай күндер өтіп жатты. Шал өзінің осы үйде бар, не жоқ екенін де білмей қалып жүрді. Өмірі де өң мен түстің арасындағыдай бір түрлі сырлы бола бастады. Бір күні түнде ұйықтап жатып, қалқып көтеріліп кетіпті, маңдайы төбеге тигенде оянып кетті. Селк ете қалды, бірақ бірден шарқ етіп құлап та түскен жоқ, қайтадан қалқып кеп орнына жатты. Өзі таңданып қалды. Сосын бөлменің ортасына тұрып алып ақырын секіріп қалып еді, тағы да қалықтап ала жөнелді, бұл жолы қарақұсымен төбені сүзіп тоқтады. Бұл құбылысты қызықтап кеткені сондай, сыртқа шығып секіріп көрмекші болды. Осы кезде кемпірі оянып кетті де: «Әй, шал, жат!» - деді. Ол амалсыз жантайды. Таңертең түндегінің бәрі түс секілді көрінді. Бірақ әр түні осы секілді сырлы жағдайлар қайталана берді. Шал тіпті түн баласы ұйықтамайтын болды, оған осының бәрі жас баланың ойыны секілді қатты қызықты еді.

Бір күні кешкі апақ-сапақ уақытта бұл пештің жанында тұрған, кемпірі сырттан кіріп келді де, әуелде бұны байқамай қалды, ал кенет көзі түскенде селк ете түсті. Сөйтті де айғай салды:

– Сен өлгенсің! Не қылған адамсың ештеңе түсінбейтін, жоғалсаңшы енді! - деді өңі бозарып, түтігіп кетіпті. Осыны айтты да көзі жасаурап жалт бұрылып ас үйге кіріп кетті. Шал не істерін білмей пештің түбіндегі бұрышта қалшиып тұрды да қалды.

Шал жылағысы келді, көзінен жас шықпады. Бірақ осы күннен бастап ол бұл отбасының адамы емес екенін түсінді. Сол күні түнде ай жап-жарық болатын, ол терезеден түскен сағымға қолын апарғаны сол еді, қолы әуелі мөп-мөлдір суға, сосын лезде буға айналып ауаға сіңе бастады. Жылдам тартып алғанда қайта қалпына келді. Жас балаша жүрегі өрекпи тулап жүгіріп далаға шықты, тұтас денесінің алдымен мөлдірей төгіліп барып буға айналып бара жатқанын көзімен көрді... Аз ғана уақытта шал бір уыс буға айналды да аспанға қарай биіктеп көтеріле берді.

Осыдан кейін ол туралы ешкім ештеңе айтқан жоқ, үй іші үш айға жуық мазалаған елестің жоғалғанына қуанды. Кейбір өсек сөздерге қарағанда, оны кім сағынып, аңсаса – сол сәтте ол жерге түсіп, аңсаған жанның жанында пайда болады екен. Ал оған дейін осылай бұлтпен араласып аспанда ұзақ ұшып жүре беретін ұқсайды...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар