Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Олжас Қасымның эпиграммалары

22.04.2019 769

Олжас Қасымның эпиграммалары

Олжас Әбілұлы Қасым, 1989 жылдың 22 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Абыралы өңірінде дүниеге келген. Төлеужан Ысмайылов атындағы орта мектепті бітірген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. Халықаралық «Қазақстан ZAMAN», республикалық «Дарабоз» журналы, «Алматы» телеарнасында қызмет етті. Бүгінгі таңда «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасында шеф-редактор. Өлеңдері республикалық басылымдарда жарық көрген. «Алтын қалам-2011», XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының «Алтын тобылғы» Ұлттық жүлдесінің жеңімпазы, «Серпер» Жастар одағы сыйлығының, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. «Бозбеткей» өлеңдер жинағының авторы.

Ырысбек Дәбейге

Болғаным мықты дұрыс деп,

Өлең де жазды Ырысбек.

Журналистика ірі іс деп,

Журналист болды Ырысбек.

Жүрмейін бұлай тыныш деп,

Эссеге кетті Ырысбек,

Ақшаға толып уыс көп,

Романға кетті Ырысбек.

Қайтпайтын қайсар Ырысбек,

Қай іске енді кіріспек?!

Бақыт Беделханға

Бағасы бөлек сұр қалпақ,

Бақытқа лайық бұл қалпақ.

Өрнегі бөлек сары қалпақ,

Бақытта ғана бар қалпақ.

Жақұттай жанған ақ қалпақ,

Бақытқа ғана шақ қалпақ.

Іздесең оның сарысын,

Бақытта бары тағы шын,

Аламын десең қоңырын,

Бақыт ағаңа бар інім.

Қаласаң әсем қарасын,

Басынан оның табасың.

Қызықсаң егер жасырма,

Қызылы да оның басында.

Назарын елдің ұрлатып,

Қалпақты кию бір бақыт.

Қалпақпен ұрып жүр бәрін,

Қалпақты баспен бұл Бақыт!

Серікзат Дүйсенғазинге

Шықсақ бір кенет жотаға,

Түсейік дейді ол фотоға.

Отырыстарда от ала,

Түссек біз дейді фотоға.

Амандасқанда құрметпен,

Жіберші дейді суреттен.

Қажып бір жүрсең дүрмектен.

Сарайыңды ашар суретпен.

Айтыс па, концерт бәрі бір,

Түсірші дейді тағы бір.

Фейсбук болсаң қараған,

Тұрады күліп Сері ағам,

Инстаграм ашсаң жаңадан,

Шығады күліп Сері ағам,

ВК-ға кірсең бере мән,

Тұрады тағы Сері ағам.

Интернетте кең тараған,

Суреті қардай бораған,

Өзіңді жақсы көруге,

Өзгеше үлгі сол адам.

Суретке қанша түссем де,

Секеңдей қалай бола алам?!

Дәурен Берікқажыұлына

Көремін жиі оны мен,

Осы әлеуметтік желіден.

Таппаса сая елінен,

Табамын оны желіден.

Тобырдан болса жеріген,

Бөлісер мұңын желімен.

Жүргісі келсе жөнімен,

Ақылдасады желімен.

Көрсе біреулер оны кем,

Ашуын алар желіден.

Дәукемнің досы бұл желі,

Көретін артық бәрінен.

Нұрлан Қабдайға

Жұрт білместі біледі,

Білмейтіндей жүреді.

Оқыса да реңі,

Оқымаған боп жүреді.

Жазса дағы үнемі,

Жазбағандай жүреді.

Құптамаса түр өңі,

Құптағандай жүреді.

Шықпаса да кітабы,

Шыққандай боп жүреді.

Өзіне не керегін,

Өзі ғана біледі.

Арман Әлменбетке

Бірде қаламгер,

Бірде кәсіпкер.

Өзі біледі,

Қайда нәсіп мол.

Білер сөзді әйгі,

Кітапта – атағы,

Блокнотқа жазбайды,

Блокнот сатады.

Бірде форумда,

Бірде баспада.

Табыс ол үшін,

Сөз бе, ақша ма?

Балтабек Нұрғалиевке

Анаған да бір ода,

Мынаған да бір ода.

Төрдегіге бір ода,

Өрдегіге бір ода.

Бектеріме бір ода,

Көктегіге бір ода.

Сұрамасаң бір ода,

Сұрасаң да бір ода.

Таңда, күнде бір ода,

Кеште, түнде бір ода.

Ода деген бұ шіркін,

Қай жерінен шығады ә?!

Ода жазар «көкесі»,

Бітпейді екен сірә да.

Ода жазып өмірден,

Өтер ме екен бұ бала!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар