Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Олжас Сүлейменов. Өзім туралы...

18.05.2019 10886

Олжас Сүлейменов. Өзім туралы

Олжас Сүлейменов. Өзім туралы - adebiportal.kz

Әуелі әңгіме жазудан бастадым. Студенттік жылдарымда балалар және жастар газеттерінде жарияланып жүрдім. Геология факультетін бітіргеннен кейін Горький атындағы әдебиет институтының қазақ тілінен орыс тіліне аудармашылар дайындайтын тобына оқуға түстім. Прозаны да, өлеңді де аудардым: кәсіби әдебиетші барлық жанрды да игеруі тиіс.

Лекциялық курстар есімде жоқ. Жадымда кейбір сәттер ғана сақталыпты.

Профессор Пухов, бойы онша биік емес, ақсүйек-зиялы қарт, Пушкинді сүйетін. Алғашқы күзде-ақ автобуспен Болдинаға баруды ұйымдастырды. Қазан айының зілдей ақ жауыны. Езілген жол. Барар жерімізге бір шақырым қалғанда батып қалдық. Село жақтан жол жағалап бір ер адам келеді екен. Студенттер қоршап алдық: тірі болдинолық қой. «Ата, Пушкинді көрген боларсыз? Ол сіздің Болдинода тұрды ғой». Шал тоғай арасынан көрінген тоғайға қайырыла қарай тұрып басын шайқады да: «Мен жаздай Криюхада болып, қызыма көмектесіп едім. Кім білсін, кемпірім пәтерге жіберсе жіберген де шығар. Бізге әртүрлі адамдар келіп жатады ғой. Өзі қандай адам еді?»

Осы кездесу бізге күш қосқандай болды, – автобусымызды бірден итеріп шығардық.

Профессор Водолагин (біз өзара оны неге екенін кім білсін, барон Водс-Ваген деп атайтынбыз) КСРО тарихын оқытатын. Бұрынғы Сталинград обкомының идеология бойынша хатшысы. Өткеннен белгі сталинше қойған мұрты ғана болар. Жаңалықты да құптап отыратын: басын Хрущевша тақырайта қырғызып тастаған. Бүгінде өткен өмірді еске ала отырып, ол алдағы болашақты да болжай білді ме деймін: қалың қасы Брежневтен айнымайтын еді.

Танысу кезіндегі лекцияларында өз пәнінен жаңа шәкірттерінің білімдерін тексеру мақсатымен әрқайсымызға жекеше сұрақ қоятын. Грузиннен Ресей қол астына кіру туралы Георгий бітімі жайында сұраса; украиннан Преяслав Радасының құжаттары туралы сұрақ алатын. Онан соң аудиторияға көзін қысып қойып маған сұрақ қоятын: «Ал кәне, айта қойшы, сендер Руське алғаш рет қашан жорыққа шықтыңдар?» «Сендер» дегенде Қазақ Кеңестік социалистік республикасын айтып отырсыз ба?» – деп мен сұрақты анықтай түсем. Ертедегі орыс әдебиетін профессор Сидельников оқытты. Бұл кісі Әуезов екеуі бірігіп 51-жылы Мәскеуде қазақ ертегілерінің бір томдығын шығарған, сол үшін екеуіне де буржуазияшыл ұлтшылдар деген кінә тағады: өйткені жинаққа хандар мен байлардың даналығын дәріптейтін ертегілер де «енген» екен.

Осы Сидельников курс жұмысы үшін маған «Игорь полкі туралы жырды» ұсынған еді. Профессорды құрметтейтіндіктен мен бұл жұмысқа өте тыңғылықты қарадым, әдеттегідей оқулықтан екі-үш бетті көшіріп бере салудың орнына Ленин кітапханасына барып каталогтарға бас қойдым, солай басталған курс жұмысым он бес жылдан кейін "Азия" кітабы болып жазылып, аяқталды.

...Сейсенбі сайын шығармашылық семинарлар өткізілетін. Біздің жетекшіміз ақын Лев Озеров – өте тәжірибелі аудармашы еді. Семинарда – Мәскеудің, Литвадан, Әзербайжаннан, Грузиядан, Армениядан, Чечен-Ингушетиядан келген ұлдар мен қыздар бар. Көбінің басқа жоғарғы оқу орындарын бітірген дипломдары да бар. Ойлы да, білімді де, неге болса да өз көзқарастарын еркін айта алатын жандар. Біз бір-бірімізге шәкірт те, әрі ұстаз да едік. Осы ортада біздердің дүниеге көзқарастарымыз қалыптасты, осы ортада біздердің мінез-құлықтарымыз түзеуден өтті. Тимур Зульфикаров, Суламита Фридбург, Саша Эбанондзе...

Әдебиет институтының қабырғасында өткізген жылдарым туралы «Бақытты болғың келе ме? Боламыз!» – деген ұранмен өмір кешкен студенттік орта туралы кітап шығаруды армандаймын.

ІІ

Аудармаларым көңілдегідей шықпады: өз жаныңнан көп қосасың, өлең жолдарың үзік-үзік дейді. Мен өлеңдерін аударған авторларымның барлығы дерлік он бір буын қара өлеңмен жазғандықтан, олары орыс тіліне көндікпейді. Ол аудармаларымның буындық мөлшері орыстың белгілі: «Эй, камаринский, камаринский мужик!» – әнімен сәйкес келеді де, мен қаншама әрекеттенсем де, аудармаларымда осынау ойнақы би әуені ызыңдап тұрып алады және авторлардың революцияға, партияға деген өлердегі жүрек-жарды сөздері әлгі ойнақылықпен мүлде қабысқысы келмейді.

Менің көзімнің бір жеткені – прозаны дәлме-дәл жүз процент аударуға болады екен, ал өлең аударған кезде ең мәнді қасиетін жоғалтады екен. Аударылған өлең кілемнің теріс жағы сияқты: ою-өрнегі көрінгенімен поэзияның сиқырлы түгі жоқ!.. Әрине, маған көбіне түгі жоқ тықыр алаша тәріздес «кілемдер» кездесетін, алайда мен солардың өзін дұрыс аудара алмадым. Діңкемді идиома сөздер құртатын, мысалы, қазақ кәдімгі жақынына, ең қымбат адамына арнап айтатын: «О, бауырым!» – деген сөзді дәл аударсаң: «О, моя печень!» болып шығады. Ертедегі Рим мен Вавилонда бұл сөзді дұрыс түсінер еді, өйткені бауырды олар да адамның негізгі мүшесі, өмірлік түйіні деп есептейді. Еуропаның басқа мәдениеті – негізгі мүше жүрек деп біледі. Сондықтан мен аудармада түпнұсқаға сәйкес: – «О, мое сердце!» деп алғам. Ал авторға бұным ұнамайды, ол өзінің дәл аударылуын талап етеді. Мен оған орыс оқырманына дәл аударма лирикалық геройдың сезімінен гөрі, оның бауырының циррозбен ауыратынын айтып тұрғандай әсер қалдырады деп сендірмек болам. Авторды менің бұл дәлелім онша иландырмайтын сияқты, ақырында ұққаным қазақ үшін: «О, мое сердце!» деген ұғым жүрегі ауыратынды білдіретіндей әсер қалдырады екен.

Міне, біздің мәдениетіміздегі осындай сәйкессіздіктер жинақтала кеп өмір жолын жаңа бастаған тілмашты безе қашардай күйге душар етті. Ақыры, қатардағы көп авторлардың бірімен болған көп кездесулердің бірінен кейін мен аудармашылықтан бас тарттым. Ол Мәскеуге бір шаруасымен кеп, қонақ үйдің люксіне орналасқан екен. Мен оның кедейлердің байларды біржолата жеңгені туралы поэмасының аудармасын әкелгем. Әлгі ақын алдындағы тағамдарын ысыра тұрып қолжазбаны парақтай бастады. Дастархан басында оның мәскеулік аудармашысы да отырған. Қолжазбаға ол да көз салған, ол да ұнатпады. Автор тағы да алдында құюлы тұрғанын қағып салды да езулей жөнелді:

- Мынау менікі емес! Менің әр сөзім жалын! Өрт қой! Менің өлеңім ән болып төгіліп жатады! Ал сенің мынауың жәй бірдеңе!

Ол кезде менің де сөз асырмайтын кезім: «Онда сол әніңді төгілт те отыр!» - деп шарт кеттім.

Сөйтіп аудармашылықпен қош айтыстым. Енді өзім ұйқастыра бастадым.

ІІІ

Күнде Бутыр хуторынан (жатақханадан) Тверь бульварына (институтқа) және керісінше тралейбуспен жүремін. Жолымда, орта тұста, Правда көшесінде «Огонек» журналының редакциясы орналасқан. Басқа журналдар тралейбус маршрутынан шеткері, жүрер жолымнан алыс. Сондықтан көп ойланып жатпастан жолымдағы редакцияны қаладым. Алғашқы «Арғымақтар» деген өлеңімді «Огонекке» әкелгем. Поэзия бөлімін шау тартып қалған бойкүйез ақын Кудрейко басқарады екен. Кітаптарын оқыған емеспін, алайда өз кезінде Мәскеудің әдеби ортасын жеріне жеткізе суреттеген Маяковскийдің арқасында, оның есімі оқулықтан белгілі еді:

Кудраватье мудрейки,

Мудреватье кудрейки –

кто вас,

к черту,

разберет!

Осы бағамен Кудрейконың бүкіл болмысына үкім айтылған сияқты. Сөйлескен кезде көзіңе тура қарамай, жаңа ғана менің өлеңіме сойдақ-сойдақ белгі салған қызыл қарындашының ұшына қарап отырды.

Мен өлеңімді жөндеп, бір аптадан кейін алдына қайта апардым. Ол тағы да сырғалай отырып, ақырын ғана баяу үнмен үкімін айтты.

Мен қайта қарап күшейтіп әкелем, ол болса пікірін айтып қайтарып береді. Кудрейко қамалын алдырар емес, ал мен болсам ширығып қарсыласа түсем. Жатақханаға кеп таң қылаң бергенше қағаз шимайлаймын. Ұйқасы да, дыбыс үндестігі де, бейнелілігі де – орнына келіп, шегіне жеткен сияқты. Бұлардың батпақтаған журналы даланың мынадай өлеңін көрген емес!

Институт канцеляриясының машинисткасы күрсініп қойып жиырмасынша, отызыншы варианттарын көшіріп баса отырып: «Әлдеқайда жақсарған», – деп құптаған лебіз білдіреді. Мен «Огонекке» қарай ұшам.

Онан соң қызыл жоса болған қолжазбамды бүктелеп пальтомның қалтасына тығып кешқұрым Мәскеу көшесімен жатақханама қайтам. Енді не істеу керек? Геологияны тастадым, аудармашылықтан ештеңе шығатын емес. Алматыға қайтып бүкіл өмірімді «Трамвайтрестке» бағыштаймын ба? Бала кезімде анам ылғи да осы бір құпия сөзбен қорқытатын: «Егер жаман оқитын болсаң Трамвайтрестке барасың!» – деп. Жә, жетті енді! Мудревато-ноздреватых болғаным жетер. Трамвайтрестке барам!

Бірер күн өткен соң іште жатқан бір аңсау қайта шырқай бастайды – көтер басыңды! Қара тер болған арғымақты қайта ерттей бастайсың!

...Кейін білдім, ол кездегі «Огонектің» бағдары «қара жүздік» екен. Онда тек «өзіміз» дегендер немесе «одақтастары» ғана жарияланады екен. Кейіннен ой елегінен өткізіп көрсем – Кудрейко мен туралы дүдәмәл күйде болыпты. Менің басқа емес осы журналдың есігін ашуым, әрине жайдан-жай болмаса керек. Бірақ «Арғымақтарға» қарап менің «антисионистік» көзқарасымды анықтау мүмкін емес еді. Ал онан басқа бірде-бір шығармамды мен оған көрсеткен емеспін. Өйткені менде басқа шығарма жоқ та еді. Келме деп маған тиым салуға және болмайды: жастарға ақыл айтып тәрбиелеу оның міндетінің бірі. Тек бір ғана жол бар – менің тауымды шағып, жазбайтындай ету. Алайды бұл жол да тиімсіз болып отыр: әр келген сайын қызыл шоқпарды сілтей беру де қиынға айналуда. Өлеңнің күш алғанын екеуміз де сезіне бастадық. Бұл өлең менің жаттығу полигоныма, өлең жазу мектебіме айналды. «Тас мүсін деген не? – Шомбал кесектің артық-тыртықтарын шапқылап қырналау». Кудрейко өз журналынан менің жолымды кесіп тастау үшін, онысын өзі де аңғармай, маған артық-тыртықты шапқылап кесіп, қырналаудың сабағын оқытыпты. Соның нәтижесінде мен екі әдеби институтты қатарластыра жедел түрде оқыған екем, бірін Тверь бульварында, екіншісін Правда көшесінде (жоқ, тағы үшіншісін – Бутыр хуторындағы жатақханада) оқыдым.

«Олар бізге жеккөру мен сүйе білуді үйретті», – Рима Казакованың осы бір сөздері өмір жолымда кездескен осындай талай оқытушыларымды еріксіз есіме түсіреді. Әлбетте шын пейілдерімен ұстаздық еткендердің жөні де, жолы да бөлек қой.

ІV

Менің стипендиямды барлығымыз айдың алғашқы күндерінде-ақ жеп тауысатынбыз. Онан соң үйден келетін азын-аулақ (мүмкіндіктеріне қарай) ақша, Сәруар тәтемнен, Фазыл, Артық ағаларымнан келетін ақшалар... Осының бәрі «қазақы қонақжайлыққа» кететін.

Ара-арасындағы қысылшаңдарда мені жатақхананың төртінші қабатындағы қыздардың бөлмелері асырайтын. Олар студенттік қаржыларын әлдеқайда үнемді пайдаланады.

Суламита қалың дәптер алып қойған. «Әр ішкен тамағыңның ақысы үшін осы дәптерге жаңа бір өлең жазып отырасың», – деді. Кудрейконың «каторгісінен» кейін бірнеше жол өлең жазу дегенің – түк емес. Менің бойымда бабам әнші-ақын Жаяу Мұсаның қаны ояна бастаған. Суламита ас бөлмеде котлет дайындап әкелгенше, мен екі-үш бетті өлеңмен толтырып қоям. Кейде аяқ асты суырып салам, ал көбіне «үйдегі әзірлік» етіп жазам. Ол иісі бұрқыраған қолдау табаны алып кіреді де, мен жазғандарымды дауыстап оқып бермейінше, асқа жақындатпайды.

Бірде Суламита кешкі тамақты басқа жерде ішеміз деген. Сол жылы мен Борис Слуцкиймен алғаш рет кездестім.

Что-то физики в почете,

Что-то лирики в загоне:

Знать в стремительном полоте

Не взметнулись наши кони!..

Шашын ақ тартқан, дене бітімі де, әдебиеттегі аты да мықты адам. Сталиннен кейінгі жылымықтағы ақындық толқынды оятқандардың бірі.

Кабинетке кіргенбіз. Үлкен бөлменің іші толы кітап пен мүсіндер екен. Жазу столының үстінде жатқан өзімнің «Котлет» дәптерімді көрдім.

Борис Слуцкий

«Мен сізді кешкі астың ақысын өлеңмен төлейді деп естідім. Жақсы дәстүрді бұзбайық. Маған соның біреуін сыйлаңызшы. Мен өзім таңдап қойып едім. (Ол дәптерді ашып оқыды) «Жігіттер, маған қарап таныңдаршы қазақты». Осы бір жолыңызды қиясыз ба? Мен қазір Назым Хикмет туралы жазып жүр едім. Соның бейнесін ашудың кілтін таба алмай жүрмін. Өте жақын білетінмін. Соның кілті мына сіздің өлең жолыңызда жатыр - ақынға қарап Халқын таны. Мен мұндай жолды таба алмас едім. «Жігіттер, маған қарап таныңдаршы еврейді». Тіпті әуелі Карл Маркс пен Энштейннің де бұлай айтуға құқықтары болмас еді. Еврейлер дүниеге әрқилылығымен белгілі ғой. Сондықтан қандай атақты болса да, бір адам оның сан қилы сипатын бір өзі таныта алмас еді. Ал түріктер болса қазіргі дүниеде соншама кең танылмаған. Қазақтарды одан да кем біледі. Бәлкім осы да дұрыс шығар. Сенің өзіңді ғана емес, сен арқылы бүкіл халқыңды таниды деген ұғым жеке тұлғаны тәрбиелеуі мүмкін. Мен қазақтарды соғыста кездестірдім. Жақсы солдаттар, табанды, көнбіс. Ал ақын бәріне де жинақы бейне. Оның бойынан халықтың жақсы жағы да, жаман жағы да көрінеді. Сіздің бір сәттік қана кездесіп жүрген және кездесетін адамдарыңыздың көбі ешуақытта қазақтармен араласпағандар. Олар сіздің халқыңыз туралы сізге қарап пайымдайды. Сіздің мінез-құлқыңыздағы кез келген, тіпті болымсыз қасиеттерге дейін жалпы қазақты танытатын қасиет боп көрінеді. Байқаусызда ішіп қойсаңыз: қазақтар маскүнем болады екен дейді. Төбелес үстінде ығысар болсаңыз: қазақтар қорқақ болады екен дейді. Велосипед ойлап тапсаңыз: қазақтар данышпан халық екен дейді. Жартыкештікке жол жоқ, бұл көптік пікірге тән құбылыс. Әдеби ортада дәл солай. Одақ көлемінде қазақ поэзиясын өте мардымсыз біледі. Дүние жүзі одан да аз біледі. Мүмкін түпнұсқасында дана болар, бірақ аудармасымен әзірге ешкімді қызықтыра қойған жоқ. Сіз аудармашысыз өзіңіз жазбақ екенсіз. Яғни, бүкіл қазақ поэзиясының түпнұсқасын Ресей оқырмандарының алдында бір өзіңіз арқылы таныту міндетін алып отырсыз. Иә, иә, бүкіл бір әдебиеттің деңгейін, тереңдігін сіздің жазғандарыңызға қарап бағалайтын болады. Аудармашының кінәсінен деп айта алмайсың. Сіздің орыс замандастарыңыздың жүгі жеңілдеу. Олардың артында ұлы тарих, бабалардың даңқы, ұшан-теңіз мәдени мұра тұр.

Орыс ақыны орташа ғана бола алады. Ал сізге болмайды.

Мүсін өнерін ұнатасыз ба? Мен біраздан бері ден қойып жүрмін, міне жинағандарым. Вучетич таң қалды: «Мынаны сіз қашадыңыз ба?» деді. Қандай әдемі сөз! Ақын тек өлең жолдарын ғана жинастырып қоймай, басқа дүниені де тегіс біліп отыруы тиіс. Өлеңнен қол босатып отырыңыз, одан дүниежүзі поэзиясы жұтайды деп ойламаңыз. Өлең сонда жазылады. Ал бір нүктеге қадалғандай отырып алсаңыз, музаны үркітесіз. Ол мезі қылғанды ұнатпайды...»

Көп ұзамай Слуцкийдің жаңа жинағы шықты. Түрік досына арнаған өлеңі былай басталыпты:

...Судите народ по поэту,

Я о турках сужу по Назыму Хикмету,

По-моему, турки голубоглазый...

V

Слуцкийдің сабағы көптен өзім сізінген, бірақ жүйелік анықтамасын таба алмай жүрген көңіл күйімді қалыптастыруға көмектесті. Жиырмадан кейін өмірлік жоспарыңды ретке келтіргің келеді. Балаң шақтағы «Мен – кіммін?» деген сұраққа жауап «біз кімбіздің» негізіндегі білімімізге саяды екен. Мен өзінің «мен» фундаменті туралы басын қатырудың қажеті жоқтарға аса қызғанышпен қарадым: тарихтың қара топырағы мың жылдық тереңінен зор дүмпумен аспанға атқан өмір бәйтерегі бар олардың. Ондай достарым қалың, бұтақтардың арасында алқызыл алмадай боп тұра алады.

...Мен өзім үшін қазақтардың тарихын қалыптастыра бастадым. Ең әуелі жуықта ғана өткендердің ізіне түстім. Ленин кітапханасын игере жүріп белгісіз беттерді іздестірдім.

1926 жылғы санақ бойынша: қазақтар Кеңес Одағындағы «түркі тілдес ұлттардың ішіндегі ең ірісі – 6 млн. 200 мың адам».

1939 жылы екі миллиондай ғана қалыпты. Осы сандардан өне бойым мұздай боп қалтырап кетті.

Аз ұлт атану бақыты үшін осынша құн төлеген басқа қандай халық бар екен?

Өзін осындай күйге түсіру үшін қандай жуас, қандай бейшаралықта болу керек!..

...Сіз Шоқан Уәлихановты оқымадыңыз ба? Сондай бір дана болған біздерде. Жоқ, алашордаға қатысы жоқ. Он тоғызыншы ғасырда өткен. Неліктен біздерде дейсіз бе? Ондай ерек жандар екі анадан туады. Жалғыз даланың өзі өсіре алмаған болар еді. Еуропасыз Ресей де Пушкинді, және Алтын ғасырдағы басқаларды да туа алмас еді. Александр Сергеевич Арина Радионованың ертегілерімен қатар Вольтерді де бойына сіңіріп өсті ғой. Сондықтан да ол Пушкин болды.

...Тарих деген тек «жамандықтан» тұрмайды, «жақсы» жақтары да болады оның, тек саралай білсе. Русьтің тарихын қараңыз, бірде үстіде, бірде шалқасынан илектеніп астыда жатады. Зәбірлеу, зорлау, қорлауды қаншама көрді, бірақ ұлдарын туып жатты! Қарасы да, сарысы да – бәрі де соның балалары, ұлдары, алып перезенттері. Солардың арқасында қайта көтеріліп Хауа емес, Адам болып бой түзеді. Русь емес, Орыс болды. Өз махаббатын телитінді шығарды. Енді ол төңірегіндегілерге ойына келгенін істеп, қалағанын зорлайды.

Шоқан сондай махаббаттан туған. Мына сіз де, сіз сияқты үлкен бір ұрпақ солай. Ендеше бойыңыздағы сол күрделі қанды пайдаланыңыз. Даланың жайылып жата беруіне жол бермеңіз. Әйтпесе, жата беру рахат екен деп әдеттеніп кетеді. Онда одан ештеңе тумайды.

Мына сіз сияқтылар бір кезде оның да Адам болғанын есіне түсірсе, құдай оңдап нағыз Қазақстан боп, Ресейге бауыр боп бас көтереді.

Мен өзім омбылықпын. Қазақ базарына жақын жерде тұрдық. Далалық тамырларымыз жиі кеп тоқтайды. Аттары есімде жоқ, бірақ өздерін адамбыз дейтіндері есімде. Кейін өскенде білдім, қазақша барлығымызды адам дейтін. Ал кішірек күнімде құдірет заңын өткен кезде інжілдегі Адамды мен өзім қазақ бейнесінде көз алдыма елестететінмін. Белбеуіне қамшысын қыстырып алған, басында малақайы. Дәл солай.

...1960 жылы жазда «Литературная газетада» менің көлемі едәуір бір топ өлеңдерім жарияланды. «Сәт сапар» тілеген ірі әріптермен терілген алғысөзді Леонид Мартынов жазған еді. Үлкен қаламгердің сәттілік тілеуімен өлең жариялау «Литературканың» дәстүрлі саясатына айналды.

VI

Суламита өлеңдерімді жинап, «Советский писатель» баспасына апарып тапсырған. Ішкі кепілдеме-пікірлерді Л. Мартынов пен Б. Слуцкий беріпті. Болашақ кітапты «Арғымақтар» деп атадық.

...Осының артынша жатақханада ыңғайсыз төбелес болды. Мені институттан шығарды, қолжазбам жоспардан түсіп қалды. 1961 жылы ақпанда Алматыға қайтып оралдым, «Арғымақтарды» жергілікті баспаға тапсырдым. «Казахстанския правда» газетіне тілші боп орналастым. Сәуірдің 11 күні бас редактор Федор Боярский шақырып алды да: «Ертең ғарышқа адам ұшады. Номерге өлең әзірле», – деді.

(Қазір ғой – «Марсқа адам ұшады» – десең ешкім таңдана қояр ма екен. Пәлендей таңдығы жоқ. Көшеде айға алғаш рет аяқ басқан астронавтың есімін сұрап көріңізші. Мыңның біреуі ғана есіне түсірер).

Ертең бүкіл планета сенер-сенбесін білмей ішегін тартып таңданады!..

Ал бүгін осынау таңғажайып жаңалықты республикалық газеттің редакторы күнделікті көп хабардың біріндей жайбарақат тапсырма ғып айтып отыр. «Үкімет хабарламасының астынан сенің өлеңің барады. Көңіл күйге сай болсын, ұқтың ба? – Сонан әрі өзін-өзі ұстай алмай, – Сен инженерсің ғой, ұғып тұрған шығарсың, адамды – гомо деуші ме еді, қалай, сол, басқаша бір күйге түседі. Асқақтатшы бір байғұсты!» Қолымнан келмес. Редакцияда тәжірибелі өлеңшілер бар сияқты еді. Редакторға соларды атадым. Алайда Федор Федорович алақанымен стлоды ұрып қалды да: «Партия тапсырма берді! Комсомол – Құп! – деп жауап береді, орында!»

Елімізде жүздеген газет бар, яғни олардың басында жүздеген редактор отыр. Солардың барлығы да Гагарин ғарышқа ұшардың алдында партиялық жүйеден үкімет хабарын алған. Соның ішінде бір редактор ғана құпия ашудан қорықпай өз міндетіне творчестволық тұрғыдан келген еді.

12 сәуір күні менің өлеңім басылған қызғылт парақтар қаланың үстінде шадыман жүзді адамдар толы көшелердің үстінде қалықтады. Мен өз қаламның бақытты шағын екі рет көрдім. 1945 жылы мамыр айында және 1961 жылғы сәуірде. Тағы да сондай бір қуанышты күнді көрер ме екенбіз?

Бір аптаның ішінде «Адамға табын, жер енді» поэмамды жаздым.

Мамыр айында ол поэмам жеке кітап боп басылып шықты, мұқабасы лакталған жып-жылтыр, түсі түпсіз аспандай қара, соның бетінде кітаптың аты қызылмен жолақтанып жазылған.

Оқиға ақындық өмірбаянда ғарыштық жылдамдыққа ұласты. Поэма толығымен орталық радиодан, теледидардан оқылды. Маусым айының басында Мәскеуге ұштым, одан әрі Париж және Нью-Йорк аттанып, солардың университеттерінде поэмамды оқуым керек.

Құжаттарым әзір болғанша Әдебиет институтының жатақханасына тоқтадым. Достарым алғашқы шетелге баратын сапарымды, алғашқы кітабымның шығуын (бұл кезде «Арғымақтар» да басылып шыққан) «жуды».

Жақсы оқитындардың ішіндегі ең жуасы стол басынан атып тұрып:

- Қазір барып бір оңбағанның тұмсығын бұзам! Мейлі, мені де институттан қусын, Парижге барғым келеді! – деді.

...Сапардан қайтып оралған соң газеттерден өлеңдерім жарияланып, Жазушылар Одағына өтуге құжаттарым қаралды. Мәскеуден ректордан телеграмма алдым: "Оқуыңызды жалғастыруыңыз үшін институтқа қайтуыңызға болады".

Іле жауап қайырдым: «Оқытушы боп баруға келісемін».

Хабарласуымыз сонымен тоқталды.

Ендігі жерде менің институт программасын өтуге мұршам жоқ еді: ендігі жолды өзімше жалғамақпын. (Менің бабам Олжабай батыр өзінің жетінші ұрпағын Білгір туады деген екен). Шағатай сөзімен шежіре боп жеткен осы өсиетті маған академик Марғұлан берген еді. Осы өсиеттің мәнін мен әлі күнге дейін ойланам: аты әйгілі батыр, Абылай ханның әскерінің оң қанатын бастаған қолбасшы өз өміріне, сол кездегі ортасына орайластырып өсиетінде ұрпағым қолбасшы болады, немесе хандықтың жолымен жүреді десе бір сәрі. Алайда ол басқаша айтты ғой. Ендеше біздің міндет баба өсиетін орындау.

Ең қиыны күнделікті қосалқы ұсақ тірліктен негізгісін айыру. Маған мұндайда баба аманаты да жәрдемдеседі. Табандылықты қиқарлықпен шатастырмадым. Алға қойған мақсатымды іске асыру жолында «ерлік» кедергі жасайтынын білсем, кейін шегініп, ымыраға да бардым.

Ұлы бабам өзінің қылыш сілтеп жаугершілікте өткен он сегізінші ғасырда халқының «біз кімбіз» деген сұрағына менің білімім қажет боларын білген болар. Асқақ ойдың әсерімен кең құлашты үстірт міндет те қалыптасты – ұлтымыз жоғалтқан, ұмыт болғандарды түгелдей қалыпқа келтіру керек, сөйтіп әркімнің «менінің» табанымен нық тұрар тиянағы болуы керек.

«Өткенге қарғыс айтып, өзіміздің сорлылығымызды бетке ұстағанымыз жетер. Өз басым тарихымызды қорлайтын оқу құралдарына сенбейтін болдым. Өз тамырымызды өзіміз іздеп тауып, өткеннің тереңдігінен бүгіннің кеңдігін, болашақтың биіктігін табамыз. «Жеті атасын білмеген ұл – жетесіз, жеті ғасырын білмеген ұлт – жетесіз». Өзіңді жалынып, сұрап сыйлатпа, өрлігіңе құлап сыйласын. Шалқайғанға шалқай, ол – пайғамбардың ұлы емес, еңкейгенге еңкей – ол әкеңнің құлы емес. Бабалардың осынау дана өсиеттерін ұмытпасақ, тауларды аласартпай, даланы асқақтата бермекпіз».

Менің алғашқы мақалаларым, жас оқырманға арнаған үндеулерім 60-жылдардың басындағы топтама өлеңдерім қазақ әдебиетіндегі тыйым салынған тарихи тақырыптың бет пердесін жұлып түсіргендей болды.

Еліміздегі кітапханаларда жұмыс істеуіме өлеңдерім жәрдем берді.

Жыл сайын бір жинақ. «Нұрлы түндер», «Қылықты түн», «Шапағатты шақ»... Қазақстан комсомолы сыйлығының алғашқы лауреаты (1964). Бүкілодақтың Ленин комсомолы сыйлығын алған бірінші ақын. Осының бәрі менің «ғарыштық» поэмамның әсері еді. Алайда Гагариннің қазаға ұшырауымен менің де творчестволық өмірбаянымдағы комсомолдық-лирикалық шарықтауым аяқталды.

Владимир ормандарының ортасында, Гагарин самолеті құлаған жердің басына орнатылған ескерткішке: «Адамға табын, жер енді», – деген сөздер құйылып жазылды. Тек соңында леп белгісі жоқ еді...

...Әлеуметтік жаңа заказ.

Қазақстан Орталық Комитетінің идеология бойынша хатшысы Саттар Имашев өзінің алапат кабинетінің ішінде ары-бері теңселе жүріп, жиналыстағыдай жаттанды сөзін айтуда:

- Үлкен дата – Лениннің жүз жылдығы жақындап келеді. Поэма керек, «Адамға табын, жер ендінің» дәрежесіндегідей. Сенің де үлкен сыйлықты ойлайтын кезің келді. Лениндік сыйлықты. Біз қолдаймыз. Ең әуелі «Правдада» толығымен жариялаймыз. Мәскеуде, Алматыда және басқа республикаларда жеке кітап етіп шығарамыз. Бұл бюроның шешімі. Димаш Ахметұлы да біледі. Басқа шаруаның бәрін таста да отырып жаз.

Әдеби мансаптың жаңа орамы басталды. Енді ең жоғары сапалы жарқыраған алтынмен апталған мемлекеттік сынақ тұр алда.

Мен шумерлерді жинап қойып, өлең және прозамен жазылған тәуір дүниелердің бәрін оқып шықтым. Олардан тәуір жазатыныма көзім жетті. Бар ықыласыммен жазуға отырып, жүз беттейді жазып та тастадым. Сонда алғаш рет шабыт орнына нағыз «творчество азабын» шектім. Поэма шатқаяқтап жүрер емес. Ай артынан ай өтті. Демалғым келді, көңілімді басқа нәрсемен ауламақ болдым. Вавилон материалын өлеңге түсіріп көргем. Біртіндеп соған бойлап еніп, құлшына беріліп, ешбір азап-тозақсыз «Қыш кітапты» жаздым да шықтым.

Бұл кітап дәл жүз жылдықта шықты.

Имашев тітірене қарсы алды:

- Саған біз кім туралы жаз деп тапсырма бердік? Ал сен кім туралы жаздың? Жезөкшелер туралы ма?

- Храмдағы махаббат бибісі туралы.

- Жоқ, жезөкшелер туралы! Вавилон жезөкшесі туралы! Лениннің жүз жылдығына жазғаның ғой?! Ленин сыйлығын емес, Вавилон сыйлығын аласың! Бюро ашулы.

Ол мультфильмдегі басып шығарған балапандары суға түсіп ойнақ сап жүзіп кеткен кездегі жағалауда аласұрып қыт-қыттап жынданардай зар қағып қалған ұябасар дабал тауықтай үрпі-түрпі еді.

Саттар Имашұлы қатаң тәртіпті партия іскері, «мәдени балаусаның» ұстазы болуға тырысатын, ал кейбіреулердің өз бетінше суға жүзіп кететін балапан боп шығатынына ол кінәлі емес қой. Қиындық түскен кезде ол балапандарды қорғай да білетін. Егер оның «әлеуметтік заказы» болмаса, мен «Қыш кітапты» жазғандағыдай творчестволық бақытты сәтті басымнан кешпеген де болар едім.

Ал автор үшін – сезім кез келген сыйлықтан артық. Бұл менің творчестволық тәуелсіздігімнің белгісі еді, сол үшін Имашевке де және оның сыртында тұрғандарға алғысты едім.

Лениндік сыйлықты ала алмай қалғаным үшін маған кешірім жасай отырып, келесі кітабым республика сарыла күткен сыйлықты әкеледі деген үміттерін үзген жоқ болатын. Ал келесі кітабым «АЗиЯ» еді.

VII

Екі онжылдық (60-жылдан 80-жылдың басына дейін) біздің тарихымызға көпұлтты кеңес мәдениетінің өрлеу кезеңі боп енетіні анық. Бұл кез оның жылма-жылғы мылжың баяндамаларда өзеурей айтылатын таптаурын болған өсіп-өрлеуі емес, сонымен қатар өнер мен ғылымның қалың «жемісті» жылдары, небір қас таланттардың жарқырай ашылуы.

Менің замандас ақындарым өздеріне деген зәрулікті сезінген бақытқа ие болды. Ақындармен кездесуге халық футболға барғандай жиналатын. Ендігі жерде ондай ықылас ешуақытта бола қоймас. Сан мыңдаған халық жиналған сарайларда, цехтарда, дала қостарының басында өлең, қоғам өмірінің ресми насихаттарындағы лепті белгілерінен де көп жинақталған сұрақтарына жауап беретін.

Біздің арғымақтарымыз планетаны дүбірлетті. Біз өзіміздің шетелдік әріптестерімізге аудиторияны ауызға қаратып үйреттік. «Еліміздің ақындар құрамасында» Еуразияның, Американың, Африканың сарайларында өлең оқыдым. Ақындар жыры бүкіл еліміздің санасына ықпал жасап, өзгеріске дайындалды...

Біз:

Так в мир входа,

мы изменяем мир.

Он – перемена, звук – ее основа,

Мой мир, рябясь, мор-инясь,

как эфир,

приобретает очертанья слова – деп айту құқығына ие болдық.

Адам баласының басына қандай қауіп-қатер төнсе де – оның поэзиясы барда еш қайыспай қарсы тұра алатынына өз басым сенемін.

Тәржімалаған: Сайын Мұратбеков.

«Жұлдыз», 1997


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар