Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Өмір – ертегі емес......

28.07.2022 4616

Өмір – ертегі емес... 12+

Өмір – ертегі емес... - adebiportal.kz

Нұрғали Ораз шығармашылығы кез келген әдебиетшіні, оқырман қауымды бейжай қалдырмасы анық. Өзіндік өрнегі бар қаламгер жайында жазушы Серік Жанәбіл мынадай пікір білдіреді: «Әр заманның өз жазушысы болады. Қазіргі кезеңдегі ірі жазушы – Н.Ораз... Кітап – өмірде жарыса жүретін алтын қазына. Ол – сарқылмайтын бұлақ. Осындай халық оқитын шығарма жазған Нұрғали – халықтың төл жазушысы. Ілияс Жансүгіров «Жетісу суреттері», Оралхан Бөкеев «Мұзтау», Мұқағали Мақатаев «Қарасаз», ал Нұрғали Ораз «Қазығұрт оқиғаларын» жазды... Бұл кітаптар ұрпақтан-ұрпаққа қалады. Нұрғали – өресі биік жазушы. Ол ұлттық тұрғыда ойлап жазады». Ал журналист Нұрбек Түсіпхан былай депті: «Нұрғали Ораз шығар­машылығындағы жалғыздықтың мә­ні ақын Жәркен Бөдештің:

«Тағдырлар бар сан алуан, ішінде құла, аласы.

Жалғыздықтан жаралған адамзаттың ба­ласы.

Данасы мен дарасын мәрмәр тасқа қа­шайды ел.

О, жалғыздық, жасай гөр, о, жалғыз­дық, жасай бер!» – дейтін өлең жолдарымен сарындас. «Өмір­де ақындардың бәрі жалғыз» екені поэтикалық асқақ рухта айтылса да кез келген адамның жалғыз­дықпен сырласар, мұңдасар сәті барын жазушы өз шығармашылығына арқау еткен. Сон­дық­тан өзінің айтар ойын анық­тап, та­қырыбын тапқан жазушы­ның өзіндік оқыр­маны да табылатынын ескеруіміз керек».

Сезімталдық – кез келгенге беріле бермейтін қасиет. Кейде өмірдің бұралаң жолдарынан қажып, бірауық тынығып алудың амалын іздейсің. Уақытты бір сәтке тоқтатып қойып, өз-өзіңмен оңаша қалғың келеді. Сондайда қолға кітап алып, жақсы бір шығарманы оқығанға не жетсін. Ондағы кейіпкерлер сенің жан әлеміңе еніп, рухыңмен сырласатындай. Ондай шығарманы жазған жазушы да осал болмауға тиіс. Нағыз сезімталдық соларға тән.

Жазушы Нұрғали Ораздың «Аяқталмаған ертегі» әңгімесін оқыған соң сіздің де ішіңізде бір түрлі күйдің қылы шертілгенін байқайсыз. Алыста қалған естеліктер есіңізге түсуі де мүмкін. Не болмаса сол бір туындының ішінде жүргендей жүрегіңізде ерекше сезім пайда болады. Әр адамның өмірінде әйтеуір бір аяқталмаған ертегісі барына көзіңіз жете түседі. Автор не себептен әңгіменің атын бұлай қойды екен деген ойға батасыз. Шығарманы оқи отырып, бұл ертегі емес, шынайы өмірдің нақ өзі екеніне куә боласыз.

Сонау бала шағыңызға ойша барып келіңізші. Жассыз не жасамыс боларсыз, өміріңізде ертегідегідей ғажап оқиға болып көрді ме? Ол ертегі аяқталды ма, жоқ әлде мына әңгімедегідей аяқсыз қалды ма? Бұл сұраққа біраз тосылып тұрған боларсыз. Себебі кім-кімнің де әйтеуір бір ертегідегідей күйді бастан кешкені анық. Бірақ оны есінде сақтап қалатындар бар да, басынан кешкен сондай сезімдерге мән де бемейтіндер бар. Сезімталдық қасиеті біріншісіне тән. Яғни өмірінде орын алған әрбір сәтін есінде сақтайтындарға.

«Аяқталмаған ертегі» әңгімесінде автор бас кейіпкердің алғашқы махаббатына деген жүрегінің түбінде қалып қойған ыстық сезімі жайында баяндайды. Өмірде қосыла алмай, екеуі әлдеқашан екі жолмен кетсе де сонау бала күнгі сүйген қызын жасы қырыққа келгенше ұмыта алмаған кейіпкер. Өз алдына отау құрып, бала сүйгенмен алғашқы сезімін әлі де жүрегінің жүкпіріне жасырып қойған. Әйтпесе, сол қыз арадан қанша жыл өткеннен соң қоңырау шалғанда елең етпес еді ғой.

«...Сөйткенше болған жоқ:

– Алтынбекова Раушанмын ғой, – дедi оның өзi көмекке келiп. –

Ауылдағы ше... Ендi таныдың ба?

«А-а...». Танығаны сол, қолындағы трубка сусып түсiп кете жаздады. Апыр-ай, арғы жақтағы дауыс: «Әлеу, мен әлгi – портфелi жоқ әйел мiнiстiрмiн ғой!» десе бүйтiп таң қалмас едi. Ал мынау... Алтынбекова Раушан-н... Құдайым-ау, басқа басқа, Раушанның өзi телефон соғады деп кiм ойлаған?!».

– Иә, иә, – дей бердi ол сасқанынан басын қайта-қайта шұлғып. – Таныдым, ендi таныдым-м... Иә, қа-қалай? Қашан келдiң?

– Жаздан берi осындамын ғой!

– Ойпыр-ай, осы күнге шейiн неге хабарласпағансың?! Қыс түссiн деп жаттың ба?

– Кiм бiлед... сен бiздi ендi менсiнбейтiн шығарсың деп...

– Па, шiркiн!..».

Арадан жиырма үш жыл өткенде алғашқы махаббаты Сағыныққа қоңырау шалып тұр. Бас кейіпкер Сағындықтың ішкі сезімдерін автор оқырманға ақтарып тастайды. Иә, сізге де қаншама жылдан соң, қосылмай қалған, бірақ бір кезде серттескен адамыңыз қоңырау шалса қайтер едіңіз?.. Кейіпкердің сол кездегі жағдайына қарап, шынайы сезім қанша жыл өтсе де өшпейді екен ғой деп ойлайсыз. Жел үрлеген шоқ секілді кез келген сәтте тұтануы мүмкін.

Сағындық – бір ауылдан шыққан жалғыз ғылым кандидаты. Раушан оны жиырма үш жылдан кейін іздеп қоңырау шалады. Автор бұл әңгімеде алғашқы махаббатқа, жалпы шынайы сезімге деген адалдықты көрсеткісі келгендей. «Ол екеуі неге қосылмады?» деген сұрақ туындайды. Бір-біріне деген сезіміне не себептен адал бола алмады екен. Жалпы махаббат деген тек ертегіде ғана болады ма, әлде? Бұның да жауабын автор ашып береді. «Өмір – ертегі емес, ертегі – өмір емес» деп бастайды ол әңгімесін. Шынында да, өмірде болмайды деген болып, болады деген болмай қалады емес пе? Сол секілді олар да мәңгі бірге болуды қалап еді ғой...

«– Бұдан былай мәңгiлiкке бiрге болайықшы, – дедi ол үнсiз көнiп тұрған қызды құшағына қысып. Раушан оның құшағына тығыла түсiп ақырын ғана басын изедi. Әй, балалық-ай десеңшi!.. Мәңгiлiк өмiрдiң тұтқасы өз қолдарында тұрғандай соншалықты сенiмдi едi-ау сонда. Бәлкiм, сол Балалық деген аңқау ұғым Мәңгiлiк деген ұғымнан әлдеқайда биiк шығар? Кiм бiлсiн... Солай... Әйтпесе бұлар сол кезде өздерiне өздерi соншама сенiмдi болар ма едi...».

Бірақ бұл тек Сағындықтың ғана осы уақытқа дейін ұмыта алмаған ертегісі. Ол Раушан өзге үйдің шамын жаққаннан бастап жалғыздық деп аталатын өз жүрегіндегі түрмеге қамалған. Әйтпесе қасында жары, балалары бола тұра неліктен өзін жападан-жалғыз қалғандай күй кешеді. Автор жалғыздық деген ұғымды өмірдің таза заңдылықтарымен бейнелейді. Адам әуелден жалғыз деп жатамыз. Бірақ оны жалғыздыққа жегетін не нәрсе болуы мүмкін? Бұл сұрақтың да өз жауабы барға ұқсайды. Жалғыздықты адам қолдан жасап алатын көрінеді. Егер Раушан өз сезіміне күмәнмен қарамаса бәрі басқаша болар ма еді?..

«Әйелi әлдеқашан ұйықтап қалған, ал ол болса, ары дөңбекшiп, берi дөңбекшiп көз iлiндiре алмай жатыр. Миллионнан астам тұрғыны бар мына қалаға түн жамылып сау ете түсетiн ұйқы патшалығының сарбаздары бүгiн оны байқамай өте шыққан сияқты. Өйткенi әйел, бала-шағасын алып кеттi де, бұның өзiн жалғызсыратып жападан-жалғыз қалдырып кеттi...».

Жер бетіндегі барлық адам, тіпті жан-жануардың өзі жұбымен жаратылған. Бірақ жұбы бола тұра тек адам ғана өзін жалғыз сезінеді. Бәлкім, өз сүйгеніне қосыла алмауынан солай болар... Біз жай ғана ертегілер мен кітаптарда ғана болады деген махббат түсінігінің мәні тым тереңде жатқанын көреміз. Адам өз ойындағы адамға қосылмаса өмір бойы өзін жалғыз сезінетін сыңайлы. Қасында қанша адам жүрсе де бәрібір бір нәрсе жетіспейді. Арманына жетпеген мұңлықтың күйін кешетіндей. Сағындық та қанша жыл өткеніне қарамай, жүрегіндегі Раушанын ұмыта алмаған жан. Раушан оның көз алдында бұрынғы кейпінде қалып қойған. Уақыттың оған үкімі жүрмейтіндей көреді. Сондықтан онымен қайта бір кездесуге ынтыға түседі.

«Ол мынау өмiр-өзеннiң ағысы қатты тұсына тап болып, асау толқындармен алыса-алыса қалжырап, ескегiнен айрылып қалған қайықшыдай қауырт тiршiлiктiң ағынымен далбасалап ағып бара жатқан дәрменсiз жанның жүрегiнде махаббатқа да орын қалады-ау деп мүлде ойламаушы едi. Сөйтсе-е, мына жалғанда тiрi пенденiң көңiлiнен ешқашан өшпейтiн сиқырлы үмiт шамы секiлдi алғашқы нәзiк махаббат та ертегiдегi лағыл тас сияқты құдiреттi болады екен. Әйтпесе бұл түн жамылып, тәттi ұйқыдан безiп, әйел, бала-шағасынан бөлектенiп, бейуақта жападан жалғыз неге тұр?..».

Сағындық баяғы махаббатын ойлап қиял әлеміне кіріп кетеді. Оны басқа ешнәрсе қызықтыра алмайтындай. Жас балаша армандап, Раушанмен кездесудің сәтін күтеді. Тіпті жоспар құрып, оны кафеге шақырмақ болады. Сол үшін алдын ала дайындалып, ең жақсы киімдерін киіп шығады. Өзі қоңырау шалып, ауылдан қонақ боп келген үйінен алып кетуге бекініп, Раушанның келісімін алады.

«...Ол әлгi үш тал гүлдi қолына ұстап Раушанды ұзақ күттi. Әуелде бес-он минут күтуге ғана келiскен таксист уәделi уақыты бiткен соң тықыршып, қайта-қайта сигнал берiп асықтыра да, ақыры қолын бiр сiлтеп, орнынан ышқына қозғалып жүріп кеттi.

Ол мұнда келгелi берi дүкеннiң алдынан қаншама адамдар өттi. Бiрақ солардың iшiнен Раушанға ұқсайтын бiр де бiр әйелдi көре алмады. Алғашқыда әне келедi, мiне келедi деп алаңдап тұрғанда қайта-қайта сигнал берiп мазасын алған таксистке қатты ренжiп едi. Бiрте-бiрте өзi де күдерiн үзiп, күз бен қыстың аралығындағы мынау ызғарлы кешпен бiрге көңiлi суи бастады...».

Иә, Раушан неге келмеді екен деп ойларсыз. Соншама жыл күткен ғашығын Сағындық не себептен көре алмады екен? Баяғыда басқа ауылдың баласына жар болып, өзге үйдің түтінін тұтатқан қызды Сағындық қалайша кешіре алды? Немесе Раушан қай бетімен оған қоңырау шалды деп те ойлануыңыз мүмкін. Бәлкім, баяғыда аяқталмай қалған ертегісін қайтадан жалғастырғысы келген де шығар. Бірақ уақыт өз дегенін алады емес пе. Сағындық қаланың өміріне үйреніп, мансабын да жолға қойған адам. Ал Раушан болса олай емес.

«Мұнда Раушан одан бұрын келiп едi. Таксидiң қай тұстан тоқтағанын, оның iшiнен маңдайы жарқырап, аяғын баппен басып маңдайы кере қарыс жiгiт ағасы түскенiн, ине-жiптен жаңа шыққандай пиджагының бiр түймесiн ағытып, галстугын түзегенiн — бәрiн-бәрiн көрiп тұрды. Жүрегi лүпiлдеп, алдынан жүгiре шықпақ болып ұмсына бергенi сол едi, ол мұны көзiне де iлместен дүңгiршiктiң жанындағы гүл сатып отырған қыз-келiншектерге қарай бұрылды.

Тәңiрiм-ау, не үшiн?! Кiм үшiн?.. Ол кенет артқа қарай шегiншектеп, дүңгiршiктiң тасасына тығылды. Гүл сатушы қыздың: «Раушан гүл... Рахмет, ағай! Сүйiктi адамыңызға сыйлаңыз!» деген сөздерiн дәл жанында тұрып ап-анық естiдi. Содан соң ауыр тұрмыс пен қара жұмыс қажытып, торсиып iсiнiп кеткен қолдарын қайда сиғызарын бiлмей, онсыз да тырсылдап әрең сиып тұрған сұр плащының жеңiн тартқылай бердi. Ол берi қарай бұрылғанда тiптi сасып, қалың бөкебай орамалын көзiне түсiрiп, әлдекiмдi... әлдененi аза тұтқандай төмен қарап қыбыр етпей тұра қалды».

Ол кезінде «Сағындық жүдә момын ғой, өмiрге икемсiз...» деп ойлап, басқа біреуге тұрмысқа шығып еді. Бірақ өмірде бәрі басқаша болады екен. Шынында да, адам сезіміне күмән келтірсе өмір бойы өкініштің отымен күйіп өтетін секілді. Бәлкім, бірауық ертегілерге де сенуге болатын шығар. Әйтсе де, ««Өмір – ертегі емес, ертегі – өмір емес» екені де рас.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар