Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Өмірзақ Қожамұратов. Өлгендер қайтып келеді...

06.03.2020 5628

Өмірзақ Қожамұратов. Өлгендер қайтып келеді 12+

Өмірзақ Қожамұратов. Өлгендер қайтып келеді - adebiportal.kz

Көзі тірісінде бағы жанбаған, өмірден озған соң көзден де, көңілден де кеткен қазақтың дарынды ақындарының бірі Өмірзақ Қожамұратов Өзбекстан Республикасының Бұқар облысында дүниеге келген. «Өмірзақ Қожамұратов – қазақ поэзиясының асқарына Жұмекен Нәжімеденов, Жүсіп Қыдыров, Құдаш Мұқашев, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов сынды тарландармен қатар шыққан талантты ақындардың бірі. Кезінде әйгілі жыр алыптары Әбділдә Тәжібаев пен Әбу Сәрсенбаевтан бастап белгілі аға буын мен қатарлас қаламгерлер оның ғажайып ақын екендігін мойындап, байсалды көзқарастарын, жылы пікірлерін білдірген болатын. Алайда өзгелердей емес, Өмірзақтың өзінің де, өлеңінің де бағы ашылмай кетті...», – дейді ақынның жерлес інісі Қали Жолдасов.


Өмірзақтың шығармалары өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында аудандық, облыстық, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарық көре бастаған екен. «Жиделі Байсын», «Таңғы дауыс», «Ой кешу», «Күн астында – құдірет», «Сезім сәттері» сынды жыр жинақтары жарық көрген. Көзі тірісінде бірде-бір мерейтойын тойлауға мұршасы болмаған, тағдырлы да талантты ақынымыздың жырларын оқып, аруағы алдында тағзым етейік, ағайын!

Байбота Қошым-Ноғай

Суретте: Ақын Өмірзақ Қожамұратов

Ана тілім

Сенде менің бар қазынам, байлығым,
Сен боп туды жарық жұлдыз, Ай, Күнім.
Сен арқылы шалқып жатыр айдыным,
Сен тұрғанда серпем бұлтын қайғының.

Ана тілім! Айналайын, ардағым,
Сен арқылы қай қиырға бармадым?
Гүлстанда сайрап тұрған бұлбұлым,
Тас ғасырдан талмай жеткен тарланым.

Суретіңе ел сүйенген арусың,
Құдіретіңе ер сүйенген қарусың.
Қажетімнің барлығы бар бойыңда,
Дертім болса – бір ғана сен дәрусің.

Бұл фәниде мөлдір болса – мөлдірсің,
Ғашық жандар мен сияқты телмірсін.
Арман айым, айналайын, алдыңда
Өліммен тең – мүләйімсіп көлгірсу.

Сенсің менің ар-ожданым, намысым,
Өрт боп тиші арман үшін, ар үшін.
Шеше тілін білмей жүрген шерменде
Танымайтын әкесін, бір танысын.

Ана тілім! Сен барыңда гүлдеймін,
Жыр алауын шалқытамын, гүрлеймін.
Сен жоқ болсаң, жана-жана таусылып,
Жер ошақтан жел айдаған күлдеймін.

Жаса мәңгі, ана тілім, жан тілім,
Жаса мәңгі, дана тілім, жарқыным.
Көкірегімнен көтерейін Ар туын,
Мәңгілікке нұрландырсын жарқылың!

* * *

Биік деймін,
Биік менің не теңім?
Ұлы таудың жайласамшы етегін.
Шың-құздардың сымбатына бір қарап,
Ойда тұрып,
Шырқасам да жетеді үн.

Шыңырау деймін,
Шыңырауды мен не етемін?
Балбұлақтың маңы емес пе мекенім.
Маңдай терді тамшылатсам, тасты да
Бау-бақшаға айналдырып кетемін.

Сен жетім емессің

Күндерімнің кейі шат, кейі мұңды,
Өмір өзі үйретті кейінуді.
Махаббатсыз жандарда шапағат жоқ,
Мен олардан күтпеймін мейірімді.

Әкең сенің ешкімге табынбаған,
Шешең сенің ешкімге шағынбаған.
Жетімсіреп жүргенді жек көремін,
Қорламай жүр жастықты жалындаған.

Айтпа маған екінші жетіммін деп,
Айт одан да тартыспен жетілдім деп.
Әлі қанша бітпеген шайқасың бар,
Майданға шық! Бел буып, бекіндім деп.

Бір келген соң өмірге дұрыстап жүр,
Арың үшін отқа түс, ұрысқа кір!
Серуен құрып сенімен кетер едім,
Өлең буып, өн бойым құрыстап жүр.

Құдіреттей әр адам дара туған,
Өз кешің өз жолыңа қаратылған.
Болса да әкең саған жан бермейді,
О баста, шыбын бөлек жаратылған.

Ұлылық – кісілікте, даралықта,
Жетпейді әркім қолы даналыққа.
Нелер жоқ аспан, жердің арасында,
Ұшасың сен де осы екі аралықта.

Алдымызда жол жатыр

Алдымызда көк сүңгі шың... көл жатыр,
Тым биікте... тұңғиықта олжа тұр.
Күнде шығып жүрген белең жон жатыр,
Жон қойнында оқылмаған том жатыр.
Ойлан, құрбым, болғың келсе сапарлас,
Алдымызда біз өтпеген жол жатыр.

Алдымызда кең даланы қар тыстап,
Ақпан бізбен табан тіреп тартыспақ.
Сенім – серік, жеңем деген шарт ұстап,
Ауырды ойдан аударамыз тартыссақ.
Ойлан, құрбым, болғың келсе сапарлас,
Бу беліңді, жүрек сөзін мәрт ұстап!

Ұзақ жолда бірімізден кетер мін,
Қателеспей өз борышын өтер кім?!
Жолдасыма жаным пида етермін,
Бәрін жуып, қуанышты жетер күн!
Алдымызда біз өтпеген жол жатыр,
Не көрсек те нар тәуекел көтердім!

Қыс

Кәрі қыс шатақ екен тыңдамапты,
Күзді де қырдан әрі сырғанатты.
Орай сап төңіректің ақ қарымен,
Ол мені пәктігіне бір қаратты.

Ал аяз көрсетпек боп зәрлі күйін,
Ауылдың аралап жүр барлық үйін.
Шаңқобыз – селеу тартса зарлы күйін,
Қағып ап кетіп жатыр қарлы құйын.

Шулайды, ызыңдайды, шыңғырады,
Түнгі аяз темірді де сындырады.
Таң ғана әкелді бір тыныштықты,
Қызарып шықты қырдан Күн құлағы.

Жон жатты жалт-жұлт етіп, күміс қырлы,
Түнгі шу көрінбей бір тыныс құрлы.
Бұл дала жайып тастап ақ парағын,
Мен үшін жазбаған жыр, тың іс тұрды.

Жігіт – қыс, төбеге мұз-шылбыр сапты,
Осылай ойлаған ем бұл бір сәтті.
Қалыпты бұталар да ауыр тартып,
Қондырып аш денеге мұз бұршақты.

Сексеуіл

Таң емес топырағының кекселігі,
Кебірден қаулап өскен сепсе бүрі.
Қарсы алған борай соққан бұрқасынды,
Кел, кеңес, кексе құмның сексеуілі!

Өткен күн аз артпады аза-мұңды,
Білдің тек іштен тынып сазаруды.
...Кезінде көк аязды отқа көміп,
Қайратың қайнатты тас қазанымды!

Өр дауыл, көк нөсерде тұтап дарын,
Сермеген семсер етіп бұтақтарын.
Әр бұтаң көрінді ғой көзіме ыстық
Жалынмен жазған құмның кітаптарын!

Күз

Қиялымдағы меңді қыз,
Таңсәрімбісің,
Аңсарымбысың,
Зерлі күз?

Атылып шыққан арман жүз,
Қырларымбысың,
Қырманымбысың,
Маржан күз?

Көз тігіп көкке мен сенген,
Тауларымбысың,
Бауларымбысың
Теңселген?

Ақ маржан, алтын атырап,
Жан ырысымбысың,
Сағынышымбысың,
Сары адыр,
Сарғыш жапырақ?

Ауылым

Көшіріп құба жонның ала шаңын,
Әсемін жайған көктем алашаның.
Ып-ыстық, о, ауылым, бір өзіңнің
Қойныңа сыйған бәрі тамашаның.

Күн зырлап, ай жүгіріп, жылға аттаған,
Қалдырды балғын шақты бұлғақтаған.
Оқуға аттанғанда алғашқы күн
Түтінің тұрды қолын бұлғап маған.

Көк сағыммен жалғасқан адыр, аспан,
Шипагер – далам, дәрің – адыраспан.
Жанымды қуанышқа құндақтаған,
Туған ел, не бар сенен қадірі асқан!

Өлгендер қайтып келеді

Желбіреп жасыл желегі,
Балауса балдыр,
Балғын көк,
Өлгендер қайтып келеді
Орман боп,
Жасыл шалғын боп.

Қабылдап күннің ыстығын,
Өлгендер қайта жаңғырып,
Түсіне білсең құс тілін,
Айтады жырын мәңгілік.

Шіріген дене, дүние-ай,
Топырақ болып айтады ән.
Жәндік боп,
Шөп боп,
Әйтеуір,
Жаралуы рас қайтадан.

Адам ба, шөп пе, аңдар ма
Сапарын жолда тауысқан,
Көз тігіп келер таңдарға,
Басқа бір күйге ауысқан.

Тіршілік қаулап құлпырып,
Күн сөнбей ешкім өлмейді.
Жүрегім – бұлбұл
Бұлқынып,
Жыр етпей тыным көрмейді.

Жүрегім, миым, шынында,
Нұрына күннің байланып,
Көздердің қарашығында
Тұрады әлем айналып.

Мөлдір махаббат

Ойнақы қыз, ойлы қыз,
Жүрегiмдi ұшырдың.
Ойнақы қыз, ойлы қыз,
Айтпай-ақ қой... түсiндiм.

Жан сырымды өзiңе
Шертiп келе жатырмын.
Көзiм түссе көзiңе,
Менi мұңға батырдың.

Көлеңкеңдi өзгеден
Аяймын да қызғанам,
Ұқтыра алсам көзбенен
Жүрегiмдi сыздаған.

Артық көрем мен сенi,
Артық көрем бар қыздан.
Жайылмаған өркенi
Мен – Жердегi жалғыз дән.

Өзiң баққа шақырдың,
Менде қазiр жоқ тағат.
Ессiз келе жатырмын,
Айналайын, ақ тамақ.

Ұяламын көзiңнен,
Ұшқын шашып маздап тұр.
Қос балапан төсiңнен
Ұшып кете жаздап тұр.

Күмiс көмей бал төккен,
Болар сендей қай мүсiн.
Он төртiңде жарқ еткен
Өзгеше бiр Аймысың?

Сиқырмысың әлде сен,
Көздерiмдi жаулаған,
Көңiлiмдi аулаған,
Көк сағымнан аумаған?!

Бақытпысың баянсыз,
Сүрiндiрiп кететiн,
Жүрегiмдi аяусыз
Тiлiм-тiлiм ететiн?

Тұрмын ба әлде жынданып,
Тұрмын ба әлде түс көрiп?
Қол жаямын мұңданып,
Қонсаң Бақыт құс болып.

Балқып тұрған кезiмде
Таулар жанып, тас күйiп,
Дөңгеледi-ай көзiмде
Дүние – мына жас киiк.

Қызыл шоқтай ерiнiң
Тиген жерiн күйдiрiп,
Бар тамырды балқытып,
Бара жатыр идiрiп.

Онсыз да мен дiр еттiм,
Өртедi ғой өрт тiлiң.
Күй пернесiн жүректiң
Дәл өзiңдей шерттi кiм?

Құрық түскен құлындай
Дiр-дiр етiп тұрсың сен.
Құлақ кестi құлыңдай
Дiр-дiр етiп тұрмын мен.

Арманыңды Айға ұсын,
Өтейiн мен көтерiп.
Махаббаттың қайғысын
Менен де сен бетер ұқ.

* * *

Ботакөзiм жаудыраған,
Сен ғой менiң ардағым.
Жанарыңнан жауды маған
Ақ жаңбыр боп арманым.

Теңбiл аспан жұлдызына
Тең көрмеймiн жақұтты.
Теңгермеймiн Күн қызына
Таң сыйлаған бақытты.

Мұңаймашы мен тұрғанда,
Мен тұрғанда, шырайлым.
Көңiлiмнiң, сен тұрғанда,
Қыл қобызын бұраймын.

Көз жасыңнан мөлдiреген
Кетейiн бе бiр сүйiп?
Мендегi өмiр – мөлдiр өлең
Сол тамшыға тұр сыйып.

* * *

Айналып кеттiм сенiң әмiрiңнен,
Табынған ғұмыр бойы тәңiрiм ең.
Соғуын тоқтатса егер қайран жүрек,
Гүл болып қайта шығар қабiрiмнен.

Ол сенi келмесең де тiлдемейдi,
Келсең де.
Баяғыдай үндемейдi.
Күл, ойна – күндемейдi,
Басқа қыздың
Жолында қайта бiрақ гүлдемейдi.

* * *

Құмар көңiл жүрек сөзiн айта алмай,
Үмiт құсы шыр айналып әлi жүр.
Жұтар едiм... меселiмдi қайтармай,
Бал мен уды қосып берсең бәрi бiр.

Тұрайықшы құмар көзден жайды ұғып,
«Сүйемiн» деу қиын бiлем...
Ал бiрақ
Қасiретiме менен бетер қайғырып,
Қуанышыма тұрсаң-ау сен балбырап.

* * *

Шәрбатым, бақыттысың, бағыңдасың,
Түлеген балапан құс шағыңдасың.
Күнiге сенi ойласам жүз атылам,
Қай қырдың телегей жыр жағындасың?

Таулардың табан тимес ар жағы шың,
Теңiздiң тереңдегi маржанысың.
Өтермiн сенi аңсаумен жолаушылап,
Мәңгiлiк қара орманды қар жамылсын...

* * *

Бір жүректің жақұтысың
Армандаған әрдайым.
Бір жігіттің бақытысың
Жарқыратқан маңдайын...

Табиғаттың құдіреті ме,
Ақыл, көрік жарасқан.
Өзің түгіл сүгіретіңе
Көрген адам таласқан.

Тұрады ылғи дидарыңнан
Арайлы бір Ай күліп.
Көкірегіне күй дарыған
Қарайды ақын қайырылып.

Оятатын бал сезімді
Гүлге біткен нәзіктік.
Әзіліңді, әр сөзіңді
Жүрмін бойға азық қып.

Сенің аппақ жүрегіңде
Арман – аққу айтады ән.
Сендей сұлу бұл өмірде
Туар ма екен қайтадан?!

Сағыныш

Сен барда өртең едi ғой
Гүлдерi мына адырдың.
Гүлден де көркем едiң ғой,
Қайдасың бүгiн, қадiрлiм?

Сен барда таулар паң едi-ау,
Биiкке жүрдiк құмартып.
Дидарың атқан таң едi-ау,
Аяулым, сенен кiм артық?

Сен барда сырлы едi ғой,
Сыбдыры сыпсың құрақтың.
Сен барда нұрлы едi ғой
Ай жүзген бетi бұлақтың.

Жайдары, жарқын паң көрiк –
Бақыты ма едiң бұл үйдiң?!
Бейнеңдi жансыз әл көрiп,
Өзiмнен өзiм жымидым.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар