Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Оралхан Бөкей: Қайтейін? Қайсыбірін айтайын?

28.09.2018 7051

Оралхан Бөкей: Қайтейін? Қайсыбірін айтайын?

Менде нағыз дос жоқ, әріптестер мен достар, жолдастар ғана барын кейін білдім. Сол секілді менде ішек-қарны араласқан, жалғыздығым мен жанымды түсінетін туыс жоғын да кеш сездім. Менде өзімнен басқа ештеңе жоқ, тіпті творчествома да ешқашан қанағаттанған емеспін. Бұл – түңілу емес, өмірге, өзі өзіңе үңілу.

***

Менің ұлтым ылғи да алдамақ болып, өзі алданумен келеді. Сондықтан басынан сипасаң, басыбайлы құлың болуға бейіл... Аңқау да адал...

***

Теңіз шетінде қырдан домалап түскен нар тастар жатады. Теңіз толқыса су ішінде, қайтса құрлықта қалады. Ол тастың екі отаны бар, бірақ, екеуі де оны мойындамайды.

***

Календарьдың әр бетін жыртқан сайын тағы бір тамаша күнімді өз қолыммен жерлегендей саусақтарым дірілдеп кетеді.

***

Мектеп қабырғасында жүргенде армандаудың үлкен мәні барын өз басымнан кештім. Журналист болам дедім – болдым. Ал, кластасым Жеңіс ұшқыш болам деді – болды. Демек, қиялдаудан асқан арғымақ жоқ.

***

Аурудың жақсысы, адамның жаманы болмайды.

***

Қазіргі адамдардың бәрі асығыс. Бірақ қайда асығып бара жатқандарын өздері де білмейді. Білсе, асықпас еді ғой...

***

Көркем шығарма дегеніміз – өмір атты алып кітапты оқу арқылы жасалған конспекті ғана. Сондықтан да, біздер – жазушылар өмірдің мәңгілік студенттеріміз.

***

Рокуэлл Кенттің «Это я, Господи» автобиографиясын қарап шыққан соң, дәл осындай өмірбаяндық шығарма жазғым келді. Ал менің өмірім – өз замандастарымның ішіндегі ең қызықтысы.

***

Бүгін ежелгі жұрт – шығармашылық үйіне келдім. Баяғы базары тарқамас қызығы да, қызы да көп күндер адыра қалған. Жым-жырт тыныштық. Кәрібайды көрдім. Дулат пен Бексұлтан да осында деп естідім, әлі көргенім жоқ. Мен есік алдында айбын болып отыратын Ғабеңді сағындым. «Ассалаумағалейкум!» деп амандасатын ақсақал таба алмаудан өкінішті не бар екен! Мен соңғы төрт-бес жылда еш нәрсе жазғаным жоқ. Ақшадан қысылған соң «Қасірет» деген тарихи драма жазып едім, көңілім толмады. Тіпті қаламнан қол жазып, жатырқап қалғаным соншалық, зауқым соқпайды. Бәлкім, берерімді беріп алып, енді екі балам үшін өмір сүріп жүрген шығармын.

Түстен кейін себелеп жаңбыр жауып, тұман басты. Қызық, әтеш шақырып, қой маңырайды. Қозылаған болу керек. Қалада отырып, ауылды сағынғанда – мұндай тосын үн есту жаныңды жарылқайды екен.

1987, ІV-VІІІ

***

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде бір-ақ алып суреткер бар. Ол – Әуезов. Ол – теңіз болса, біз – көлшік. Ол – бәйтерек болса, біз – маңайындағы балапан. Асылында, жалғыз ащы шындықты мойындағанымыз абзал. Мұқаң бізсіз... бір өзі болса да жалғызсырамас еді.

***

Қазақ әдебиеті мен өнерінде дәл қазір ептеп тоқырау бар. Үрдіс өсетін күн жақын. Жақын болғанда 200 жылдан соң. Ол шақта біреу бар, біреу жоқ. Мен өзім... жоқ боламын-ау.

***

Неге екені белгісіз, көркем шығарма оқуға бала жастан бері зауқым жоқ. Әлемдегі мақтаулы әдебиеттің айдарынан жел ескен шоқ туындыларын жұтынып-ақ қолға аламын, амал қайсы, қызықтырмайды. Бәрі баяғыдан белгілі дүние сияқты, таңқалдырған емес. Содан соң өзінше ой айтқан тұстарын шолып, аттап-бұттап, парақтай бастаймын. Ал керісінше, танымдық әдебиеттер тартады.

Өзім де соларша жаза алатын сенім мен сезім неге басым екен менде?

***

Корней Чуковский: «Писатель в России должен жить долго». Ал қазақ жазушылары одан да көп жасауы керек.

***

Қызық, қалада миллиондаған халқы бар қалада тұрған кезіңде туған жерің, тіпті өз үйің – өлең төсегің, үйелменің, аты-жөн, ата тегің барын ұмытасың. Оны қойшы, аспанда ай мен күн барын сезбейсің.

***

Тағы бір қызығы, қала адамдары бір-бірімен тығыз тұрған сайын аралары суып, бөтенси бермек. Меніңше, бәрімізді «шаһар» деп аталар үлкен (алып) машина қорабына салып алып, қасапханаға (қараңғы көрге) әкетіп бара жатқандай қорқынышты.

***

Біз барлығымыз бірдей күлетін, бірдей сөйлейтін, бірдей ойлайтын, бір-біріміздің артықшылығымыз бен кемшілігімізді байқамайтын, мәңгіріп жүре берер «дел-сал» деп аталар дәрі ішіп алып, сенделіп жүрген секілдіміз.

***

Көктөбедегі телебағана қолында шамы бар Алматының күзетшісі секілді.

***

Мен кейде өзімді қос әйнектің екі арасында қалып қойған шыбындай бейшара да қауқарсыз сезінем. Кейде жағалауға жете алмай бұзылып, якорьге көгенделіп қалған Нұқ қайығындай жансыз да дәрменсіз сезінем. Ал кейде жел тиген өрттей лапылдай шарпып жанатыным, Алтайдың ақиығындай зеңгір аспанда қалықтап қайсар қылық көрсетерім бар. Қайғысы мен қуанышы жалғаса жарысқан тағдырыма ризамын да, тәуба, шүкір деймін. Бірақ... тым-тым құйрық-жалсыз қалдырған жоқпысың, Тәңірім?

***

Қаладағы қазақтар тамырынан жұлынып әкеліп отырғызған ағаш секілді, қанша мәпелеп суарғаныңмен өз топырағын аңсап, сарғая бермек. Немесе басқа ағаштың қалпына түсіп, өз болмысын, өз тегін жоғалтып алмақ.

***

Менің замандастарымның ішіндегі білімдарлығы жоғары, әдебиет ауылына Әуезовтік дайындықпен келген екі жігітті бөлекше атағым келеді. Олар – Әбіш (Кекілбаев) пен Мұхтар (Мағауин).

***

Бүкіл адамзат саған қарап тұрғандай, өз-өзіңді шексіз жауапкершілікте сезінгенде ғана ойлаған мақсатыңа жете аласың.

***

Мен әр шығармамды жазуға отырған сайын ең алғашқы әрі ең ақырғы шығармаға кіріскендей көңілім толқып жүрексінемін.

***

Бізде, әсіресе Қазақстанда иедология қызметкерлерінің көбі сауатсыз. Ал идеология дегеніміз – біздің қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан да, олар – біздің ақылшымыз, кеңесшіміз, әрі басшымыз. Егер олар сауатсыз болса, онда қоғам ғана жыламайды, жазықсыз жандар азап шегеді.

***

Табиғат та адам секілді. Өзін кім сүйсе, соған ғана ықыласы ауып, ырқына көнеді.

Тек өз елінің, өз жерінің ғана тағдырын ойлап, одан ары гүлдене беруін тілейтін патриотты – гуманистке жатқызуға болмайды.

***

Халықты қалқан тұтатындар бар; халыққа қалқан болатындар бар. Халықты қалқан тұтатындар әдетте «жасасын халық» деп ұранды салады да, өзі сол халықтың ығына тығыла қалады. Ал халыққа қалқан болатындар үнемі алда жүреді, еліне атылған оққа кеудесін төсейді. Халықты қалқан тұтатындар халықтың мойнына мініп алып, уралайды, биікте келеді. Ал халыққа қалқан болатындар халықтың аяғына үзеңгі болып ел-жұрттың еңсесін биіктеткісі келеді.

1987, ІV-VІІІ

***

Бүгін таңертең ертемен Семейге ұшуым керек еді. Бара алмадым. Қырықтың бесіне келгенде, Құдайдан жалбарынып жүріп, бір ұл (Айхан), бір қыз (Айжан) сұрап алдым. Маған деген тағдырдың талқысы көп еді... Енді, енді еңіреуден есімді жиып, шүкіршілік айта берген кезде, аузымнан түсіп қалған ботақаным Айжанымның бүйрегі жазылуы екіталай ауруы бар деген ауыр сөз естідім. Сең соққандай емес-ау, қалың сеңнің астында қалғандай халдемін. Көзімде жас... Көңілім үйдің пешіндей уілдейді... Құр сүлдерім... Не істеймін? Қайда барамын? Қарағым-ау, жүрегімді қақ айырып, қансыраттың-ау!

Қайтейін? Қайсыбірін айтайын? Өзімді алып, баламды қалдырсаңшы, Аллам!

10.ІІІ.93.

Оралхан Бөкейдің күнделігінен


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Оралхан, жазушы, шығарма, әдебиет, Бөкей
(1)

Пікірлер

Сәбит Бексейітов

08.06.2017 18:02
"Қазақ әдебиеті мен өнерінде дәл қазір ептеп тоқырау бар. Үрдіс өсетін күн жақын. Жақын болғанда 200 жылдан соң. Ол шақта біреу бар, біреу жоқ. Мен өзім... жоқ боламын-ау", - дейді Өр-ағам Оралхан Бөкеев. Неткен шыншылдық, неткен кішіпейілділік десеңші?! Толыспаған толстойлар мен шала шекспирлердің қатарына қосылатын менің бір түйсіксіз тұрғыластарым бар. Солардың ішінде шатты-бұтты шатпақ жазып "мен ұлы ақынмын!" дейтін шала сауатты, бейпіл ауыз, бейәдеп нәдүріс шайыр-сымақтардың бірін марқұм Әмірхан Балқыбек "дүрдараз" сөзіне ұқсас бір орыс сөзімен керемет сипаттады. Алла Тағала жалықпағандықтан "жазушы" болғаннан, ұялмағандықтан "ақын" болғаннан сақтасын!
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар