Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Оралхан Бөкей: «Мен Аймашты қимадым, қия алмадым.....

10.01.2020 7667

Оралхан Бөкей: «Мен Аймашты қимадым, қия алмадым...» 16+

Оралхан Бөкей: «Мен Аймашты қимадым, қия алмадым...» - adebiportal.kz

(Эссе)

АЙМАНҒА

Қайдасың сен? Қайда кеттің?

Келесің бе қайрылып?..

Қайран Айкем,

Қайран күлкім!

Қайран әнім!

Қайран жырым!..

Қалғаным-ай айрылып!

Қалғаным-ай кетіліп!

Қалғаным-ай сөгіліп!

Қалғаным-ай майрылып!..

Қайдасың сен?

Атамекен Алтайыңды

Іздеп әлде кеттің бе?

Асқар таудың бойына,

Қалың орман қойнына,

Кербез дала төсіне,

Айдын көлдің бетіне,

Ақ самал болып жеттің бе?..

Аппақ жаның – ақ нұрыңды

Алтайыңа апарып:

Ақ гүл етіп ектің бе,

Ақ жаңбыр етіп септің бе,

Ертісіңе толқын етіп төктің бе?..

Шың-құздағы қыранның,

Әсем тотықұстардың,

Ерке қарлығаштардың,

Тынымсыз шағалалардың,

Әулие аққулардың,

Көшпенді тырналардың,

Қоңырала қаздардың,

Үндеріне айналып әлде кеттің бе?..

Әлде туған топырағыңда:

Маңғаз балқарағай болып,

Сұлу маралқараған болып,

Сымбатты қайың болып,

Сындарлы терек болып,

Шашақты долана болып,

Желекті үйеңкі болып,

Үкілі мойыл болып,

Майысып көк тал болып,

Толықсып тобылғы болып,

Еңселі емен болып,

Шырайлы шырша болып,

«Кел, іздеп кел!

Танып ал!» – деп тұрсың ба?

Күндіз Күннің нұры,

Түнде Айдың нұры

Түсер жерде болсаң, іздеп барар едім!

Көзімді байлап қойса да,

Мен сені тауып алар едім!

Қайдасың сен? Қайдасың?

Егіздейін жұп жазбай,

Бір шаңырақ астында,

Екеу ғана болсақ та...

Бір дастарқан басында,

Дос-жолдастар қасында

Мәре-сәре жүрдік біз...

Әй, жалған-ай, жалған-ай!...

Ғұмырың қысқа боларын

Қашан ғана білдік біз?!.

Қайдасың сен?..

Қайдасың, Айкем?..

Күндер өтті...

Түндер өтті...

сазарып та безеріп.

Сені іздеген жүрегімнің –

Менің жетім жүрегімнің

Еріні қалды кезеріп...

Сені аңсаған көңілімнің –

Менің жетім көңілімнің

Көрер ме енді мұзы еріп!..

Сағындым сені...

Сағынып жүрмін...

Алғы күн мұрсат берсе егер,

Қалған жылдарым менің,

Сенсіз жылдарым менің

Сағынышпен өлшенер!..

Оралхан. 06. 06. 1988 ж.

Айман – Оралханның келіншегі. Қарапайым, кішіпейіл, ақжарқын жан еді. Екі үй көп жыл аралас-құралас болдық. Алматының Жамбыл көшесіндегі Жазушылар үйінде, бір подъезде, сегіз жыл көрші тұрдық. Жазмышқа не дауа, екеуі перзент сүйе алмады. Бірде Оралхан кешкісін маған келіп, екеуіміз менің кабинетімде әңгіме бастадық. Оралханның көңілі қалайда сынық болды. Ондайын көрмеген едім, себебін сұрамай, оны-мұны көңілді жәйттер айтып бақтым. Әдетінше бір езуін тартыңқырап, ақырын ғана мырс-мырыс етеді. Жарты сағат мөлшері уақыт өткенде орнынан баяу тұрып, кітап шкабыма қарап сәл бөгелді де:

- Жарайды, ағасы, уақытыңызға қиянат жасамайын, аяңдайын, - деп есікке беттеді. Соңынан ілесе жүріп:

- Ораш, уақыт жеткілікті ғой, отырсаң еді? Не бұйымтаймен келдің? -дедім. Ол кідіріп, маған бұрылып, бірақ көзіме қарамай:

- Ағасы, - деді, бәсең де бөтендеу үнмен, - бұдан бір апта бұрын қарындасыңыз екеуіміз ажырасуға келістік. Қарындасыңыз: «Мен Өскеменге немесе ауылға кетемін. Сен басқамен шаңырағыңды жаңарт, маған сенің ұрпақсыз өтпегенің керек, құдай енді сені бір перзентке зар ете көрмесінші! -деп... сөзді өзі бастады. Ұзақ сөйлестік. Мен... алғашқы кітабымның артық бір данасы бар еді, соған қоштасу қолтаңба жазып... ол түсте пойызға жалғыз шықпақшы болды... бірақ мен Аймашты қимадым, қия алмадым. «Маған сенен басқаның керегі жоқ, ешқайда кетпейсің, жібермеймін» деп, құшақтап отырып алдым... екеуіміз де жылап... қайтадан табыстық, ағасы! - деді де, тез бұрылып, шапшаң шығып кетті. Мен не естігенімді анық түйсіне алмай, дел-сал қала бердім. Оралхан, Ораш, көкірегін кернеген құйын сезімнен тезірек құтылуды маған сыр ашудан бастаған шығар.

Аймаш аса балажан еді. Сенбі-жексенбі күндері біздің төрт жастағы қызымыз Жанардың есік алдында ойнап жүргенін көре қалса жүгіріп шығып, көтеріп алып сүйіп, сөйлесіп мәз болатын. Балконда тұрсам, Аймашқа көрінгім келмей, бұға қалатынмын. Аймаш кейде Жанарды үйіне көтеріп алып кетіп, шашына бантик байлап, қолына не ойыншық, не кәмпит ұстатып, тіпті бір жолы әсем көйлек кигізіп алып келіп: «Жеңеше, біз келдік!» - деп еркелей аңқылдады. Келінін сіңлісіндей жақсы көретін жеңгесі Әсила ол шығып кеткен соң: «Құдай-ау, Орекең екеуіне бір шикіөкпені қимағаның ба?» - деп құмыға налитын. Мен Айманның ашылмаған гүлдей аналық сезім-мінезіне куә болған сайын: «Ей, тағдыр-ай!..» - деп күрсініп тынатынмын.

Оралхан бізден (Жазушылар одағында Әдеби қордың директоры болатынмын) Қырымға, санаторийге, жолдама алып кеткеннен он шақты күннен кейін Айман қазаға ұшырады. Жедел жеткен Ораш қатты күйзелді...

Кейінде әлдекім: «Оралхан шет елде жүріп, үйдегі Айманға: «Мен барғанша үйді босатып қой!» - деп телефон соғып, Айман сол қорлыққа шыдай алмай, қарсыда салынып жатқан биік үйдің тоғызыншы қабатынан қарғып кеткен», деп өсек тартатыпты. Иә, өсек, өтірік!

Айманның өзіне солайша қол жұмсағаны рас. Алайда екеуі «жылап қайта табысқаннан» кейін көп бұрынғы кездеріндегіше көңілді жүрді. Күнбе-күн не жұмысқа баруға шыққанымызда, не жұмыстан оралғанымызда жолығып, сәлемдесіп, сөйлесіп, сенбі күндері не біздің үйде, не оларда болып, әңгіме айта қымыз ішісіп жүрген апта-айларда екеуінің қабақтарында кірбің болмағанына куәмін. Ал Айманның көп құрметіне бөленген атақты қаламгер Оралханының ұрпақсыз өтуіне іштейгі қарсылығын ақырында жеңе алмады, анығында жеңгісі келмеді, яғни бала сүйюге тиіс адал жарының алдағы өмірінде әкелік сезімінің оянуын, сәулелі болуын тілеп, өзін саналы құрбандыққа шалды, деп білем.

Келін емес, бірге туысқан қарындасымдай болған Айман тағдыры маған да қатты батты. Дос-жолдастары көңілін аулап, жұбатып бақты. Мен де өзімше ағалық ақылымды айтып, сабырлы болуын қалап жүрдім. Айманның қырқы жақындаған тұста Оралханның атынан жазылған мына «Сағындым ғой!..» жоқтау өлеңімді екі рет өңдеп, мәшикеден өткізіп, бір данасын кешкісін Оралханды қымыз ішуге шақырып алып, шығарында төрт бүктеулі күйінде жанқалтасына салып: «Архивіңде жатсын», - дедім. Ораш үндемеді.

Одан кейінде бұл өлең жайында екеуіміз де жақ ашқан емеспіз.

Менің «Гүл аңсаған бір ғұмыр» хикаятымның бас кейіпкерлері ӨРТҰЛҒА мен Айкүміс пен Ораш – ОРАЛХАН мен АЙМАН!

Ғаббас Қабышұлы

08.01.2020 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар