Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Оралхан Бөкей шығармаларындағы жалғыздық концептіс...

05.09.2017 20438

Оралхан Бөкей шығармаларындағы жалғыздық концептісі

Оралхан Бөкей шығармаларындағы жалғыздық концептісі - adebiportal.kz

«Жалғыздық – Жаратушыға ғана тән». Әдетте біз осылай деп жатамыз. Өйткені, өмір заңдылығы сол, өмірге жалғыз болып келіп, көрге жалғыз кіреміз. Жалғыздың жалғанға жаратып жіберген жалғыздарымыз біз.

Ғажабы сол, психоанализ ғылымының негізін қалаған Зигмунд Фрейд жалғыздықтың адам денсаулығына теріс әсері бар екенін, біздің санамыздан тыс, бейсаналы түрде жүзеге асатын табиғи құбылыстарды дәлелдеп шықты. Бірақ, қарама-қайшылық сол, көптеген өнертанушылар, оның ішінде әдебиеттанушылар кез-келген шығарманың арқауы – жалғыздық болатынын да жиі айтып жүр.

«Танбаймын шәкіртімін Толстойдың», - деп жырлаған Шәкәрім Құдайбердиев өмірінің соңында елден жырақ кеткенді құп көреді. Бұл бір мысал ғана. Шығармашылықты төңіректеген барлық туынды иелері жалғыздықты әбден зерделеп, түсінгендер. Демек, туындыгердің айтпағын түсіну үшін де жалғыздықтың не екенін ұғу ләзім.

Өнермен, әдебиетпен, жалғы шығармашылықпен аса таласы жоқтар әдетте жалғыздықтан соншалықты қорқып, одан үрейленіп, тіпті қашқалақтап жатады. Бірақ парадокс сол, топтың, әсіресе тобырдың ортасында қалған шығармашыл жандар керісінше жалғыздықты аңсайды, іздейді, һәм сағынады.

Міне, осы бір тылсымға толы «жалғыздық» ұғымы Оралхан Бөкей шығармаларында анық көрінеді. Оның кейіпкерлері ортасын жатсынып тауға кетіп бара жатады. Немесе «елсіз жердегі жалғыз үй» түрінде көрініс табады. Әйгілі «Өлі жандары» арқылы пенделер қылығындағы сайтани әрекетті ашық әшкерелеген Гоголь секілді, жалғыздық та Жаратқанға теле салатын ұғым емес екенін Оралхан шығармаларынан айқын аңғаруға болады.

Стиль мен мінез туралы сөз сабақтағанда біз қаламгердің мінезі шығармадан көрініс беретінін, осылайша стиь қалыптасатынын айтып жатамыз.

«Оралхан Бөкеев сөздің магиясын тереңінен меңгерген жазушы. Сондықтан, оның шығармаларын оқыған адам соған ұқсап бірдеңе жазғысы келіп, арбалып отырады. Осының әсерінен Оралханға еліктеп жазған жастар да болды. Кейін әрине, бәрі еліктеу-солықтаудан шығып кетеді, Оралхан бола алмайды. Оралхан ешкімге ұқсамайтын феномен жазушы қалпында қалды», - дейді жазушы Жүсіпбек Қорғасбек.

Оралхан Бөкейдің барша оқырман мойындаған бірінші ерекшелігі шығармаларындағы асқақтық немесе романтикалық сарын. Екінші ерекшелігі, сөйте тұра шынайы өмірге етене жақындығында. Шындық кенеттен шырқырап шыққанда қоғамның есінен танып қала жаздайтыны бар ғой. Аяқ астынан кісәпірлігінен айрылып, жазушымен бірге солықтай жөнеледі.

Жазушы шығармашылығының кейінгі тұсы «қайта құру» деп аталған кезеңге тап келді. Сол кезде жұрттың бәрі шындықты айтамыз деп, «ана мұржаның түтіні қисық шығып жатыр», «мына ауылға жол салынбаған» деген сөздерді айта бастады. Шын мәнінде Оралхан Бөкеев оны көркем әдебиетте қайта құрусыз-ақ жазып кеткен еді. Бұл сөзімізге «Өрнек» ауылындағы жағдай кеңінен суреттелген «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесі дәлел бола алады.

«...Қыстың ұзаақ кеші...» деп басталатын әңгімеде «...Міне, осындай бір қыстың ұзаақ кешінде мен жолға шығатын болдым. Алғашында барғым келмеген. Редактор қолқалап болмаған соң, еріксіз көндім. Біздің бастық негізінде қорқытып, үркітіп жұмсамайтын жайдары, ақылды жігіт. Жас та болса атқа ерте мінген, ерте өскен әлі де біраз жерге барарына сенгендейсің. Бұйрықты қолыма алып, аттанатын болған соң, жол қамына кірістім. Бірақ, барар жер алыс. Қазақстанның шығысы. Алматыда он градус ыстық болғанда, онда қырыққа жетіп, ел мен жердің мазасын алып тұрған шығар...» Осылайша ішкі арпалыспен жолға шығатын журналист ауылы шалғайда жатқан қыз баланың тағдырын суреттейді, онысын екеудің арасындағы диалогпен жалғастырады.

«...Білесіз бе, аға, біздің «Өркен» ауылында әлі электр жарығы орнаған жоқ. Бұқтырма ГЭС-ін «Новостройка» жаққа тура тартқан. «Жиырма шақты үйі бар ауылға әуреленіп, бұрып жүрмейміз, кейін асықпай тартамыз деседі. Білесіз бе, аға, біздің ауылда клуб та, киноқондырғы мен кітапхана да жоқ. Бар болғаны: ыдыс-аяқ, мата, қант-кәмпиті араласқан жалғыз дүкен, ол да сатушының екі үйінің бірінде үйіріліп жатыр. Қызығы, «Өркен» бригадасы совхоз бойынша жоспарды үнемі артығымен орындайды, ал мәдени-тұрмыстық ахуалымыз осындай... Бірақ, сіздер мұндай жетім ауылды менсінбей, тура түзу де, жайлы тас жолмен үлгілі селоға тартасыздар, тек сондай тамашаны көріп, жазасыздар?»

Расымен де, журналистің жоспарындағы нысан – жаңадан салынып жатқан ауыл еді. Өркендеп жатқан, жетіліп жатқан елдімекен. Ол кезде қала мен ауылдың арасын жақындату туралы ұрандар айтылатын, соны көрсету үшін журналисті редактор іс сапарға жіберетін. Жолда кетіп бара жатқанда танысқан әлгі қыз сол жаңа салынып жатқан ауылға қызғанышпен қарайтын, соның жанындағы ескі ауылдан болып шығады.

Жолы жоқ, көлік те қатынамайды. Ауыз су да жоқ. Автобустан жолда түсіп қалып, қыстың қақаған суығында ауылына жаяу-жалпы кетіп бара жатқан кезде, қасқыр жеп кетеді. Журналист қайыра іздеп келген кезде қасқыр жеп кеткенін естиді. Қазаның үстінен түседі.

«...Қыстаққа жақындағанымда, сыңсып жылаған дауыс естідім. Батылым бармаса да, тәуекел деп кіріп келгенімде, басына қара жамылып, ағыл-тегіл жылап отырған әйелді, оны қоғамдай қоршаған шиеттей –шиеттей балаларды көрдім. Шешесіне қосылып, пырсылдап жылайды. Жүрегім тас төбеме шықты. Басын көтеріп, жасты жанарымен қараған қайғылы әйелден сасқалақтап:

– Арай қайда? – деп сұрадым. Үнім шаңқ етіп жаман шықты.

– Айрылдым ғой, Арайымнан... – аңыраған жоқтау онсызда бор бор боп езіле бастаған жүрегімді шабақтап–шабақтап тілгіледі-ай... Сай сүйегім сырқырап, тізерлей жығылып, қыздың анасын бас салдым. Бұл менің алғашқы, әрі ақырғы құлауым шығар.

Арайды сол боранды түнде қасқыр қамап, ауыл мен күре жолдың екі ортасында ... жеп кеткен екен... Қыстақтың қыр жағында жерленген Арайдың моласына бардым. Аппақ, күмістей жылтыраған ақша қардың үстінде қап-қара төмпешікке айналып, мәңгілік сапарға, қайтпайтын сапарға аттанған Арайдың бейкүнә балапан рухы жатты...»

Міне, өмірдің нақ өзінен алып жазылған шындық. Кейіннен «қайта құрудың» кезінде айтылып жүрген шындықтарды батыл түрде, көркем әңгімеде осылай түсірді қағазға. Жоғарыда айтылған екінші ерекшелік осы.

Оралхан Бөкейдің стиль ерекшелігі туралы көп нәрсе айтуға болады. Себебі, ол жазып отырған дүниесін қалыптан бөлек алып кетеді, қалыпқа сыйдырмайды. Басқаша жол тауып жазады. Мысалы, осы «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесін алып қарайық. Бұл өзі хикаятқа бергісіз әңгіме. Шымыр, ширақ жазылған шығармада кейіпкер де, оқырман да оқиғаға бірден кіріп кетпейді. Жазушы бір жарым беттей көлемде оқырманын алдағы уақытта болатын оқиғаға дайындап алады. Қыстың келгені, Алматыдағы суық пен Алтайдағы суықты салыстыруы, сонан соң жолдағы жағдайлар, суықта адамдардың бүрсеңдеп, ауылдың ерте жатып қалатыны, қалалық жерде де аса көп қызықтың бола қоймайтындығы, біртоға, сұрықсыздау өмірді айта келіп, адамды алдағы болар оқиғаға дайындайды. Содан кейін өзінің көңілсіздеу, мұңдылау басталған әңгімесін қызбен әңгіменің арасында жеңілдетеді. Әзіл-қалжыңмен қағысады. Тіл табысады. Осы жерде жазушының шеберлігі көрінеді. Сюжетті ширықтырып әкетеді, адамды жалықтырмайды. Оқырманды шығарманың ауанында ұстап отырады.

Кейбір шығармаларына байланысты сыншылардың айтқан түрлі пікірлері бар. «Оралханның шығармалары түсініксіз», «Оралханның шығармалары күрделі» дегендер табылды. «Алыстан орағытып келіп айтады» деп те сынады. Сайып келгенде, мұның барлығы жазушының кең тынысты екендігін көрсетеді.

Серікқали Хасан жазушы шығармашылығына байланысты берген бір сұхбатында «...Оралханның шығармаларын оқып отырсаңыз, мұнда шығыстық психология бар. «Тортай мінген ақ боз ат» атты әңгімесі бар. Бар-жоғы екі-үш ақ бет. Тортай жетім бала. Бірақ, өзі білімге құштар болады. Ертеден кешке дейін кітап оқиды, үлкен адам болғысы келеді. Қоғамға бірдеңе айтқысы келеді. Бірақ, күндердің күнінде Тортай бүкіл кітабын Оралханға береді. «Ораш, осы кітаптарды сен оқышы, үлкен адам болшы, жазушы болшы» деген тілегін білдіреді. «Мен ауылдың қойын бақсам да күнімді көремін ғой. Саған үлкен үміт артамын», - дейді. Осы жерде Тортайдың бала кезден өмір философиясын түсініп отырғаны көрінеді.

Арада бірнеше жыл өтеді. Оралхан Бөкеев үлкен жазушы болады. Еліне келіп отыр. Сөйтсе «Ораш келді» деп, қырда мал бағатын досы іздеп келіп отыр екен. «Ораш, ұйықтап жатыр, оятайын» деген анасына «Оятпай ақ қойыңыз, мен осыған да ризамын» деп әңгімелесіп отыра береді. Күбірлеген дауыстан Оралхан оянып кетеді. «Баяғыда кітаптарын маған беріп еді. Мен сол кітаптан бас алмай, осындай дәрежеге жеттім. Бұның бала кезіндегі арманы ақ боз ат міну еді ғой. Бұл мінбеген ақ боз атқа мен мініп жүрмін. Кезінде «мінесің» деп айтып едім. Енді мен мініп жүрген сияқтымын. Тортайдың бетін қалай көремін» деп ұялады. Сонымен әңгіме бітеді. Өмір құбылысының осы шағын сипаты адамға ой салып тұр» деп келтіреді.

Расымен де, бұл Оралхан Бөкеевтің зерттелмеген қыры. Жиырмасыншы ғасырда әлем әдебиеті притча, тәмсілге қайта оралды. Оралхан Бөкеев ондай мысалдарды өмірден алды. Мысалы, «Көк тайынша» деген шағын ғана әңгімесі бар. Шығармада кішкентай ғана ситуацияны бірнеше қайырып береді. Жаратылысы бөлектеу, сүйкімді көк тайыншаны біреулер ұрлап әкетеді. Оның кім екенін ешкім білмейді, милиция шақыртылады. Ол келеді де, сорпа, суын ішеді де, бір-екі сөзді жазып алып кетеді. Арада жаз өтіп, күз келеді. Сол кезде милиция қайта келеді. Тағы да сол сұрағын қайталайды да, тағы да сорпа-суын ішіп алып, кетіп қалады. Содан соң күз өтіп, қыс келеді. Жаңағы милиция бұған дейінгі тірлігін қайталап, түк бітірместен кетіп қалады. Сол кезде мұғалім оқушыларды аралап жүріп: «Мына қамшыны кім таниды? Көк тайыншаны сойып алып кеткен жерде қалып қойыпты», - деп сұраған кезде, бір бала: «Бұл менің әкемнің қамшысы» деп айтып қояды. Ұры алыстан келмепті, өзінің құдасы болып шығады. Жоғалған көк тайыншаның иесі үндемей қояды да, аяғында құдасы кешірім сұрап келеді. Сондағы адамшылық қатынас әрі уытты, әрі ойнақы астармен жазылған. Бұл шағын әңгімелеріне, «Ауыл хикаяларына», ондағы өмір өрнектеріне қатысты келтіріп отырған мысалымыз. Сол шағын әңгімелері оқылымдылығы жөнінен басқа шығармаларынан кем емес.

Ол шын мәнінде новеллист. Көркем шығармаға көркем очерктен келген адам өмірдің шындығынан еш ажырамайды. Қайта бірін-бірі толықтырып отырады. Оралхан Бөкеевтің кең танылған шығармалары – «Қайдасың, қасқа құлынымнан» бастап, «Сайтан көпір», «Қар қызы» секілді хикаяттары көп қатпарлы күрделі шығармалары саналады. Жазушы қырының үшінші ерекшелігі осы шығармаларынан көрінеді. Жазушы «Ауыл хикаяларында» болмаса, шығармаларына бейтарап, жайбарақат оқиғаларды өзек етпейді. Ширыққан, шиыршық атқан сюжеттерді алады. Кейіпкерлерді де от пен суға салып алады. «Кербұғыда» жалғыз қалып, зарыққан үні бүкіл тауды тебіренткен үйірбасыны, «Қар қызында» айдалада, аппақ дүние арасында адасқан тракторшыларды, «Сайтан көпірде» аспан мен жердің арасын қатер кернеген кеңістіктегі адамды елден ерек, оқшау да айрықша сынаққа салады. Сосын кейіпкерлерінің барлығы да дүниеге бейтарап қарамайтын адамдар. Сірә, жазушының да көзқарасы кейіпкерлеріне берілген болуы керек. Оралхан Бөкеевті әдебиет әлеміне әдеппен танытқан «Кербұғы» болды десек қателеспейміз.

Оқырманның көкейінде бір сұрақ қалып қояды. Шығарма жұмбақтау аяқталады. «Кербұғының маңдайына, екі мүйізінің ортасына екі оқ келіп қадалды» дейді. «Атқан аңшы да көрінбейді, тарс еткен мылтықтың дауысы да естілмейді» дейді. Нақтылай түссек, былай жазады. «... Жаңадан ғана жетіліп, үлпілдеп тұрған қос мүйіздің түбінен қос оқ сақ етіп тиді де, Кербұғы омақаса құлады. Қайтып тұяқ серпкен жоқ. Адал да арам өлімге бойұсынып, бостандықты енді ғана сезінген қайран дене суыды, мәңгіге суынды да, шын еркіндікке сапар шекті. Оқ екі жақтан келді. Бірақ, екі жақтан да ешкім жоламаған. Оқ иелерінің кімдер екені де белгісіз. Кербұғы сол көк ала діңгектің түбінде, дүбара алаңда қалды...».

Бұл нені меңзеп отыр? Неліктен бұлай аяқталып отыр? Шығарманы оқып отырған адам: «Кербұғы барады да, жартастан секіріп кетеді», - деп ойлайды. Өйткені, сюжеттің желісі соған жетелейді. Болмаса қамап ұстаған кезде, қоршаудан секіріп барып, содан мерт болар ма екен дейді. Жоқ, оқ ғайыптан келді де, алды да кетті. Кербұғыға сондай жұмбақ та, тылсым, һәм биік өлім лайық. «Атқан аңшы да көрінбейді, тарс еткен мылтықтың дауысы да естілмейді»...

«Жазушының «Өз отыңды өшірме», «Атау кере» атты екі романы бар. Асқар Алтай соңғы жазылған романы туралы «Мен «Жұлдыз» журналында істеп жүргенде 1989 жылы, Мұхтар Мағауиннің алдында отырған кезімде, Мұхаң мұртын бір шиырып қойып, «Оралхан біздің классик жазушымыз ғой, прозаны осылай жазу керек» деген болатын. Сол айтып отырғаны «Атау кере» екен», - дейді жазушы Жүсіпбек Қорғасбек.

Үлкен классик жазушыларда шығарма атауының өзінде үлкен астар болатыны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде «Атау кере» ашпайды деп ойлаған болуы керек, сондықтан «Қауіпті будан» деп қояды. «Қауіпті будан» дейтін себебі, адам өмірін аралармен салыстырады. Өйткені, адамдардың қауіпті будандасуынан қауіпті аралар туады екен. Еріктің қатыгездігі, жылпостығы бар. Оның қасына сыныптасы Тағанды қояды. Былай қарағанда, Ерік әйелін де жақсы көреді, өмірге де бейім, іскер азамат. Бірақ, әйелі кетіп қалады. Тағанның адамгершілігі әлдеқайда жоғарылау еді. Мұнда адамгершілік, мораль деген дүниелер бірінші орынға қойылады. Батыс әдебиетін Оралхан жақсы оқыған. Әсіресе, Кафканы, Камюді, Сартрды оқыған. Оқиғаны астарлап беру туралы мәселені жақсы меңгерген. «Атаукеренің» өзінде соңында Ерікті аралар шағып алады да, араға айналып кетті дегенге келтіреді. Ал, Франц Кафкада осындай сюжеттік желілер бар. Бастысы, «Атаукере» сәтті жазылған шығарма.

Байқап отырсақ, жазушының мәңгілік әлеміндегі жалғыздық образы оның әр шығармасынан көрінеді. Жазушы кейіпкерлері шетінен сыршыл, мұңшылдау, нәзік жүрек иелері. Олар әлденеге алаңдаулы, шерлі. Неге? Сөйтсек, мұның барлығы жазушының өз мұңы, өз сыры, халық трагедиясы екен ғой...

Адам жанын жалаңаштап көрсетудің шебері Достоевский мен мөлдіретіп берудің, тәп тәтті әсерді тізбектеудің майталманы Мопассанның жазудағы мәдениетінің жарқыншағы Оралхан Бөкеевте жоқ дегенді ешкім айта алмайды. Адам бойына эстетикалық катарсис сезімін дарытатын оның шығармалары ойлануды қажет ететін, басқа бір өмірге жетелейтін жалқы дүниелер екендігінде дау жоқ.

Уақыттың өзі айналып, құс жолымен көкке шаншылып, жерден жай таба алмай кеткен оның жаны ендігі өз мекенін тапқандығы шүбәсіз. Өйткені, ол көзінің тірісінде ақ нирвандық қабатта өмір сүрді.

Оралхан Бөкей психологиялық қатпарларды ашып көрсетудің шебері. Кейде оның аппақ, адал, аңқау кейіпкерлеріне жаның ашиды. Сыбағасынан айрылып, сергелдеңде жүргендері. Бәрінің басында бір жалғыздық. Жолдас жетеді, дос көп деп неше жерден өзін алдарқатса да, жалғыздықтан жарылып кете жаздап жүрген адамдар нағыз досын жазушының шағын әңгімесінен де кездестіре кетеді.

Жалғыздық – өз-өзіңмен жеке қалу, болмаса қасыңда қарайған жанның жоқтығы ма екен. Сенетін жан жоқ, түсінетін пенде жоқ, ой қиялыңмен жаның арпалысқа түсіп, бос ваккумда күй кешу. Адам, оның жанының күрделілігі, жазғыздығы – Оралхан шығармаларының түп қазығы.

Адамның жанын мұң тазартады. Мұның аяғы – даналық. Ойланған адам дертсіз болмайды. Айналып келгенде, «бірі кем дүние». Бір қарасаң, адам өмірге жоқ іздеу үшін келетін сияқты. Бірақ, соны таптым деген тірі жанды тауып көр. Табылса, өмірде не құн қалады? Алайда, жазушы онсыз да қиын өмірді адамдардың бір-біріне ауыртпалық жамап, қиындық тудырып, жанын сыздата түсетініне, одан сайын салмақ арта беретініне қиналып өткен тәрізді.

Стендаль «стиль деген – адам» деген екен. Жазушының сөз қолданысы, оқиға өрбітуіне қарап-ақ, қандай адам екенін бағамдауға болады. Таңғажайып кейіпкерлері бар нәзік жанды сырлы суреткердің өз аудиториясы бар. Оралхан Бөкей шығармаларынан дархандықтың иісі аңқиды. Кез келген әңгімесінде арамдықтан ада, ақкөңіл, адам адам ақтарыла жөнеледі. Жазушының не айтқысы келгенін әріп тізілген жолдан емес, екі жолдың арасынан іздеу керек. Оралхан сонда ғана оқылады.

«Әйтеуір не жазсам да өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын» деп жазушының өзі айтқанындай, оның кейіпкерлері – «Қайдасың, қасқа құлынымдағы» Орал, «Өліарадағы» Қойшы, «Елең-алаңдағы» Зарлық, «Құм мінезіндегі» Бархан, «Мұзтаудағы» Ақтан, «Өз отыңды өшірме» романындағы Дархан, «Сайтан көпірдегі» Асан – бәрі-бәрі өзі күнде көріп араласқан қарапайым замандастарындай.

Заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов аналар циклынан шығармалар бере отырып, аналар галереясын жасаса, Оралхан Бөкеев әдебиетімізде алпысыншы-тоқсаныншы жылдардағы замандастар бейнесінің галереясын сомдады. Ал, әдебиеттегі замандас бейнесі тарихи, эстетикалық категория. Сондықтан, да замандас мәселесін сөз ету дегеніміз, қазіргі дәуір бейнесімен біте қайнасқан тарихи деректі адамды, яғни ғылыми, техникалық қарыштау кезеңін бастан кешіріп отырған адамды зерттеу деген сөз.

Адамның жеке басында жүріп жататын мінездік өзгешеліктерді, ішкі қайшылықтарды бейнелей отырып, оған қоғамдағы моральдық қатынастардың жиынтық бейнесін дарыту, сөйтіп барлық ортақ әлеуметтік шындықтардың бетін ашуға талпыныс та байқалмай қалмайды.

Адам – қоғамдық та, рухани да құбылыс, қоғамның дамуындағы өзгерістер адам санасына ықпал етпей қалмайды. Мұны жазушының образ сомдаудағы өзіндік толғам, ізденісі деуге болады. Өйткені, Оралхан Бөкеев өз кейіпкерлерінің іс әрекетінен гөрі, олардың ішкі меніне, жан дүниесіне көбірек үңіледі.

Жоғарыда аталған замандастар характерлеріндегі ортақ сипат сол – олардың жан тазалығы, сезімтал сергектігі, жақсылыққа жаны құштар екендігі.

Олар шетінен асқақ арманға құлаш ұрған арманшыл, қиялшыл жандар. Мұның себебі автор шығармаларындағы кейіпкер ой толғаныстарының көбіне табиғат суретімен астарласып, астасып жататындығынан ба екен деген пікір. Өйткені, табиғаттың төл перзенті адам сол табиғаттың иесін сезініп, түйсінген кезде оның арманшыл, қиялшыл болмауы мүмкін емес қой. Кейіпкер болмысын табиғатпен байланыстыра суреттеу арқылы таныту Оралхан Бөкееев шығармашылығының өзіндік бір қыры десек те болады.

Ол өзінің бүкіл шығармаларында өзі туып-өскен Өр Алтайды, Асқар Алтайды жырлап кетті, яғни оның шығармаларындағы көрікті де, қатал, сұлу да сырбаз Алтай да образдық дәрежеге көтерілді.

Өйткені, жазушының көркем шығармаларындағы адамның Алтаймен қарым-қатынасқа түспей ашылуы қиын. «Қамшыгер», «Мезгіл әуендері», «Табиғат – Өмір – Адам» әңгіме, новеллалары мен «Мұзтау», «Елең-алаң», «Сайтан көпір», «Жетім бота», «Қар қызы», «Өліара», «Құм мінезі», «Атау кере» повестеріндегі қаһармандар мен табиғат арасындағы жанды байланысқа көзіміз жетіп отырады. Мынау өмірдегі Жақсылық пен Жамандықтың төрешісі, қатал сыншысы да осы Алтай. Аспан шал мен оның баласы Аман да, үш тағдырдың, үш мінездің иесі Нұржан, Аманжан, Бақытжан да адал, арлы азамат Барханның да рухы сыналатын кеңістік – табиғат. Олардың өміріндегі шешуші қадам осы табиғатпен жеке дара, бетпе бет келген тұста жасалады. Алтай табиғатының өзі бір кейіпкердің рөлін атқаратыны да осыдан.

Ал, табиғаттың адам өмірінде атқаратын ролі қандай болса, көркем шығармада да пейзаждың кейіпкер психологиясын бейнелеу үшін аса қажетті көркемдік тәсіл, компонент қызмет атқаратыны белгілі. Оралхан Бөкеев шығармаларында да табиғат суреттері характерді таныту, даралау үшін айрықша қажетті фон етіп алынған. Ондағы кейіпкер ой толғаныстары көбіне табиғат суретімен астарласып, астасып жатады.

Оралхан Бөкейдің кейіпкерлері көбінесе жұмбақ жанды, байсалды, байыпты, сондай ақ, алған бетінен қайтпайтын, қандай қысталаң халде де елдің рухын сақтап қалатын ерлердің бейнесі. Егер шындығын айтсақ, қазақ әдебиетінде қой баққан шопан бейнесін дәл Оралхандай шынайы бейнелеген шығармалар некен-саяқ. Оның «Елең-алаң», «Өліара», «Құм мінезі» повестеріндегі негізгі кейіпкерлері қой соңында жүрген қойшылар болғанымен, қаражаяу адамдар емес.

Бұл жөнінде қаламгердің өзі былай дейді: «пенденің не ойлап тұрғанын, жан сарайында ненің жанып жатқанын күні бұрын білер амал-айла, құрал-сайман ойлап табылған жоқ. Сол секілді, табиғат иеміздің де, толайым құпия сырларын толық аша алдық па? Міне, мен жазған дүниелердің тылсымдығы, әрі кейіпкерлерімнің қиялшыл да, арманшыл болып келері сондықтан. Бәлкім, бұл өмірде болған емес, бірақ болуы мүмкін оқиғалардың, әсіресе ынтықтырарынан шығар ау. Өз замандастарымның толыққанды бейнесін өзімді қойып, мұқым қазақ әдебиеті жасап біткен жоқ, ұмтылыстар мен ізденістердің соңында жүр».

Назира Әшім

Атырау қаласы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар