Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Оразхан Ахмет: Құнанбай – мың Абайдың әкесі болса ...

04.11.2016 6591

Оразхан Ахмет: Құнанбай – мың Абайдың әкесі болса да, қылмыскер.

Оразхан Ахмет: Құнанбай – мың Абайдың әкесі болса да, қылмыскер. - adebiportal.kz


mmexport1476938717373-1.jpg


Қытайда тұратын қазақ жазушысы, арғы беттегі ағайындар аңызға айналдырған классик, Қытай мемлекеттік «Тұлпар» сыйлығын үш рет иеленген Оразхан Ахмет мырзаны сол тараптағы қазақ оқырмандары ғана емес, күллі Қытай жазушылары жете таниды. Қытайдағы қазақ әдебиетінің кемелденуіне өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің барлық шығармалары дерліктей қытай тіліне аударылған. Романдары мен повестеріндегі шұрайлы тіл, тұщымды ой, көркем образ қытай сыншыларының жоғары бағасына ие болумен қатар, оқиға өрбітудегі шынайылығы мен кейіпкер образын жасаудағы өзіндік мәнері әдебиет сүйер қауымды тәнті етіп келеді. Жазушының шығармашылығы жөнінде қазақ сыншыларынан сырт, Қытай әдебиеттанушылары жан-жақтылы пікір білдіріп жатады. Әуезовтің эпикалық кеңқұлаштығын өз стильінде түлете отырып, өзіне ғана тән соны сорап қалыптастырған, әр туындысында қазақ болмысын мейлінше астарлы образдармен, тосын да күрделі оқиғалармен көмкеріп, тамыры тереңге тартқан тарихи сананы ұлттық ділдегі шайқалмас бүтіндік арқылы айшықтап, заманауи өзгерістер әкелген мінездегі бөгделіктің залалы мен зардабын да ашалап көрсете білетін қаламгерді біз қаншалықты танимыз? Біздегі әдеби ортаның үнсіздігіне, шетелдегі беделді жазушымыз туралы әлі де толық білмейтінімізге, тіпті кейде білгіміз де келмейтін немқұрайлығымызға таңырқамай тұра алмайсыз.


Қытайдың беделді әдеби журналдарының бірінің тілшісі жазушыдан сұхбат ала отырып: «Сіздің шығармаларыңызда қарапайым, кішкентай адамдар туралы ой толғататыныңызды білеміз. Пафос пен айғай-аттан аз. Бірақ мені бір таңғалдырған дүние бар. Сіздің шығармаларыңызда ханзу (қытай) кейіпкерлер жоқтың қасы екен. Мұның себебі не?» деп сұрағанда, қаламгер: «Біздің мекенге бұрынырақта ханзу ұлтының көбі бізді басқаруға, еркін жүрген халықты ноқталауға барды. Олардың менің халқыма жасаған жақсылығынан гөрі қиянаты көбірек болды. Оларды шығармаларыма кейіпкер етіп, тек жақсы мінездерін жазар болсам – халқымнан ұят, ал жаман қылықтарын тізбелеп, оны жеріне жеткізе түйіндер болсам – жұртшылық мұнымды да құп көрмеуі мүмкін…» деп жауап беріпті дегенді естіген едік. Жазушының бұл ашық пікірін сол журнал өзгертусіз басыпты…


Оразхан Ахметтің соңғы жылдары жазған «Тұлпардың соңғы тұяғы» атты көлемді шығармасы Қытай оқырмандары мен сыншыларының арасында айрықша аңыс қозғаған. Енесі өліп, жетім қалған құлынды есекке емізіп өсірген ауыл адамының тірлігін жұртшылық қабыл көрмейді. Жатырқай қарайды. Есек емген жылқының мінез-құлқы тура есекке тартады. Есек көрсе оқыранып, соларға қарай тарта жөнелетін болады. Кейін қартайып өлгенде ауыл адамдары оның етін жеуге болмайды деп, етін көмдіріп тастайды. Психологиялық иірімі терең, философиялық ойы қат-қабат бұл туынды Қытай мемлекеттік сыйлығына лайық деп бағаланған. Осы шығармасы арқылы қаламгер үшінші мәрте беделді сыйлықты иелеген.


Миллиард халқы бар Қытайды толымды еңбегімен, бай да мазмұнды шығармашылығымен мойындатқан жазушы Алматыға келді дегенді естіп, пікірлесуге асықтық. Ақсақал да ағынан жарылды. Боямасыз әңгіме ауанын оқырман өзі бажайлар. Біз әңгіме барысын көркемдемей, боямай ұсынуды жөн көрдік.



Түрме халі, «Өзгерген өңір» және бұралаң өмір туралы


«Құланның қасынуына масаның басуы тура келіпті» деген сол, мен әдебиетке әуестеніп, қолыма қалай қалам алдым, солай Қытайдағы соңы ауыр апатқа айналған солшыл саяси науқан басталды да кетті. Мұндай апаттың алғашқы құрбаны әлсіздер мен қорғансыздар болатыны бар емес пе, міне,мен де сөйттім,өңім түгіл түсіме кірмеген сол қара дауылдың алғашқы соққысымен мұрттай ұштым. Түрмелетіп кете бардым. Содан талай жылды араға салып, Тарымдағы өзгерту лагерінен босап, ауылыма қайттым. Бекер қайтпадым, басыма «қалпақ» деген пәлені киіп,«тап жауы» деген қоңырауды байлап қайттым.«Таяқ көрген есек аяңшыл» деген, енді бір мөнді-мөнді бейнемен тып-тыныш жұмыс істедім. Талай жылғы түрме өмірі тәп-тәуір сабақ беріп үлгірген екен, егіншіліктің қыр-сырын ешкімнің үйретуінсіз-ақ еркін меңгеріп кеттім. Әуелі өз отын-суын толық қамдай алмайтын қарттар мен тұрмысқа қырсыз «мөндібастарға» көмектесіп жүрдім. Осы еңбегім ес қатты. Ешкімнен ақы, алғыс алмасам да, әйтеуір, басқа тиетін таяқтан арашалап жүрді. Иә, атпайтын таң болсын ба,күндердің күнінде, нақтылап айтсам,1973 жылдың соңы болуы керек, бір тосын хабар бар құлақты елең еткізді. Әлгі «біржолата жоғалтамыз» деп айқайлаған Дың Шияупиң қызметке қайта оралыпты. Міне,сол кісінің жұмысқа оралуымен Мау көсемге әлдеқалай ой түсе қалып: «әлгі роман жазатын жазушылар қайда кеткен?», − деп сұраса керек, сонда Дың Шияупиң еш бөгелместен: «Бәрін қудалап біттік емес пе?»,− депті. Бәрін істеген өзі болса да, Мау көсем таң-тамаша болған бейнеде: «Онда бұл іс дұрыс болмапты»,– деп бас шайқапты. Мұндай мүмкіндікті пайдаланып қалмайтын кісі Дың Шияупиң дейсің бе, апыл- ғұпыл іске кірісіп, жер-жердегі қақпайға ұшыраған әдебиет- көркемөнер қайраткерлерін жұмысқа қайта тарта бастайды. Әлгі дүмпілдеген тосын хабар, міне, осы еді… Бірақ,«аспаннан былғары жауса да, құлға оқшантайлық тимейді» деген бар ғой, мына жақсылық та солай, ел ішінде атақ- даңқы бар мықтылар төбесіне жауғалы тұр. Ал, мен сияқты аты-жөнін өз үй ішінен өзге ешкім білмейтін ұсақ-түйек қаламгердің одан үміттенуі бір есірік мінез,есек дәме ғана. Ауыздан шығардың болды, күлкіге қаласың. Мына арада ондай сайқы-мазақтар өріп жүр. Бірақ, үмітсіз ـ шайтан, өзімді бір танытып көрсем,«кеше жазушылар тізімінде атың жоқ еді» деп ешкім айтпас деп түйдім де,тәуекелге бел будым. . .


Бұлай ойлауыма азды-көпті себебім бар. Мен әдебиет мамандығын оқыған адаммын, қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетінен де недәуір хабарым бар. Әуел десең, үш- төрт әңгімем де жарияланып үлгірген. Оның бірлі-жарымы тәп-тәуір баға да алған. Осындай мүмкіндігім бар жерде неге жазудан тартынам…


Міне, содан өндіріс әтреттерінде (отьряд) жұмыс жоқ қыс кезінде осы романды жаздым. 1974 жылы 1мамыр күні Құлжа қаласында Іле қазақ облысының 20 жылдық мерекесіне арналып құрылған «Жасампаздық кеңсесіне» жібердім. Бар болғаны сол, арада бірнеше ай өтті-өтпеді, мені іздейтіндер шықты, Құлжаға шақырды… Қатарластарымнан жылы қабақ көрдім, үмітті сөздер естідім. Бірақ,бұл романның баспадан шығуына мүмкіндік жоқ. Соны біліп тұрып жіберген себебім − танымал болу ғана. Әрине,ол мақсатқа жеттім. Романды қолдан-қолға өткізіп, қазақтың басты-тастылары түгел оқып шығыпты. Ақыры ары толғанып, бері толғанып,кітабын шығарып бере алмасақ та, өзіне көмек жасайық деген ойға тиянақтапты. Міне, содан 1975 жылы көктемде «қалпағым» алынды.1977 жылы бір бастауыш мектепке 30 юань еңбекақы алатын уақыттық мұғалім етіп жіберді. Ал, роман облыс әкімінің суырмасында сол жатқаннан мол жатып, заман оңалған, өзім ақталып шыққаннан кейін 1980 жылы жарық көрді.


Бұл романды оқырман жылы қарсы алды. Оның басты себебі: оқырмандардың төл әдебиетімізге деген аңсары мен романдағы тұрмыс бояуының шынайылығы еді. Оқырманның осы қолдауы арқасында жаман шақайымды сүйретіп барып, сонау Бейжиңнен сыйлық алдым. Кейін заман өзгерген соң өзге жазушылар шығармаларын қайта өңдегенде, мен өңдемедім. Себебі, тіпті, қарапайым: өтірік айтқым келмеді. Сол бір кезде Қытайдағы ұлы көсемнен тартып, аш қарын жүрген диқанға дейін осы коммуна түзімі көсегелерін көгертеді деп түсінді. Осындай шақтағы өзім түсінген,түсініп тұрып шошып кеткен бір түйінім: кедейлік пен аш құрсақтық адамды кекшіл әрі мейірімсіз етіп жібереді екен, еңбектен қалжырап келе жатқаныңызда өзінше қаннен-қаперсіз көңілді жүрген адамды көрсеңіз, қарадай өшесесіз. Суықта жаман шапанмен бүрсеңдеп келе жатқаныңызда,бүтін шапан киіп, қыз-қыз қайнап жүрген әлдекімді ұшыратсаңыз, бас салып сабағыңыз келеді. Кім тұрмысқа ұқыпты, кім табыскер болса, өзгелер соған өшесті, ебін тауып соны жоғалтуға асықты. Мен романда тап осындай харектрді жаздым. Коммунаға қарсы болған тірі пенде болған жоқ. Күн өткен соң ол түзімге елдің бәрін қарсы қойсақ шындық қайда қалады… Иә,ол кезде көркем шығарманы таңдап,талдап оқитын білімді оқырмандар аз, әйткенмен оқырмандарда ешкімге бұра тартпайтын әділдік көзқарас бар еді. Сондықтан көркем әдебиет өзінің дәуірлік белгісінен айырылса, өз құнын біржолта жоғалтатынын жете түсінген сол саналы оқырмандардың арқасында бұл шығарма әлі де назарға ілініп келеді.


mmexport1476938528695

Жазушы достарымен бірге



Тарым қасіреті, аштық және есек сүтін емген жылқы мінезі…


Бәлкім,тағдырдың жазуы солай болар, менің көп өмірім аса күрделі оқиғалар ішінде өтті. Түрмені де, ашаршылықты да, қайғы-қасірет пен қорлануды да жетерлік көрдім. Әйтеуір, ажалсыз жан шықпайдыекен,ажал құрығы ілінбегендіктен, аман-есен осы күнге жеттім. Міне осы қиын өмір кейінгі кезде мен үшін таусылмас қазына болды. Ешкімнен сұрап жатпаймын,өз жүрегімнің қалауымен емін-еркін жаздым. Әсіресе, түрме жағдайын, ашаршылық пен өлімнің қайғы-қасіретін кей-кейде көз жасымды төгіп отырып жазған кездерім болды. Сондықтан «мәдениет зор төңкерісі» кезіндегі өмірді суреттеген «Көк белес» пен Тарым еңбек лагеріндегі азапты күндерді баяндаған «Құмдағы іздер» романым оқырмандарды ерекше баурады. Әуелі, осы романдарды радиода оқығанда талай адам жылағандарын айтып жүрді…


Жазушы жолы қашан да тайғақ, байқамасаң жығылып түсесің. Сондықтан аяқты байқап-байқап бастым. Айқайлап шықпай, ыммен айттым. Әрине, бұлайша жазу жаңалық емес. Өзімізді тәнті еткен үлгілі шығармалардың бәрі де астарлы ойымен,құпия-сырларымен оқырман есінде қалып отыр. Ал, ашу-ызаға бой алдырған, ашық-шашық айқайға толы шығармалар өз кезінде қанша дүмпу тудырғанымен, өмірі қысқа болады. Бір дәуірдің аяқталуымен ол да өмірін аяқтайды. Мен, міне, осыны түсінгендігімнен, ешкімнің жағасына жармаспадым. Өз көрген-білген оқиғаларымды, одан соң ерекше ұлттық бітімімізді жаздым. Оқырман қызығатындай тұшымды әңгіме құрауға тырыстым. Былайша айтқанда, мен көбінше саяси дау-дамайдан аулақ жолға жүруге тырыстым. Бірақ,тұрмыс дегеннің өзі басы бүтін саяси оқиғаларға толы ғой, міне, осы қарапайым тұрмыстық оқиғалардан оқырмандарым астарлы ой тауып жүреді. Олардың тапқан кейбір астарлы ойлары, тіпті, менің есіме де келіп көрмеген. Осындай сәтте өзім де таң-тамаша боламын.


Осыған бір-екі мысал айта кетейін: 2014 жылы «Шұғыла» журналының үш санында менің «Іленің арғы жағы,бергі жағы» деген көлемді хикаятым жарияланды. Оқиғасы да тым қарапайым,бар болғаны бір келіншектің Іленің бергі бетінен арғы бетіне төркіндеуі ғана еді. Әуелі кейбір қаламгердің көзге ілетін оқиғасы емес. Шығармалары оқырман назарына ілінбей жүрген кейбір қатарластарым: «Мына ұзын-сонар әңгімеңді кім оқид?», − деп бас шайқаған да болды. Бірақ,алпыс жылға жуық жазушылық тәжірибем маған оқырмандардың қандай шығармаларды рухани қажеттілігіне жарататынын әлдеқашан ұқтырып болған еді. Сондықтан жасымадым. Бұл шығармамның бағы жанатынына сендім. Неге десең,бүгінгі оқырман жалған тарих пен саяси бет-перделі шығармалардан әбден жалыққан болатын. Олардың керек ететіні шынайы тұрмыс, адамның шынайы жан дүние көрінісі еді. Мен ағат баспаппын, бұл шығарманың оқырманы өте көп болды. Журналда басылған алашқы бөлігін оқып шыққан соң кейбір оқырман менен енді оқиғаның қалай дамитыны жөнінде сұрап жүрді. Ал, кейін журналды түгел оқып шыққан соң, көптеген адамдар менімен көңіл күйлерін ортақтастырды. Анадай-мынадай түзету айтқандар да жоқ емес. Содан бір оқырман: «Аға, мына хикаятта бір келіншектің төркіндеуі ғана айтылғанымен, көп адамның көңіл-күйімен тоғысып кетеді екен,шешемнің туыстары Түркияда еді, төркіндеп барып, бала-шағасын сағынып ұзақ жата алмай қайтып келген болатын, сол кісі осы хикаятты оқып алып: «қос мекенді құс секілді әйел байқұс-ай!» деп егіліп кетті»,− деді.


Ал, 20 ғасырдың 80 жылдарының соңында жазылған «Жасыл бақша» деген хикаятымдағы 12 жасар баланың бөлінген отбасын қайта табыстыру үшін маскүнем әкені сауықтырмақ болып улы жылан ұстауға батылдық ету оқиғасы да қоғамда жақсы аңыс тудырды.


Одан кейін, көзбен көрген бір тосын оқиға жөнінде жазылған «Тұлпардың соңғы тұяғы» деген хикаятым мен ойламаған бағаға ие болып, түрлі пікір туғызды. Есектен тумаған, бірақ есекті еміп өскен тұлпар тұқымының өз қасиетін жойып тынғанын ешкім де өтірікке шығармады. Шын болмыс деп ұқты. Оқырмандар әуелі тап осы шығарманы менің бұрынды- соңды жазған бар еңбегімнен жоғары бағалаған сыңай танытты. Сол дүмпудің ықпалы ма, кейін осы хикаяттың атымен шыққан жинағыма мемлекет дәрежелі «Тұлпар» сыйлығын алдым.


Бабалар аманаты


Менің үлкен дайындықпен жазған «Аманат» трилогиям 2015 жылы баспадан шықты. Үш кітаптың бір мезгілде жарық көруінің себебі болу керек. Оқырмандар тез аңыс білдірді. Жоғары бағалар берді. Бұл трилогия әсіресе, тарихымызда, қоғамдық өмірімізде бұзуға болмайтындай дәрежеде қалыптасып қалған өтіріктерді батыл түрде әшкерелеген десті.


Жоғарыда да айттым, бір қаламгер ең алдымен оқырмандарды өз шығармасына қызықтыра білуі керек. «Аттан аттың несі артық, адымдап басқан жолы артық. Жігіттен жігіттің несі артық,мақамдап айтқан сөзі артық» деген бар емес пе,оқырмандарды қызықтыру үшін сөз өнері керек, мен, міне, осы жағына көңіл бөлдім. Оқырманды бір тараудан соң бір тарауды оқуға асықтыруды ойладым. Ол үшін, әрине,өзгелер айтпаған бірер шындықты ашып, өзгелер баспаған сүрлеуге батылдықпен бастым. Тарих пен бүгінгі өмірді араластыра баяндадым. Әуелде шығарманың сәтті шығуынан алаңдаған болатынмын, сосын, үзінді- үзіндіні журналдарда жариялап көріп едім,оқырмандар бірден қызығушылық танытты. Журналды іздесті. Сонан кейін өз-өзіме сенімім артты да, шығарманы қолдан шығардым. Әрине,өйтпесем және болмайды, неге десең, біз сияқты жасы егде тартқан адамның ертеңнен үміті аз болады емес пе… Міне осы трилогия биылғы жылы Қытай қазақ әдебиеті үшін бекітілген мемлекет дәрежелі «Ақсай әдебиет» сыйлығының ерекше дәрежесін еншілеп отыр.


Иә, және бір ескерте кететін сөз: Қытай әдебиетінде әдебиетті басқаратын орын бар. Және де әрбір редакция өткелден өткізеді. Бірақ, ұсақ-олаң нәрсеге килігіп жатпайды. Тек бөлшектеушілік, ұлт араздығын қоздыру сынды қате сыңайлар ғана шектеледі. Қазіргі күнде,мұндай сыңайлар қай елдің әдебиетінде де шектеледі. Ал,осындай шектемелікті толық түсінбей, сонау бір заманғы Кеңес одағы мен Қытай әдебиетіндегі идеялық бұғау Қытай әдебиетінде бүгін де сақталып отыр деп ойлап қалмауымыз керек. Ал,анау «Қозы-Көрпешті айта алмай бұзып алып жүргендер» қайда болса да бар екені өздеріңе де мәлім…


0016eca4c2280a9a0c7220

Жұмабай Біләл


Қытайға танымал қос жазушы жайлы пікір


Сұрағыңның астарын түсініп отырмын. Аңысқа иек сүйеп,анық хабарға ие болмай қалу қай-қашанда адамды аңғырттыққа ұшыратады. Жеке адам жеке көзқарас айтады. Кейде біліп, кейде білмей айтады. Мүдде де араласып жүреді. Сондықтан ол жазушылардың шығармаларын өздерің оқып,өз ойларыңды қалыптастырғандарың жөн болар еді.


Ал, бірақ,сұрап қалған екенсің, Қытай қазақ әдебиеті майданында алпыс жыл қалам тербеген қарт жазушы салауатыммен өз көзқарасымды айтайын: Жұмабай Біләл жас жағынан да, әдебиетке араласу тарихы жағынан да менімен замандас жазушы. Оның ерекшелігі: үнемі сүрлеу баспай, тың соқпақпен тартуы болып жүр. Әсіресе,оның әңгімелері өзінің соны ой, өзгеше жазылу мәнерімен оқырмандарды баурады. Өзге ұлт қаламгерлері де жақсы бағалады. Ол романдарын көбінше публицистика (шалқыма) тәсілімен жазып жүр. Ханзу әдебиетінде осы шалқыма жанры өте дамыған, әуелі талай жанрға бөлініп кеткен. Оның осы шалқыма романдары ханзу тіліне аударылуымен жақсы аңыс қозғады. Бірақ, оның әдеби тілі ұзақ-ұзақ құрмалас сөйлем болып келетіндіктен, ұғымға біраз ауыр. Міне, осы жағынан кейбір сыншылар қырына көп ала береді. Оның әңгімелерінен өзге «Арулар», «Боз жігіттер» деген романдары бірталай жақсы пікірлер алған. Осы «Боз жігіттер» романының аудармасы осы жолғы «Ақсай әдебиет сыйлығының» «Алтын көпір» сыйлығын алды.


e1a5d3a51f85fe39a0cf23da32d8a3ac

Әкбар Мәжитұлы


Ал, Әкбар Мәжитұлы болса, менің жерлесім. Мұны мен өзге оймен емес, Әкбарды жақсы түсінетіндігімді білдіру үшін айтып отырмын. Мен артық мақтап, көпшік қоймасам да, Әкбар мақтау мен дәрежеден кем кісі емес. Қытай саяси кеңесінің мүшесі, былайша айтқанда, Парламент депутаты. Шығармаларын ханзу тілінде жазады. Қытайдағы ханзу тілінде жазатын азсанды ұлт жазушыларының ішіндегі көрнектілерінің бірі. Танымал аудармашы. Әсіресе, Абай ақылияларын ханзу тіліне асқан көркемдікпен жеткізуі бәрімізді де сүйіндірді. Әкбар Абай шығармаларын аударып қана қоймай, өзі Қытайдағы белгілі баспалардың бірі «Жазушы» баспасын басқарған соң, Қазақстан әдебиетіндегі көрнекті тұлғалардың шығармаларын ханзу оқырмандарына таныстырды. Жеке-дара қазақ әдебиетіне арналған «Ақсай әдебиет сыйлығының» дүниеге келуіне себепші болған және осы – Әкбар. Өткен айда Ақсайға барғанымда, Күләшқан деген аудармашы қарындасымыз Әкбардың тапсырмасымен өзінің Нұрлан Оразалиннің бір өлеңдер жинағын аударып жүргендігін айтты. Қытайдағы қазақ ақын-жазушылары болса ханзу тіліне, тіпті, көптеп аударылып жүр. Мен бауырымның бұдан кейін де төл әдебиетін әлемге таныту үшін тырыса беруін тілеймін.


«Мен жастарға сенемін!»


Қытай қазақ әдебиеті талантты қаламгерлерден кемшін емес,бір бөлім қаламгерлеріміз осы жаққа қоныс аударып кеткенімен, ол жақта және де әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтіп жүрген жазушыларымыз бірталай. Шәміс Құмар, Балапан Рабат, Қырбақ Нұрғали, Құмарбек Жуанғанұлы, Еркеш Құрманбекқызы, Жеңіс Ырысханұлы, Азия Мағыперқызы, Білісбек Әбдіразақ, Бауыржан Шормақ, Айдын Қызырұлы секілді орта буынның табысы аса көрнекті. Ал,жас қаламгерлерден Қанат Қәбікенұлы, Бахар Бердібекова, Дидәрбек Зәкіржанұлы, Нүрбек Тәленұлы, Тілеуберді Қанабек, Жанұзақ Жөкен, Би-Хамит Нұрбазарұлы, Сипат Қазікенұлы, Мұрат Зүлкәпілұлы қатарлылар жұртқа кеңінен танымал болып қалды.


Поэзияға келсек,есімде жүрген есімдердің өзі тіпті көп, мысалы, Айбек Көлбайұлы, Ерлан Нұрдықанұлы, Мақсат Нұрғазин, Ақан Кәрменұлы, Мұрат Әуес, Қажыбек Айдарханұлы, Мәдетбек Бәлғабекұлы, Қуаныш Ілияс, Қуаныш Дәлейұлы, Бейсенәлі Метқалиұлы, Байсенім Әбдібекұлы, Айша Қабылқожақызы, Қуат Асылбекұлы, Нұраш Әйтікенқызы, Гүлниса Алпысбайқызы,т. б. Осы соңғы буын ақын-жазушыларымыз өздерінің ұлттық әдебиетімізге деген терең сүйіспеншіліктері,мол білімдері арқылы әдебиетімізге тың тыныс бағыштап, кең өріс аша бастады. Тұрмыстың өзгелерден қағыс қалған шындықтарын батылдықпен айтып жүр. Жақсы жақты ғана айтатын қатып-семген көзқарас пен өзін-өзі алдап мақтанатын тұрпайы әдетті сындап жүр. Мен шынымды айтсам,осы буыннан үміттенем. Әдебиетімізді жаңа бір сапалы деңгейге осылардың көтеретініне сенімім кәміл. Иә,әдебиетіміздің жаңаша дамуы сөз жоқ келеді.


Рахымжан Отарбаев, «Бабалар сөзі» және «Абай жолы»


Әрине, оқыдым. Бірақ, шынымды айтайын, таңырқағам жоқ, бірақ тіксініп қалдым… Өйткені, бұл ешқандай жаңалық емес. «Кеңестік қазақ әдебиеті» деген кесірлі атау дүниеге келгеннен бері айтыла-айтыла жауыр болған сөз. Қазақтың ұлттық әдебиетінің түбіне жеткен сөз. Менің оқырмандық тарихым Рахымжан бауырымның жасынан да ұзақ. Ол білмесе, мен білем,«Кеңес әдебиеті» қазақ әдебиет серкелерін арт-артынан мерт етіп, ең соңында қалған жалғыз тұяқ Мұхтар Әуезовті қорқытып-үркітіп, алдап-арбап жүріп өз саптарына қосып тынды. Сонымен өзгеге табынғыш,табынып қана қоймай, қылтия қалған мүйізді қағып түсіргіш бір топ беделді «кеңес жазушылары» майданға келді. Олар қожаларына жағуға таласты. Топ-топқа бөлініп, бір-бірін жамандады, жоққа шығарды. Ұлт мүддесін ойлаған жоқ. Алматыда қазақ мектебінің жабылып тынғанымен жұмысы жоқ, сыйлық үшін жаға жыртысты. Міне, осы үрдіс бүгінге жалғасып келді. Біресе дүниеден өткендерді, біресе көзі тірілерді жоққа шығарды. Соттасты, бір-бірін көрмес болды. Иә,мұның бәрі сол Кеңес заманының идеялық уымен уланған қаламгерлер еді.


Заман оңалады, бәлкім, олар да сабақ алады, ол мінездерін тастар, өзгерер деп үндемеген едік, бірақ, тап сол мінез өзгеден емес Рахымжан бауырымнан байқалғанда шошып кеттім. Ойбай-ау, неге шошымайын, Рахымжан болса Кеңес саясатының жылымық дәуірінде дүниеге келген,оның үстіне ақыл тоқтатқан, азаматтық дәуірі қазақтың рухани сілкіну кезеңіне тура келген, одан соң жиырма бес жыл тәуелсіз Қазақстанда ғұмыр кешкен талантты жазушының аяқ астынан арғы-бергі қазақ әдебиетінің табысын жоққа шығарып, тосын мінез танытқаны өз бітім-болмысына лайықсыз ұятты жағдай. Оның бұл қылығы орысқа табынған әлгі Кеңес жазушыларын жолда қалдырды деуге болғандай. Оның сөз ләмінен Еуропа оқымаған, Еуропаға жақпаған қазақ әдебиеті әдебиет емес деген ой түйіп қапаландым. Өзге емес, өз жазушың, жазушы болғанда да өзім шығармаларын сүйіп оқитын, болашағынан көп үміт күткен жазушымыз қазақ деген ұлттың тілін, ділін, мәдениетін менсінбей шалжиып отырса, қалай қапаланбайсың?!


Жеке жазушыларға айтқан әділетсіз сөздерін жеке көзқарас деп мәймөңкелегенмен, жүз томдық «Бабалар сөзіне», ұлы Абайға,«Абай жолына» соқтығуы маған енді еңсе көтере бастаған ұлттық әдебиетімізге қарадай өшесу секілді әсер қалдырды. «Бабалар сөзі» біздің атадан балаға жалғасқан мұрамыз, Абай – әдебиетіміздің мақтанышы. «Абай жолы» – романы қазақ рухани мәдениетінің асылы. Осы бір Еуразия ортасында өмір сүрген жауынгер халықтың бегзаттық мінезін, парасат-пайымын, өзіндік мәдениетін әлемге танытқан шығарма. Бүгінгі күні әуелі қазақ әдеби тілінің энциклопедиясы болып отыр. Ал, шығармадағы Кеңестік көзқарас орысшыл жарамсақтар жағынан еріксіз таңылғандығы айдан анық. Ол көзқарастың көбін өле-өлгенше Кенесарыға жауығып өткен үлкен жазушымыз Ғабит Мүсіреповтың тықпалағаны белгілі.


Бүгінгі күні Еуропа оқырмандары «Абай жолын» емес, өз классикалық шығармаларын да оқып жүрген жоқ. Олар оқымағандығы үшін бұл ұлы шығарма керексіз болмайды. Әлемдік классик шығармалардың 100 томдық сериясына кірген, Қазақстанда қалай екенін білмеймін, Қытай қазақтарында осы роман 20 ғасырдың 80 жылдарынан бері бес-алты дүркін мол-мол тиражбен басылым көрді. Қазір және де кітапханадан таппайсың. Бірақ, әр қазақтың үйінен табасың. Жыл-жыл сайын радиода оқылады, электронды нұсқасы да бар. Әуелі осы кітапті толық оқып шыққан диктордың өзі осы күнде аса жоғары беделге ие.


Қара шалдың асылы және еврей халқы


Осыдан бірнеше жыл бұрын бір әдеби кеңесте мен: «Бір тілші Колумбиялық көкөніс сатушы әйелдің шарбағынан «Жүз жылдық жалғыздықты» көргенін жазыпты, мен бұл сөздің шын екеніне сенемін, өйткені, «Жүз жылдық жалғыздық» Колумбия халқының тарихын, рухани мәдениеті мен тартқан тауқыметін жан тебірентерліктей етіп жазған. Ондай шығармаларды, әрине,оқырман қолынан тастамайды. Міне, осындай халық көңілінен шыққан шығарма бізде де бар. Сенбесеңдер ел аралаңдар, әр малшының үйінен ‹Абай жолын› табасыздар» деген едім. Менің осы сөзім «Құмыл алқабы» журналының 2015 жылғы -санында жарық көруінен көп өтпей,«Шынжаң газетінде» қазіргі Шынжаң қазақ мәдениет қоғамының төрағасы Арұп Зұрғанбек бауырымның «Қара шалдың асылы» деген мақаласы жарық көрді. Осы мақалада «Абай жолы» романының қадір-қымбаты жөніндегі бір тосын оқиға баяндалған. Бұл Арұптың 1968 жылы қазіргі Байынғолин моңғұл облысының Хошұт ауданына қайталай тәрбиеленуге түскен мезгілі екен. Ол арадағылар көбінше ұйғыр, ханзу, моңғұл ұлттары, қазақ саусақпен санарлық қана болса керек. Бір күні мұны бір қазақ шал іздеп келеді. Айтуынша, атамекені Алтай екен. Бірақ, соғыстың кесірінен үй іші түгелімен мерт болып, жалғыз бас қалыпты. Содан Үрімжіге келіп, әр жерде жалданып істеп жүріп, өзі секілді бір босқын ұйғыр әйелмен отау құрады. Бір-екі бала да көреді. Күн өте келе олардың Үрімжіде де жан бағуы қиындайды. Содан әлгі әйелдің осы Хошұттағы төркінін паналап көшіп келіпті. Қазір екі баласы ұйғырша сөйлейді. Баяғыда Үрімжіден сатып алған бір асыл кітабын өзінен басқа оқитын адам жоқ, өзі көз жұмса ол кітап керексіз қағазға айналғалы тұр. Бұл жағдай қарияға қатты батып, осы асылды қадірлеп сақтайтын бір адам іздеп жүреді екен. Содан бір күні Арұптың кітап оқып отырғанын көріпті де, үйіндегі асыл кітапті алып жетіп келгені осы екен. Келе салып Арұп кітапты «алмаймын» деп ат-тонын ала қаша ма деп ойлағандай: «Қарағым, осы асылымды саған аманаттайын деп келдім, өтінішімді жерге тастама»,− деп жалбарады. Арұп қабат-қабат мата ораманы ашып қараса, әлгі асылы «Абай» романының екі кітабі екен. Мұны көріп ол қуана дауыстап жібереді: «Ататай,бұл асылыңызды өле-өлгенше сақтап өтемін»,− дейді. Сол асыл үйінде әлі күнге сақтаулы екен. Міне,бізде де өз мәдениетін асылдың асылына балайтын адамдар бар. Еуропа оқымаса мейлі,өзіміз осылай оқимыз, өзіміз осылай қадірлейміз…


Біздің қор болып жүруіміздің басты себебі: өз қадірімізді білместік, қолымыздан іс келетініне сенбестік. Мұндай рухани кемістік жеке талантты қойып, бүкіл ұлтты жігерсіз, өзгеге жағынуға, жалбаруға дайын тұратын тобырға айналдырады. Еврей ұлты өз қадірін білгендіктен, өз қолынан іс келетіндігіне сенгендіктен саны бізден көп болмаса да, әлемдік деңгейдегі озық ұлт болып отыр. Олардан бір ғалым шықса неше жүз еврейге техника үйретеді. Бір саудагер шықса пәлен жүз еврейді кәсіпке тартады. Бір мықты жазушы шықса, оның кітабын әлемге танытуға күш салысады, қалталы азаматтар ақшаларын аямайды, сонымен ол жазушы анау үлкен ұлттардың жазушыларымен терезесін теңестіреді.



Мағауинның Евтушенкодан несі кем?


Және бір мысал, өркендеген Еуропа емес, мына орыстар қай заманда ханзу әдебиетін көзге іліп еді? Тек жан саны көп, үлкен ел болғандықтан анда-санда бірлі-жарым жазушыларын еске алып қоятын. Ал, іс-жүзінде ханзу әдебиеті сол кездің өзінде-ақ недәуір дамуға қол жеткізген әдебиет болатын. Бірақ, экономикасы құлдыраған кедей ел болғандықтан, олардың көркем әдебиетін насихаттайтын, өзге ұлт тіліне аударатын адам шықпады. Ақыры Қытай байып шыға келіп еді, айналасы 30 жылға жетпейтін уақыт ішінде ақшаны аударма мен үгіт-насихаттан аямай, оңды-солды шашып отырып, Нобель сыйлығын еншіледі. Міне, өзіңді өзің қадірлей білудің қасиеті.


Егер олар да бізге ұқсап: «Моян атақты жазушы емес, оны Еуропа оқымайды, егер мықты болса, Евтушенко сияқты Америкада неге лексия сөйлемейді?» деп шетінен кекжеңдеп жүрсе, әлемге әйгілі сыйлықтың маңқарасын көре алмас еді. Егер біздің қалталыларымыз ұлт рухын асқақтатуды ойға алса, тек спортты ғана қолдап қоймай, өз ұлттық әдебиетін де қолдауы керек.


Он –он бес миллион қазақ оқитын кітап бас-аяғы екі мың дана таралымнан аспай отырса, Еуропаға танылу не теңің?! Мұндай мол оқырманы бар ұлттың кітаптары ең төмен болғанда он мыңдап, жиырма мыңдап таралады. Ал, онан соң іштегі-сырттағы мықты-мықты сыншыларға үгіттет, мықты-мықты аудармашыларға аударт. Қой саны, қойшы бұты әлдекімнің аудара салған шығармасы елге танылмақ түгіл, өзінің әуелгі құнын жойып та кетеді. Мен айтпасам да, мұны бұл арадағы білімді азаматтарымыз жақсы біледі. Егер сондай сәт туса, бүгінгі қазақ ұлттық әдебиетінің мақтанышының бірі болған Мұхтар Мағауинның лексиясын Америкадан тыңдай алар едік. Евтушенкодан Мағауинның несі кем?!


Иә, бәрі де пендешілік. Осы бір кездейсоқ айтылып қалған ағат сөзімен Рахымжан бауырымның әдебиетіміздегі бет-беделіне үлкен дақ түсті деп айта алмаймын. Қайта оқырман райынан ол бір ұлттық жазушының өз бағыт- бағдарын қалай түзеу керектігін өзі де ұғынды, өзгеге де ұғындырды деп ойлаймын. «Өскен елдің баласы бірін-бірі батыр дейді», қазақ − өскен ел, алдына үлкен мақсат қойып, таудай үмітке талпынған ел. Сондықтан, осы деңгейде сөйлейік. Біз де ел секілді өз мәдениетімізді сыйлайық. Өзіңе керексіз әдебиет өзгеге керек еместігін түсінейік. Қытай қазақ оқырмандары Мұхтар Мағауинды, марқұм Әбіш Кекілбаевты, Оралхан Бөкейді аса жоғары бағалайды. Қазақ әдебиетінің бір-бір шыңы деп біледі. Әрине, біз үшін Рахымжан бауырымның орны да солай. Егер осы егеспен кете берсе, бұл бауырым айтпады демесін, ұлттық оқырмандарынан ажырап қалады. Бұл бір жазушы үшін аса ауыр қасірет. Алла мұндай қасіреттен аулақ қылсын!..


«Әулекінің биі ел қыдырып жүріп билік айтады» деген бар, сөз соңын билікке айналдырып жібермей тоқтай қалайын. Мені Рахымжан бауырым біле бермейді, әрине, кім-кімге болса да қалам ұстағанның бәрін біле беру міндет емес. Сондықтан, мен шетелдегі бір қарапайым қазақ оқырманы ретінде көңіл-күйімді айтқан болдым. Бұл туралы Абайдан асырып айтқан кім бар! «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос. . . ». Иә, және де бір ескертерім: Рахымжан бауырым қазақ әдеби тілінің тағдырынан алаңдамасын, Абайдан, Мұхтар Әуезовтен соң да қазақ әдебиеті өмір сүріп келеді. Келелі жетістіктерге жетіп келеді. Ал, Рахымжан бауырымнан кейін де бұл әдеби тіліміз гүлдеп-көркейе береді. Мағжан бабам айтқандай: «…жастарға сенемін!.. »


…Баратын үй азайды


Бұл жаққа жиі келіп тұратыным рас. Өйткені, бала-шағам, туыс-туғандарым бар. Былайша айтқанда,«Іленің арғы жағы, бергі жағы» деген хикаятымдағы секілді, ол жаққа барсам бұл жақтағы балаларымды, бұл жаққа келсем ол жақтағы балаларымды сағынам. Оның үстіне, әр отбасының өзіндік күйбіңі болады. Сол себептен бұл арада айлап жүретін кездерім де бар. Бұл жақтағы жас буын әдебиетшілермен қазір көп араласпай жүргенім болмаса, алдыңғы буынмен араластығым өте қою болды. Мен Қазақстан тәуелсіз бола салғаннан бастап бұл араға келуім жиіледі. Тәуелсіздікті көзбен көрген қазақ әдебиетінің тұлғаларының көбімен кездестім, әңгімелестім. Марқұм Әлжаппар Әбішев атамыздан тартып, Әзілхан Нұршайықов көкемізге дейін араластым. Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Диқан Әбілов, Хамит Ерғалиев, Сафуан Шәймерденов, Тұрсынхан Әбдірахманова секілді әдебиет серкелерімен әңгіме-сұхбаттарда болдым. Олардың қолтаңбасын жазып сыйлаған кітаптарын әлі де сақтап жүрмін. Ал, олардан өзге өз тұстарым − Тұманбай Молдағалиев, Қабдеш Жүмаділов, Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдіков, Ырымғали Нұрғали және Фариза Оңғарсыновалармен жақсы түсіністіктен әдеби байланыс орнаттым. Міне, бүгін олардың көбі қатарымызда жоқ, жас ұлғайды, баратын үй азайды.


Ал, кейінгі буынның батыс мәдениетіне бар ниетімен ауып кеткендігінің себебі ме қалай, бізді оқығысы да, түсінгісі де келмейтін сыңайлы. Бір мезгілде талай-талай мықты бауырларыма өзімше кітап сыйлағаным бар, сонда кейбірі шекесінен қарап: «Мына төтешені танымайды екенмін» деп отырған орнына тастап кете берген еді. Мен осы жасқа келгенше көп тауқымет, көп қорлануды бастан кешкен адам екенімді жоғарыда айттым ғой. Кейіндеп ондай-ондай кеселді сөз, кердең мінезді елемейтін де болғам. Бірақ, бұл рет өйте алмадым, өзгенің мысқылы мен кекесініне шыдасам да, өзім арқа тұтқан өз бауырларымнан мынадай мінез көргенімде түңіліп кеттім. Ендігәрі оларға кітап ұсынуды біржолата доғардым. Бұл арадағы баспаға кітап ұсынуды да қойдым. Иә, мен де жазушымын. Шын мәнінде, тап сол мені көзге ілмей отырған мықтыдан шоқтығым биік еді… Амал не, баяғы Кеңестік өктем,содыр мінез оған мені жазушы санатына қосқызбай отыр. Сонан кейін шұғыл өзгердім. Өзімді бұл жақтағы әдебиет қауымы өздігінен танысын деген ойға келдім. Қазір бұл мақсатым да орындалған секілді. Өткен жылы екі елдің кітап ауыстыру сериясымен «Тұлпардың соңғы тұяғы» деген әңгіме-хикаяттар жинағым «Мерей» баспасынан жарық көрді. Шынымды айтсам, мен бұл істі қолыма екі дана кітап тигенде ғана бірақ білдім. Әлі де ол баспамен байланыс жасағаным жоқ. Неге десең, ол кітапты оларға мен жолдамадым, баспалар ара байланыс. Бәлкім, бұнан соң да осы жолмен менің өзге шығармаларым да бұл арада басылым көруі мүмкін.


Иә, рас, Қазақстанда менің еңбегімді дұрыс бағалаған адамдар да аз емес, мына Рахымжан бауырым кемсіте сөйлеген классигіміз Мұхтар Мағауин: «сіздің әңгімелеріңізге ғашық болдым» деген сөзді де айтқан еді. Жеке жерде емес, талай жазушының алдында айтқан. Сондықтан, менің «Толқынды көл»,«Дүрегей» деген әңгімелерімді «Жұлдыз» журналына менің ұсынуымсыз-ақ жариялаған болатын. Оның да жасы менен кіші.


Осы бауырымның өзгеге шалқақ болса да, ұлттық әдебиетімізге әрқашан иіліп тұратыны көңіліме аса бір жылылық ұялатқан еді. Әсіресе,«мынау төтеше екен, мынау латынша екен» деп тұрмай, мына өзім секілді қолына түскен шығармаларды құныға оқуы мені таң-тамаша қалдырған болатын. Әуелі 1992 жылы желтоқсанда Шынжаңға барған сапарында бір-екі күндік бос уақытында базар араламай, меймандыққа бармай, қонақ үйде жатып алып, біздің «Іле айдыны» деген жаман журналымыздың неше жылғы санын бірақ алғызып, оқып шықты. Міне, сол журналдан менің «Толқынды көл» деген әңгімемді жыртып алып кетіп, қайтып келген соң «Жұлдызда» жұмыс істейтін Тұрсынхан Зәкенұлы бауырыма көшіртіп,1993 жылы жариялатты. Мен мұндай мінезді өз әдебиетін қадірлеудің үлгісі деп танимын. Сондықтан мен де Мұхтар шығармаларының көнесін де, жаңасын да толық оқып отырамын.


Менше, Мұхтар Мағауин бүгінгі қазақ ұлттық әдебиетінің даңқты өкілі. Ол өз ұлтының көмескіленген тарихын айқындауға, ұлттық рухымызды биіктетуге бар күш-жігерін, ақыл-парасатын жұмсап жүр. Оның мінез- бітіміндегі кемшілік, сөзіндегі қыжыл қалай десең солай де, көбінше ұлттық әдебиетіміздің мәртебесі үшін айтылып жүр. Бәлкім, оның сөзі қанына құл-құтандық сіңгендер мен империяшыл пиғылдарға жақпауы мүмкін, ал, өзімізге келгенде дуалы ауыздың бірі. Ондай-ондай тереңді шолып, қояны аша білетін мықтыларымыз болмаса, біз қайтып әдебиетімізге елдің назарын аудара аламыз.


Мен өз көңілімді өзім сыйлағандықтан, әдеби ортамен аз араластым, аз сөйледім. Пендешілік сөзден аулақ, мұндай әдебиетіміздің келелі мәселелері жөнінде сөйлесуге қай-қашан да дайынмын. «Танымасын сыйламас» деген бар, қатары азайған қарт адамның көрінген есікті қағып жүруі жайсыздау көрініс. Сондықтан бұл арадағы қаламгерлер іздеп жатса айтуға сөз табылады, әлбетте…


Әбдіжәміл, Оралхан және «Жетім бота»


«Жолды білсең адаспайсың» деген бар. Жазушы болған адам айналадағы әдебиет ауанын біле жүрмесе, өзгелерді оқып, зерделеп жүрмесе, арқандаулы аттай өз шиырын өзі таптай бермек. Жаңа ой, тосын оқиғаларды таба алмайды.


Мен көп оқитын адаммын. Өзімізге жақын түрік тектес қырғыз, татар, ұйғыр, өзбек тілдеріндегі шығармаларды қиындықсыз оқимын. Әлем әдебиетінің бар жетістігін де өзіміздің ана тілімізге аударылған кітаптар мен осы тілдер арқылы біліп жүрмін. Қазақшаға аударылған дүниелерді екібастан қалт жібермеймін. Менің осы кітап құмарлығым арғы беттегі жас қаламгерлерге жақсы үлгі боп жүр. Олар менен, мен олардан кітап сұрастырып, шетел әдебиеті туралы әңгімелесіп тұрамыз.


Жоғарыда айттым, мен өз әдебиетімізге алпыс жылдан артық оқырман боп келемін. Мен оқымаған қазақ әдебиеті кемде-кем. Уақытымның бір парасы әлі де осы кітап оқумен өтеді. Әрі үйрену, әрі демалысым есепті. Кітап оқымасам зерігіп, отыра алмаймын. Әуелі жас кезімде кейбір романдардың тарау-тарауын жатқа да айтатынмын. Әлі есімде көп нәрсе жаттаулы тұр. Қазақ әдебиетінің шоқтығы әрқандай үлкен ұлттардың әдебиетінен төмен емес. Төмендетіп жүрген өз қызғаншақтығымыз бен өзімізге өзгенің көзімен қараушылық болып отыр. Әйтпесе, бүгінгі көзі тірі алыбымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің еңбегі кімнен кем?! Осы күнге дейін өзге ұлттың берген бағасының бірде-бірі қазақ қаламгерлерінің аузынан шығып көрген жоқ. Өзгелер «Қан мен тер» қазақтың орыстың ағынан да,қызылынан да жақсылық таппағанын жазды деп отырса,өзіміз оны жоққа шығардық. «Соңғы парыз» Арал арқылы қазақтың ұлттық тағдырын бейнеледі десе, өзіміз қатын таласына бағаладық. Осының дұрыс еместігін білетін білімді адам жоқ па? Әлбетте, бар. Бар болғанда да, тіпті, көп. Бірақ, қызғаншақтық айтқызбай отыр… Ал, Оралхан Бөкейдің «Жетім ботасы» қандай ғажап сыр бүгіп жатыр. Егер Қазақстан тәуелсіздік алмағанда, сол туыссыз ауру қыз секілді жетім ботамызды жетектеп, кәрі атыраудың бұлдыр-бұлдыр елесіне елітіп, теңізге батып жоқ болар едік. Байқамасақ, әлі де қауіпті. Елес қуғандар жетерлік.


Тізе берсем, өзім сезген әдебиетіміздегі ұлттық нақыштарды айтып тауыса алмаймын. Қазір біздің әдебиетіміз үлкен өзгеріс, айрықша күрес үстінде. Кеңес әдебиетінің қара пердесін дар-дар айырып, жаңа қазақ әдебиеті дүниеге келіп жатыр. Олар сөз жоқ, Оралханның жетім ботасын суға батырмайды.


Қазақстан әдебиетінде жетістік мол. Оны мен айтпасам да, сыншылар айтпаса да, жазушылардың өздері-ақ айқайлап айтып жүрмей ме. Менің көңілім толмайтын бір жағдай –тап осы өзін-өзі жарнамалау,онан соң ешкімнің шығармасын оқымау сынды кесірлі мінез. Кейбір мықтымен әңгімелесіп жарымайсың. Кездесе қалсаң болды, өзін мақтап, өзгені ілікке алғысыз етіп жөнеледі. Ондай жерде, әрине, мен бақ таластырып, бірге мақтана шапқым келмейді. Сонымен бәрі де тәмам болады.


Хан Кене мен Құнанбай: қазақ үшін кім қадірлі?


Бір топ талантты жазушыларымыздың көзқарастарына тәнті болып,оларды бірталай оқып едім, ақырында,олардың тарихи шындыққа, ұлттық мүддемізге қайшы жалтақ, дүдәмал ойларынан түңіліп тындым. Өйтпей қайтейін, бір-біріне қылыш сермеген екі адамды тең «мықты» деп атағанымыз жөн болғанымен, ұлттық мүдде тұрғысынан келгенде ол екеуіне тең баға қоя алмаймыз. Егер орнатқан таразымыз шын таразы болса, сөз жоқ, ұлттық мүдде жолында басын бәйгеге тіккен хан Кене орыс отаршылдарының қанды шоқпары Құнанбайды басып түсері мұндағы сөз. Шын мәнінде, Құнанбай – бір Абай емес, мың Абайдың әкесі болса да, қазақ халқы алдында қылмыскер.


Мен қандай уақытта да ойдағы сөзімді бүкпей айтамын. Көрген көресі, тартқан бейнет ашындыра-ашындыра осы күйге жеткізген. Осындай сын пікірімді өз кезінде марқұм Оралханға да айтқанмын. Оның «Сайтан көпіріндегі» Аспанның мұсылман баласы, әсіресе, аруақ сыйлағыш мұсылман қазақтың дәті бармайтын айуандығына реніш айтқанмын. Әлбетте, тік мінез, астам көңіл жазушы аздап ренжіді. Сөйтсе де менің табанды оқырман екеніме мойынсал болды. Сол үшін құрметтеді. «Аға, Сізді келер жылы шақырамын, Катонқарағайға ертіп барамын» деп кетті. Бірақ, тағдыр оған үлгіртпеді. Көп өтпей ол бауырым дүние салды. Мен оның жақсы пейілін қабыл алған едім. Сол үшін көзі кетсе де, баруға уәде еткен Катонқарағайға араға он жылдай уақыт салсам да барып қайттым. Мұражайына құран оқып, естелікке қолтаңбамды қалдырдым. Осындай дара-дара биіктер болады. Артықшылығы да бір төбе, кемшілігі де жетерлік болады. Бізге керегі оның ұлтымыз үшін төккен тері мен істеген еңбегі.


Қытай қазақтары, әсіресе, жазушылардан Мұхтар Мағауинды, Оралхан Бөкейді көп оқиды. Өз халқының қайғысына ортақтасып, қуанышына бірге қуанып, елінің еңсесін биіктетуге барын салған қаламгерлеріміз халық жағынан осылай құрметтеліп отыр. Олардың пенделіктері, ағат басқан қадамдары, тіпті, ескерілмей де қалады. «Қараға жаққан ханға да жағады» деген сөз бар, осы жазушыларды сол астам көңіл Еуропаң да таниды. Бүгін болмаса, ертең таниды. Ол тек уақыттың ісі ғана… Міне, осы ақиқатты қазақтың бүгінгі жас қаламгерлері жақсы түсініп отыр. Көңілім ең алдымен осыған көншиді. Өзгеге емес, өз халқыңа ұнауға тырысу − бүгінгі ұлттық ой-пікірдің қорытындысы. Біздің ұлттық әдебиетіміздің іргесі әлі де бос, өзгеге еліктеуді машық етуден жазбасақ, ата-бабадан қалған осы әдеби ғимаратымызды құлатып тынуымыз да ғажап емес. Көптің сөзі мен аздың сөзі ұқсамайды. Көп өзгені қосағыма алсам дейді. Аз аман қалсам дейді. Ойланайық, бауырлар!


mmexport1476938507241

Қытайда тұратын қазақ жазушысы Оразхан Ахмет



Қытай әдебиетінің қазіргі деңгейі және аударма мәселесі


Бұл жөнінде жоғарыда айтқан секілдімін. Қайталап жату қажетсіз де болар. Сөйтсе де, қытай әдебиетіндегі өзім сезінген бірнеше артықшылықты айта кетейін.


Бірінші, жаңашылдыққа талпынулары күшті. Бүгінгі оқырманның ауанына қарап, тіпті, жанрларды араластырып та жазып жүр.


Екінші, ұлттық бітімдегі өзгешелікті батылдықпен жазуға келгенде, тіпті, таң-тамаша қаласың. Мысалы, өз келісімдері бойынша бір үйде екі еркектің тұруы. Әркімнің өз баласына әке аталуы сынды оқиғаларды ұлттың бет-беделіне нұқсан келтіреді деместен жазып, әуелі кинофильмге айналдырып жүр.


Үшінші, шетке таныстыруды, аударманы өте мықты ұстайды. Одан соң, әлем әдебиетіндегі жылт еткен жаңалықты елден бұрын аударады. Тіпті, өз ішіндегі біз секілді азсанды ұлт жазушыларының оқырман аңысы болған шығармаларын да тез аударады. Аудармашылардың қаламақысы жазушының өзінен де көп. Әдеби сыйлықтардан аударма қалып көрген емес. Сондықтан көптеген мықты аудармашылар шығарма іздейді. Ал, сыншылары, тіпті, беделді. Қаламақысы әдетте проза, поэзиядан жоғары. Бағалаулардың бәріне осылар қатынасады. Міне, осындай көңіл бөлудің арқасында ханзу әдебиеті қазір әлемдік ықпалға ие болып отыр. Қазақстанның қоғамдық саласы әдебиетке осылай көңіл бөлсе, жан-жақтылы білім алған қазақ қаламгерлері ұлттық бітіміміздің алуан түрлі нақышы бедерленген әлемдік деңгейдегі керемет шығармаларды өмірге әкелетіні мұндағы сөз.


Бір кездері Шынжаңда «Көкжиек» журналы өте жақсы шықты. Әлем әдебиетінің классиктерін аударып, олар туралы толымды ақпарат, шығармалары жөнінде рецензия беретін. Аудармашылар қандай сауатты еді. Қазір «Көкжиек» қана емес,өзге басылымдарда жарық көрген аудармалардың көбінің тілі шұбарала. Жас аудармашыларда іздену аз, оның үстіне, аудармашысы көп ұйғыр тілінің әсері және бар. Қазір бұл мәселе ол жақта да жиі сөз боп жүр. Орталықтан тартып, аймақтарға дейін әдеби аударма оқуларын жүргізе бастады. Ендігәрі әдеби тіл өткелінен өтпеген аудармашыларға әдеби аударма бермейміз деп те отыр. Ал бұрын «әдеби аудармашы» деген аудармашылар жоқ болатын, әдеттегі саяси аудармашылар да аудара беретін. Енді бұл жағдай реттелу үстінде. Әрине, қарт аудармашылар да аударып жүр. Бірақ,бар жұмыс санаулы адамның қолынан шыға бермейді ғой, сондықтан бұл жағдай бірте-бірте оңалады деген үміттемін.


Қарт адамның ойы бытыраңқы, ежігі көп болады, қарағым, шамам жеткенше қойған сұрақтарыңа жауап бердім. Кем-кетігі болса ғафу етерсің. Елеп-ескергендеріңе мың да мың рақмет!



Әңгімелескен Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар