Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Орхан Памук. Маған ертегіші әке ұнайды (жалғасы)

14.11.2018 511

Орхан Памук. Маған ертегіші әке ұнайды (жалғасы)

Тілші: «Жаңа өмір» романы «Бірде менің өмірімді өзгерткен кітапты оқыдым» деген сөйлемнен басталады. Сіздің өміріңізде ондай кітап болды ма?

Орхан Памук: Иә, болды. «Шу мен ашу». Жиырма бір-жиырма екі жасымда «Пингвин» баспасынан арзандау кітапшаны сатып алдым. Нашар ағылшыншамды ескергенде, мен одан аз нәрсені түсіндім. Бірақ, оның жақсы аударылған түрікше нұсқасы да болды, алдыма ағылшын және түрік тіліндегі нұсқаларын қатар қойып, алдымен біріншісін, кейін екінші нұсқасын оқыдым. Бұл кітап маған үлкен ықпал жасады, мен ылғи құлақ асатын ішкі дауысымды оятты. Көп кешікпей бірінші жақтан жазуды бастадым. Көп жағдайларда маған үшінші жақтан жазғаннан гөрі қандай да бір кейіпкерге өзімді ұқсату анағұрлым жағымды.

Тілші: Алғашқы романыңыз баспа бетін көргенге дейін көп жыл өтті деп едіңіз ғой?

Орхан Памук: Отыз жасыма дейін, шынында, қандай да бір әдеби ортамен байланысым болмады, я болмаса Ыстамбұлдағы әдеби топтардың бірде-бірінің қатарында болмадым. Қолымнан келетіні жалғыз нәрсе: Түркияда өтетін бұрын жарияланбаған шығармалар бәйгесіне қатысу үшін қолжазбамды ұсыну ғана. Ұсынған қолжазбам бас жүлдені де алды: менің романым ең үздік, ірі баспалардың бірінен жарыққа шығуы керек еді. Сол жылдар Түркияның экономикасы үшін оңай болмады, сондықтан маған: «Иә, біз сізбен келісімге отырамыз» деді, алайда, жарық көруін кейінге қалдырды.

Тілші: Ал, екінші романның жағдайы қалай болды?

Орхан Памук: Екінші кітап саяси роман жанрына қатысты болды, бірақ оны пропагандалық деп мүлдем айта алмайсыз. Мен оны екі жарым жылдай жаздым әрі алғашқы басылымның жарық көруін күттім. Алайда, 1980 жылы елде әскери төңкеріс болды. Келесі күні-ақ «Джевдет-бей және оның ұлдары» романының баспагері, біз келісімге қол қойсақ та, оны баспайтынын хабарлады. Мен екінші кітабымды ертең-ақ аяқтағанның өзінде, әскери билік оны бес не алты жыл көлемінде жарыққа шығармауға тырысатындығын түсіндім. Жиырма екі жасымда жазушы боламын деп шештім, тынымсыз жазып, Түркияда бірдеңе шығарайын деген үмітпен жеті жылымды өткіздім... Және ештеңе өндіре алмадым. Қазір мен отызға келдім десем де болады және баспа бетін көруге ешқандай мүмкіндігім жоқ. Ал, жазу үстелімнің тартпасында саяси тақырыптағы екі жүз елу беттік роман жатыр.

Торығудан қорықсам да, төңкерістен кейін бірнеше күннен соң «Тыныштық үйі» атты үшінші кітапты бастап кеттім. «Джевдет» ақыр соңында 1982 жылы шыққанда барлығы жақсы қабылдады, мен нақ соған жұмыс жасадым. «Джевдеттің» табысы менің «Тыныштық үйін» жариялай алатындығымды көрсетті. Осылайша, үшінші роман екіншісінен ертерек басылып кетті.

Тілші: Неге әскери жүйе жылдарында романның жариялануы мүмкін емес болды?

Орхан Памук: Өйткені, менің романымның кейіпкерлері революциялық көңіл-күйдегі жастар, ауқатты отбасылардың балалары. Олардың ата-аналары қымбат жерлерде демалуды артық көрді, салтанаты сарайларда тұрды, сол себепті де оларға өздерін революционер сезінген ұнады – қақтығыс, бір-бірінен күдіктену, премьер-министрге қастандық жасауды жоспарлау ұнады.

Тілші: Төңкерісшіл ниеттегі «бай балалары» ма?

Орхан Памук: Бай адамдардың әдет-дағдысымен өскен және әсірерадикалды наразылықты бойына жұқтырған жасөспірімдер. Бірақ, мен оларды кінәлағаннан гөрі, керісінше, өз жастық шағымды тапсырдым. Алайда, премьер-министрге қастандық жасау туралы ойлар кітапқа тыйым салу үшін жеткілікті болып шықты.

Сөйтіп мен оны аяқтаған жоқпын. Бірақ, кітап жарату үстінде адам өзгереді, жазушы тұлғалық өзгеріске ұшырап, бұрынғыдай жаза алмай қалады, қалыптасқан жүрісінен жаңылады. Әрбір кітап – автор өмірінің нақтылы бір кезеңі, рухани қалыптасуы мен дамуының қандай да бір деңгейі. Бір өзенге екі рет сүңгу мүмкін емес, қайта-қайта кері оралу мүмкін емес.

Тілші: Жаңа романның идеясы, оның ойы, құрылымы туралы қашан ойланасыз, сіз үшін романдағы негізгі анықтаушы фактор не?

Орхан Памук: Менде өмірдің барлық оқиғаларына рецепт жоқ, бірақ ешқашан қайталанбауды өзіме қағида еттім. «Маған сіздің кітабыңыз өте ұнады. Басқа романдарыңыздың бұған ұқсамайтындығы қандай өкінішті» немесе «Маған сіздің кітаптарыңыз ешуақытта ұнаған емес, бірақ мына кітабыңызды ықыласпен оқыдым» деп оқырмандарым жиі айтады. Неге? Көбінесе мұндай сөздер «Қара кітапқа» қатысты айтылады. Мен формамен, құрылым, стиль, тіл және көңіл-күймен тәжірибе жасағанды жақсы көремін. Бұл өз тұрғысынан шақыру – әр кезде мүлдем өзге нәрсе, алдыңғысына ұқсамайтын туынды жасауға шақыру.

Романның ойы өздігінен, кенеттен пайда болуы мүмкін. «Менің атым – Қырмызыға» ойланып жүргенімде, өзімнің суретші болуға деген ниетім турасында жазғым келді, бірақ, өкінішке орай одан бастағаным жоқ: мен барлығын толықтай бір суретшіге тоғыстырдым. Сосын бұл суретшіні бір шеберханада жұмыс жасайтын бірнеше суретшіге айналдырдым. Тұжырым өзгерді. Алдымен, заманауи суретші жайлы жазбақ болдым, кейін бұл соншалықты жайдақ, қарадүрсін, батыс мәдениетінің ықпалына қатты ұшыраған болып көрінер деп шештім, сол үшін де тарихқа сүңгіп шығып, суретші-миниатюрашы туралы жазбаққа бекіндім. Өз сюжетімді осылайша таптым.

Кейбір сюжеттер баяндаудың стратегиясы мен форманың белгілі бір жаңалықтарын сөзсіз өзімен ілестіріп жүреді. Мысалы, кейде бір фильмді көріп немесе кітапты оқып болғаннан кейін кенеттен иттің немесе ағаштың атынан әңгіме жазбақ боласыз. Алдыңғы баяндауға бағыныштылығын не шығарманың құрылымын анықтайтын идея осылай туады. Сосын сен өзіңнің жол салушы, жаңалық ашушы екеніңді түсінесің.

Романның айтар ойын мен жылдар бойына шығаратынымды айтпасқа болмас. Кейбір нәрселерді достарыммен ақылдасамын, кейбірін дәптеріме жазып, оны сақтап қоямын. Бұл менің міндетті түрде кітап жазатынымды білдірмейді, бірақ, егер де мен қойын дәптерімді ашып, ұсақ-түйек бірдеңе жазар болсам, ендеше қағида бойынша әдеттегідей солай болғаны. Ой туындап, оны достарыммен бөлісіп, сосын дәптерімді ашып өз ойларымды жаза бастаған болсам, демек сол бір романды жазып жатқаным. Бір романды аяқтаған соң, басқа сюжетке ойланып жүріп, жарты айдан кейін-ақ жаңа романға кірісіп кететін кездер де кездеседі.

Тілші: Көптеген жазушылар жазылып жатқан кітаптары туралы айтқысы келмейді. Сіз де солардың қатарынансыз ба?

Орхан Памук: Шамасы, иә. Аяқталмаған романды ешқашан талқыға салмаймын. Ал егер айтуға тура келетін жағдайлар болса, тиісінше, екі-үш сөйлеммен шектелемін, мысалы, оқиғаның қазіргі Түркияда өтетінін айтамын. Мен аз ғана адамдар тобымен ашылып сөйлесе аламын, онда да олардың маған зиян келтірмейтініне көзім жеткенде ғана. Қаласам қалың тұманның ішіне де алып кіріп, қаламасам, салмақты қалыпта кәкір-шүкір әңгімені де талқылай аламын – маған тыңдап отырған адамның сыртқы әсерін бақылау ұнайды. «Ыстамбұлды» жазу үстінде мен мұны жиі жасадым. Бұл өз тұрғысынан қарағанда баланың әкесіне өзін ересек әрі ақылды қылып көрсеткісі келетіні секілді тентектік.

Тілші: Сыншылар сіздің постмодернге құмар екеніңізді жиі жазады. Меніңше, сіз өз шығармашылығыңызды айналып өтіп, классикалық дәстүрлерге сүйенетін секілдісіз, айталық, «Мың бір түнге» және Шығыстың өзге де әдеби мұраларына.

Орхан Памук: Борхес пен Кальвиноны ертерек оқыған болсам да, негізі бәрі де «Қара кітаптан» басталды. 1985 жылы жұбайыммен Құрама Штаттарға бардым – дәл сол жерде америкалық мәдениетпен танысып, оның шетсіз-шексіз әралуандығын бағалауға мүмкіндік алдым. Мен, тәжірибесіз жазушы, мүлдем өзге елден келген түрік, төбемнен тас түскендей абдырап қалдым. Менің бұл абыржуым өз тамырыма қайта оралуыма мәжбүр етті. Заманауи ұлттық әдебиеттің жасалуындағы тарихтың көш басында менің буынымның тұруы тиіс екендігін сонда ғана түсіндім.

Борхес пен Кальвино маған еркіндік әсерін сыйлады. Сөзсіз, дәстүрлі ислам әдебиетін көбінесе әсершіл, ескірген әрі басы артық саясиландырылған деп есептеуге болады, сондықтан да менде еш уақытта өзгеше бір дүние тудыру ниеті туындаған емес. Құрама Штаттарда болғанда, бұл шикізатқа қайыра соға алатынымды, бірақ бұл жолы жаңа таныммен оралу керегін түсіндім. Бәрінен бұрын діни және әдеби мәнді айқын саралап алу қажет болды, сондықтан да мен әдеби тәсілдер мен амалдардың алуан түрлілігін, байлығын оп-оңай қажетіме жарата алдым. Түрік әдебиеті қашанда таңғаларлық бейнелілігімен, таңдаулы әрі әсем стилімен ерекшеленген. Алайда, Түркияда сәнқой әдебиеттің жоғарғы стилге тән нәзік (күрделі әрі иір-шиыр) дәстүрі болды. Кейін әлеуметтік бағытта сауатты жазушылар оны ағартушылық бағытынан айырып, ұлттық мәдениетке оңалмастай жойқын залал әкелді.

Ауыз әдебиеті мұраларына жататын Қытай, Үнді, Парсы елдерінің аңыздары мен ертегілері ұқсас әрі қайталанатын аллегориялар мен символдарға бай. Мен тәжірибе жасап, оларды заманауи әлемге, қазіргі Ыстамбұлға әкеліп, дадаистік коллаж жасауға бел байладым. Мынаны айта кетейін, «Қара кітап» дәл осы ойдың жемісі – романның идеясы Американың мәдениеті туғызған әсер мен өзімнің нағыз жазушы болуға деген құмардан туды. Мен ешқашан әлеуметтік тапсырыс орындаған емеспін, қазіргі Түркияның мәселелеріне шым батып кетіп, оны шығарманың бетіне сүйреп әкелуді қаламадым. Мен мүлдем жаңа, қандай да бір жеке дара дүние жасауға тиісті болдым.

Тілші: «Қара кітап» жарияланардан бұрынғы уақытқа қайта оралсақ. «Ақ қорғанды» жазуға не әсер етті? Бұл жалғасты кітаптарыңызға қарағанда, жаңа түр мен жаңа сипатқа мойын бұрған алғашқы кітабыңыз. Сізді жаңа түрге ауысу, жаңа стильге табу идеясы несімен қызықтырады?

Орхан Памук: Бұл енді жеке бастың әңгімесі. Өзімнен он сегіз ай үлкен ағам бар. Бір жағынан ол маған әке секілді болды – фрейдтік түсінікпен солай деуге болады. Менің «альтер эгом» сол болды. Біздің арамыздағы қарым-қатынас тым күрделі, біз екеуміз бір-бірімізге дос-бәсекелеспіз. Бұл туралы «Ыстамбұлда» жаздым. Мен өзі қатардағы түрік баласы болдым, спортқа қызықтым, футболды жақсы ойнадым. Мектеп жылдарында ол менен де жақсы оқыды. Мен оған қызыға әрі қызғана қарадым, тиісінше ол да маған сөйтті-ау деймін. Ол саналы әрі жауапкершілігі мол жігіт болды, үйдегілердің назары қашан да сол жақта болатын. Егер мен тыртыққа, денеде қалатын жарақат атаулыға әуес болсам, ал ол керісінше ережелерге сүйеніп өсті. Біз қашан да бәсекеде болдық. Өз басым оны ылғи өзім деп есептедім. Міне, біздің кейпіміз осылай қалыптасты. Бақталастық, қызғаншақтық сезімі маған жақсы таныс; мені әрқашан ағамның табыстары, жеке дара тұлғасы өз басыма әсерін тигізбей ме деген ой алаңдатты. Ол менің екінші «Менім», жанымның айырылмас бөлшегі болды. Бұл жайлы жақсы білемін, мұндай сезімдердің жарыққа шығуын бақылауға тырысамын. Өзімді қызғаныштың, я болмаса бақталастықтың құрбаны санамаймын, алайда ылғи да сақпын. Міне, менің романымның сюжетті шырғалаңдарының тамыры қайда жатыр. Мәселен, «Ақ қорғанда» екі кейіпкердің арасындағы мазохизмдік байланыс менің ағаммен қарым-қатынасымдағы үзіктер.

Екінші жағынан, жаңа түрге қызығушылығым менің елімнің Батыспен, оның мәдени мұраларымен диалогке келуге дайын емес екендігін көрсетті. «Ақ қорғанды» жазып болып, осынау қызғаныштың – өзгенің ықпалына түсіп қалу қорқынышы екенін түсіндім, бұл Түркияның Батыс елдерімен қарым-қатынасының төркінін көрсететіндігін түсіндім. Біз жан-тәнімізбен еуропалануға құлшынамыз, еуропалық болуды армандаймыз, тіпті біздің дәстүрге қатыссыздығымызды айыптағанда, өзімізді еуропалық сезінуге үйреніп үлгердік те. Келісіңіз, дәл осы жағдайда аға мен інінің қарым-қатынасын еске түсіретін бір дүние бар.

Тілші: Түркиядаға батысшылдар мен ұлттық көңіл-күйдегілер арасындағы шиеленісті бейбіт жолмен шешуге бола ма?

Орхан Памук: Мен оптимистпін. Иә, бізде екі рухани бастау бар, біз екі мәдениеттің өкілдеріне жатамыз. Алайда шизофрения, анығырақ айтқанда, тұлғаның екіге жарылуы екі ділдік аспектте ойлау мүмкіндігін ажырататындығы белгілі. Реалды дүниемен байланыс жойылуы бек мүмкін, бірақ жазушы ретінде бұл мені еш қапаландырмайды. Одан да қорқыныштысы, егер бір болмыс екінші болмысты жойса, сіз де монистік (Монизм – дүниенің негізінде бір ғана бастама бар деп танитын философиялық бағыт-ауд.) болмысқа айналасыз. Мен бұған сенімдімін. Және осы сөзіме біздің саясаткерлердің көзін жеткізу үшін Түркия тек Батысқа, не тек Шығысқа ғана тән бола алмайтынын және болмайтынын ылғи айтып та, жазып та келемін. Мен әлемге деген бір жақты көзқарасқа соншалықты сыни пайыммен қараймын.

«THE PARIS REVIEW» журналы

Орыс тілінен тәржімалаған: Еділбек ДҮЙСЕН

«Солақайлар» әдеби клубы

Жалғасы бар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: орхан памук, менің атым - қырмызы, Нобель, роман
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар